Базалық деңгей тыңдаушыларына етістіктердің меңгертудің маңыздылығы

Ертеңгі еліміздің қамын ойлайтын, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтар дайындап, тіліміздің мәртебесін көтеру мәселелері орыстілді аудиторияда қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздарды үнемі то...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету барысында тыңдаушының сөйлеу мәдениетін және жазба тілін дамытумен қатар, оның атқаратын қызметі төңірегінде еркін қарым-қатынас жасауға бейімделуі басты назарда тұрады. Ауызекі сөйлеу тілі мен жазбаша сауаттылыққа меңгертуде тіл дамыту жұмыстарын дұрыс ұйымдастырудың мәні зор.

Осы орайда қарым-қатынасқа ең қажетті деген сөздерді үйретудің маңызды екенін жоққа шығаруға болмайды. Тіл үйренушілердің өз мамандығы мен жұмысы, лауазымдық міндеттері, күнделікті атқаратын жұмысы туралы әңгімелеп жеткізуі, тілдесімге қатыса алуы, сұқбатты жалғастыра алуы оның сөздік қорына, әсіресе қажетті етістіктерді үйренуіне байланысты болмақ. Етістіктерді дұрыс қолдана алу дағдысы базалық деңгей тыңдаушылары үшін аса маңызды. Жалпы, етістіктерді меңгертудің жолы алуан түрлі. Ең алдымен, базалық деңгей тыңдаушыларына үйретілуге тиісті етістіктерді саралап, оқытушыға өзі үшін шағын сөздік жасап алуына болады. Сөздікті әліпби ретімен теріп қойса, құба-құп. Мысалы:

А

Ә

Б

Д

Е

Анықтау– выявлять, установить

Ақпарат беру – предоставление информации

Әзірлеу – подготовить, разработать т.б.

Бақылау– контроль, контролировать

Бақылауға алу – взять на контроль

Дәлелдеу – доказать, утвердить

Дайындау– готовить, подготовить

Енгізу – внедрить, внести

Есеп жүргізу – вести учет

Кесте әрі қарай жалғасып, әліпби тәртібімен толықтырыла береді. Одан әрі екінші кезекте оқытушының міндеті – сөздіктегі етістіктердің бәрін сүзгіден өткізіп, күнтізбелік жоспарға керегіне қарай енгізу. Осылайша бір сабақта шамамен 5-6 етістік үйретіледі.

Қазақ тілін оқытуда тіл дамыта отырып, жазылымға жете мән беріледі. Жазылымды дұрыс қалыптастыруда жаңа сөздерді сөздік жұмысы арқылы үйретудің тиімділігін байқалады. Күнделікті сабақта жазба жұмыстардың ішінде диктант түрлерінің орны ерекше. Диктанттардың түрлерін көптеп қамтып, сол арқылы өтілген тақырыптардың меңгерілу деңгейін байқауға болады. Тіл мәдениетінің негізгі талаптарының бірі – сөзді дұрыс айтып, дұрыс жазу болса, оқытушы сабақ барысында тыңдаушыдан сөздің айтылуы мен жазылу ерекшеліктерін ажыратып, орфографиялық және орфоэпиялық норманы сақтауды талап ету тиіс. Айтпағымыз, етістіктерді жаңа сөз ретінде автоматты түрде бере салғаннан гөрі сөздік диктант ретінде жаздырып отыру сөзді игертудің тиімділігін арттырады.

Қажетті сөздерді көру немесе бақылау диктанты, шығармашылық диктант, түсіндірме диктант ретінде жазғызып, жұмыс түрін күрделендіріп көрсе:

тіл үйренушінің сөздік қоры молаяды;

қызмет бабында қолданылып жүрген жаңа сөздер – белсенді лексикамен танысады;

тіл дыбыстарын жете меңгереді;

орфографиялық және орфоэпиялық норманы меңгереді.

Сабақ барысында, ең алдымен, сөздік диктанттары жазылып, жаңа сөздер таныстырылады. Одан әрі тапсырмаларды түрлендіре отырып, жаңа сөздерді меңгертуге болады. Диктант жазып болғаннан кейін жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру үшін аударма, орфографиялық сөздіктермен жұмыс істеу де тиімді болмақ.

Тіл үйренушілерді қазақша сөйлеуге үйретуде маңызды қызмет атқаратын тілдік тұлға – сөз тіркесі. Сөз тіркесі дұрыс сөйлем құрап, ойды дәл жеткізуге зор ықпал етеді. Сабақта меңгерген жаңа етістіктермен тіркесін жасатуға болады. Үлгі:

ақпаратты

мәселені анықтау жағдайды

бұйрықтың көшірмесін

жиналыстың хаттамасын әзірлеу

есеп

Мұндай тапсырмаларды орындату үшін тыңдаушыларды бірнеше топқа бөліп, әрқайсысына бірнеше етістікпен сөз тіркесін жасауға тапсырма беріп, тіл дамыту жұмысын жүргізіп көру де нәтижелі.

