Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тілдің қуатын асқақтатар кез келді

17.1.2017 1090
Көзге көрінбегенімен, көк пен тылсым жер қойнауын байланыстырып, тұтас иірім жасап тұратын  қоғамның Рухани өмірі туралы ой қозғағанда, осы қоғамның бар болуының маңызды әрі асқақ бір тетіктерін танып-талдайтынымызды сезінеміз де түйсінеміз.

Рухани өмірдің Көк пен Жердің «алтын көпірі» болатын болмысы – аясына енуге әркімді де қызықтыра ұмтылдыратын, бірақ кез келгенді кіргізбейтін, кірсе де барлығы бірдей пайдалана алмайтын керемет Қазынаға ұқсайды.

Неміс ғұламасы Вильгельм фон Гумбольдттың «Тіл дегеніміз –халық рухы, рух дегеніміз – тілі, осы екеуіндей тепе-тең тұрған дүниеде басқа ешнәрсе жоқ» деген сөзі – рухани өмірдің сыртқа шыққан кездегі формасы тек тілмен танылатынын білдіреді.

Гумбольдттың осы ойының жалғасы ретінде қазақтың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап, кісіні ал» нақылын алуға болады. Халық рухы тілмен таңбаланса, кісінің сөйлеуінен рухани байлығы қаншалықты екендігі байқалып тұратынын қазақ халқы ертеден таныған.

Қоғамымыздың рухани өмірі – Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың асқақ байлық-қазынасының қаншалықты деңгей-дәрежеде екендігін көрсететін ерекше бір ая, киелі бір өріс.

Қазақстан Республикасының 25 жылдық Тәуелсіз өмірінде жаңа тұрпаттағы рух, руханилылық, рухани қажеттіліктер, рухани жүйе қалыптасты деп мақтанышпен айта аламыз.

Егер рухани өмірді әлеуметтік жүйемен байланыстыра қарастыратын болсақ, онда қоғам мүшелерінің жасына және мамандығына қарай белгілі бір рухани қажеттіліктер туындап, тұтастай келгенде, мемлекетіміз сол қажеттіліктерді өтеуге қажетті әлеуметтік-саяси бағыттарды ұстанып отырғанын да тануға болады.

Тәуелсіз Қазақстанның рухани өмірі жүйесінде сәбидің «фәни» дүниеге келуінен бастап, қарттардың «бақи» дүниеге кетуіне дейінгі аралықтағы барлық әлеуметтік жүйенің рухани талаптары мен рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсаты мен оны шешуге керекті міндеттер қойылып отырғанын көреміз.

Сөз жоқ, бұл бағыттағы жасалуы тиіс жұмыстар әлі де шаш етектен. Өйткені Тәуелсіз Қазақстан – дүние жүзі картасында жоқтан пайда болған жоқ. Тарихтан тартылып келе жатқан қазақы рухани керуен – қазіргі қазақстандық рухани өмірдің тұмасы, бастау көзі. Ормандай жайқалған қазақтық рухани өмірімізді тарих парақтарына қанды атымен жазылған тұлғалар қанша шауып тастаса да, Жер-Ананың жетпіс жеті тамырынан нәр алатын тамыры терең-тереңде жатқандықтан, жайлы мерзім келгенде өркендеп өсе кететін тектілігі қуатты екенін қазір дүние жүзі танып білді дей аламыз.

Қазақтық рух, қазақы руханилылық, қазақтың рухани дүниесі – Қазақстан Республикасында тағдырдың талайымен түрлі тараптан тоғысқан 130-дан астам өзге ұлттардың бейбітшілікте өмір сүруінің өзегі, Алтын Қазығы болып отыр. Бұл – метафора немесе жай мақтаныш емес.

Қазақтық рух, қазақы руханилылық, қазақтың рухани дүниесі – Адамдықтың, Өмірдің, Бейбітшіліктің елімізге айрандай ұюы үшін қызмет ететін ұстанымдар мен қағидалардан тұрады.

Қазақтардың «Барып, сол елді шауып алайық» деген қылығын ешбір көрші ел айта алмас. Қазақ үшін Өмірдің мәні – өмірді сыйлай, қорғай, сақтай алуда.

Өмірді сыйлау дегенде - қазақ тек қазақтың ғана өмірін ойлап қоймайды, жер бетіне келген тіршілік иелерінің барлығының белгілі бір кезеңге ғана осы фәнидің қонағы екенін ұлттық таным етіп алғанын айтып отырмыз. Ал қонақ – қазақ үшін құт, Қыдыр, Ғайып-Ерен қырық шілтені. Ғайыптардың бірі - осы Қонақ.

