Рабиға Сыздық, академик: АЛАШ

​Қазақтың ауыз әдебиеті тілінде, әсіресе жырларда, сонымен қатар өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар тілінде, тіпті күні кешегі Бұхар, Махамбет, Шернияздарда, айта берсек, Абайдың өзінде алаш сөзі ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 қазан, 2016

Бұл сөздің екі-үш мағынада жұмсалғаны байқалады. Бірі – ел, жұрт, байтақ сөздерінің синонимі ретінде. Мысалы, «Қамбар батырды» жырлаушы қызыма күйеу таңдатам дегенді:

Бұл хабарды Әзімбай

Алашқа тегіс жүргізді, – деп суреттейді. Махамбет ақын:

Алаштың байлығынан пе пайда,

Тарығып келген ерлерге

Қайыры оның болмаса, – дегенінде алаш деп тұрғаны − жалпы «ел-жұрт, халық». Шернияз ақын Исатайдың ел қамын жейтін жақсылығын айтқанда:

Исатай – ел еркесі, ел серкесі,

Бір мен емес, алашқа жайылым еді, –

десе, мұнда да алаш – «қалың көпшілік, ел, халық» деген мәнде қолданылып тұр.

Сонымен қатар бұл сөз «белгілі бір этникалық құрам (айталық, хандық немесе тайпалар одағы), қауым» деген нақтылы тар мағынаны да білдіргені байқалады. Оның бұл терминдік мағынасы алты сан алаш, он сан алаш, алты алаш сияқты тіркестерде келгенде, тіпті айқын сезіледі. Сондықтан алаш сөзі жеке келіп те, жоғарғы тіркестермен келіп те, «қазақ қауымы» немесе «белгілі бір бөліктері (рулары, рулар одағы, жүзі)» деген мағынаны да бергені және байқалады. Мысалы, Бұхар жырау Абылайға:

Он сан алаш баласын

Жұмсап бір тұрсың қолыңнан,

– дегенінде Абылайдың қазақтың көп руларының басын біріктіріп би- леу әрекетін айтып тұр. О баста алты сан алаш – XIII ғасырдың бас кезінде, тегі, монғол шабуылына қарсы ұйымдасқан алты тайпадан: қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр – тайпалары- нан құралған одақты білдірген. Кейін бұл одақ алты сан алаш деген атпен Жошы ұлысының қарамағына кірген (ҚСЭ, I, 247). Ал бірақ қазақ ақын-жыраулары бұл тіркесті «жалпы қазақ қауымы», тіпті кей- де одан тарылтып, «өз руластары» деген мәнде жұмсаған. Мысалы, Махамбеттің:

Алты сан алаш ат бөліп,

Тізгінін берсе қолыма,

Зулар едім бір көшке,

– дегенінде, «қазақ қауымы», оның ішінде өз ортасы – «он екі ата байұлы» деген сияқты ұғым бар, өйткені дәл осы жолдардың алдын- да:

Он екі ата байұлы

Жиылып келсе бұл іске, – дейді.

Алаш сөзі «ел, жұрт, қауым» деген жалпы мағынаны білдірумен қатар «қазақ елі, қазақ қауымы» деген нақтылы терминдік мәнде де қолданылған. Алаш сөзінің қазақ тайпалары одағына байланысты ер- теректен бері қолданылып келе жатқанын XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың бас кезіндегі тарихи шығарма – тарақ таңбалы жалайыр руынан шыққан Қадырғали бидің шежіресіндегі алаш мыңы деген тіркестен байқаймыз. Мұндағы тарихшының алаш мыңы деп отырғаны – ішінде қаңлы, жалайыр, қатаған сияқты ірі-ірі рулары бар тайпалар одағы. Ал алаш мыңы деген сөз, қазіргі зерттеушілердің айтуына қарағанда, XV-XVI ғасырларда қазақ халқын атайтын этноним (халық аты) болған (Ч. Валиханов, I, 636). Ұлықбектің еңбектеріне қарағанда, алаш атауын қазақ тайпалары монғол жорығы басталмастан бұрын, XII ғасырға дейін қолданған (ҚСЭ, I, 247).

Өткен ғасырлардағы қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздіктерді құрастырушылар да, Л.Будагов, В.Радлов сияқты лексикографтар да қазақ тіліндегі алаш сөзі «бүкіл қазақ халқы» деген сөз деп аударады да алаш деген сөз қазақ деген сөздің синонимі деп танытады. Алаш «бүкіл қазақ халқы» деген ұғыммен барабар деген тұжырымды ортағасырлық түркі тіліндегі тағы бір тарихи шығарма – «Бабурнаме» материалдарына сүйеніп, өзінің «Қара сөздерінде» Абай да айтады. Ол алаш сөзінің түптөркінін Алаша хан атынан, 35 ал хан есімінің өзін қалмақша алачын (алач) «жан алушы» деген сөзден шығарады, өйткені Алаша ханның шын аты Ахмет дейді (Абай, II, 224).

