Алашшыл ақындар көзімен

1916 жылғы патша үкіметінің «25 июнь жарлығына» қатысты тарихи оқиғалар алашшыл ақындар шығармаларында да азды-кем орын алғаны рас. Осы уақыттарда әртүрлі пікір білдірген мақалалар баспасөз беттері...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 қаңтар, 2017

Бұл туралы тарихшы ғалым М.Қойгелдиев «1916 жыл оқиғасына байланысты ғылыми әдебиетте болашақ Алаш партиясының негізін қалаған қазақ интеллигенттерінің «сатқындық» рөлі туралы пікір қалыптасқан» (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. 1994.) дей келіп, «25 июнь жарлығы шығып, көтеріліс басталып кеткенде губерндік басшылар «Қазақ» газетін, оның редакторын, Бөкейханов пен Дулатовты билікке қарсы бүлікке шақырушылар ретінде айыптап, үстерінен қатаң бақылау орнатты… Бұған қосымша кейінгі оқиғалар көрсетіп бергендей, патша әкімшілігі қазақ даласына жазалау отрядын шығарып, көтерілген қарусыз халықты аяусыз басуға даярланып жатты. Соның бәрін біле тұра халықты патша жарлығына бағынбауға шақыру елді үлкен адам шығынына, шаруашылық бүліншілігіне итеріп салумен тең еді. Міне осындай жағдайда А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және М.Дулатов қол қойған белгілі ашық хат жарияланды. «Оқиғалар ағымы Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған топтың ұстанған бағыты дұрыс болғандығын көрсетіп берді» (29-30 бб.) деген пікірін білдіреді. Алайда бұл жайттар да алашшыл ақындардың назарынан тыс қалған жоқ.

