Ауызбен орақ орған қандайды...

Тәуелсіздік алған жиырма бес жылдық, яғни ширек ғасырлық уақытты ойша шолып отырсам, ең басты құндылығымыз саналатын туған тіліміздің мерейін үстем ету жолында қыруар шаруа атқарылыпты-мыс.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 ақпан, 2017

Байқайсыз ба, қазақ тілін қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналдырамыз деп ақ тер, көк тер болып атойлап келе жатқанымызбен еш өзгеріс сезілмейді. Сол «баяғы жартас, бір жартас» таз күйімізде қалып, құр даурықпа, жалаң ұранмен тау қопарғаннан басқа ештеңе бітірген жоқпыз. Тек, ауызбен орақ орып жүргендейміз бе, қалай? Қайта, күн өткен сайын қазақ тілінің арнасы одан сайын тарылып, жағдайы мүшкілденіп бара жатқандай көрінеді маған.

Айталық, 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл ретінде бәрімізді ең негізгі ұйыстырушы фактор» деген-ді. Одан бері қаншама жылдар өтті. Не өзгерді?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінберінде барша әлемнің алдында қазақ тілінде тіл қатты. Бәріміз бөркімізді аспанға атып қуандық. Президентіміз осы бастама барша қазақстандықтарға үлгі болсын деп еді. Не өзгерді?

Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясында кәріс ұлтының өкілі Роман Ким қазақша сөйледі. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Осы жерде жүз қазақ, бес орыс отырса, орысша сөйлейміз. Міне, осындай сорлы халықпыз» деп шымбайға батырып тағы айтты. Не өзгерді?

Одан қалды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп сөзін нығарлап, шегелей түсті. Не өзгерді?

Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жағдайын кез-келген ұлтжанды азаматтан артық айтпаса кем айтып жүрген жоқ. Президенттің тілімен айтқанда, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек қой. Сонда ғана өзге жұрт ана тілімізді сыйлап мойын бұрады. Сыйлап қана қоймай, оны үйренуге де талпынады. Атам қазақ «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат бойыңнан түңілер» деген. Шындығы осы.

Алайда, ең өкініштісі, тіпті сорақылығы ана тілінен өз қазағымның жерінгенін қайтерсің? «Қай тілде сөйлесем де өзім білемін» деп тілі шұбарланған қазақ кергісе, «қазақ тілінде сөйлегендерге қызмет көрсетпейміз» деп кәрісің айбат шексе, тағы бір қазақ «баламды қазақшаға үйретпеңдер, онымен қазақша сөйлеспеңдер» деп өрекпісе, ау, сонда қазақ тілі қайда барып күн көрмек?

Айналайын қазағым, қазақ тілі жоғалып бара жатқан тілдердің тізімінде тұрғанын білемісің?

Мына мәліметке қараңыз. Халықаралық тілдер институтының кейбір болжамына сүйенсек, осы ғасырдың соңында дүние жүзіндегі тілдердің 90 пайызы өлі тілге айналатынын айтады. Қазірдің өзінде жыл сайын 10 тіл өмір сүруден қалуда. Азиядағы 700 тілдің 40-на ғана қауіп жоқ десек, Шығыс Азиядағы 47 тілдің 20-сы әлсіз, 21-і шалажансар күйде дейді.

Міне, сай-сүйегіңді сырқыратар ақпар. Біздің қазақ тілінің де тек кеудесінде жаны бар демесең, өлместің күйін кешуде. Тілімізді жетімсіретіп, мешел күйге душар еткен кім? Жау сырттан келмейді, ағайын.

Керек десеңіз, Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне «сен қазақ тілін білмейсің» деп өкпе артудың да жөні жоқ. Оларға қазақ тілін үйренуге мүмкіндік бермей отырған да сол қазағым емес пе?!

Менің орыс, украин, неміс таныстарым айтады: «Егер қазақтардың өзі қазақ тілінде сөйлемесе, бізге не дейсіңдер» деп, өзіңді қызартып, ұяттан жерге кіргізіп жібере жаздайды. Сондықтан ана тіліңді өзің қадірлесең, өзгелер де сенен асып ешқайда кетпейді. Өйткені жер иесі, төр иесі - сенсің қазақ. Осыны түсін. Бұл жерде «Ала қойды бөле қырқып, жүнге жарымай жүргенімізге» тек қана өзімізді кіналағанннан басқа еш себеп жоқ.

Мәселен, ТМД елдерінің Грузия, Балтық жағалауы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан т.б. барып көріңізші, өтіңіз жарылып кетсе де, өзге тілді сөйлемейді. Құжаттың бәрі сол елдің тілінде ғана толтырылады. Сол себепті де, ол елге барған адам мұқтаждықтан, амалдың жоқтығынан тіл үйренеді.

Иә, тіл үшін күрес ешқашан толастаған емес. Ол күрес ғасырдан ғасырға жалғаса береді. Бізде, ата-бабамыздың қанымен, анамыздың сүтімен келген ғажайып тіліміздің тағдыры үшін күресімізді тоқтатпауымыз керек.

Күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей әркім жан-жақтан өзінің тілін тықпалап әуре. Орыс, ағылшын, қытай, неміс, француз бәрі де тілі үшін күресіп, сол тілді әлем халқына үйретуге талпынып, тыққыштап әлекке түсіп жүргенде, біз жайбарақат жағамыз жайлауда «қай тілде сөйлесем де өз еркім» деген пасық пиғылдан арыла алмай келеміз.

Құдайға шүкір, қазақтардың Отаны, жері, тарихы, мәдениеті бар. Алайда тіліміз жоғалса, мына құндылықтар да өз мәнінен айрылады. Өйткені кез-келген ұлт, екі түрлі тілде қарым-қатынас жасаса, халықты үлкен бөлектеуге (сегрегация) алып келеді. Ондай ұлттың тоз-тозы шығады. Бұл іс жүзінде де, ғылыми да дәлелденген жайт.

VI-VII ғ.ғ.өмір сүрген, ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға, абызымыз Бәйдібек Қарашаұлы «Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар, тілге кісен салуға болмас» дегендей, кісенделудің сәл-ақ алдында тұрған тіліміз үшін барша қазақ болып күресуіміз қажет. Ауызбен орақ орғаннан гөрі нақты іске көшейік, бауырлар.

Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы Заңның тілімізді қорғауға қауқары жетпейді. Сондықтан әр қазақ, әр отбасы тіліңнің мәртебесі үшін, тіліңді сақтау үшін өзің күресіп, алғы шепте жүруің керек. Тоқ етері, Ауызбен орақ орған қандайды,

Тіліңнің бағы жанбайды..., соны түсін.


Баға беріңіз