Қазақ барлық жақсысын қонақ үшін сақтайды. Ал егер барлық адам баласын Жер бетіне уақытша бір-біріне келген қонақ деп қабылдайтын болса, қазақ неге ұлты адамдарды өзегінен тепсін? Әрине теппейді, жанына тартады, бар жақсысын береді. СЫЙЛАЙДЫ!

Қазақ қонақ дегенде тек үйіне келген адамды ғана айтпаған. Адамдар – өмірде бір-біріне келген қонақ. Оны қазақтың халық әндерінен-ақ тани беруге болады:

Қарап тұрсам-ай, бұл дүние – шолақ екен-ай,

Бір-біріне-ай, адамдар – қонақ екен-ай,

Арман-ай, өтеді-ау, дүние-оу, жалған-ай…

Бірақ қазақта «қонақтың түрі көп» деген қағида да бар. Бұл – енді сыйлап отырған адамның рухани дүниесі қандай деңгейде екенін айырып-тануға үйрететін тағылым. Қонақтың «Құдайы қонақ», «қаңғыма қонақ» т.б. түрлерін баласына үйрете отырып, адамды сыйлап сынау керек екенін ұғындыратын қазақы тәрбиені көреміз. Қонақты сыйлау керек. Бірақ сыйлау барысында танылып қалатын түрлі жаман қылықтар бар, соларды айырып-білу керек дейді ата-бабамыз: «Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді», «Иттің басын сары табаққа салса, шоршып түседі» т.б.

Сыйлағанды түсінбеген адам – рухани дүниесі тас жабық немесе тіпті рухани дүниесі жоқ адам. Ондайды қазақ саңыраумен не соқырмен теңейді: «Саңырауға сәлем берсең, «атаңның басы» дейді», «Соқырдың жолына түспе, саңырдың қолына түспе» т.б.

Қонақ етіп сыйлаған адам үйге жайланып орнығып алған соң, билік айта бастаса, оны да тоқтату керек екенін танытатын тағылымдар қалдырған екен бізге ата-бабамыз: «Шаңыраққа қара!», «Жаман үйді қонағы билейді», «Қонағым өзіңе де қарай отыр» т.б.

Қазақтық рухани құндылықтардың қазақстандық рухани өмірге тірек бола алуының танылмаған тамырлары әлі де көп-көп. Материалдық дүниесімен тығыз байланыста дамыған рухани дүниенің өзіндік ерекше қырларын тек жазба мәліметтерден ғана емес, Қ.Жұбанов айтып кеткеніндей, «тірі сөйлеу тілінен» іздеу керек.

Қазіргі кездегі рухани серпілістің түрлі көріністе өтіп жатқандығы - жүйе теориясымен талдайтын болсақ - бір симметриялы модельдің екінші симметрияға ауысып жатқандағы жүйенің түрлі қыртысында жасырын жатқан не жасырын өмір сүріп келген, рухани өмірден орын алуға таласы бар құбылыстардың көрініп жатқандығы деп айта аламыз. Осы асимметриялық модель қандай да бір басқарылатын жүйеге қалыптасқан кезде, көрініс беріп қалған «жат, бөтен» саналатын рухани құбылыстар не жойылады, не тағы да жасырынып орын алады. Бұл – рухани өмірдің диалектикалық заңы да шығар…

Қазақстан Республикасының рухани дүниесін танып-білу – 130-дан астам ұлысттың біртұтас қазақстандық қоғам мүшелері ретінде қандай рухани қажеттіліктерді талап ететінідігін зерттеуден басталатыны белгілі.

Біздің ойымызша, әрине, Отанымызды қазақтан басқа мекен еткен 130-дас астам ұлыстың өзіндік рухани әлемін танудан басталады. Бірақ бұл жерде, біздің ойымызша, баса назар аударатын ерекше бір мәселе бар. Ол – еліміздегі өзге ұлыстардың рухани әлемі жүйесінде міндетті түрде «Қазақстан – менің Отаным», «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл», «Қазақстан - қазақтың атамекені» деген ұғымдар компонет ретінде орын алуы керек.

Қазақтардың ата-бабасы осы жерді талай ғасырлар бойы сақтап, қорғап, ұрпақтарына мирас ету үшін соғысты, өмірін қиды, өмір сүрді. Енді тағдыр мен тарих толқындары түрлі ұлыс балаларын осы жерге басын біріктіріп, мемлекет құрғызып отыр. Осы мәселелерге өзге ұлт өкілдерінің мәдени бірлестіктерінде баса назар аударту керек.

Әрбір ұлыс Қазақстаннан сыртқары тұрған өзінің тарихи атамекенінің кіші моделін жасауға ұмтылмауы керек!

Өйткені қазақстандық өзге ұлыс өкілдерінің көне дәуірден келе жатқан рухани құндылықтары жаңа дәуірмен тек Қазақстан жерінде ғана байланыс жасай алады. Сөйтіп барып жаңа түрге енеді. Ал түрлі ұлыс өкілдерінің атамекендерінде ескі рухани құндылықтардың жаңа дәуірмен байланысуы басқа формалар арқылы жүріп жатады.

