Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері

17.1.2017 1183
​Мемлекеттік тіл мәселесі - өте маңызды, мемлекеттік мәні бар мәселе. Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын одан әрі кеңейту және мәртебесін көтеру мәселесін барлық жерде кеңінен қолға алып, тікелей ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу қажеттігін тұрақты күн тәртібіне қою керек. Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл проблеманың ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. 

Мемлекеттік тіл мәселесі - өте маңызды, мемлекеттік мәні бар мәселе. Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын одан әрі кеңейту және мәртебесін көтеру мәселесін барлық жерде кеңінен қолға алып, тікелей ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу қажеттігін тұрақты күн тәртібіне қою керек. Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл проблеманың ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан жақты қарастырылып отырған проблема – орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту проблемасы. Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Бүгінгі қоғам оқытушының біліктілік деңгейіне де, ішкі жан дүниесіне де жаңаша талап қойып отыр, өйткені қазіргі күні ХХІ ғасыр ұрпағынан үлкен үміт күтілуде.

«Тіл қарым-қатынас құралы. Сондықтан оған тән белгілерді сөйлем шекарасынан шығып, тыңдаушы, сөйлеуші жағдай, стиль сияқты уәждемелерді қамти отырып, анықтауға болады» (1,24).

Тіл үйрену тәжірибесінде лексикалық минимумдарды қатар үйрену міндетті түрде ұштасып отырады. Лексикалық минимум сөздік қордың кеңеюіне, белсенді және пассивті сөздік қордың қалыптасуына ықпал етеді. Лексикалық минимум қазақ тілін меңгерудің әрбір деңгейіне сәйкес келетін (қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейлер) минимальды сөздер мен сөз тіркестерінің жиынын қамтиды. Минимум қазақ тілін өз бетінше үйренуге және қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға бағытталған. Минимум тілді үйренудің әлемдік және еуропалық стандарттарының принциптеріне, сонымен қатар Қазақстан Республикасының қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктеріне сәйкес құрастырылған.

Лексикалық бірліктерді таңдаудың мақсаты қазақ тілінде жаза білу мен сөйлей білудегі қолданылатын белсенді сөздік қорын сараптау мен оларды жүйелеу. Осыған орай тілді үйренуші азаматтар үшін тіл үйренуде өз ойын пайымдап, оны айта біліп, сөздер мен сөз тіркестерді тақырыбына сәйкес мағынасы мен қолдану саласына қарай топтастыра білуі, сонымен қатар тілдік бірліктерді дұрыс қолдана алуы сияқты талаптар анықталады.

Әрбір деңгейдің лексикалық минимумы келесі принциптерге негізделген: Жүйелілік, сабақтастық, дамытушы, коммуникация, нәтижелілік.

Жүйелі құрастырылған лексикалық минимум тіл үйренушіге қазақ тілінің сөздері мен сөз тіркестерін дұрыс пайдалану, әртүрлі жағдаяттарда тілдесу тақырыбына байланысты лексикалық бірліктерді дұрыс пайдалану қабілеттерін қалыптастыруына ықпал етеді. Минимумдар лексикалық сатылар негізінде құрастырылған және мағыналары және тақырыптары бойынша топтарға бөлінген. Барлық сатылардың мазмұны белгілі бір реттілікпен бірін-бірімен жүйелі байланыстырылған. Бірінші саты үш сөз табымен көрсетілген. Олар: зат есім, сын есім, етістік. Екінші саты – бұл сан есімдер, есімдіктер, үстеулер. Үшінші саты – жалғаулықтар, одағайлар. Қазақ халқының мақал-мәтелдері бөлек көрсетілген және олардың орысша, ағылшынша баламалары берілген. Лексикалық бірліктерді сөз таптары бойынша бөліктермен бөліп беру сөздерді сөйлемдерде пайдалануды жеңілдетеді, себебі әрбір сөз табы сөйлемде белгілі бір қызмет атқарады. Тілді тиімді үйрену үшін әрбір сөз табының сөздер жиыны мағыналық топтар мен бөліктерге бөлініп берілді. Бөліктер мағынасы бойынша бірін-бірімен тығыз байланысты сөздерден тұрады.

