16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АСЫЛЖАН АБДУЛЛАЕВ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТКЕН ОҚУШЫ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

31 қаңтар, 2024

- Қайырлы күн, Асылжан, ІТ саласындағы биік жетістігіңмен құттықтаймыз! Жалпы ІТ технологиясын терең меңгеруге деген қызығушылық қай кезден басталды?

- IT саласына қызығушылық бала кезімнен бар. Оған себепкер ағам болды. Уақыт өте келе тарих және саясатқа қызыға отыра “тұтынушы және өндіруші” терминдері қатты ой салды. Солай, тұтынудың орнына IT жобалар жасай бастадым.

- Бүгінде жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Біздің қоғам онымен ағылшын және орыс тіліндегі базасы арқылы танысты. ЖИ-ді ана тілімізде сөйлету идеясы қайдан келді?

- Ол идея маған аяқасты келген жоқ. 14 жасымнан бері “Тарихнама” атты үлкен медиа жоба жүргізіп келе жатырмын. Қазір оның аудиториясы 160.000 қолданушы. Осы жоба жаңашылдыққа түрткі болды.

- Жобаны жасау барысында алғашқы қадамдағы қиындықтар мен қандай сәтсіздіктер болды? Толық дайындап шығуға қанша уақыт кетті?

- Жобаны жасауда қиындықтар тек аудиторияға таныстыруда туындады. Ал негізінде барлығы алдын-ала қарастырылған жоспар бойынша ретімен болды.

- Жобаңа АҚШ-тың ІТ саласындағы алпауыт компаниялары да қызығушылық танытқан екен. Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қабылдауында болдың. Сұрайын дегенім, ІТ мамандарының пікірі мен қолдауы қалай бұл жұмысыңа?

- Жұмысты қолдау, әрине, жақсы. Бірақ, жобаны әлі оңтайландыру қажет.

- ІТ бағыт бойынша бұдан басқа тағы қандай жобаларың бар?

- "Тарихнама" - тарихи тақырыптарды 15 секундта таныстыратын медиа жоба. Orda Studio - шетелдік фильмдерді қазақ тіліне аударатын (40 мың қолданушы), QazTTS - мылқауларға арналған ЖИ.

- Адамзаттың өмірін ІТ саласындағы жетістіктер жеңілдеткенін көріп жүрміз. Өзің көпшіліктің пайдалануына ұсынатын өнім жасағанда нені басшылыққа аласың? Ұстанымың қандай болады?

- Ұстаным тек моральдік принциптеріме байланысты болды. Себебі GPT архитектурасында жұмыс істейтін жобалардың кез келгені бір бағытты келеді.

- Келешекте ІТ саласы бойынша қандай идеяларды іске асырғың келеді?

- Идеялар да, жоспар да өте көп.


Баға беріңіз