Балтық елінің тәжірибесі бағымызды аша ма?

Орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрі ығыстырылды. Себебі сан жағынан басым ұл...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

Бүгінгі қазақы қоғамда ең өзекті һәм күн тәртібінен түспейтін бір мәселе бар. Ол – қазақ тілінің ау-жайы. Рас, осыдан тура бір ғасыр бұрын Алашорда азаматтары, халықтың біртуар ұлдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған ағартушы топ қазақтың тілі үшін күресті. «Қайтсек тілімізді көркейтеміз?» деген мәселе қойды. Дәл сол мәселе арада бір ғасыр өтсе де өз өзектілігін жойған жоқ. Ең өкініштісі егемендігіміздің бір кепілі болатын ана тіліміздің әлі күнге өз елінде өгей баланың күйін кешуде. Неге? «Қазақ тілін дамыту саясаты одан же­ріну­ге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіру­ші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауат­ты және дәйекті, қазақ­стандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің ба­р­лық саласында үстемдік етіп, кез кел­ген ортада күнделікті қатынас тіліне айна­лады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қол­даныс тіліне айналады. Тілге деген көз­қа­рас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.

Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне ай­налып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәр­тебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын бола­мыз. (Қазақстан Республикасының Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан). Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тіліне байланысты бүкпесіз, шынайы ойы. Ендеше, Мемлекет басшысы осылай деп жатқанда, халық неге оны қолдап кетпей отыр. «Еліміздегі адам саны 18 миллионға толды, оның 12 миллионы қазақ» деп қалпақты аспанға атамыз. Неге, бәрі болмаса да қазақ тілі сол 12 миллион жанның ортақ тіліне айнала алмай жатыр? Не кедергі? Мәселен, өткен ғасырдың 90 жылдары Балтық жағалауы елдері тіл мәселесін еш қиындықсыз шеше алды. Өзге тілде сұрақ қатқанға эстон эстон тілінде, латыш латыш тілінде, литовтық литов тілінде жауап қатты. Тек өз тілінде сөйлеу Балтық халқының күнделікті дәстүріне айналды. Осылайша, ол елдер ана тілін бірінші орынға шығарды. Тұғырына қондырды. Қысқасы, тіл мәселесін билік күштеп, тізеге басып шешкен жоқ. Ешқандай дау-дамайсыз халық өзі реттеді. Әгәрәки қазір Балтық республикаларына бара қалсаңыз, ол жерде тіл мәселесі атымен жоқ екеніне көз жеткізуге болады. Ал бізде мемлекет басшысының өзі «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» десе де, тілдің қиын түйіні «баяғы жартас-бір жартас» күйінде қалуда. Қайтпек керек? Тіл жөнінде белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы мынадай өзекті ой айтады: «Біз тіліміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз. Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық біраз. Оған тарихи себептер де бар. Қазақ тілінің, қазақ ұлтының жағдайын өзбек, түрікпен, тәжіктермен, болмаса кавказдықтармен салыстыруға болмайды. Қазақтар орыстандыру саясатының өкпе тұсында тұрды. Ресей империясында тұңғыш халық санағы 1897 жылы жүргізілген, Түркістан өлкесін есептемегенде, қазақтар 71,9%, орыстар 10,15% құраған, қалғаны басқа да ұлт өкілдері. Одан әрі 1959ж. дейін қазақтардың үлесі өз елінде азая береді: 1920ж.-58,5%, 1939ж. 37,8%, 1959ж.-30%, 1970ж. бастап, қазақтардың үлес салмағы аз да болса өсе бастап, 32,6% құрайды, 1979ж.-36,8%, 1989ж. 40,1% болды. Екі жылдан кейін халықтың 60%-ға жуығы басқа ұлт өкілдері болғанмен тәуелсіздік алдық. 1999ж. қазақтар 53,4%, 2009ж. 63,7% болды.

Орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрі ығыстырылды. Себебі сан жағынан басым ұлт өкілдері қазақтарды өзіне тартып, сіңіре бастады, ал өздері қазаққа бейімделмеді. Қазақстан орыстанды, ел өзгерді, басқа орыстілді елге айналды. Қазақ славян елі, христиан еліне айналды. Қазақстан халықтар достығының лабораториясы деп айтылды, шындығында, орыстанудың лабораториясы болды. Қазақ интеллегенциясының бірқатары бұл жағдайға іштей қарсы болды. Ал қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады, тіпті қазақ мәселесі бар екенін, қазақ ұлтының мұң-мұқтажын елемеді. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде қабылдамады. Олар ақша табуға, пәтер алуға келгендер еді. Қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар 40-50-60%, тіпті 70% дейін өскенде, олар қазақтарға емес, қазақтардың оларға икемделуіне тура келді. Қазақстанда русификация үрдісі күш алып қойған жоқ, өмір сүрудің салтына, заңдылыққа айналды. Осылай орыстану дерті батпандап кірді. Атадан балаға, баладан немереге ұлтсыздану, тілін, мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін тек орыстар, украиндықтар емес, қазақтар арасында ана тілін сыйламайтын, демек білмейтін, қазақты ұлт ретінде менсінбейтін үрдіс етек алған.

