Мемлекеттік тілді қолдануда соңғы орында тұрмыз

2013 жылы қолға алынған орыстілді азаматтардың арасында мемлекеттік тілді насихаттау аясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» кешенді шаралары қорытындыланды. Осы маңызды жоба жайлы әңгімеле...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

16 қаңтар, 2017

Әңгімемізді соңғы он-онбес жылда Қазақ елінде қалыптасқан тілдік ахуалдан бастайық... Қазақ тілі мемлекеттік статус алып, қоғамдық өмірдің барлық саласына кіре бастаған уақытта, көпшіліктің назарынан тыс қалған, жаңа бір тілдік жағдай қалыптасты. Орыс тілінің үстемдігін сол қалпында қалдыра отырып, бұрын орыс тілінде сөйлеуге, жазуға тура келген жағдайларда қазақ тілін қолдануға мүмкіндік берілуі – қоғамда екі тілдік қауымды өмірге алып келді. Осының салдарынан Қоғам, лингвистикалық белгісіне қарай, екіге жарылды. Кеңес жүйесі кезінде мұндай бөлініс болған жоқ, себебі қолданыста бір ғана тіл болатын. Қазақтілділер орыс тілін қолданбаса, түсінбесе, білмесе – өмір сүре алмайтындай жағдай жасанды түрде жасалған еді. Ал 90-жылдардың басынан бастап, қазақтілді қауымға өз тілінде сөйлеуге, жазуға мүмкіншілік туғанда орыстілінің қажеттілігі күн тәртібінен шыға бастады. Қазақтілділер өз тілінде газет-журналдар оқып, өз тілдерінде хабарлар көріп, т.т. қазақ тілін орыс тілімен қатар қолдануға көшті. Өкінішке орай, орыстілді азаматтар мемлекеттік қызметкерлер үйреніп қалған орыс тілін қолданыстан шығармады және қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдірмеді. Осы құбылыс жоғарыдағы айтқан тілдік екі әлемді қалыптастырды. Тілді қолдану ғана емес, сол тіл арқылы ақпарат алу арқылы да екі тілдік қауымның арасы алшақтай түсті. Тағы бір қауіпті мәселе -орыс тілді азаматтарда «осындай қостілділік жағдай мәңгі сақталады» деген жаңсақ пікір қалыптасты. Олар тілдік ахуалдың жыл сайын өзгеріп келе жатқанын, демографиялық жағдайдың, қоғамдағы тілге деген көзқарастың үлкен өзгеріске ұшырағанын әлі де түсінбей отыр. Сондықтан болар, қазақтілді қоғам мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағын талқылап, кемшін жерлеріне сын айтып, жақсартудың жолдарын іздеп, жанталасып жүргенде, орыстілді қауым «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көзбен» отыр.

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» жобасы – мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайын, болшағын орыстілді аудиторияның өздеріне талдатуды мақсат етіп қойды. Олар «Мемлекеттік тілдің қабылданғанына ширек ғасыр уақыт болды, алайда Қазақ жеріндегі орыстілді азаматтардың басым көпшілігі өздерінің мемлекеттік тілдерін әлі күнге дейін үйрене алмай отыр. «Осының себебі неде?» деген әр азаматтың өзіне қоятын сұрағынан бастап, «мемлекеттік тілді үйрену үшін не істеуіміз керек?» деген бәрімізге ортақ мәселені талқылап, пікірталас жүргізді. Орыстілді аудиторияның «қазақ тілін меңгере алмауының себептері» деп аталатын сан түрлі сылтауларына нақты жауаптар берілді. Қысқасы, бұл дөңгелек үстелдер ашық әңгіме түрінде өтті. Осы кездесулер арқылы біздер осы уақытқа дейін қашқақтап, «тіл мәселесіне жолауға болмайды, бұл – өте нәзік, қауіпті мәселе» деген жалған тұжырымды жоққа шығардық. Кездесулерге орыстілді ұйымдардың (казактар, «Лад» бірлестігі, т.т.) өкілдері де шақырылды. Өз басым, орыстілді аудиторияның алдында олардың «уәждерін» талдап, түсіндіріп, ешқандай негізсіз екендіктерін көрсетіп беру – бұл жобаның үлкен жетістігі деп білемін.

