Аспанда да тіліміз түңіліп барады...

«Ана тілімізді құрметтейік, қазақтың тілін орынды, дұрыс қолданайық» деп қанша рет айтсаң да, айтпасаң да бәрібір. Көркейіп жатқан тіл жоқ, оны жөнді қолданып жатқан адам жоқ. Әйтеуір, адамдар қала...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 қараша, 2016

Құдайға шүкір, бұл күнде екі-үш күн, апталап жолда жүрмейміз. Ұшақтың көмегімен әупірімдеп барар жерімізге 1-2 сағатта зырылдап жетіп жатырмыз. Енді ұшаққа мінгеннен кейін жан-жағыңа қарайсың, не бар, не жоқты барлайсың, нұсқаулықты оқисың, сосын көріп шошисың. «Мынау не дейді, масқара?!»-деп аузыңды ашасың да қаласың. Осындай бір жағдай «Air Astana» ұшағына отырғанымда орын алды. Алдыңдағы орындықтың арқасында жолаушыға арналған үш тілдегі нұсқаулық тұрады. Біріншісінен бастап оқисың:

Ұшу кезінде қауіпсіздік белдігін тартып алыңыздар.

Құтқарушы көкірекше күрсіңіздің астында.

«Мәссаған, күрсің деген жаңа сөз бар ма әлде терминді аударған ба?»-деп, өзіңнен өзің күмәнданып қаласың. Сосын әлгі тіркестің аудармасын оқып, жанындағы байланысқан сөздерге мән беріп, сөйлемді ұққандай боласың. «Мейлі, біз қазақпыз ғой, түсінеміз»-деп ішіңнен айтасың да қоясың. Бірақ қашанғы қазақпыз ғой, анау ғой, мынау ғой деп өзімізді жұбатамыз. Ешкімнен, ешнәрседен кінә іздеуге жеткізбей, қарапайым қазақтың сөзін түсінікті етіп жазуға қауқарымыз жетпей ме? Қашан көрсең де, ана тіліміз аймандай болып аңырайды да тұрады. Бұрын мұндай қателер жердің бетіндегі дүкен, компания және т.б. жарнама, көрнекі ақпараттарда кездесетін еді, енді, міне, аспанда да тіліміз тарылып барады. Айта берсең, көп қой, шегіне жету қиын. Әлгі бірінші сөйлемдегі «тартып алыңыздар» деген күрделі баяндауыштың өзі орынды қолданылмаған. Дұрысы тағып алыңыздар емес пе?!

Бәрінен де күрсіңді айтсаңызшы, не сөз мынау? Не мағынасы жоқ, мәні жоқ, содан, әрине, сәні жоқ. Сөйлемді сәндемек түгілі, не зат екенін білдірмейді. Сол сөзді орындық деп жазса, не істейді екен? Ауадан балық аулағанша...

«Air Astana» ұшағының көрсеткен қызметіне менің айтар ешқандай сыным жоқ. Әрбір қызметкерлері сыпайы, өз жұмыстарын сапалы орындап жатқанына күмәнданбаймын. Бірақ сол жерде қаншама қазақ жүр ғой, қазақ тілінде сайрап тұрған стюардессалары тағы бар. Бір сөзді қатесіз аударуға әлдері жетпейді ме? Ал бұны бір ғана мен емес, қанша адам көреді. Әр түрлі ұлт өкілі оқиды. Сол сөзді айна қатесіз дәл солай қабылдап, орындықты күрсің деп айтпасына кім кепіл? Өз басым қазақ тілінің бір сөзі тұрмақ, бір дыбысы дұрыс жазылмаса, қаным қайнап, жүйкем тозады. Себебі өз елімізде жүріп, өз тілімізді қадірлей, құрметтей алмаймыз. Ал туған тілімізді тірек санап, төбемізге көтерсек, мұндай сауатсыздыққа жол бермес едік.

"Scat" және "Qazaq air" ұшақтарындағы нұсқаулықты көріңіздер.


Баға беріңіз