Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақ фольклорынан қазақы тәрбиеге

09.08.2016 1304
Халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – фольклорлық мұраларымыз. Осы мұраларымызға терең бойлаған адам ел тарихынан мол мағлұмат алады. Бір қарағанда қиял дүниесі болып көрінетін фольклорлық шығармаларда халықтың тарихы, наным-сенімі, дүниетанымы туралы қаншама құнды мәлімет бар.

Адам баласының қоршаған орта мен тылсым дүние туралы тебіреністерін көркем, кестелі түрде бейнелеп, жұмбақ әлемнің құпиясын ашуға ұмтылған талпыныстары бұл күнде қазақ фольклорында мифология жанры деп аталып жүр. Миф – қоршаған ортаға қатысты қалыптасқан қоғамдық сананың жемісі. Мифтің бүгінгі күнге жеткен нұсқаларынан діни сенімнің, әлеуметтік оқиғалардың, ұрпақтарына айтылатын өсиет пен тәлім-тәрбиенің ізін байқауға болады. Ал мифтік кейіпкерлердің бойында кездесетін қайрат, жүйріктік, қырағылық немесе озбырлық, қаскүнемдік, аярлық арқылы адамзаттың көркем ойлау жүйесі ғана емес, өнеге-өсиеті де көрініс алады. Мифтік сенім жойылып, адамзат атаулы жаңа таным жүйесіне көшкенімен тылсым әлемнің сиқырлы күштері туралы ғажайып туындылар әлі күнге өміршеңдігін танытып келеді. Мұның себебі фольклорлық бейнелердің өзін сомдаушы халықтың әлеуметтік өмірі және рухани әлемімен біте қайнап кеткендігінде.

Ертеңімізді болжап, бүгінімізге сын көзбен қараған сәтімізде халықтың рухын көтеріп, тіліміз бен ділімізді сақтап қалуға көмектесетін құралдардың бірегейі ата-бабаларымыз мирас еткен мәдени игіліктер екенін айқын аңғарамыз. Жас ұрпақты өз елінің патриоты етіп тәрбиелеп шығару, жас өркеннің шабыты мен дарынының ашылуына жағдай жасау, сондай-ақ оларды бәсекеге қабілетті азамат етіп дайындау – аға буынның басты мақсаты. Бұл мақсатқа жету үшін берілетін тәрбие ұлттық дәстүрлерге сүйеніп жүргізілуі тиіс. Ұлттық құндылық мәселесі сөз болғанда халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған алтын көмбесі – халық ауыз әдебиетіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені «сөз қадірін – өз қадірім» деп ұққан ата-бабамыз тілі мен діліне, ұрпақ тәрбиесіне қатысты көрген-түйгендерін, насихат-өнегесін халық ауыз әдебиеті арқылы мирас етіп отырған. Аты айтып тұрғандай, халық ауыз әдебиетінің алтын сандығы атадан балаға ауызша жеткізіліп, асыл мұраның қасиетті кілті жатқа айту арқылы табыс етіліп келді. Бертін келе, ел ішіндегі көкірек көзі ашық сауатты азаматтар бұл көмбені хатқа түсіріп, ғасырлар қойнауында жасырынып қалмаудың жаңаша жолын тапты. Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда «ел қазынасы – ескі сөзімізді» замана көшімен бірге алып жүру үшін том-том кітап шығару жеткіліксіз. Бүгінгі фольклортанушылардың алдында құнды мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр.

Балаларымыздың басым көпшілігін электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатқаны баршаға аян. Онда қазақша өнімдердің үлесі өте аз екені де белгілі. Шет елдік мультфильмдер мен хабарларды көріп өскен қазақ баласы төл фольклорлық кейіпкерлеріміздің барынан да бейхабар десек артық айтқандық болмас. Шет ел фольклорының бас қаһармандары немесе батыстық аниматорлардың қиялынан туған құбыжық кейіпкерлерді кез келген қазақ баласы қайдан көрсе де тап басып, түсін түстеп айтып береді. Бұған жас ұрпақты кінәлай алмаймыз. Өйткені бүгінгі бүлдіршіндерді ғаламтор бетінен де, көгілдір экраннан да, баспа өнімдерінен де, ең аяғы күнделікті жарнамалардан да халық ауыз әдебиетіндегі желаяқ, көлтауысар, таусоғар тәрізді халықтық қаһармандар емес, шет елдік аниматорлардың өнімдері қаумалап жатыр.

Баланың санасына мультфильмдер арқылы сіңіп жатқан жат образдар ойыншық түрінде қолына ұсынылып, қиял әлемін жаулап алады. Балаларға арналған баспа өнімдеріндегі түрлі-түсті суреттер арқылы сәбидің дүниетанымына араласып, сүйікті кейіпкеріне, еліктейтін піріне айналады. Хат таныған жеткіншек, әрине, тәрбиелік мәні зор қазақ фольклорының нұсқаларын емес, сәби күнінен санасына таныс болған кейіпкерлер туралы ақпараттарды іздеп оқиды. Сөйтіп, түрі қазақ болғанмен, танымы жат ұрпақтар легі қалыптасады. Халық ауыз әдебиетіміздегі кейіпкерлердің күні бүгінге дейін бірізге түспей жүргені, бір кейіпкердің бірнеше нұсқасы бар екендігі рас. Осы күнде экранымыздан жиі көрініп жүрген Алдар көсенің 24 түрлі суреті бар. Тіпті, сол нұсқалардың ішінде Алдар көсені сақал, мұртымен салып қойғанды да көрдік.

Ғылым мен техника қарыштап дамыған бүгінгі өркениетті заманда өткен құндылықтарымыздан қол үзе бастағанымыз – ащы шындық. Мұның бір себебі қазақ фольклорлық мұраларының ғаламтор бетінен, интернет кеңістігінен тиісті орнын ала алмай жүргендігінде. Инновациялық технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, қолда бар мұраларымызды жастар арасында насихаттау бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Фольклорлық кейіпкерлердің суретшілер сомдаған, бірізге түскен бейнесінің негізінде түрлі мульфильмдер түсірілсе, әртүрлі материалдардан жасалған қуыршақтар сомдалса, түрлі-түсті көз тартарлық кітаптар шығарылса, бүгінгі бүлдіршін хат таныған уақытында фольклорлық мұраларды қызығып оқыр еді деген ойдамыз.

Тегтер: Фольклор,Балалар,Ғылым мен техника

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

73

ақпарат

Әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге "міндетті" болуы тиіс!

136

ақпарат

Тілден алыстау – ұлттан алыстау…

169

ақпарат

"Қазақша жақсы біледі екенсің" деді бір қазақ...