Дүниежүзілік саяси ахуалдарды жіті бақылап отыратын ұлт зиялыларының ең алдымен осы тарихи оқиғаға дейінгі өздерінің қобалжуларын жұмбақтап сездірген өлеңдеріне назар аудара кеткен жөн. Бұл тарапта олар «Қазақ» газетінде «Дағдарыс» (1915, 16 желтоқсан, №116) пен «Қара құс һәм адам» (1916, 30 апрель, №179) сияқты өлеңдерін жариялап отырды. Ахмет Байтұрсынұлының «Бес томдық шығармалар жинағының» бесінші томында (2006) осы «Дағдарыс» өлеңі ақын мұрасы болып берілген.
«Дағдарыс» өлеңінде автор айтпақ ойын тұспалдап береді. Яғни мұнда өлеңнің бастапқы жолдары оқырманға түсініксіз болып келеді де, соңғы алтыншы шумағындағы «жер жүзі қызыл қанға боялып тұр» деген жолдардан кейін бірінші дүниежүзілік соғыстың уақыты сипатталып тұрғаны белгілі болады. Ал алғашқы өлең жолдарында автор сол соғыстың жайын астарлап жеткізуге ұмтылған тәрізді.
Ой Алла, Заман нендей түрленіп тұр,
Айтуға тілің жүрмей күрмеліп тұр.
Оң-теріс, обал-сауап құр сөз болып,
Сан заттар «сап» деп жүрген кірленіп тұр, – деп басталған өлеңде қазақ жұртына қатысты алаңдаушылықтан туған әйтеуір бір үлкен дағдарысты айтқысы келетіні анық.
Ресейдің дүниежүзілік империалистік соғысқа кірісуі қазақ еліне де ауыртпалығын тигізді. Соғыс қажетіне жергілікті халықтан алынатын салық үш есе көбейіп, қазақ жұртының шаруашылығы күрт нашарлап кетсе де, майданды шикізатпен қамтамасыз етіп отырды. Ақынның «Жолдасып қанша нәрсе істеліп тұр» деуі де осыны меңзейді.
Мың қоссаң бәйгеден күш, мың келіп тұр,
Өтірік қатарласып тең келіп тұр.
Томардай үкі тағып, тұмар байлап
Қосқанмен алдында қай шын келіп тұр.
Мұндағы «бәйге» деп отырғаны майдан екені белгілі. Ал келіп тұрған «мыңның» қайсысы «өтірік», қайсысы «шын» дегені қай мемлекеттің жеңетінін білмей дал болып, тосырқауы еді. Тіпті «томардай үкі тағып, тұмар байлап қосқанмен» сол күштің нәтижесіздігі ақынды тағы мазалайды. Ақынның бұл дағдарысы ел тағдырына тікелей қатысты да. Бір жағынан автор «бәйгеге» қазақтан сақадай сай әскер шығаруға ниеттенудің қажетсіздігін де айтқысы келетін тәрізді. Олай дейтініміз, сол уақыттарда, яғни 1915 жылдың соңғы айларынан бастап «Қазақ» газетінің бетінде қазақ жігіттерінің келешекте әскерде қызмет етуінің жай-күйін сөз еткен материалдардың алды жариялана бастады.
Ал Міржақып Дулатовтың «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қара құс һәм адам» (1916, 30 апрель, №179) өлеңіне келсек, мұнда да ақынның айтпақ ойы жұмбақталып берілген. Айтысты бірінші бастаған Қара құстың «Алашшыл әділ адамнан Қайдан шықты бұл мінез?!» деуіне қарағанда оның қарсыласы «алашшыл әділ адам» болып сипатталады. Сонда мұнысы қазақтан шыққан тұтас зиялы қауымды меңзеп тұруы да мүмкін. Сондай-ақ олардың зор деңгейі «…Саған адам тең емес, Маңайымнан жоғал тез» деген сес көрсетуінен де байқалып жатыр. Одан әрі өлеңде Қара құстың «жемтігіңе келдім» деп Адамның ызасына тиуіне қарағанда қазақтың да басына төніп келе жатқан қауіптің бір ұшы барын ақын сездірткендей.
Сонымен, мұнда көтеріліс, қан төгістің бейнесінде алынған Қара құс Адамның қорқытқанын місе тұтпай, «Жүрмесін жетпей досыңа, Оғыңды сақтап, сонан без!» деген ескертуін жасайды. Бұл арада Адамның «досы» кім? Ақын Қара құстың аузымен оның да осал еместігін білдіріп өтеді. Өлеңнің басылған уақытымен санассақ, 1916 жылдың көктем айлары, яғни бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Ресей мемлекетінің өзіне қарасты отар елдерден көмекті алуды жоспарлап жатқан уақыты десек те болады. Осы уақыттарда «Қазақ» газетінде де бұл мемлекетке қазақ жұрты тарапынан түрлі жәрдем беруді қажет деп тапқан мақалалардың орын алғаны да белгілі.