Өткен жылдардағы санақ бойынша жағдай жақсы сияқты, қазақтардың 98,3% ауызекі сөзді түсінеді, 95,4% еркін қазақша оқиды, 63,2% еркін жазады. Біздің статистика агенттігі елді де, Елбасын да адастырып жүр. Себебі олардың бұл деректері сенімсіздік туғызады және өмірде олар дәлелденбей отыр. Көптеген ата-аналар, әсіресе, жастар, тілі шықпаған балаларына дейін өздері шала білетін қазақ тілін балалары да біледі деп жазған. Бұл жерде ұлттық психологиялық фактордың да ықпалы бар. Қазақ тілін білмесем, орыс деп жазады деп те сақтанған, бірқатары намысқа барып, қазақ тілін білмейтіндер көп демесін деп біледі деп жаздырған.

Бұл тіл саясаты жемісін беріп жатыр деуге де жақсы. Сөз жоқ, тіл саясаты азды-көпті жетістіктерге қол жеткізді, бірақ әлі де өмірде қазақ тілін меңгермеген қазақтар аз емес, ол тілге сұраныс туғызылып отырған да жоқ. Оны міндеттейтін заң әлі жоқ, болмайтын да сияқты. Қазақтардың 92% ауызекі орыс тілін түсінеді, 83,5% еркін оқиды, 79,1% еркін жазады. Бүгін қазақ, негізінен, екітілді ұлт болып отыр, ал мемлекетімізде орыс тілі басым». Қоғам қайраткері Амангелді Айталы айтып отырған мәселенің өзегінде ащы да болса шындық жатқаны анық. Оны жоққа шығаруға болмас. Тілдегі түйткілді шешу жөнінде «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дос Көшім өз ойын былайша толғайды: «Мойындауымыз керек, қазақ тілін тірілтудің басы жақсы басталды. Кеңес Одағының басқа да елдерінде болып жатқан өзгерістерді естіп, көріп отырған диаспора өкілдері 90-жылдардың басында мемлекеттік тілді үйренбесе болмайтындығын жақсы түсініп, қазақ тілін үйренетін үйірмелерге жазыла бастады. (Сол уақытта мен де осындай екі топқа қатар сабақ бердім.) Қазақша бірауыз білмейтін есепшілерге қазақ тілінде толтырылған құжаттар түсіп, олардың жора-жолдастарына, қазақ тілін үйреніп жүрген мектептегі балаларына телефон соғып, «екі жүз, это - двести, да..» деп отырғанын да көрдік. Алайда қазақ халқы күткен бұл өзгерістерден бірінші болып өзіміздің шенеуніктер қорқып кеткен сияқты. Олар өздерінің жеп отырған нандарынан айрылып қалатындықтарын дер кезінде түсінген болулары керек, тілге қарсы бір кісідей үнсіз қарсылық басталды. Бұны «Тілдер туралы» заңды мойындамауға арналған «саботаж» деп ашық айтуға болады. Оларды бір шыбықбен айдайтын, заңның жұмыс істеуін бақылап отыратын орындарда шенеуніктерден тұратынын ескерсек, бұл саботаж көздеген мақсаттарына жетті де. Ал осы мәселелерді халық тарапынан бақылайтын, шын мәнісінде тіл жанашырларынан тұратын «Қазақ тілі» қоғамы бір сәттің ішінде «Халықаралық қазақ тілі» қоғамына айналып, биліктің көлеңкесінде қалды. 1989-1990 жылғы қоғамдық аренаға шыққан тіл жанашырларының орнын жел қай жақтан соқса, сол жаққа қисая кететін ғалымдар мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері басты. Амал қанша, кезінде жалпы халықтық қозғалысқа айнала бастаған «Қазақ тілі» қоғамынан айрылып қалғанымыз шындық.