Осы мәліметті Сәкен Сейфуллин де бере келіп: «Бұл сөз ноғайлы заманынан, яғни қазақ атанған тайпалар қазақ болмай жүргенінде қолданылған сөз», – дейді. Оған дәлел ретінде «ноғай, қазақ – бәріміз бір алаштың баласымыз» деген нақыл сөзді келтіреді (С. Сейфуллин, VI, 21-24). Алаш сөзінің үшінші мағынасы – жоғарыда көрсетілген мағынаға қарама-қарсы «жау, жат» деген мәнде жұмсалуы. Мұны С. Сейфуллин жақсы көрсеткен. «Е-е, мен сенің ағайының емес, алашың ба едім» және «алашың туысқандай болсын» дегендерді мысалға келтіреді (С. Сейфуллин, VI, 285). Алаш сөзінің «ел» және «жау» деген қарама- қарсы екі мағынасы өткен ғасырларда қатар қолданылып келген. Мысалы, Бұхардың:

Өзіңмен бірге туысқан

Алаштан бетер жат болар,–

дегенінде немесе Махамбеттің:

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік, –

дегендерінде алаш – «қарсы жақ, дұшпан». XVI ғасыр жырауы Шалкиіздің:

Алаштан байтақ озбаса,

Арабыдан атты сайлап мінбен-ді, –

деген өлең жолдарында екі сөз көне мағынада келген: алаш – мұнда «жат ел, жат (жау) жұрт», байтақ – өз елі, өз жұрты».

ХІХ ғ. ақыны Базар Өтемісұлында:

Алаш дұшпан мысалы

Аңдысып тұрған көзіңнің

Қарасы мен ағындай (ХVІІІ-ХІХ ғ. қазақ поэзиясы. 228),

– деген жолдарында алаш сөзінің «дұшпан» мағынасы тіпті айқын берілген.

Алаш сөзінің жағымсыз мағынасы монғол, қалмақ тілдерінде бар. Монғолша алач сөзінің бір мағынасы «кісі өлтіруші, жан алғыш», қалмақ тілінде алач – «баскесер». Бұл сөздің қазақ тіліндегі «жау, дұшпан» мағынасында қолданылуына оның монғол тілдеріндегі ұғымы да себепкер болуы мүмкін, яғни алаш сөзінің «кісі өлтіргіш», одан шыққан ауыспалы мағына «жау, дұшпан» деген ұғымы қазақ тілінде өте ертеден келе жатуы ықтимал, яғни бұл сөз осы мағынада түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз болуы да мүмкін немесе соңғы 36 ғасырларда үнемі сыртқы жауларының бірі болып келген монғол тайпалары – қалмақтар мен жоңғарлардың тіліндегіше «жан алғыш, баскесер» мағынасынан ауысып, «жау, жат» мағынасында қолданылып кетуі мүмкін.

Сөйтіп, өткен кезеңдердегі қазақ тілінде алаш сөзі «ел; жұрт, көпшілік, қауым, халық» мағынасында және осыған қарама-қарсы «жау, дұшпан, жат» мағынасында қолданылған. Бертін келе Абай сияқты қаламгерлер бұл сөздің мағынасын тарылтып, «жалпы қазақ елі, халқы» емес, әйтеуір «ел іші, біреудің айналасы, жақыны, туысы» деген мәнде жұмсаған. Мысалы:

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,

Аларында шара жоқ алдамасқа,

Табысына табынып, қалбаң қағып.

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа (Абай, 1, 197),

– дегенінде алаш сөзі «жақыны, айналасы» деген ұғымды береді, өйткені бұл өлеңдегі әңгіме мал жию үшін барша айла-әрекетін жасап жүрген «малға достар» туралы, олар – тойғанынан қалғанын бүкіл елге, халыққа беретіндей мықтылар емес, «қалбаң қаққан» жай пысықтар, олардың алашы – жақыны, туысы, айналасы ғана. Қазіргі қазақ әдеби тілінде «ел, қауым, халық» дегеннің синонимі ретінде алаш сөзі өте сирек қолданылады (ал қазақ халқы дегеннің баламасы ретінде ең соңғы кездерге дейін мүлде қолданылмай келді). Бұл күнде поэзияда алаш «жалпы бұқара, көпшілік, халық» мағынасында поэтикалық сөз ретінде жұмсалады. Мысалы, Қадыр Мырзалиевтің «Данышпан» деген кітабынан:

Көмейлі капитал

Алашты –

Халықты

Сүліктей сорды кеп.

Соңғы бір-екі жылдың ішінде алаш сөзінің публицистика тілінде жандана бастағаны байқалады. Бұған, бір жағынан, ұлттық намысты ояту, ол үшін қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігін талап етіп, сол жолда қызмет көрсеткен «Алаш» партиясын, оның көрнекті қайраткерлерін насихаттау, халыққа кеңінен таныстыру мақсаты себеп болса, екінші жағынан, тіліміздің сөз байлығын сарқа пайдалану, ол үшін ондаған көне сөзді қайта активтендіру бағыты себеп болды. Бұл күнде алаш сөзі көбінесе «қазақ халқы» ұғымында жұмсалатын сияқты.


Баға беріңіз