Қазақстан Республикасының 25 жылдық тарихында 200 жылдық тарихы бар мемлекеттермен бірдей аталатын «мәдени формулалары» пайда болуы - еліміздің рухани құндылықтар жүйесінің жаңарып, жаңа заманмен үндескен өзекті, тірек рухани өмірдің болмысы бар екенін айқын танытады.

Ол «мәдени формулалар» - «Қазақстан», «Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана», «Ақорда», «Нұрлы жол», «ЭКСПО-2017», «Бәйтерек», «Наурыз мейрамы», «Қазақстан Халқы Ассамблеясы». Оның қатарына енді «Назарбаев Университеті» мен «Әзіреті Сұлтан» мешіті қосылды. Қазақтардың мақтанышы болған осы мәдени формулалардың басым бөлігі - бір Астана қаласында орналасқан. Ендеше, Астананың өзі жаңа Қазақстанның мәдени формуласы болып табылады.

Болашақтың мәуелі жолдарын енді туристік жобалар құрауы тиіс. Жаңа болмысқа еніп жатқан жаңа әлемге енді Күлтегінді де, Тоныкөкті де, Аттиланы да, Томиристі де, Ұмай Ананы да, Ер Төстікті де, Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды да, Алпамыс батырды да, Абайды да, Жамбылды да, Әуезовті де, Мұқағалиды да, Нұрпейісовті де, Айбергеновті де танытып, олардың рухани құндылықты байытудағы орнын, маңызын көрсетететін жаңа талдаулар мен танытудың жаңа қарқынды-интерактивтік форматтары керек.

Шетелдік «мәдени формулалар» бізге етене таныс, олар - Үндістан десе еске түсетін «сари», «Ганг», «Тадж - Махал» т.б., Англия десе бірден еске келетін Биг-бен мұнарасы, екіқабатты автобус, Стоун Хендж т.б., Сауд Арабиясы десе, Мекке, Мәдинә, қажылық, Дубай, ондағы тамаша ғимараттар мен демалыс орындары, Түркия десе ойға алдымен оралатын «Сұлтан Ахмет» мешіті, керемет демалыс орындары т.б.

Рухани құндылықтар - адамгершілік қасиеттерді жетілдіру, әсемдік сезіміне бөлендіру, адамның өзін қоршаған әлемнің тылсым нәзік сырларын танып-білуге ұмтылу қажеттілігін өтейтін ерекше жүйе.

Рухани қажеттіліктердің танылуы қиын мынадай бір тұстары бар:

- адамның рухани қажеттілігі биологиялық қажеттілік сияқты ма?

- рухани қажеттіліктің ұлттық рухани құндылықтармен шектеліп қалуы неден?

- жеке адамның бойындағы рухани әлем әлеумет пен қоғам үшін ғана керек пе?

Қазақтың «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген ұстанымында ұлттықтан гөрі жалпыадамзаттық рухани қазына танымы танылады. Қазақтың рухани құндылықтары жүйесіндегі, оның ғылыми, эстетикалық, діни әлеміндегі адамның қоғамдық табиғаты мен оның өмір сүруінің шарттары бір ғана ұлттық шеңберде шектелмегенін тарихи жолдан мирас етілген тағылымдардан да, сақталып, қолданыста жүрген рухани құнды қағидалардан да көріп-біле аламыз.

Сұлулық пен ұсқынсыздықтың, өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың, ақиқат пен зұлымдықтың ара қатынасын айыра танып, оларға деген көзқарастар жүйесін қалыптастырып, олардың қоғамның қазіргі күй-жайына және идеалданған болмысына байланысты маңызын танытады.

Қазақтың рухани құндылықтардың барлық «қазақстандықтардың» рухани құндылығына айнала алатын әлеуеті зор. Ол әлеует – қазақтың рухани құндылықтарында сақталған, негізі болған ұлттық тар шеңберден гөрі жалпыадамзаттық рухани әлем болмысынан танылады.

Қазақтардың рухани құндылықтар жүйесі - қазақтардың санасының ерекше қоғамдық формадағы өнімдер жүйесі болып табылады. Бұл жерде ата-бабамыздың ақыл-ой қызметінің мол мәуелі игіліктері – идеялар, теориялар, мәдениет, әдебиет сияқты қазақты байытып, жетілдіретін рухани құндылықтар.

