Мемтерминкомға мемлекеттік мәртебе қажет

​Жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа бір топ Парламент Мәжілісінің депутаттары депутаттық сауал жолдап, ұлттық терминология мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Төме...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 қазан, 2016

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Елімізде ұлттық терминологияны қалыптастыру жүйелі жолға қойылмағаны, оның ішінде әлі күнге дейін терминологияның даму бағытын айқындап ала алмағанымыз бұл саланың дамуын ақсатып отырғаны белгілі. Әсіресе, халықаралық терминдерді аудару ісінде қарама-қайшы екі пікір қалыптасып отыр. Біріншісі халықаралық терминдерді жаппай қазақшаға аударуды қолдаса, ал екіншісі, егер лайықты баламасы болмаса, оларды сол күйінде тілдік айналымға қосуды құптайды. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр өтсе де біздің терминолог ғалымдарымыз бен лингвистердің бұл мәселе бойынша ортақ пікірге келе алмауы өкінішті.

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының (бұдан әрі - Мемтерминком) осыған қатысты бір айқын ұстанымы жоқ. Мысалы, «процесс» деген терминнің қолданылу саласы, мағыналық аясы да кең екеніне қарамастан, оны «процесс» және «үдеріс» деп бекітті. Ал онымен түбірлес «процессор» деген сөз қалайша аударылатыны белгісіз, сондай-ақ қарапайым тіл тұтынушы қосақтап бекіткен бұл екі сөздің қайсысын аларын білмей дал болары анық.

Мемтерминкомның ұстанымында нақтылықтың жоқтығы 2014 жылы шыққан 30 томдық «Қазақша – орысша // Орысша – қазақша терминологиялық сөздіктен» де көрініс тапты. Оның медицина саласына қатысты 14-томында анофтальм – анофтальм, анофтальмия – көз алмасының болмауы; аспиратор – сорғыш аспап, аспирация – аспирация; аутоантиген – өзіндік жаттек, аутоантитело – өзіндік антидене, истерик – есірік, истерия – долылық деп аударылған. Мұндай мысалдар сөздіктің басқа томдарында да жеткілікті. Бұл жағдай ұлттық лингвистика, терминология саласында жасалып жатқан жұмыстарға теріс көзқарас қалыптасуына негіз болады.

Өкінішке орай, халықаралық терминдерді реті келсін-келмесін аудара беру де кездеседі. Мысалы, баршаңызға белгілі «террорист» деген сөзді мағынасын тура ашпаса да «лаңкес» деп аударады. Ал онымен көбінесе қосақталып жүретін «экстремист» сөзін қалай аударамыз? Не болмаса «футбол» деген сөзді «аяқдоп» деп аударып жүр. Ал, бұдан басқа құрамында ағылшынның «бол» – «доп» сөзі бар «волейбол», «баскетбол» сөздерінің аудармасы қандай болады? Бұл сөздерді аударғанда осындай жақтарын да ескеріп, әбден елеп-екшеп қолданған жөн болар еді.

Сондықтан да Мемтерминкомның мемлекеттік органдардың жанындағы терминология мәселесімен айналысатын секциялардың жұмысына жетекшілік жасап, салалық терминдерді қалыптастыру ісін үйлестіріп отырғаны жөн.

Тағы бір тоқтай кететін мәселе - баршамыз міндетті түрде қолдануға тиісті термин сөздерді бекітіп отырған Мемтерминкомның шешімдерінің міндетті болмауы. Ол консультативтік-кеңесші орган болып табылатындықтан, шешімдеріне міндетті сипат беру үшін онда мемлекеттік орган мәртебесі болу керек.

Мемлекеттік органдардың қызмет тиімділігін бағалау рейтингіне олар дайындаған халықаралық шарттың, заң жобасының мемлекеттік тілде сапалы дайындалуын нысаналы индикатор ретінде енгізуді ұсынамыз. Егер жоба қазақ тіліндегі мәтінінде қателіктің болуы салдарынан кері қайтарылса, не шарттың тарапына дипломатиялық арналармен нота жолданса, бұл органның қызмет тиімділігін кемітетін жағдай ретінде бағалануға тиіс.

Бұған қоса, мемлекеттік органдарда халықаралық терминдердің баламасын қолдану мәселесіне мониторинг жүргізіп, анықталған кемшіліктерді Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияда талқыға салу қажет.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Жоғарыда айтылған мәселелерді қарастырып, тиісті шешімдер қабылдауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жазбаша жауап күтеміз.

Құрметпен,

Депутаттар, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшелері: А. Смағұлов, Н. Әбдіров, А. Базарбаев, Н. Дулатбеков, Қ. Қаракен, Ш.Өтемісов, Б. Смағұл


Баға беріңіз