Енді «Қазақ» газетіндегі (1916, 31 октябрь, №203) авторы «Қазақ Алашбайұғлы» деп қол қойған «Торғай ақсақалдарына» деген хабар іспеттес мақаланы оқиық. Мақала соңында автор: «…Біздің Петроградтағы екі ақсақалға айтатын соңғы сөзіміз: «егер бұл күнге шейін қайтпаған болсаңыздар, тезірек елге жетіп ізденуден түк пайда болмағандығын, енді көнуден, қам қылудан, кісі беруден басқа лаж жоқтығын, көбінесе елге бүліншілік болатындығын түсіндірулеріңізді өтінеміз… Ал ақсақалдар, елге шын жандарың ашитын болса, бұрынғы жүрген-тұрғандарың бойларыңа құт, ендігілерің ерліктен өтіп, халықтың көз жасына себепкер болуға айналып жүрмесін, қайтыңдар, елді басыңдар…» деп аяқтай отырып, «Обалы кімге?» деген өлең ұсынады. Бұл өлеңнің авторы қазір Ахмет Байтұрсынұлына телініп жүр. Мақала мазмұнынан кейін өлеңді де тез ұғынуға болады.
Қой үрікті,
Қайыруы бермей дүрлікті.
Тағдырдан білмей,
Басшылардан көріпті.
Үркітуші мол,
Мұндайлыққа қол
Азғырғыш көп емес пе!
Бөлінген қойға
Обал болар демес пе…
Автор халықтың қойдай үріккенін, ал «үркітушілердің» елді шошытып, обалы кімге келерін ойламағандарын қынжыла айта келіп, «шошынды қой, ойламай ой» деп сол «үркіп, бөлінген» жұрттың алдағы тағдырына алаңдаушылық танытады. Қазақ даласында төгілетін қанның болатынын сезгендей ақын «Ақырынан қорқамын, Бола ма деп үлкен той» деп өзінің бойын билеген үрейін де жасырмайды.
Алашшыл ақындардың ішінде 1916 жылғы тарихи оқиғаны ашып суреттеген шығармалар өте аз. Десек те Нарманбеттің «Келтірген Сарыарқаға құдай бастап», «Сарыарқа сайран жерім-ай», Мағжанның «Орамал», Бернияздың «Апама хат» сияқты өлеңдерінен сол кездегі қиын-қыстау заманның шындығын аңғаруға болады.
Қазақ жұртына ауыр қайғысын ала келген 1916 жылғы патшаның июнь жарлығы Нарманбеттің «Келтірген Сарыарқаға құдай бастап», «Сарыарқа сайран жерім-ай» өлеңдерінде кеңінен көрініс тапты. «Сарыарқа сайран жерім-ай» өлеңінде:
Он тоғыз бен отыз бір,
Шақырды бабаң «тойға» кел, – деп патшаны «ба­баға», ал қара жұмыс пен майданды «тойға» балаған ақын 1916 жылғы оқиғаны түгелінен баяндап береді.
…Жасы қате жазылған
Отыз бірден артықтар.
Араласып кетті ғой,
Мертік пенен шартықтар, – деп ақын ел басына күн туғанда болыс, тілмаш, ауылнайлардың өз халқына жасаған қиянаттарын да сынға алады. Сондай-ақ Нарманбет:
«Балам қайда кетті» деп,
Кемпір шеше жылады,
Кемпірінен жасырып,
Шал да көзін бұлады, – деп сол кезеңнің шындығын, «Балам жетім, келін тұл, Құдай қашан иеді?» деп адамнан ешқандай көмек қалмаған соң, Алладан медет сұраған жұртының тағдырын осылай көз алдыңа әкеледі.
Майданға қара жұмысқа аттанған қазақ жігіттерінің тағдыры Мағжан Жұмабаевтың өлеңінде күйеуін сағынған ауылдағы әйелдің мұң-зары арқылы берілсе, Бернияз Күлеевтің өлеңінде сол майдандағы қазақ жігітінің атынан берілген. «Сорлы қазақ қандай күйге кез болды…» дей келе Бернияз:
Жол білмеген, жол көрмеген өңшең жас,
Қасында жоқ жұбататын бауырлас.
Қамыққанда туған жерді еске алып,
Тырс-тырс тамып кететін-ді ыстық жас, – деп алыс жерде өзге елдің жыртысын жыртып жүрген өрімдей жастардың туған жеріне деген сағынышымен қоса, аянышты халін тілге тиек етеді.
Ал Мағжанның «Орамал» өлеңінде ел тарихындағы осы ірі оқиға былай бейнеленеді.
…Толып қалды төрт айға,
Күйікпенен күн өтті.
Жарымды өкіріп отарба
Қанды жаққа әкетті.
Жалпы осы өлеңінде ақын қазақ әйелінің көз жасы арқылы ел қайғысын көрсетіп қана қоймай, күйеуінің қайда жүргенін білгісі келетін әйелдің сауалдары арқылы өзінің көкейіндегі сұрақтарға да жауап іздейді.
Елін ойлап қамығып,
Жүрегі толып дерт-шерге,
Жүр екен жаным жабығып
Осы күні қай жерде?

…Солдатша сымдай киініп,
Шекпені оның сұр ма екен?
Күрегіне сүйеніп,
Суықта жаурап тұр ма екен?
Қазағының тағдырына қатты алаңдаған ақынның ең басты айтпағы, яғни «Жатқан шығар ор қазып, Жауға ма әлде өзіне…» дегені оқырмандарға үлкен ой тастайды.
Мінеки, өзі өмір сүрген замандағы қандай тарихи оқиғаларды сөз етсе де алашшыл ақындар ең алдымен ұлт мүдесін жоғары қояды.



Баға беріңіз