Рухани өндіріс қоғамның экономика, саясат, әлеумет сияқты басқа аяларын жетілдіретін ерекше қызмет атқарады. Рухани өндірістің жемісі оны тұтынушыға жеткен кезде ғана рухани өндіріс үдерісі өз нәтижесіне қол жеткізді деп танылады. Рухани өндірістің маңызды қызметі - қоғамдық пікір қалыптастыру. Осы ретте қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!», «Ел мақтаған жігітті қыз жақтайды», «Шешесін көріп, қызын ал», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» т.б. нақылдарының барлығы да қоғамдық пікір қалыптастыруда өткір құралдай қызмет атқаратынын көреміз.

Егер материалдық игіліктерді қолданудың шегі мен мерзімі болады десек, рухани игіліктердің уақыт өткен сайын санаға тигізер әсері тереңдей түсетіні белгілі. Өйткені уақыт өткен сайын рухани құндылықтарды қолданатын адамдар саны да, ұрпақтар легі де арта береді.

Қазақтардың рухани өмірі – ұрпақ санасының бай болуымен, рухы мен жігерін, арын, намысын биік ұстауымен, Отанын ардақтауымен, атамекенін сақтай алатын қуаттылығымен, тілі мен ділін қастерлеп, дос пен дұшпанды айқын тани алуымен, нәзік әсемдікті қадірлей және сақтай алуымен, ұрпағын қорғауымен, өмірдің диалектикалық болмысын танып, өмірдің материалдық игілігіне байланбай, оны өткінші «жалған» деп тани алған даналығына байланысты ақыл-ой қызметімен танылады.

Қазақтың нешеме ғасырлық рухани қазынасы яғни қазақтың әдебиеті де, қазақ суретшілігі де, аңшылығы да, музыкасы да, сахнашыл өнері де, білім беру, тәрбиелеу, ғылыми таным қызметі де – қазір біздің бар болып отыруымыздың тірегі. Қазақстан деген гүлденген мемлекет болып отыруымыздың түп тамыры осы рухани қуатымыздан сусындайды.

Бұхардың:

«Айға барып келсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Қызыққа тоймас адамзат», - деген көреген дана сөздерінен осынау Ұлы Далада Мәңгі Ел құрып, қазақ тілін мәңгілік тіл етуге талмай ізденетін қазақ тіліндегі «айтқаны келетін» қуатты қасиетін де тануымыз керек. Тіл мен Рух біртұтастықта болғанда ғана осындай қуат көзі пайда болатынына да шынайылықпен сенуіміз керек. Оны қазақтың «тіл ұшындағы сөз бен жүректен шықққан сөз» деп екіге бөліп тани білгенінен түсінеміз. Қазақта «тіл ұшындағы сөз бен жүректен шыққан сөзді» айту тек Ар категориясымен ғана өлшенгенін де білуіміз керек.

Сондықтан да қазақ тілінің әркімге де үйрене салатын «мынау су», «мынау сүт» деген емес, қырық қыры жарқырап, сәулесі кез келген қарабайыр көзге толық көрінбейтін Гауһар сипатты болмысы танылатын оқыту жүйесін қолдану кезі туды.

Өйткені қазіргі заман – қазақтың рухын оятқан еркін заман. Ал рух оянса, оның болмысы тілмен қалайша байланыспайды? Ал рухы жоқ тілді үйрену кімге қызықты? Әрине, ешкімге де.

Қазақтың асқақ рухы өзінің атамекенін құрметтеген кез келген өзге ұлт өкіліне «бауырым» деп қарай алуынан да танылады.

Осы қуатты рухтың қайнары тек қазақ тілінде ғана сақталған. Сондықтан қазақ тілінің адамның жанын асқақтатар қуатты қайратын оқытатын, соны үйрететін кез келді. Бұрынғы «мынау не?», «бұл - нан» деген оқыту жүйесінен өсетін, асқақ форматқа кіретін кез туды. Абайдың барлық заманға да лайықты болатын «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деген батасын түсінетін кез келді!

Жаңа заманның лебін түсінбей қалғандар болса, Абайдың:

Көк тұман - алдыңдағы келер заман.

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған, - деген өлең жолдарын талдап-тануды ұсынар едік. Мұндағы «көк» сөзі - тұманның түсін білдірмейді. «Көк» сөзінің алғашқы, тамырдан енді ғана өнген, бүршік атып келе жатқан жас өркенді білдіретініне зейін қойсақ, мұнда Абайдың «көк тұман» дегенінде болашақтың, дамыған, ой мен сананың, тіл мен рухтың кірігуінен туындайтын алапат жаңашылдықтың болмысы келер заман тұманында туындап жатқаны берілгенін түсінуіміз керек.

Тегтер: тіл, Гумбольд, тәуелсіз, Бұхар, рухани болмыс

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

242

ақпарат

Терминдер төңірегіндегі толғаныс

281

ақпарат

Жат сөздерді қалай жақын тарта аламыз?

348

ақпарат

«И» мен «У»-дан дауысты жасауға неге үйірміз?