Қарапайым деңгейдің лексикалық минимумы тіл үйренудің бірінші сатысы болып табылады. Бұл деңгейдің сөздері күнделікті өмірдегі жағдаяттарға негізделеді. Тіл үйренуші күнделікті тұрмыста қолданылатын тілдік материалдарды меңгеруі қажет.

Базалық деңгейдің лексикалық минимумы сөйлесу жағдаяттарына және қоршаған өмірге байланысты сөйлеу коммуникациясында пайдаланылатын сөздерді дұрыс қолдануды талап етеді.

Орта деңгейдің лексикалық минимумы сөйлесім жағдаяттары мен қоршаған өмірге сәйкес тақырыптардың стилистикалық бірліктерін әдеби нормаларға сәйкес дұрыс қолдануды үйренуге бағытталған.

Ортадан жоғары деңгейдің лексикалық минимумы әртүрлі сөйлесім жағдаяттары мен әлеуметтік өмірден алынған белсенді сөздер мен сөз тіркестерін әдеби стиль бойынша дұрыс пайдалануына көмегін тигізеді.

Жоғары деңгейдегі лексикалық минимум өмірдің әртүрлі әлеуметтік салаларына байланысты лексикалық бірліктерді еркін меңгеруге және лексикалық бірліктерді әдеби, ғылыми және кәсіби стильде пайдалануға бағытталған» [2,11].

Жастар ұлттың болашағы, қоғамның әлеуметтік байлығы, біз олардың адамзаттық жоғары парасаттылығын, ақылдылық пен білімділігін, адамгершілік негізін қалыптастыра білуіміз керек.

Тіл байлығы - сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексикасындағы қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде. Себебі сөзді көп біліп, бірақ оны орынды, ойлы, образды жұмсай алмасаң, одан не пайда? Ал сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің мән-мазмұнын, стильдік бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасып жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін, лексикалық қабаттың баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр көзбен қадағалап отыру керек.

«Қазақстан - 2050» ұзақмерзімді даму стратегиясына болашақ ұрпаққа білім берудің біздің қоғамымыздағы айқын басымдықтардың бірі екендігі аталып, білім беруді сапалы жүзеге асыру ел болашағы үшін маңызды фактор ретінде тұжырымдалған болатын. Әсіресе жоғары білім беру жүйесі біздің елімізде жаңа өндіріс және ғылым салалары бойынша білікті мамандар даярлау ісін қамтамасыз етуі тиіс.

Шоғырландыру, біртұтас ақпараттық, экономикалық кеңістік құру бағыттарының жүргізіле бастағанына байланысты қазіргі кезеңде барлық мемлекет білім беру мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Өйткені қазіргі заманның талабы бойынша жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – қай мемлекетте болмасын білім беру технологияларының жоғары дәрежеде жетілгендігінің көрсеткіші.

Гуманитарлық ғылым салаларында 1960 жылдардан бастап «педагогикалық технология» деген термин қолданыла бастағаны белгілі. Жаңа ұғымның ілгері шығарылуына негіз болған басты себеп – ғылыми-техникалық үдеріс жағдайында білім беруді сапалық жағынан жаңа деңгейге көтеру. Дей тұрсақ та бүгінгі таңда педагогикалық технология ұйымдастыру нысандарының немесе оқытудың қандай да бір құралдарын қолданудың әдістемелік тәсілдерінің жиынтығы ғана емес, сонымен қатар бұл ұғым-түсінік білім беруді дамыту ұстанымдарын анықтау, оны оңтайландырудың тәсілдерін іздестіру, оқу-әдістемелік материалдардың және оқытудың техникалық құралдарының жаңа үлгілерін жасау, тың әдістемелік әдіс-тәсілдерді қолдану мақсаттарында жүргізілетін ғылыми зерттеулерге де қатысты.

