Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Елтанымдық атаулар - елдіктің белгісі

7.4.2017 1060
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық құндылықтарымызға назар аударып, жоғалтқандарымызды түгендей бастадық. Бұл үрдіс тілімізде терминологиямыздағы ұлттық-терминологиялық бірліктердің танымдық сипатын жан-жақты қарастыруға кең жол ашты. Терминжасамда ұлттық-танымдық сөздерді, ұмытыла бастаған кейбір сөздерімізді қайтадан қолданысқа енгіздік. Осы орайда, соңғы кездері терминологиялық бірліктердің елтанымдық сипатына да ерекше ден қоюшылық байқалады. Кейбір елтанымдық атаулар терминге айналып (терминденіп) тілімізден берік орын алды. Әрине, бұл тұрғыда, тілге жеңіл, ықшам, мағынаны дәл беретін, сәтті жасалған, әуезді терминдерге басымдық беретініміз шындық.

Елтанымдық терминдерді сөз еткен кезде, олардың ішіндегі терминденген сөздерге талдау жасалады. Терминологиялық бірліктердің елтанымдық компонентін қалыптас­тыратын экстралингвистикалық және интралингвистикалық деректерді сипаттау ісі қолға алынады. Терминологиялық бірліктердің елтанымдық сипатына талдау жүргізудің әдістемесі белгі­ленетін болады. Елтанымдық таң­ба­ланған терминологияны адамдар қыз­метінің материалдық және рухани құндылықтарының жиынтығы ретінде қарастыру көзделеді. Ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінің әлемдік өркениеттер сұхбатында танылуы тілге тікелей қатысты. Қазақ халқының төл мәдениетінің қай түрін алсақ та, оның мазмұны тіл, сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жеткізіліп, экспрессивтілік қызметі айқындалады. Ұлттық-мәдени ерекшеліктердің тіл арқылы танылуы, қазақ тіл білімінде ғылыми зерделеніп, жүйелену мәселелері өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан нақты қолға алына бастады. Тілдің мәдени қырынан талдануы жөніндегі алғашқы тұжырымдар тілші-ғалымдар Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, М.Балақаев, М.Серғалиев, Ө.Айтбаев, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Н.Уәлиев, Б.Шалабай, Ф.Оразбаева, С.Сатенова, Б.Момынова, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Г.Қосымова, Б.Қасым, М.Атабаева, т.б. еңбектерінде көрініс тапты.

Елтанымдық терминдерді зерттеудің басты мақсаты – мәдени ұлттық-танымдық сипаттағы ерекшеліктерді тарихпен, әлеуметтік, мәдени сабақтас­тық­пен тіл арқылы таныту. Бүгінгі таң­да елтанымдық терминдерді ­жинау, реттеу, біріздендіру, зерттеу ісі өзекті мәнге ие болып отыр. Мұндай сөз­дерге ономастикалық терминдер, елдің мемлекеттік және саяси жүйесіне, заңға, өнерге, білім жүйесіне, өндіріске қатысты сөздерді және этносқа тән атау­ларды, лауазым атауларын, қолөнер, тұрмыстық заттар атауларын, әскери терминологияны, т.б. жатқызуға болады.

