И.ТАСМАҒАМБЕТОВ: АЛАШ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ БАСТАУ КЕРЕК

Биыл «Алаш» автономиясының 100 жылдығы. Алаш қайраткерлерінің қазаққа сіңірген еңбегі өлшеусіз. Олар бастаған жол – азаттық жолы. Былтыр Алаштың ту ұстаған көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылды...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

03 ақпан, 2017

Биыл «Алаш» автономиясының 100 жылдығы. Алаш қайраткерлерінің қазаққа сіңірген еңбегі өлшеусіз. Олар бастаған жол – азаттық жолы. Былтыр Алаштың ту ұстаған көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланғаны белгілі.

«Алаш» автономиясы - бүгінгі Қазақстан Республикасының негізі. Осы тарихи маңызы зор тойды елдік деңгейде атап өту үшін Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен кеңес өтті.

«ХХ ғасырдың басында ұлттың зиялылары азаттық үшін болған көп ғасырлық күресте маңызды рөл атқарды. «Алаш» алғашқы саяси партиясы және Алаш Орда үкіметінің пайда болуы азаматтық кемелденген және халықтың болашақ тағдырын шеше алатын қазақтың саяси зиялыларының жоғарғы әлеуетін көрсетті» (strategy2050.kz), - деп Алаш ардагерлеріне саяси баға бере сөйлеген Тасмағамбетов той қамына кірісуді жеделдетуді айтып, бірқатар тапсырмалар да берді.

«Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруымыз қажет. Оған бір-екі аптадай уақыт алып, дұрыс жоспар құрып, оны Елбасымен келісіп, уақытын белгілеген жөн. Алаштың 100 жылдығы сол заманмен қалып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады. Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық және тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек» (strategy2050.kz) деген Тасмағамбетов Алаш автономиясын құру мен қалыптастыруды, оның ісін жалғауда еңбек етіп, ұлт жолында басын бәйгеге тіккен зиялылардың өмірі мен шығармашылығы, қызметін зерттеп, кітап қылып шығару, деректі фильм түсіру сынды мәселелерді қолға алу керектігін айтты.

Тасмағамбетов Алматыға келген сапарында Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйіне барып, аралап көріп, мұражай үйіне мемлекеттік мәртебе беру туралы сол жерде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тапсырма берген еді. Әрі Ахмет Байтұрсынұлының 10 томдық еңбегін шығаруды да тапсырған.



Баға беріңіз