Жаңа сөздерді игерту барысында орындалатын жұмыстың келесі түрлері – оларды қатыстырып сөйлем және мәтін құрату. Мәтін құрау бойынша орындалатын тапсырмаларды түрлендіріп қолдану, мәтінмен жұмысты дұрыс жүйелі түрде ұйымдастыру – тіл үйренушілердің тіл мәдениетін дамытуда, ой-өрісін, дүниетанымын жетілдіруде үлкен маңызға ие. Әдетте, монолог және диолог мәтіндердің екеуін де құрастыра алу дағдысының қалыптасуы оқытушы назарынан тыс қалмайды. Жаңа етістіктерді мәтін ішінде қолдану үшін берілетін тапсырма түрлері:

мән-мағынасы жағынан жақындығы бар жаңа сөздердің бәрін қатыстырып мәтін құрау;

жаңа сөз тіркестерін қатыстырып мәтін құрау;

жаңа сөздің біреуін ғана тірек етіп мәтін құрау.

Тіл үйренушінің сөздік қоры қазақша сөйлеуге, басқаның сөзін ұғуға, оқығанын, газет пен теледидар материалдарын түсінуге, сондай-ақ өзінің атқаратын жұмысы төңірегінде қызмет етуге тиісті.

Жүргізілетін жұмыстардың бір парасы үйренген сөздерін тіл үйренушілердің есінде тұрақтандыруға қатысты. Жаңа сөзді түсініп қана қою жеткіліксіз. Жаңа сөзді грамматикалық жағынан түрлендіріп қолдануға дағдыландыру қажет. Тәжірибеде оқытушының жұмысы тыңдаушыларға жаңа сөз ретінде етістіктерді беріп қоюмен ғана шектелмейді, берілген сөздер грамматикалық тақырыптармен ұштастырылады. Сабақ беріп жүргенде базалық деңгей тыңдаушылары етістіктің шақтарынан қатты қиналатынын байқадық. Бұл ретте етістіктердің әр шақта жіктелуіне байланысты мынандай кестенінің артықтығы жоқ. Осындай бір үлгі көрсетілгеннен кейін келесі сабақта қарастырылған етістіктерді әркім өз бетімен шақтар бойынша кестеге салып, шақ формаларын дұрыс қолдануға дағдыланады.

Осы шақ

Келер шақ

Өткен шақ

Анықтап отырмын

Анықтаймын

Анықтадым

Сондай-ақ етістіктің болымды түрімен қатар болымсыз түрі, сұраулы түрінің де үш жақта жіктелу үлгісі беріледі. Тыңдаушы үшін қиындық тудыратын келесі мәселе бұйрық райдың жіктелуі мен ырықсыз етіс формасының қолданылуына байланысты. Мемлекеттік қызметшілер мен түрлі саланың мамандары базалық деңгейде тұрмыстық деңгейдегі жауаптасудан жоғарылап, қызметі туралы, жұмыс барысында істеген іс-әрекеті туралы айта алу дағдысы қалыптаса бастайды. Құжаттардың кейбір түрін толтырады, телефонмен сөйлеседі, тікелей қатысымға түседі т.б. Осыны ескеріп келгенде, бұйрық райдың жіктелуі мен ырықсыз етіс формасын дұрыс қолдана алуға төселдіру қажет.

Бұйрық райдың жіктелуі

Жекеше түрде

Көпше түрде

І Мен мәселені анықтайын

Біз мәселені анықтайық

ІІ Сен мәселені анықта

Сендер мәселені анықтаңдар

Сіз мәселені анықтаңыз

Сіздер мәселені анықтаңыздар

ІІІ Ол мәселені анықтасын

Олар мәселені анықтасын

Етістіктің ырықсыз етістікке айналуы

Етістік

Ырықсыз етіс

Анықтау

Анықталды

Ауыстыру

Ауыстырылды

Тексеру

Тексерілді

Бекіту

Бекітілді

Сонымен бірге осы айтылғандармен ғана шектеліп қалмай, жаңа етістіктерді етістіктің қалау райы, шартты райы формаларына да қойғызып, тыңдаушының грамматикалық форманы дұрыс игеруіне ықпал етуге болады.

Ойымызды жинақтасақ, базалық деңгей тыңдаушыларына етістіктерді үйретудің маңызы зор. Осындай тапсырмаларды орындату арқылы тыңдаушы жаңа сөз үйренудің қажеттілігін түсініп, тілдік білімін тәжірибеде қолданып, тіл үйренуге деген қызығушылық сезімі оянады.


Баға беріңіз