Заманауи тіл тазалығын, мәдениетін, тілдің дамуын, ұлттың дүниетанымдық ерекшеліктерінің тіл арқылы көрініс табуын тілдің әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвис­тика сияқты салаларымен байланыстыра зерттеуге кең жол ашылды.
Бұл атауларға мына сарындағы сөздер сәйкес келеді: абдыра, абыз, айдауыл, айтыс, ақ найза, ақсақалдар алқасы, ақындар айтысы, аламан, аламан бәйге, алтыбақан, алпауыт, аманат, асық, асадал, арба, атамекен, ауыл, әкім, әкімдік, әкімші, әкімшілік, әкімшіл-әміршіл әдіс, әкімшіл-қысымшыл әдіс, әлеуметттік, әнұран, бай, байғазы, байғұс, бақсы, бастаңғы, бата, батыр, батырлар жыры, бәдік, бәйге, бәйтерек, бәйіт, бәсіре, берен, бесік, бесік жыры, беташар, бөбек, гүрзі, дастан, дауылпаз, дәуір, дулыға, Елбасы, елорда, ақорда, елтаңба, жайлау, жарапазан, жасақ, жасауыл, жауынгер, жетіген, жұмбақ айтыс, жұмбақ өлең, жыр, жырау, жыршы, заман, киіз, киіз үй, көкпар, көктеу, күзеу, күй, қайым айтыс, қайым өлең, қаракөл, қара өлең, қарбыз, қисса, қобыз, қуырдақ, қымыз, қыстау, наурыз көже, мүшәйра, Отан, пырақ, ру, рубаи, сазсырнай, самұрық, сандық, сарбаз, сарыжайлау, Сарыарқа, сарқыт, сәйгүлік, сорпа, сүзбе, сүйінші, сыбызғы, сырмақ, сырнай, тайқазан, тайпа, текемет, тоғызқұмалақ, тойбастар, төраға, теңге, тұлпар, тұскиіз, түменбасы, түңлік, шайыр, шаһар, шаңқобыз, шаңырақ, шертер, шұбат, т.б.
Бұл сөздерді мынадай топтарға бөлуге болады:
– бұрыннан бар немесе қазір де жаңғырып тілге қайта ене бастаған елта­нымдық терминдер: абдыра, асадал, байрақ, т.т;
– соңғы жылдары жасалған жаңа (неологизм) елтанымдық терминдер: алпауыт (монополист), әкімші (администратор), әкімшілік (администрация), әкімшіл-әміршіл әдіс (административно-командный метод), әлеуметттік (социальный), т.т;
– орысша баламасы бар, яғни аударуға болатын, аударылған елтанымдық терминдер: төраға (председатель), елтаңба (герб), көшбасшы (лидер), тұсаукесер (презентация), алпауыт (монополист), ою (орнамент), төрешіл (бюрократ), т.т;
– орысша баламасы жоқ, яғни аударуға келмейтін, тек қазақи ұғымға, дүниетанымға қатысты сөздер (реалийлер) (алтыбақан, арба, асадал, асық, ауыл, әкім, әкімдік, бай, байғазы, байғұс, бақсы, бастаңғы, батыр, батырлар жыры, бәдік, бәйге, бәйтерек, бәйіт, бәсіре, берен, беташар, дастан, дауылпаз, домбыра, жайлау, жарапазан, жетіген, т.б.)
– біраз елтанымдық мағынадағы сөздерді, мейлі, олардың орысша баламасы болсын яки болмасын тек қазаққа, қазақ ұлтына ғана тән, табиғи сөздер ретінде қарастыруға болады. Мысалы, Алқаби, төлтеңге, самұрық, бәйтерек, байрақ (штандарт), бәйге, шаңырақ, тұлпар, қуырдақ, бесік, пырақ, қыран, тоғызқұмалақ, арба, көкпар, қымыз, шұбат, құрт, қазы, қарта, көже, ою, текемет, тұскиіз, т.б. сөздерді осындайға жатқызамыз.
– біршама сөздер мысалы, алпауыт (монополист), әкімші (администратор), әкімшілік (администрация), елбасы (президент), елорда (астана), елтаңба (герб), төраға (председатель), тұсаукесер (презентация), көшбасшы (лидер), шенеунік (чиновник), бюрократ (төрешіл) сөздері күнделікті баспасөз беттерінде, ауызекі қолданыстар да синоним сөздер ретінде ауысып қолданылып жүр.
Қазіргі кезде бұрынғы көнерген сөздерге жаңа мағына беру, яғни сөздерді терминдендіру (лексика-сементикалық тәсіл) арқылы жасалған терминдер көптеп саналады. Бұл тұрғыда қазақи ұғымға жақын, қазақты қазақ ретінде танытатын елтанымдық сипаттағы сөздер қолданыла бастайды. Олардың көпшілігі тілден берік орын алып, ұлттық-танымдық терминологиямызды байыта түсері сөзсіз. Мысалы: құжат, құн, бәйге, жарыс, көмбе, мәре, сөре, тұсаукесер, жасақ, берен, гүрзі, балтанайза, сауыт, айдауыл, жасауыл, кежеуіл, оқшантай, қамау, торуыл, кіреуке, оқжатар, желкөз, шолғыншы, т.б.
Осы орайда кезінде белгілі терминолог К.Юсуп ұсынған: идентификация – тақылет­тестік, мотив – мәтіп, толерантность – тағат­тылық, амбиция – мардат, логика – пайым, акт – кесім, норматив – низам, нормативные – правовые акты – низамдық – хұқы­лық кесімдер, функция – уәзипа, ведомство – идара, флора – нәбетат, фауна – мақұлықат, режім – уәжіп, контракт – бекім, ­шартнама, тоқтам, кате­гория, элит – санат, патрульдік полиция – шолғыншы полиция, лоббизм – денеу, лоббирование – денеушілік, вызов – талқы сынды сөздер мен сөз тіркестерінің кейбірі көңілге қонған еді.
Қазақ тіліндегі кейбір сөздер аударылмайды, яғни қазақша қалай дыбыс­талса, солай аталады. Бірақ, өкінішке қарай, үнемі солай бола бермейді.
Қазіргі кезде көптеген адамдар қазақтың төл әрпін орысша айтуға құмар. Мысалы, Жамбыл - Джамбул, Жолдасбеков - Джалдасбеков, жайлау - джайляу, көкпар­ - какпар деп айтып жүргенін жиі кездестіреміз.

Қорыта айтқанда, елтанымдық терминдер – қазақ ұлтының барлық ерек­ше­­­ліктерін жан-жақты ашып көрсе­тетін тілдік бірліктер. Бұл сөздер арқылы басқа халықтар да біздің ұлттық дүниетанымымызбен, құндылық­тары­мызбен, тарихымызбен, ділімізбен, дінімізбен етене танысады деуге болады. Сондықтан елтанымдық терминдерді жинау, реттеу, біріздендіру бүгінгі күндегі ең өзекті мәселелердің бірі болуға тиіс. Бұл сала әлі де зерттеуді қажет етеді. Зерттеу барысында байырғы сөздерімізге басымдық беріп, тілімізге жаңғырта енгізуіміз мүмкін болып отыр. Өткенсіз ертеңіміз бұлыңғыр болмақ. Ендеше, Тәуелсіз ел жоғалтқанын түгендеп, өз құндылықтарына ие болып, оны төкпей-шашпай келешек ұрпағына мирас етіп қалдырғаны абзал. Сол құндылықтардың бір парасы саналатын елтанымдық си­пат­тағы терминдерімізге де абай болайық.

Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

242

ақпарат

Терминдер төңірегіндегі толғаныс

281

ақпарат

Жат сөздерді қалай жақын тарта аламыз?

348

ақпарат

«И» мен «У»-дан дауысты жасауға неге үйірміз?