Тілмаш арқылы сөйлестік
Ауданымыздың Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының санитарлық қадағалау бөлімінің бастығы Михаил Болотинге жұмыс бабымен жолықпақ болып, қабылдауына кіргенбіз. «Ассалаумағалейкүм» деген ізетті сәлемімізге «Здравствуй» деп жауап қатып, самарқау амандасқан басшы мекеме қызметкері Зоя Диханбаеваға: «Бұл кісілер орысша онша түсінбейтін секілді. Сіз қазақша түсіндіріңіз» деп үн қатты. Яғни Зоя Диханбаеваны тілмаштыққа шақырды.
Қазақстан Республикасының азаматы, оның ішінде мемлекеттік ұйым басшысының «ассалаумағалейкүмді» білмейтіні таңғалдырды. Болотин мырзаның қазақ ұлтының азаматымен қазақша сөйлесуге құлқы жоқ екенін сезіп пұшайман күйге түстік. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазулы тұр емес пе. Сонда деймін-ау, мемлекеттік тілімізді осындай лауазымды шенеуніктер шетқақпай қылып тілмаш арқылы сөйлесуіне не жорық?
Елбасы 2025 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар үлесі 95 пайызға жетуі тиіс» деген мақсат қойғаны белгілі. Ал Болотин мырза осындай баптар мен міндеттердің бар екенін біле ме екен? Әй, қайдам?.. Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғындар санының дені қазақ ұлтынан құралатыны шындық болса да, зейнеткерлік жасқа жақындаған мырзаның қазақ тіліне самарқаулығына, тілмаш арқылы сөйлескеніне қарап жиырма бес жылда мойындамаған тілді енді таяу жылда үйренеді деген сенімнен гөрі күдігіміз басым.
Баға беріңіз