​Үш тілдің үйлесімі қазақ тілін оқытудан басталады

Қазақ тілін оқытудан бастау алып, орыс және ағылшын тілдері, әдебиет, тарих, география секілді пәндер негізінде жан-жақты білім беруді көздейтін технологияның авторы –педагогика ғылымдарының доктор...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 қазан, 2016

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен №74 мектеп-гимназиясында «Үш тілдің үндестігі жаңғырып, Тәуелсіз елім – мәңгілік!» деп аталатын салтанатты шеру сабағы өтті. Онда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының мүмкіндігі көрсетілді. Бұл туралы Егемен Қазақстан газеті жазады.

Сабаққа «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы, Астана қаласы Білім басқармасының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі әдіскерлері Роза Қасқабаева мен Күнімбала Баяхметбаева қатысты.

Қазақстан халқы тілдерінің ХVIII фестиваліне арналған іс-шарада оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері ана тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, ойларын іркілмей жеткізе алатынын айғақтап берді. Сабақ барысында қолданылған өзіндік ізденіс, топтық, ұжымдық жұмыстар балалардың үш тілде алған білімдерін бекітуде «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының қаншалықты көмегі бар екенін көрсетті. Астана қаласы Білім департаментінің мұрындық болуымен елордадағы төрт мектеп пен бір балабақшада осы технология бойынша білім берілуде.

Ал Оразгүл Азанғазы қазақ мектептерінің алдында қазақ тілінде оқитын балалардың өзгелерден шоқтығы ғана емес, ең бастысы – туған тілімен келген рухының биік екенін дәлелдеу міндеті тұрғанын айтты. «Жеті жұрттың тілін білу, оқу керек. Бірақ біз өзге тілде ешуақытта қазақ болмаймыз. Өзге тілден алғаныңды бай, бейнелі, әуезді, көркем, бабадан қалған туған тілде дамыту керек. Бұл технология Алаш арыстарының еңбектеріне сүйеніп жасалды» – деді.

Ана тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін жете игерген мектеп оқушыларының сауатты талдауын көрген Шерубай Құрманбайұлы жоғары оқу орындарына келген кей студенттердің морфологиялық, фонетикалық талдау жасамақ түгіл буындардың түрлері мен ілгерінді-кейінді ықпалдарды ажырата алмайтынын айтты. «Бүгінгі сабақта бастауыш сынып оқушылары мен әлі мектеп табалдырығын аттамаған балғындардың қазақ сөзінің құрылымын, дыбыстық табиғатын тамаша біліп отырғанын көріп, қатты қуанып отырмыз», – деді ол.

«Мәңгілік еліміздің жастары заман талабына сай туған тілін терең меңгерумен қатар өзге елдің тілін жақсы меңгерсе, өзгелерден көш ілгері тұрары сөзсіз. Сол себепті де біздің басты мақсатымыз – айшықты да әуезді туған тілдің терең қатпарларынан сусындап өскен ұрпақтан ағылшын, орыс тілдерінде де еркін сөйлейтін ұландар тәрбиелеп шығару», – деді Нұрша Оразахынова.


Баға беріңіз