Ұлттық кейіпкерлер арасынан идеалыңыз бар ма?

Бар болса, сіз нағыз патриотсыз. Ал жоқ болса, неге? не үшін? не себепті? деген сұрақтар туындайды. Дәл осы сынды сұрақтардың жауабын іздеген болсаңыз, Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы Білім ж...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қаңтар, 2017

Ақпараттар тасқыны арқылы жас ұрпақ санасына сіңіп жатқан шетелдік жасанды кейіпкерлерге қарағанда, тәрбиелік мәні зор өзіміздің ұлттық кейіпкерлерді идеалға айналдыру дұрыс. Қазіргі біздің халық ауыз әдебиетіндегі ұлттық тәрбиеге берері ұшан теңіз керемет кейіпкерлер бала санасына жетпей, том-том болып шаң басып, оқылмай, ашылмай, мұражайдың қол тигізбейтін нәрсесіне ұқсап сөрелерде жиналып тұр. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы шығарылған жүз томдық «Бабалар сөзін» бала санасына жеткізу үшін бала күнде қолданатын электронды құралдарға енгізу – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы жиында таныстырылатын «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» атты кітапты құрастырушылардың да мақсаты халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің портреттерін біріздендіру болып табылады. Ең бастысы, ертегінің кейіпкері мультфильмде де, ертегі кітаптарда да, ойыншық-фигураларда да, оқулықтарда да бір кейіпте, бір образда болуы керек. Яғни, ең алдымен, әр кейіпкердің портреті жасалуы керек. Оларды оқулық, жинақ, мультфильм түрінде шығаратын шығармашылық топтар осы прототиптен ауытқымауы керек. Сонда қазақ баласы өз кейіпкерлерін қайда көрсе де жазбай танитын болады. Берісі, ертегінің сюжеттерін монитордан көретіндей етіп аудио жинақтар шығару, арғысы, қазақ ертегілері желісімен мультфильмдер жасау бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады.

Жаһандану кезіндегі құндылықтардың өзгеруінен қоғамдағы ұлттық тұтастық бұзылып, жастардың рухани қажеттіліктерінің өзге мәдениеттерге қарай ауып бара жатқаны – ащы шындық. Бүгінгі күні құзыретті ұйымдардың атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлік норманы кейінгі толқынға жеткізу барысында жіберген олқылықтарының салдарынан бірқатар жастар легі салт-дәстүрімізден шеттеліп қалуда. Батысқа көзсіз тамсану да шығысқа оңай дуалану да ұлттық тәрбиенің кемшін түсіп жатқанынан. Осындай олқылықтарды толтыру үшін инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру фольклорлық кейіпкерлерді қайта тірілту ұлттық тәрбиенің бір тірегі болып табылады. Тәрбие белгілі бір идеалға сүйеніп жүргізілетіні белгілі. Ол нақты бір кезеңде белгілі бір мәдени-әлеуметтік ортада өмір сүретін адамның образы болуы тиіс. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» атты дөңгелек үстел барысында осындай ұлттық рух, ұлттық тарих, ұлттық тәрбие, ұлттық мектеп мәселелері кеңінен сөз болып, мамандар тарапынан тиісті ұсыныстар ортаға салынып, талқыланатын болады.

Жиынға Университеттердің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылары, Алматы қаласы мектептерінің тәрбие мамандары, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері және балабақша меңгерушілері мен әдіскерлері қатысады.

Жиынды ұйымдастырушы: Мемлекеттік тілді дамыту институты.


Баға беріңіз