Технология (грек тілінде – «techne» - «өнер, шеберлік, білік» дегенді білдіреді) деген терминнің жалпы әрі негізгі анықтамасы, арнаулы және лексиколографиялық еңбектерде көрсетілетіндей, шикізатты, материалдарды алудың, өңдеудің және қайта өңдеудің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы екендігі мәлім. Осы анықтама мағыналық жағынан кеңейе түсіп, оқытудың технологиясы деген мағынаға ұласып, «оқыту үдерісін ұйымдастыру мен жүзеге асыру бойынша басты мақсаттарға қол жеткізуді және іс-қимылдың сабақтастығын көздейтін іс-шаралар жүйесі» түріндегі тың терминдік сапаға ие болды. Аталған іс-шаралар жүйесі төмендегідей межелер арқылы сипатталады:

  • оқытудың мақсаттары нақты және оқытудың белгілі бір өлшемдері болуы тиіс;
  • оқыту технологиясы бойынша атқарылатын іс-қимыл өнімді шығармашылық сипатта болуы қажет (оқыту технологиясын ендірудің мүмкіндігінің жоғары болуы, басқа мамандар жүргізілетін іс-қимылдың әдіс-тәсілдерін шапшаң меңгеріп, оларды табысты пайдалануы);
  • атқарылатын іс-қимыл мақсатқа қол жеткізуге бағытталған аяқталатын үдеріс түрінде болуы тиіс;
  • оқытушы-педагогтің субъективті көзқарасы барынша байқалмайтындай дәрежеде болуы қажет.

Тәжірибе дәлелденгендей, қазіргі кезеңде білім мен біліктің, дағды мен білімнің қарапайым жиынтығы жеткіліксіз, сондықтан оқыту барысында білім алушының ақпаратты өз бетінше, дербес алуы, оған талдау жасауы, бір жүйеге түсіріп, өзінің қабілеттерін танытуы үшін қоғамда және өз қызметінде тиімді пайдалана білуі сияқты білік-дағдыларын қалыптастыру аса маңызды болып отыр. Бұл мәселе білім алушының құзырет, құзыреттілігі деген маңызды ұғымдарға барып тіреледі.

Кәсіби білікті мамандарды мемлекеттік тілде дайындаудың алғы шарты – жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттер өз мамандықтары салаларындағы ғылыми терминологияны толық игеруі тиіс. Егер студент жоғары оқу орнында мамандық негіздерін ғылыми тұрғыда меңгермесе, онда нағыз біліктілік деңгейіне жете алмайды. Бұл – қазіргі өмір шындығы.

Тілдерді толық игергенде ғана жас маман күнкөрісіне қажетті еңбекке орналаса алады және өз мамандығы бойынша кәсіби толысуға, кемелденуге мүмкіндік алады. Кәсіби қалыптасуын жетілдіреді, дамытады, тереңдетеді. Жоғары оқу орындарындағы техникалық, экономикалық т.б. мамандықтар бөлімдері студенттері үшін кәсіби-ғылыми терминдер жүйесі ұсынылады. Осыдан келіп мемлекеттік тілдің негізінде мамандарды дайындайтын ғылыми тіл қалыптасады.

Ғылыми ойлау – ғылыми тіл жүйесіндегі терминдерді керек етеді. Сондықтан ғылыми тілді игерудің шынар биігі - ғылыми ойлауды дамыту. Бұны ескермеген маманның сөйлеу тілі қалыптаспаған, түсініксіз, сөйлемдерді шұбалаңқы, тұжырымдары күңгірт келетіні ақиқат.Ғылыми тілді үйрену – ғылыми ойды дамыту, ғылыми ойды ана тілінде қалыптастыру болашақ маманнан шеберлікті қажет етеді. Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып,студенттің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандығын ескере отырып, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудағы әдіснаманы дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі студенттердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. ЖОО-ны бітірген жас маман еліміздің өндірісі мен экономикасын ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің мемлекеттік тілін жоғары деңгейде білуімен де терең сабақтасады.

Осыған орай кәсіби бағдар бере отырып оқыту қазақ тілінде сөйлеу тілін қалыптастыру мен дамытудың ең маңызды факторы болып табылады. Кәсіби бағдарлық дегеніміз – оқыту үрдісінде болашақ маманды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу, студенттің мамандығына сәйкес оқыту,мамандықтарына қатысты лексикалық минимумды игерту.

