Өз халқы үшін басын бәйгеге тіккен

Жиырмасыншы ғасырдың соңында, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында   Бірінші Қазақ ССР Президентінің сайлауы өтті. Міне, осы тарихи мерзім негізге алынып, елімізде 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні м...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

28 қараша, 2016

Жапондықтар бір-біріне «Бұл дүниеде ең биік тұлға кім?» деп сауал қойса, «император» деп жауап береді екен. Егер «Императордан биік кім бар?» деп сұраса, «ол-өзіңнің туған әкең» деп тіл қатады. Шынында да, екеуінің де орны бөлек жандар. Әке ұлағатты ұрпақ тәрбиелесе, Президент - ұлттың саяси жетекшісі емес пе?!

Сол 1991 жылғы сайлауда халық қолдаған қалаулы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Республикасы Президенті лауазымын иеленіп, ширек ғасыр бойы қазақ елін өрге сүйреп келе жатқан елеулі тұлға, сындарлы саясаткер. Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы жайлы талай-талай дүниелер жазылды. Әйтсе де мынадай айтулы мереке күні бір ауыз жылы сөз айтып қалғанның еш әбестігі жоқ.

Елбасы бір сөзінде: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін осындай текті халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты-толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын» деген жүрек толғанысын жеткізіп еді.

Әрине, айтуға оңай болғанымен, осыншама жауапкершілікті иыққа жүктеп, мемлекет басқарып, саясат жүргізу үшін де қаншалықты байыптылық, даналық, кемеңгерлік қасиет қажет. Өйткені саясат – қып-қызыл тартыстың ортасы. Саясатпен этикеттің барлық нормаларын сақтай отырып қана арбаса білу керек.

Қазақ үшін тәуелсіздікке, еркіндікке жету қандай қиын болса, оның беріктігін сақтап, іргесін қымтау да жеңіл соққан жоқ. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында алуан-алуан қиындықтар кездескенін де білеміз. Сонау 1991 жылы Н. Назарбаев Президент болып сайланған тұста елдің экономикасы тұралап, дүкен сөрелерінің бостығынан халықтың жүйкесі әбден жұқарып, қазынада қалған санаулы қаражаттың былай тартсаң басыңа, былай тартсаң аяғыңа жетпейтін өте жадау кез болды. Ол кез аса бір күрделі, тұрақсыз, халқымыздың болашағына бәс тігіліп отырған шақ еді.

Соған қарамастан, мемлекетімізді, халықты дағдарыстан алып шығу жолында қыруар еңбек етіп, маңызды сәттерде тапқырлық танытып, даулы сәттерде төрелігін айтып дүйім әлем жұртын мойындатқаны баршаға аян. Қазақ мүддесіне қатысты шешімдерде табандылық танытып, ел тағдырына қарасты жәйттерде қайраттылық көрсеткенін қалайша ұмытамыз.

Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетейін. Сол 1991 жылы Германияның «Берлинер Цайтунг» газеті: «Горбачев пен Ельциннің алдында Назарбаевтың артықшылығы, қазақ Президентіне деген сенім мол және оның қолында нақты билік бар, ал кейбір ел басшылары осындай өкілеттігі бар бола тұра оны тиімді пайдалана алмайды» деп жазды. Ал Н.Ә. Назарбаев болса, жарғақ құлағы жастыққа тимей, аз ғана уақыттың ішінде АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия елдерінде болып, экономикамыздың тамырына қан жүгірту жолында келелі істер атқарып үлгерді.

Оның өзгеден оқ бойы озық ойлайтынын, саясатта көреген екенін танытқаны жөнінде тағы бір дерек келтіре кетейін. Жарты ғасырға жуық тарихы бар БҰҰ-ның тағдыры талқыға түсіп, жабылуға шақ қалған болатын. (БҰҰ 1945 жылы 24 қазанда құрылды-авт.) Сонда 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында үлкен мінберден сөз сөйлеген
Н.Ә. Назарбаев «Әлемдегі теңсіздік формуласы» жөнінде баяндай келіп, «1 және қосу 1» формуласы бойынша БҰҰ-ның бейбітшіл күш-жігері қорын құруды ұсынды. Мұндай тың ұсынысты бұрын-соңды ешбір елдің басшысы айтып көрмеген екен. Осындай тамаша пікірді ортаға тастағанда әлем елінің президенттері ауыздары ашылып таңырқаған болатын. Сөйтіп, ол әлем алдында қазақ елінің абыройын асқататып, талай саясат тарландарының таңдайын қақтырып, егемендігін жаңа ғана алып, тәй-тәй басқан Қазақстан мемлекетін дөңгеленген дүниеге мәшһүр етті.

Иә, қазақ елі жиырма бес жылда қыруар іс тындырды. Өзіндік үлгілі дамудың моделін қалыптастырды. Осы жылдар ішінде елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз саналатын кезеңдерден өтіп, әрі сынала жүріп құрыштай шыңдалып, үлкен емтиханнан өттік.

«Уақыт жүйрік, ол ешкімді күтіп тұрмайды. Тоқтап қалсаң, артта қаласың» деп Елбасының өзі айтқандай дүние диірменнің ұршығы тоқтаусыз айналып, уақыт сырғып өтіп жатыр. Сындарлы уақыт сынынан сүрінбей Қазақстан елі де көк байрағын желбіретіп, көш басында келеді. Байқап отырсақ, жылдардың жүгін арқалар жұмыстар атқарылған екен. Әрине, әлі де істегенімізден істейтініміз көп.

Тағы бір тілге тиек ете кетерлік тұсы - Елбасы тіл мәселесіне де назардан тыс қалдырмай келеді. Жасыратыны жоқ, қазақ тілінің адымын аштырмай жүрген өзіміз. «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деп Президентіміз ашықтан-ашық айтса да, кертартпалыққа салынуды әлі де қоймай келеміз. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын Ассамблеяның жиынында кәріс ұлтының өкілі Роман Ким қазақша сөйледі. Сонда Назарбаев «Осы жерде жүз қазақ, бес орыс отырса, бәріміз орысша сөйлейміз. Міне, осындай сорлы халықпыз» деуі де ашынғандықтың белгісі емес пе?. Санасы бар адамға осыдан артық қалай тіліп айтып, қалайша жетесіне жеткізіп айтуға болады.

«1 Желтоқсан-Тұңғыш Президент күні» мерекесі құтты болсын. Еліміз, Елбасымыз аман, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай.


Баға беріңіз