Екіншіден, ана тілінің өгей баланың күйін кешудің басты себебі – екіжүзділік деп білемін. Билік өзінің мүддесін «қағаз бәріне де шыдайды» деген ұранмен жүргізе бастады. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп барша қазақты мәз қылды да, қасына «орыс тілі – қазақ тілімен қатар қолданылады» деген сөзді қосып қойды. Нағыз қостілділікті жүзеге асыратын «Тілдер туралы» заң арқылы қазақ тілін тірілте алмайтындығына барлығымыздың көзіміз жетсе де, бүгінге дейін оны өзгерту, жаңа заң қабылдау мәселесі қолға алынған жоқ. Үшіншіден, мемлекеттік тілге деген қажеттілік жасалған жоқ. Бұл – ең басты мәселе. Егер мемлекеттік тілді сол елдің азаматтарының білуі – міндеттілікке, нақты талапқа айналмаса, ол тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуы мүмкін емес. Ал біз әлі қажеттілік жасамай-ақ, азаматтар тілді меңгеріп алады деп жүрміз. Тағы бір шындық - орыс тілімен аражікті ашып алмайынша, қазақ тіліне деген қажеттілік жасау – аса қиын жұмыс». Дос мырзаның айтып отырғанына келіспеске болмайды. Рас, тілге деген қажеттілік, сұраныс тудырмай, қазақ тілінін өмірдің барлық саласына енгіземіз деу бос әурешілік. Бұл – аксиома. Онсыз да өз елінде өгей баланың күйін кешіп отырған тілімізге билік тарапынан үш тұғырлы тіл мәселесі қосылды. Неге екені қайдам, кейде біз ағылшын тілін меңгерген, университет бітірген, біздің жастарды Лондон мен Парижде күтіп отырғандай тәрбие жүргіземіз. Осының өзі мемлекеттік тілге салқынын тигізеді. Бұл істе әлемдік тәжірибемен есептескен дұрыс. Канада лингвистерінің зерттеулеріне қарағанда, оқушыны екінші, үшінші тілге үйрету үшін сол тілдік ортада қай тілдің қуатты, қай тілдің әлсіз екенін айқындап алу қажет.

Егер оқушының ана тілі қуатты тіл болып, әкімшілік, ақпарат, ғылымның тіл болса және оқушы туғаннан ана тілінен суарылса, екінші, тіпті үшінші тілді үйрену ана тілінің мәртебесіне қауіп төнгізбейді, себебі оқушы елдегі басымдық тілді меңгерген. Ал әлсіз тіл деп отбасында, күнделікті өмірде, билікте кең қолданылмайтын тілді атайды. Канаданың Сен-Ламберс провинциясында ағылшын тілін ана тілі ретінде терең меңгерген оқушылар үшін француз тілі ана тіліне қауіп төндірмеген. Ал ана тілі – француз тілін толық меңгермеген оқушылар үшін ағылшын тілі олардың ана тілін ығыстырушы қызметін атқарған. Сондықтан екі-үш тілді меңгеру үшін оқушыларды ана тілін меңгеруіне қарай таңдаудан өткізіп, арнаулы топтарда ғана енгізу жөн. Қазіргі үштілділік саясат Н.Хрущев заманындағы топырағының ерекшелігіне қарамай, аймақтарға жаппай жүгері егуді талап еткен сияқты. Демек, үш тұғырлы тіл бүгінгі күні елімізге ауадай қажет деп өзектесек те, ана тілі бірінші орында тұру керектігін естен шығармаған ләзім. Кезінде қазақтың ақиық ұлы, батыры Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын: Бірінші − баласына бесік жырын айт­паған анадан, екінші − не­мересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші − бір-бірімен қазақша сөй­леспеген қазақтардан» десе, Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген екен. Әрине, олардан артық айту, асырып айту мүмкін емес. Дегенмен екі мың жыл қолданыста болмаған иврит тілін еврейлер қалай тірілтіп алды демей-ақ, қоялық. Біздің тіл өлген жоқ. Бар. Қолданыста. Қазақ бар кезде жоғалмайды да. Бірақ оның мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту, барлық ұлттар сөйлейтін ұлтаралық тіл деңгейіне жеткізу – парызымыз. Бұл жерде Балтық елдерінің қолданған тәжірибесін ескерсек болды. Елбасы айтқандай қазақ қазақпен қазақша сөйлесетін болса, барлық түйткіл шешіліп сала берері анық. Ең бастысы, кез келген қазақтың бойында «елім, жерім, тілім» деген отаншылдық сезім, рух болса, алынбайтын асу болмайды.


Баға беріңіз