Ғалым Ф. Оразбаева: «Тілдік қатынас – жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді»[3,8] -дейді. Берілген анықтама бойынша тілдік қатынас – тек сөйлеу тілі арқылы тілдесу ғана емес, сондай-ақ, ол жалпы адамзатқа, қоғамға қызмет ететін, оны қоғамның өзі тудырған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін күрделі құбылыс.

Қазіргі таңдағы тіл саясатының басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейту болса, оның кешенді тармағы – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген кәсіби мамандар даярлау болып табылады.Мамандандырылған жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту- студенттердің тілді болашақ кәсіптік қызмет бабында және жеке қарым-қатынасында қолдана алатындай іскерлік пен дағдыларды игерту Әсіресе ,студенттердің кәсіби сөйлеу тілін мәтіндер арқылы дамытуды жүзеге асыру нәтижесінде мақсатын көздейді.

Олардың мамандық бойынша білімдері толықтырылып, мәтінмен жұмыс істеу дағдылары жетілдіріледі. Мәтіндермен жұмыс барысында студенттер болашақ мамандықтары туралы қосымша мәліметтер мен атқарылатын іс-әрекеттеріне байланысты ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
Әдіскер ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, Ф.Оразбаева өзінің «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты зерттеу еңбегінде: «Мәтін – адамдар арасындағы тілдесімдік қатынастың жемісі. Адам өз ойын екінші біреуге жеткізген кезде қалай болса солай айтылған сөйлемдер тізбегін құрамайды. Керісінше, жинақталған пікірін, көзқарасын бір-брімен ой жағынан да, қалпы тарапынан да бірлескен сөйлемдер жүйесімен, яғни мәтін арқылы жеткізеді, баяндайды…. Адам тілдік қатынаста үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты мәтіндерді сөйлесім әрекетінің кез-келген кезеңінде ойдан құрап, қолдана береді»[4,28]- деп атап өтеді. Тіл үйренушілендің кәсіби сөйлеу тілін мәтін арқылы дамыту жұмыстары сабақтардың бастапқы кезеңінен жүзеге асырылады. Кәсіби бағдарлы оқыту барысында ең алдымен, студенттердің кәсіби мамандықтары ескеріліп, сол мамандыққа қатысты сөздер, сөз тіркестері, негізгі ұғымдар мен терминдерге, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Мәтінде қамтылатын материалдар жүйесі мамандыққа қатысты оқытылатын арнайы пәндермен тығыз байланысты болып келеді. Бұл орайда құрылымы, мазмұны жағынан қарапайым мәтіндерді өз бетімен оқытуды жетілдіру, сұрақ қою, сұраққа жауап беру, жаңа тақырыптық лексикамен жұмыс істеу, яғни сөз, сөз тіркестерімен сөйлем құрау, талдау сияқты жаттығу түрлерімен қатар, мәтіннен қажетті ақпаратты тауып, қорытындылау, жинақтау көзделеді.

Студенттердің кәсіби сөйлеу тілдерін дамытуды қамтамасыз ететін мәтін түрлеріне баяндама, талқылау, әңгіме, пікірлесу,хабарлама, сұрастыру,сұхбат жатады. Басты мақсатымыз - болашақ мамандыққа байланысты сөздерді қазақ тілінде үйретіп, кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Кәсіби лексиканы мәтіннен таба білу, оны мәтіннен тыс жағдайда орынды қолдану – олардың іскер, жан-жақты дамыған, өз мамандығын жетік меңгерген терең білімді маман тәрбиелеу болып табылады. Қазақ тілінен берілетін әрбір сабақтың тәрбиелік, танымдық жағына баса мән беріп, оның болашақ мамандығының өмірдегі қажеттілігін саналы түрде түсінуіне мүмкіндік туғызу қажет.

Тіл үйрету сабақтарының бастапқы кезеңдерінде мәтіндердің берілу қағидаттары қарапайымнан күрделіге қарай алмасу заңдылықтарына негізделеді. Кәсіби бағдар барысында оқыту мәселелеріндегі мәтін таңдау ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, мұнда ең алдымен тіл үйренушінің кәсіби мамандығы ескеріле отырып, сол мамандыққа қатысты сөздер, сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, негізгі ұғымдар мен терминдерге көңіл аударылып, олардың лексикалық-грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейінгі кезекте, әдетте студенттер берілген сөздер мен сөз тіркестерін пайдалана отырып, кәсіби бағытта мәтін құрастырады. Мәтінде қамтылатын материалдар жүйесі мамандыққа байланысты оқытылатын арнайы пәндермен тікелей ұштастыра алынады. Себебі кез-келген мамандық иесі өзі таңдаған кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеруге мүдделі және өз ойын кәсіби сөйлеу тілінде жеткізуге ұмтылуы оның мамандыққа деген сүйіспеншлігін арттыру мәселесіне келіп тіреледі.

Оқыту барысында аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірінші кезекте студенттерге кәсіби танымдық мазмұндағы құрылымы, мазмұны жағынан қарапайым мәтіндерді өз бетімен оқытуды жетілдіру, сұрақ қою, сұраққа жауап беру, жаңа тақырыптық лексикамен жұмыс істеу, яғни сөз тіркестері мен сөйлем құрау, талдау сияқты жаттығу түрлерін орындаумен бірге, мәтіннен қажетті нақты ақпаратты табу көзделеді.Тілді оқытуда мәтіннің қатысым әрекетіндегі маңыздылығына сәйкес, оны іріктеп, таңдаудағы негізгі ұстанымдар төмендегідей жүйеленеді.

Әр студенттің мамандығына қатысты лексиканы меңгеруіндегі негізгі шарт – сөздік қорының мол болуы. Өйткені, сөздік қоры жеткілікті студент тілде жаңа туынды сөздер мен жаңа мағыналы сөздерді жасап, тілдесуде кеңінен қолдана алады. Тілдесімнің кәсіби бағдарлық, тақырыптық, шығармашылық түрлері студенттің сөз байлығын арттырып, толықтырады. Тақырыптық лексиканы үйретуде оны күнделікті өмірде қолданылуының жеңіл болуын, мамандыққа қатысты ұғымына мағынасының сай келуін, оқытылатын тақырыптармен байланысты таңдап алуынуын, мағыналық ерекшеліктерінің ескерілуін, сөздердің тәрбиелік ұғымға сәйкестілігін ескерген жөн. Осындай ерекшеліктерді ескерген жағдайда ғана студенттің мамандық саласына байланысты тілдесуі өз дәрежесінде дамиды.
Оқытудың қазіргі уақыт талаптарына сай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, кәсіби бағытта жүйелі жұмыс жүргізу арқылы студенттердің сөздік қорларын байытып, кәсіби сөйлеу тілдерін дамытуға болады. Тиімді жұмыс барысында студенттердің өз бетінше ақпарат алып, онымен жұмыс істеу дағдылары дамытылып, мамандықтары бойынша білімдері толыға түсері сөзсіз.

Тілді мамандыққа қатысты оқытудың ұтымды жақтары мыналар:

-студенттер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады;

-кәсібіне байланысты жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады;

-қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызы арта түседі;

-қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде студенттер білімдерін молайтады;

-күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ойларын жазуды үйренеді;

-болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады.

Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Осыған орай, Елбасымыз айтқандай: «көпұлтты және көптілді мемлекетіміздің достығы мен татулығы сізбен біздің зор еңбегіміз... Тілдерді дамытуда алға қойылған мақсаттарымыз бойынша 2017 жылы қазақ тілін меңгерген саны 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай 95 пайызға жетуі тиіс. Үш тілді меңгеру – қазіргі заман талабы болып табылады» делінген [5].

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • О. Төлегенов "Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы модельді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. Алматы; Мектеп, 2002. 178-б.
  • Ф.Ш.Оразбаева, Р.С.Рахметова «Қазақ тілін деңгейлік оқытудың ғылыми-методологиялық негіздері», Алматы, 2001
  • Ф.Ш.Оразбаева «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі», Алматы, 2000.207-б
  • Ф.Ш.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік коммуникация негіздері, Алматы, РБК, 1995
  • 2012 жылғы 14-желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің ""Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауы

Тегтер: ​Мемлекеттік тіл, лексикалық минимумдар,Жүйелілік, сабақтастық, дамытушы, коммуникация, нәтижелілік,

Сондай-ақ, оқи отырыңыз