Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы және тәжірибелік алаң

09.08.2016 1691
Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы.

Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы, оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы әзірлей білу. Жасөспірімдердің шығармашылық тұлғасының белсенді бағытын оның тек сабақтарға жалпы қатынасы және оның қажеттілігі мен мұқтаждығы ғана емес, сондай-ақ білімді тәжірибелік іскерліктерді қабылдау мен меңгеру үрдісінің өзі де анықтайды. Оның ішінде таңдау курстары – шығармашылық ізденістің алғашқы баспалдығы. Қандай да бір таңдау курсына қатысқан оқушының өзіндік талпынысы, ізденісі болары анық.

Қазіргі кезеңдегі оқытудың негізгі мақсаты – болашақ мамандығына байланысты әрбір балаға тереңірек білім беру, білімді өзгермелі өмір жағдайларына пайдалана білу дағдысын қалыптастыру. Сондықтан қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік, кәсіби сауаттылық. Жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың тұжырымдамасы баланы жан-жақты дамытумен бірге жеке және жас ерекшелігіне қарай қоғамдағы өзгерістерге бейім даму мүмкіндігін айқындауды қарастырады. Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту проблемалы бағыттағы шығармашылық сипатқа ие бола отырып жаңа білімді іздену арқылы тәжірибеде қолдана білуге ықпал етеді, мұндағы басты міндет – баланың жалпы және өзіне ғана тән қабілеттерінің даму мүмкіндігі мен білім, білік, дағдыларын қалыптастыру және қолдану.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» занының 5-тарауындағы 41-баптың 1-бөліміндегі «педагог қызметкерлер өз біліктілігін арттыруға міндетті» деп көрсетілуі, «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында Елбасының «біз балаларымызға өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыруымыз керек» деген сөзі бүкіл ағартушы қауым алдында оқу-тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін дамытуды өзекті мәселелер етіп енгізіп отырғаны белгілі. Мектеп – еліміздің халыққа білім беру жүйесінің күрделі тармағы. Еліміздің жарқын болашағы, мектеп болашағы – ұстаздардың ізденісінде, балаларға деген сүйіспеншілігінде, кәсіптік деңгейіне байланысты екендігінде. Шындығында, мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек.

2006-2007 оқу жылында Қазақстан мектептерінде жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын біртіндеп енгізудің маңызды кезеңі басталды. Бейіндік оқытуға көшу, «оқытуды даралау мен оқушылардың әлеуметтенуіне бағытталған, жалпы білім беру мекемесінің жоғарғы сыныбы оқушыларын арнайы дайындау жүйесі» құрылды. Бейіндік оқыту бір немесе екі бағыт бойынша жүзеге асырылады:

Бейіндік оқытуды жүзеге асыру үшін мұғалімнің төмендегідей кәсіби білімі мен іскерлігі болуы керек:

оқытудың тұлғалық-бағдарлық, жеке-даралық құзырлылығының әдістемелік негізі мен оларды жүзеге асырудың механизмін меңгеру қажет;

базалық және бейіндік деңгейіндегі пән бойынша білім мазмұнын, элективтік курстарды әзірлеу мен ұйымдастырудың әдістемесін жете білуі керек;

оқушылардың жобалық, ғылыми-зерттеушілік қызметін ұйымдастырудың әдістемесін білуі тиіс;

педагогикалық әдебиеттердің жаңалықтарын, оқытатын пән бойынша қосымша ғылыми материалдарды оқып-қарастыру, жаңа бағдарламалар мен оқулықтарды қарастыру, оның талаптары мен ерекшеліктерін анықтау қажет;

жұмыс дағдыларын компьютерде қолдану, сабақта оқытудың техникалық құралдарын пайдалану, ғылыми-зерттеу тақырыбымен жұмыс істей алулары керек.

Педагогтер мен оқушыларды базистік оқу жоспарының бейінді компоненті бойынша қазіргі оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету бейіндік оқытуға көшудің өзекті және тез шешуді талап ететін мәселесі болып табылады. Бейінді компонент мазмұны мен білім беру стандартының талаптар жүйесіне сәйкес келетін курстар, оқу пәндері, модульдер, оқытылатын элективтік курстар жиынтығынан тұрады.

Элективтік курстарды оқытудың мақсаты – оқытуды дараландыру мен оқушының әлеуметтенуіне бағдарлану, өзінің болашақ кәсіби қызметін таңдауға жауапты және саналы түрде дайындалу. Элективтік курстар әр түрлі функциялар орындай алады: қазіргі уақыттың негізгі мәселерін зерттеу; болашақ кәсіби қызметінің ерекшелігіне бағдарлану; «кәсіби сынама», танымдық, ұйымдастырушылық қызметінің дағдыларын жетілдіруге бағдарлану; базалық пәндік білімнің тереңдетілуі. Жасыратыны жоқ элективтік курстар әлі де болса, өз дәрежесінде оқытылмай келеді. Оның өзіндік объективті және субъективті жағдайлары бар. Сондықтан бүгінгі таңда өткізілетін арнайы және таңдау курстары өзекті мәселеге айналуда. Ол курстар белгілі бір технологияны басшылыққа алып жүргізілсе, оның нәтижесі жоғары болмақ.

Осыған орай Астана қалалық Білім басқармасының Білім беру мекемелерінде тәжірибелік алаңдарының жұмысы туралы 2013 жылғы 28 тамыздағы №478 бұйрығы негізінде №71 «Мөлдір» балабақшасы, №4 мектеп-гимназия, №8 орта мектеп, №66 мектеп-лицей, 2014-2015 оқу жылынан бастап №74 мектеп-гимназиясы және Алматы облысы, Талғар ауданындығы № 49 жалпы білім беретін орта мектеп «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы тәжірибелік алаңға енгізілді.

Тәжірибелік алаң төрт кезеңді қамтиды:

2013-2014жж. Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын тәжірибеге енгізу жолдарын зерттеу (Дайындық кезеңі).

2014-2015жж. Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын тәжірибеге енгізу (Іс-әрекет кезеңі).

2015-2016жж. Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын тәжірибеге енгізу (Іс-әрекет кезеңі).

2016-2017 жж. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – сапалы білім берудің көзі (Қорытындылау кезеңі).

Тәжірибелік алаң жұмысының негізі мақсаты: балабақшаның мектепалды даярлық топтарынан бастап тіл дамыту жұмыстары мен бастауыш және орта буында негізгі пәндерден бейіналды даярлықтың интеграциялық түрде оқыту курсын Н.А. Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы тиімді енгізу.

Осы мақсатты негізге ала отыра, іс-әрекет кезеңінде бірнеше міндеттерді жүзеге асыруды жоспарладық. Атап айтқанда:

1. Сатылай кешенді талдаудың түрлі амал-тәсілдерін, әдістемесін меңгеру;

2. Ана тілі негізінде екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау;

3. Технология негізінде білім сапасын көтеру.

4. Мұғалімдердің шығармашылық тобын құрып, әдістемелік кешен дайындау және тарату.

5. Білім алушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, әр пәннің ғылыми мазмұны мен жүйесін, талдап үйретумен қатар ойын дұрыс жеткізуге, әдеби, көркем сөйлеуге үйрету.

6. Таңдау курстарының оқу-әдістемелік кешендерін мұғалімдер ұжымымен бірлікте дайындап, оқу үрдісіне енгізу.


Оразахынова Нұрша Алжамбайқызы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы

Тегтер: тіл, міндет, ұлт

Сондай-ақ, оқи отырыңыз