Кездесу уақытының бір бөлігі – қазақ тіліне байланысты қалыптасқан «ертегілерді» орыстілді азаматтардың өздеріне талдату, түсіндіруге бөлінді. «Орыс тілі – ұлтаралық тіл» деген, адам құқығына қарсы тұжырымнан бастап, «қазақ тілі – өте ауыр тіл», «қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс мектептеріне қарағанда төмен» деген сияқты ешқандай негізсіз тұжырымдарды қарапайым дәлелдермен түсіндіре отырып, жаңа көзқарас қалыптастыру – үлкен шеберлікті, халықаралық тәжірибе мен заңдарды терең меңгеруді талап етеді. Сондықтан, осы бір ауыр жүкті менімен бірлесе көтерген белгілі саясаттанушылар Расул Жұмалы мен Айдос Сарымның еңбектерін айрықша атап өткім келеді.

Пікір-таластар орын алатын дөңгелек үстелдерде, түрлі басқосуларда мемлекеттік тілді білудің азаматтарға міндеттілігі туралы мәселе бой көрсетіп қалып жүр. Бұл туралы не айтар едіңіз?

Мемлекеттік тілді білудің міндеттілігі – аксиома. Сондықтан көптеген елдердің заңдарында «азаматтардың мемлекеттік тілді білуі – міндетті» деген бапты кездестірмейсіз. (Мемлекеттің заңдарында «Анаңды жақсы көру – міндетің» деген сөз жазылмайды ғой!). Алайда, өз басым, өркениетті елдердің заңдарынан азаматтарды мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін баптарды кездестірдім. Демек, азаматтардың мемлекеттік тілді білуін заң арқылы талап ету де демократия мен адамдардың құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді.

Қазақ елінің қазіргі қолданыстағы заңында «мемлекеттік тілді білу – парыз» ғана. Парызды орындау не орындамау – адамның өзіне, оның ар-ұятына, сеніміне қатысты. Сондықтан болуы керек, біздің кездесулерімізде орыс тілді азаматтардың көпшілгі «мемлекеттік тілді білуді міндеттеу қажет» деген пікірлерді ашық айтып отырды. «Егер мемлекеттік тілді білуді талап етпесе, біздер осылайша дүбәра күйімізше қаламыз, ертең балаларымыз қазақ елінде жоғарғы лауазымды жұмысқа орналаса алмайды» деген пікірлерді жиі естідік. Кейбір орыстілді азаматтар: «біздің менталитетіміз – кеңестік, біздер биліктің аузына қарап, солардың айтқанын жасап үйренген адамдармыз, сондықтан тіл мәселесінде қатаң талап болуы шарт» деген ойларды ортаға салды.

Кезінде үлкен дау-дамаймен қабылданған «Ел бірлігі» доктринасында азаматтардың мемлекеттік тілді білуі «парыз және міндет» деген жолдар бар. Сондықтан келешекте қабылданатын мемлекеттік тіл туралы заңдарда «міндет» деген сөздің кездесуі ғажап емес. Әрине, мемлекеттік тілді білуді міндеттеуге болатын шығар, бірақ онымен орыстілді азаматтарды қазақ тілін үйренуге алып келе алмаймыз. Тілді үйрену үшін – қоғамда сол тілге қажеттілік тууы шарт. Ол қажеттілікті заң арқылы да, қазақтілді қоғам арқылы да қалыптастыруға болады. Мемлекеттің, биліктің саяси ниеті, құлшынысы болса, болғаны...

Көп жағдайда мемлекеттік тілді жете меңгере алмаудың бір себебі ретінде мектептерде қазақ тілін оқыту деңгейінің төмендігі жиі айтылады. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

Келісемін. Кеңес өкіметі кезінде де, тәуелсіздік кезеңінде де білім жүйесінде қазақ тілін оқытуға көңіл бөлінген жоқ. Әрине, қазақ тілін үйренуге ниет білдірген оқушылар, мектептегі жағдайға қарамай-ақ тілді меңгеріп алды. Алайда, бұл ынта жалпылық деңгейге көтерілген жоқ. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын алғанына 27 жыл болса да, орыс мектебін бітіруші жастар қазақ тілін, ең болмаса, бастауыштың деңгейінде меңгеріп, қазақ тілді ортада пікір алмасу деңгейіне көтерілген жоқ. Ең қызығы – орыс тілді ата-аналар осы мәселені «қазақ тілді үйрене алмаудың бір себебі» ретінде көрсете отырып, мектепке талап қойып, мұғалімдер мен директорлардың жағасынан алмайды екен... Демек, бұл жағдай орыстілді қауымның ақталу тәсіліне айналған сияқты.

Қазақ тілінің дамуы – қоғамға, мемлекетке керек. Мектептерде қазақ тілін оқыту үрдісін жоғарғы деңгейге көтеру – мемлекеттің, Білім мен ғылым министрлігінің міндеті болуы керек. Меніңше, бұл жердегі басты мәселе - тілді оқыту кезіндегі мақсатты анықтауда сияқты. Кейде қазіргі білім жүйесінде орыс тілді оқушылардан қазақ тілінің тіл маманын шығару міндеті қойылған ба деп қаласың. Олар мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да грамматиканы бірінші орынға қояды. «Қалау райы» мен «ашық райды» немесе «септік жалғауларын» жаттап алған балалар қазақтілділермен қарым-қатынасқа түсіп, әңгімелесе алмайды. Қоғам үшін мектеп бітіріп шыққан жастардың қазақ тілі грамматикасын меңгергені емес, қазақ тілінде қарапайым сөз тіркестерін құрастырып, қарапайым сұрақтарға жауап бергені, бір сөзбен айтқанда қазақ тілдік ортада өзін еркін сезінгені керек. Орыс мектептеріне арналған қазақ тілінің оқулықтарын мүйіздері қарағайдай академик, профессорлардан көрі орыстілділерге отыз жыл қазақ тілін үйреткен репетиторлардың жазғаны дұрыс. Бұл – бүгінгі тілдік ахуалдан туатын талап.

Жаһандану кезеңінде тілді сақтау мен қорғау мәселесі бұрынғыдан күшеюі тиіс. Осындай кезеңде тілімізді сақтаудың ең басты міндеттері жөнінде ой бөліссеңіз?

Тілді сақтаудың басты шарты – қоғамда тілге деген қажеттілік туғызу. Қолданысқа түспеген тіл – уақыт өте келе өзінен өзі құрып кетеді. Ал тілді қолданысқа түсіру, сол тілде жазып, сөйлеу – ұлттың міндеті. Шынында да, жаһандану кезеңінде әрбір ұлт өзінің ұлттық құндылықтарын, тілін, дінін, мәдениетін сақтап қалуды басты мақсат деп қабылдауы керек. «Аттысы – шапты, жаяуы –қапты» деп басқа мәдениет пен өзге тілдің соңынан еріп кету, қазақ сияқты еліктегіш, ұлтсыздануға шақ қалған халық үшін үлкен қауіп. ...Осыдан төрт-бес жыл бұрын Еуроодақтағы 28 мемлекеттің өкілдері бір тілге көшу жөнінде мәселе көтеріп, қызу пікірталастар өткізген. Кейбіреулер «одақтағы сансыз құжаттарды 28 тілге аудару, соншама тілмаш ұстау – орасан шығынды қажет етеді, одан да барлық құжаттарды бір тілде сөйлетсек дұрыс болмай ма екен?» деген мәселе көтерді. Алайда еуроодаққа енген елдердің басым көпшілігі «мемлекеттік тіл – мемлекеттің тәуелсіздігінің басты белгісінің бірі, сондықтан шығынды сылтау етіп, бір тілге көшу – қателік болады» деген пікірді қолдағаны белгілі.

Ұлт өзінің мемлекетін құрған уақытта, ұлттық тілді сақтау, дамыту, қолдану аясын кеңейту – мемлекеттің міндетіне айналады. Оның ішінде басты жауапкершілік мемлекеттік қызметкерлерге түседі. Өкінішке орай, қазақ елінде мемлекеттік тілді қолдану, оны басқалардан талап ету міндетін шенеуініктер атқарып отыр деп айта алмаймыз. Орыстілді мемлекеттік қызметкерлер Қазақ елінің болашағынан көрі өздеріне ыңғайлы, жайлы жолды таңдап алған сияқты. Бұл жайбасарлықтың салдарынан мемлекеттік тіл қоғамдық өмірдің барлық саласында толық қызмет атқара алмай отыр. Жаһанданудың алдында отаршылдықтан, оның зардаптарынан құтылу міндетін шешіп алуымыз керек еді. Кеңес өкімет кезінде мемлекеттік жүйені бір тілге – орыс тіліне – көшіру саясаты ашықтан ашық жүргізілді. Ол уақытта біздер бұл «тілдік жоспарлау саясатына» қарсы тұра алмадық. Тәуелсіздіктен кейін Кеңес жүйесіндегі елдердің көпшілігі ұлттық тілдің қолданылуын жасанды түрде тежей отырып енгізілген орыс тілінің басымдылығын шектеуді қолға алды. Біреулері «Тіл полициясын» құрса, енді біреулері мемлекеттік тілді қолданудан бас тартқан мемлекеттік қызметкерлерге жауаптылық енгізіп, айыппұл сала бастады. Өкінішке орай, орыс тілінің зардабы басқаларға қарағанда тереңдеп енген қазақ елінде бұл жұмыстардың бір де бірі жасалған жоқ.

Қазақ елі – құқықтық мемлекет. Сондықтан мемлекеттік тілді дамытуға заңдық негіздегі қажеттілік тудыру шарт. Қазіргі кезеңдегі күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе – «ҚР Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңын қабылдау деп білемін. Қазіргі қолданыстағы «Тілдер туралы» заң – Кеңес жүйесінің ішінде, отар ел болып тұрғанда қабылданған, қос тілділікті сақтайтын және дамытатын заң болатын. Әрине, бұл заңды сепартизм қаупі мен демографиялық жағдайды есепке ала отырып қабылдағанымызды да бәріміз білеміз. Алайда, осы 27 жылдың ішінде Қазақ жеріндегі тілдік жағдай да, демографиялық жағдай да, саяси-әлеуметтік жағдай да үлкен өзгеріске ұшырады. (Мысалы, Латвия елі 1989 жылдан кейін, 2004 жылы және 2015 жылдары мемлекеттік тілді реттейтін заңдарын жаңартты). Меніңше, бізге де мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдайтын уақыт жетті. Жаһандану кезінде мемлекеттік тілге айналған ұлттық тілімізді сақтап қалудың басты жолы да осы.

Енді сізге тіл маманы ретінде мына сауалды қойғым келеді. Егемендік кезеңінде қазақ тілінде сапалы өзгерістер байқалды ма, болса, қандай?

Екіжүзділіктің тамаша бір «мәдениетті» үлгісі бар екен. Нақты баға беруден қашқақтап, «біршама жұмыстар жасалды, алайда мынадай өзекті мәселелер де бар» деп жауырды жаба сөйлейміз. Әрине, бұрын орыс мектептерінде оқитын оқушылар 65 пайыз болса, қазір қазақ мектептеріндегі оқушылар 70 пайыздан асты. 40 мыңға жуық басқа ұлт өкілдері қазақ мектептерінде оқиды. Осылай термелей берсек, жетістігіміз Алатаудың шыңдарымен таласады... Бірақ мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайына шүкіршілік еткім келмейді. Біз орыстілді басқа ұлт өкілдерінің тілге деген көзқарасын өзгерттік, оған дау жоқ, бірақ орыстілді қазақтардың ана тіліне деген, өздерінің мемлекеттік тіліне деген пиғылдарын өзгерте алған жоқпыз. Біз орыстілді азаматтардың жиі айтатын сылтауларының негізсіз екендігін көрсетіп, сөздіктер мен оқулықтар жаздық, мемлекеттік тілді тегін оқытатын курстар аштық, бірақ олардың тілді үйренуге деген ниетін әлі оята алған жоқпыз. Біздер көптеген ғылыми, кәсіби сөздерді жасадық, терминдерімізді жүйеледік, бірақ жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілді бөлімдерді қазақ тіліндегі оқулықтармен, оқытушылармен әлі де толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Біздің басты «сапалы» өзгерісіміз – жылдан жылға өсіп келе жатқан демографиялық жағдайымыз. Сол арқылы (оған оралмандардың қосылуы) және ұлтшыл азаматтар мен жасқаншақтау зиялы қауым арқылы ғана мемлекеттік тіліміз 90-жылдары қойған тұғырында тұр. Мойындауымыз керек, Қазақ елі Кеңес жүйесінен тараған 14 елдің ішінде мемлекеттік тілдің қолданылуы, дамуы жөнінде ең соңғы орында тұр. Барлығы салыстыру кезінде көрінеді деген сөз бар, сондықтан, соңғы орында тұрып, «сапалы өзгерістер» болды деудің өзі ыңғайсыз сияқты.

Кейбіреулер қазақ тілінің ғылыми бағыттағы табыстарын (қанша сөздіктер жарыққа шықты, қанша баспа табық зерттеулер жасалды, қаншама ғылыми атақтар қорғалды, т.т.) алға тартатын болар, алайда, тіл ғылымы әлеуметтік өмірден бөлініп жеке өмір сүре алмайды. Егер Алматы көшелерінде «Айнабұлақ - 3» немесе вокзал ғимаратының үстінде «Алматы-2» деген жазулар тұрса (қазақ тілінің заңы бойынша «3-Айнабұлақ», «2-вокзал» болуы шарт), азаматтардың біріккен сөзден жасалған есімдері қос сөз түрінде жазылса «Қасым-Жомарт» емес - «Қасымжомарт»), оны дұрыстайтын немесе қате екендігін айтатын Тіл институты «ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ғана айналысса», біз алысқа бармаймыз. Ғылыми-теориялық жұмыстың жетістіктері, жемісі қоғамда, әлеуметтік өмірде, практикада көрініс табуы керек. «Сапалы өзгеріс» деген сонда ғана болады.

  • Терең мағыналы, тартымды әңгімеңіз үшін рахмет!



Баға беріңіз