Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Алаш арыстарына – тағзым

13.3.2017 325
Алаш қозғалысы – қазақтың сан ғасырлық тарихындағы ең жарқын, ең айбынды оқиға. ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлерінің Әлихан Бөкейханұлы, ­Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлы тобы Қазақ елін дербес мемлекет ретінде өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық етуге батыл кірісті. Сол тұстағы алмағайып кезеңде түпкі мақсат – тәуелсіз ел болу идеясы жолында олар қаламмен де, қарумен де жан аямай күресті. Алаш арыстарының азат­тық ұраны бүгінгі еге­мен елімізде жаңаша жаңғырып, «Мәңгілік ел» идея­сының өзегіне айналды.

Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Ұлт тарихына ұлы еңбектерімен енген Алаш арыстарын ардақтау шаралары еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кетті. Алматы қаласындағы мерейтой шараларының бастамасы ретінде 5-наурыз күні А.Байтұрсынұлы мұражайында «Қамшы» ақпараттық агенттігінің ұйымдастыруымен Алаш арыстарына арнап ас берілді. Игі шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, жазушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айтулы жиын Қазақстан Мұсыл­мандар діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының Алаш азаматтарының рухына құран бағыш­тауымен басталды. Алматы қаласы әкі­мінің орынбасары С.Мәкежанов өз сөзінде бұл астың «Алашорданың 100 жылдығын» тойлаудың бастамасы екенін еске салып, бұл мерейтой жан-жақты аталып өтілетінін жеткізді. Сондай-ақ жиналған зиялы қауым алдында ҚР Президентінің Парламенттегі өкілдігінен С.Қасымов сөз сөйлеп, бұл жиынның тағылымды тұстарына тоқталды.

500-ге жуық адам қатысқан жиында алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев Алаш қайраткерлерінің ұлт алдындағы қызметі туралы парасатты пайымында Алаш – қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту, жерінің тұтастығын, елдігін сақтау үшін жүргізген ұлт күресі екенін атап айтты. Тарихшы «Бүгін біз Кеңес үкіметінің, коммунистік партияның қазақ «буржуазиялық ұлтшылдарын» емес, қазақ ұлт-азаттық қозғалысын заңсыз, қылмыстық жолмен тежеп, шексіз қатыгездікпен қанға бояп, басқанын ашық айтып, кейінгі ұрпақты мұндай трагедиядан сақтандыруға тиіспіз» деген сөзімен тарихтан тағылым алуға шақырды.
Қазақстан Республикасы деп аталатын бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің тарихы тереңде жатыр. 2016 жылы кеңінен аталып өткен Қазақ хандығының құрылуынан кейінгі айтулы оқиға – осы Алашорда үкіметінің жариялануы. 1917 жылдың желтоқсанында құрылған автономия ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру әрекетінің нақты көрінісі болатын. Осынау батыл қадам Алаш арыстарының өмірлік мақсаты, басты ұстанымы – тәуелсіз ел болу екенінің айқын дәлелі. Осы жолда Алаш зиялылары құрбан болды, өздері де, ұрпақтары да қуғын-сүргінге ұшырады. Алаш қайраткерлерінің ұлт алдындағы еңбегін атап көрсете келе М.Қойгелдиев осы тұлғаларға құрметіміз ретінде Алаш аллеясын ашып, 100 түп ағашты сонда отырғызуды және халықтан жиналған қаржыға Алаш арыстарына арнап мұражай салу жөнінде бастама көтерді.
Алаштанушы ғалым осы қорға өз айлығынан 300 000 теңге көлемінде үлес қосатынын білдірді. Бұл ұсыныс бүкіл жұртшылық тарапынан қолдау табары сөзсіз.

Жиында сөйлегендер ­Ә.Бөкей­­ханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы және басқа зия­лы­лар­дың ұлтқа сіңірген ұлы еңбегі жө­нінде ұлағатты сөздер айтты. Осы ұлт­тық қозғалыстың жарқын өкілі Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов тебірене сөйлеп, әкесінің ­аузынан естіген естеліктерімен бөлісті. Ал әлихантану­шы ғалым С.Аққұлы Ә.Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойына арнап шығарған кітаптарын А.Байтұрсынұлы мұражайына табыстады.
«Қазақстан РТРК» басқарма бас­шысының орынбасары Қ.Олжай корпорация басшысы Е.Каринның хатын оқып, құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Ұлттық арнаның Алаш идеясын кең көлемде насихаттайтынын, алдағы уақытта бірнеше деректі және көркем фильмдерді халыққа ұсынатынын хабарлады. Зиялы қауым осы игі іске мұрындық болған «Қамшы» порталының жетекшісі Біләл Қуанышқа және ұжым қызметкерлеріне алғыстарын айтты.
Жиында «Ақжол» партиясы төраға­сы­ның орынбасары, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қ.Иса партияның атынан құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ «Ақ орда» республикалық қозғалысының басшысы Қ.Сатыбалдының арнайы құттықтауын Қ.Мұсағұлов оқып берді.
Асқа Торғай өңірінен, Шығыс Қазақ­стан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан арнайы қонақтар келіп, осы аймақ әкімдерінің құттықтауын жеткізді.

«Қамшы» ақпарат агенттігінің басшысы әрі жоба авторы Б.Қуаныш әр қазақ Алаш арыстарының алдында қарыздар екенін айта келіп, асқа келген қонақтарға алғысын білдірді. Арнайы тігілген жеті киіз үйде дастарқан жайылып, әннен шашу шашылды.
Қазақ дәстүрімен ас беріп, құран бағыштаудан басталған Алаш мерейтойы еліміздің тәуелсіздігін ­бекемдеуге, тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге түрен салатыны анық. Алаш арыстарының еңбегіне лайықты бағасын беру және құрметтеу – ұрпақтарының борышы әрі азаттық идеясына адалдық. Алаш қайраткерлері халқы үшін қалай тер төксе, олардың мерейтойы да елді ұйыстырып, бірлігімізді берік етіп, тарихи жадымызды жаңғыртуға игі әсерін тигізбек.

anatili.kazgazeta.kz

Тегтер: Алаш қозғалысы, Ұлт тарихы, А.Байтұрсынұлы мұражайы, «Қамшы» ақпараттық агенттігі, Алаш арыстары
Авторы: Дина Имамбаева

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

39 0

ақпарат

Түркі жазбаларының ғылыми-практикалық конференциясы өтті

31 0

ақпарат

Жергілікті билік шет тілін білуге міндеттелуі мүмкін

21 0

ақпарат

«Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті