Мемлекеттік тіл және өзге тілдер: елдік негіз, табиғи ахуал және қажеттілік

​Тәуелсіздік алардан сәл бұрынырақ басталған тіл тағдыры мен қолданысына байланысты алуан пікірлер, ұсыныстар қордаланып жатқанда, қазақ халқының ана тіліне деген сұранысы артып, оны билік ескеру...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

Тіліміздің сақталуы мен өрісінің кеңеюі, негізінен, үш факторға, яғни, сөздік қорымызға, сөйлеушілердің санына және мемлекеттегі мәртебесіне байланысты десек, қазақ тілі осы үш позицияны да толығымен қанағаттандыратынына қарамастан осы уақытқа дейін тіліміздің адымы ашылды деп айта алмасақ керек. Тарихи және бүгінгі адами, саяси алғышарттар бар екен, дегенмен қазақ тілінің төңірегі күрес алаңына айналып, оң демографиялық үдерістің тоқтаусыз өсуіне, соған орай мемлекетті құрайтын көпшіліктің сұранысына, туған тілінің, мемлекеттік тілінің барлық салада өркендеуін қажетсінуіне қарамастан қазақ тілі Қазақстан елінде екінші тілдің позициясында, енді үш тілдің біреуі болмақ және әлгі екі тіл бәсекеге аса қабілетті әлемдік тілдердіңқатарындағы алпауыт құралдар. Енді осындай тілдермен қазақ тілі тең тұрарына кепілдік берудің реті мен жөні қалай болмақ, саясаты мен салмағы басым бұл тілдер біздің тілімізді осы бәйгеде оздырмақ түгілі, шаңына ілестірер ме, бұл көп ойланбай тез шешім қабылдататын мәселе болмағы міндет. Орыс тілін алайық. Бұл арысы күні кеше өзіміз шекпенінен жауыр болып шыққан отаршыл биліктің тілі. Рас, бұл тіл арқылы ілім, білім игерген шығармыз, бұл тілде әлемдік ойдың мол қоры бар, дегенмен тәуелсіздік алған қазақтың түйсігі өз тілінде ел болуға, білім алуға, ұрпақ өсіруге толық жарайтыны бек күмәнсіз. Ол жағы сауатты жанға ұғынықты болар. Ағылшын тілі. Британия болып бар құрлықты бағындырған, Америка болып жаңа заманда дегенін істеткен, айтқанын болдырған жаңа дәуірдегі ең қуатты империяның тілі. Сонда әлемді күшпен де, бүгінгінің барша қызықтарымен де, әсіресе, жастарды елітіп жатқан мықтылардың тіліне, өз елінде ғасырлап қағажу көрген, әлі де маңдайы жарқырай қоймаған тәуелсіздігі балаң елдің тілі төтеп беруі қиындау екені қазақтың еліне адал, тіліне жанашыр сан ағайынның әңгімесіне арқау болуда, бұл әңгіменің тым созылғаны, бітпейтін жырға айналғаны билікті мыңқ еткізер емес. Иә, қазақ мектептері көптеп ашылды, дегенмен ол мемлекеттің саясатының емес, көп болғысы келетін айналайын алтын құрсақ аналардың арқасы, Алаштың бауырмалдығының, балажандылығының жемісі. Енді көгерген қазақ, көбейген қазақ өз тілінде сөйлеуге тиіс қой. Сөйлегенде, оның тілі өз төрінде барлық салада сөйлеуі керек. Бұл «Қазақстан» деген мемлекетті өзі қазақ болғаны үшін, өз атамекені болғаны үшін ең шын сүйетін қазақтың қалауы мен тілегі. Осы жерде талай сыннан құтқарған, алып қалған бағзы бабалардың тікелей ұрпағының табиғи мирасқорлық қажеттілігі. Бұл арада тұжырым тек осылай болмақ. Оны сан-саққа жүгіртудің қажеті шамалы. Сол Британияның тұманды күніне ең құмар адам - ағылшын, Рязаньның орманды алқабын, Петербурдың сәулетін шын жүрегімен сүйетін адам – орыс, сол сияқты Мағжан айтпақшы: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай». Иә, тіл – халықтың ғасырлардан тамшылап жинаған мінезі. Сондықтан сол тілдік жүйеде ұлт болмысы толық танылып, тіл арқылы дүниенің дидарын көріп, халық өзімен табысады. Сол үшін де тілін сақтауға барлық халық күреседі, өйткені тіл арқылы өзінің де сақталатынын жақсы ұғынады. Тілі бұзылса, мінезінің бұзылатынын, мінезі бұзылса, халық ретінде бейнесі бұзылатынын әр халықтың ақылмандары жақсы ұғынған. 1943 жылы ІІ дүниежүзілік соғыс көрігі қызып тұрғанда АҚШ президенті Франклин Рузвельт пен Ұлыбритания премьері Уинстон Черчилль әлемде ағылшын тілін үйретуді оңтайландыру туралы мәмілеге қол қоятыны, қазір «Русский мир» сияқты барлық құрлыққа тараған жүйе арқылы орыс тілінің кеңістігін күшейтуге барын салып жатқан Ресей әрекеті тілдің ең ықпалды құралы және оны саяси қару болатынын түсінгендіктен. Тіпті көрші елдің саясаткерлері, ғалымдары орыс болу үшін ұлттың сәйкестігі маңызды емес, осы халықтың өкілі болуға орыстілді болу жеткілікті деген тұжырымды жиі насихаттауда. Осылардың барлығы адамзат дәуірінің жаңа кезеңінде саяси, экономикалық ықпалдастықпен бірге тілдік ықпалдың да күшейетінін аңғартады. Сондықтан Қазақстанда мемлекеттік тілдің ештеңені ойлап таппай-ақ өзі сұранып тұрған мәселелерін тезірек шешкен жөн. Әсіресе, ақпарат тасқыны саяси шекараларды қалаған жерінен бұзып, қалаған жерінен кіріп жатқан кезеңде тіл арқылы ділді бұзудың үлкен саяси ойыны басталды. Осындай шақта Қазақстанды үштілді аренаға айналдыру – мықты ойыншыларды «бізді жең» деп бәйгені бере салумен бірдей. Біздің саясаткерлердің әлемнің әр тарабын ай сайын көріп, саяси, экономикалық қажеттіліктермен қазақстандық реалиде емес, халықаралық кеңістікте көбірек болатынын білеміз. Бәлкім, олардың осындай өмір тәртібі, тұратын жайы, отбасыларының қарапайым халықтан ерекше оқшау, айрықша ыңғайлы жағдайлары, балаларының әлемнің ең дамыған елдерінде білім алуы басқа да тұрмыстық артықшылықтары, игіліктері өзге тілді халықымыз неғұрлым тез меңгерсе, соғұрлым бақуатты болар деген игі жоспарларынан да шығуы мүмкін. Дегенмен өзі жасағаны емес, өзгенің жылтырағына әуестік нәтижесінде өзін қор санауға әкелетіні тұрмыс жүзінде болмай қоймайтын адасу. Елдің, халықтың қауіпсіздігі тек байлықпен өлшенбейді. Әлсіздің байлығы – күштінің көз құмарлығына, иемденгенгісі келіп емексуіне де бастары шындық. Әлемнің байлығын ғасырлар бойы жиып алған Ұлыбритания, әлемнің саяси басты ойыншысына айналған Құрама Штаттардың мүддесі қашан да тек өз мүдделерінен өрістеп отырған. Оның ұранын Черчилль: «Британияның досы жоқ, мүддесі ғана бар» деп әлдеқашан сызып кеткен. Күні кеше Еуроодақтан шығып жатқан Ұлыбританияның әрекеті сол премьер ұранының әлі де өміршеңдігін айқындап берді. Ал біз сияқты Ахаңша айтсақ: «Қамауда жаны, Талауда малы» кеткен заманнан енді алыстай беріп, азаттық таңын енді атыра бастаған бізге қайтадан тілдік кіріптарлыққа түсудің не жөні бар, әрине, тарихи траекториямен қараса да, бүгінгі стратегиямен қараса да тіптен жөнсіз. Сондықтан біз заманның амалын ойлағанда, қазақтың да қалмағын мықтап ойламағымыз міндет. Бізді сақтайтын нәрселер көп. Тарих дерсіз... Егер айналаға еліктеп, бүгінгідей аузымызды ашып, көзімізді жұма берсек, онда Орбұлақ шайқасы емес, Ватерлоо түнінің оқиғасына жетік болып шығамыз. Дәстүр дерсіз... Егер жастарымыз қазақты тек ауылмен, Наурыз мейрамымен ғана байланыстырып, қолдарындағы телефонмен таң атырып, күн батырса, көз алдарында американдық фильм, құлақтарында ағылшындық әуен болса, сол дәстүріңіз оларды қазақ ұланы ете алар ма екен, бұл да үлкен ұлттық, одан ұласып мемлекеттік мәселе. Сонда бізді сақтайтын не, қандай ұлттық ерекшелік десек, әлбетте, тіл. Ешкім байырғы дәстүрімен байырғы тарихи жағдайда өмір сүріп, жаңалықты жатсынып жатқан жоқ. «Бәрі өзгереді» дейді философтар. Өзгермейтін тіл ғана, сол тілді санасынды тоқыған ұлт ғана, сонда көк аспанның астында сенің ұлтыңның өмір сүру үшін берілген атамекенің де аман! Осыны ұғыну ұлттың бастапқы ұлы міндеті, келесі ұлы міндеті – сол тілде дидарласу, бауырласу, ұрпақ тәрбиелеу. Содан елшілдік, отаншылдық өрістейді. Ұлы қорытындысы – шаңырағы биік, босағасы берік, керегесі кең ел боласың. Сонда өзге сенімен санасады, табалдырықтан аттап төске ұрмай, бұл үйде қашанда қонақ екенін сезінеді, мейманға тән әдебін сақтайды, сол дастарханда бардан дәм татады, тайыңды жетектеп, қойыңды айдап, егініңді таптап кетпейді. Осыдан өзің де аман, өрісің де аман, өзгең де есен болады.

Қазақ елі азаттық үшін күресіп жатқан кезеңде Алаштың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев:

Елдік, бірлік, ерлік, қайрат, бақ ардың –

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!

десе, сол аталар арманы орындалып, халқымыз тәуелсіздік алғанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің бүкіл тарихымыздан мен екі олжамды бөліп атар едім. Оның біріншісі, әрине, - ата-бабаларымыз өздерінің қанын төгіп, жанын беріп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қазақтың қасиетті жері. Тағы бір олжамыз – сол ата-бабаларымыздың арқасында бар бояуымен, сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір қазақ тілі» деді. Яғни, біздің тіліміз қай кезеңде де ұлтты сақтау мен ұйыстырудың ең негізгі құралы болған және бола да бермек. Сондықтан біз тілімізді ана тілі ретінде де, мемлекеттік тіл ретінде де қазақты, жалпы қазақстандықтарды тұтастырушы күш етудің заманауи тәсілдерін қарастырғанымыз жөн. Дәл бүгінгі күні ондай тәсілдер көп дейтін болсақ, біздің ойымызша, мынадай мәселелер ең бастапқыда шешілуі тиіс.

Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі көтеріп жатқан үштілділік мәселесі Конституция, Тілдер туралы заң, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шегінде шешілуі тиіс. Біз ата-аналардың келісімінсіз балаларды үш тілдің жетегіне ілестіре алмаймыз. Ата заңда Қазақстандағы әр азаматтың өз ана тілінде білім алуына толық құқық берілген. Оны көптеген азаматтар айтып та, жазып та жатыр. Бұл үлкен азаматтық, қоғамдық мәселе. Тіл туралы заң біздің елімізде үш тілді кеңістікті емес, екі тілді кеңістікті реттейді. Оның өзінде қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдық берілген. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламада алдымен мемлекеттік тілдің, содан соң ана тілдерінің сақталуы мен дамытылуы жөнінде айтылады да, ағылшын тілі қазақстандықтардың тілдік капиталын сақтауға қатысты тұста ғана қамтылған. Сондықтан да біз тілге байланысты еліміздегі саяси, қоғамдық, мәдени қатынастарды реттейтін Президент жарлығымен бекітілген осындай мемлекеттік деңгейдегі құжаттарды негіз етеміз.

Екіншіден, елдегі демографиялық даму үдерісі қоғамдық қатынастарды реттеуші аса ірі, шешуші құбылыс. Бұл реттен келгенде, Қазақстанның демографиясындағы ішкі үдерістер қазақ халқының үнемі және тұрақты түрде өсімін көрсетіп отыр, яғни, қазақ тілі өзінің мемлекеттік мәртебесін бұл бағытта да толық дәлелдеп, осы тілдің еліміздегі басты тіл болуының алғышартын бекітуде. Бұл білім саласына тікелей қатысты. Айталық, еліміздегі қазақ тілінде білім беретін мектептердің үлесі 70 пайызға жуық, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектердің 73,4 пайызы оны қазақ тілінде тапсырды. Осындай өсу үдерісі алдағы уақытта да болжануда. Сондықтан мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі өз позициясын нығайта береді деген сөз. Егер білім беру саласын өркениетті елдердегідей біз ең алдымен халықтың қажеттілігіне, нақты табиғи сұранысына сай құрамыз, сөйтіп, білім берудегі гуманистік және демократиялық принциптерді сақтаймыз десек, онда, әлбетте, қазақ тілі Қазақстандағы осы саланың ең басты тілі болады да, тәрбие мен білім осы тілдегі мазмұнға құрылады. Бұларға қоса, «Қазақ мектептерінің білім деңгейі төмен, сапасыз» деген кеңестік ескі ұғымды қайталау және оны лозунгіге айналдыру мүлдем, сыпайылағанда, жарамсыз түсінік. Оған қазақ мектептерінде білім алған оқушылардың «Алтын белгіге» ие болғандардың, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқауларға қатысып жеңімпаз атанғандардың үлесі дәлел бола алады. Қазақ тілді мектептердің сапалық өсу деңгейі оның сандық өсіміне пропорционал. Саннан сапа туатыны әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Біз Қазақстанда үш тілде білім беруді орнықтыру үшін ең алдымен оқушының өзінің негізгі тілінен өзге қалған екі тілді қалай бірдей, пәндерді толық игеру деңгейінде біліп шыға алуын қамтамасыз ету жайын ойлап, егер соған қажетті алғышарттарды жасай алатын шамамызды ескеріп барып, бұл реформаны мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруға барғанымыз жөн. Оған, яғни, әр оқушыға үш тілде білім алуға толық қол жеткізу жағы қалай болмақ дегенде ең алдымен өзіміздің тілдік ахуалымыз, әсіресе, тіл үйрену мүмкіндіктеріміз жөнінде ойланғанымыз дұрыс. Біз қазақ тілін барлық ортада, оның ішінде, білім жүйесінде де үйретуді бастағанымызға шамамен 26-27 жыл болды. Қазіргі жетістігіміз қандай, жауап түсінікті. Бұл қазақтілді орта қалыптасқан, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жарияланған жағдайдағы «жетістігіміз». Сонда белгілі бір кабинеттердің немесе ағылшын тілін үйреніп жатқан аудиториялардың ішінде ғана болмаса, өзге жерде ортасы қалыптаспаған тілді біз пәнді игеретін дәрежеде қалай үйретпекпіз, кімді үйретпек, үйретушілер кімдер болмақ, жауап беру тіптен қиын. Біз тілді үйрету курстарында нәтижеге жету үшін сандаған жылдар жұмсадық. Ал өз лексикасы, терминологиясы бар жаратылыстану пәндерін үйретуге бізге қанша уақыт керек, ол да беймәлім.Тіл үйрену оңай емес, тіпті ағылшын тілі мамандығында төрт жыл оқыған мамандардың көпшілігі осы тілді жетік біліп шықпайды екен, сонда біз білікті мамансыз тіл үйретуді қалайша жаппай жүзеге асырмақпыз, осыны Министрлік жете ойланбағандай.

Үшіншіден, жазуы қалыптаспаған, тілдік байлығы аз кейбір елдерде болмаса, өркениетті әлемнің баршасы өз тілімен өмір сүреді. Бұл жөнінде Елбасы: «Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру» деген болатын. Егер әлемнің алуандығын сақтамай баршамыз тұтастай бір тілде сөйлейік десек, неге онда Британияның өз ішіндегі Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия, оған көршілес жатқан Еуропа мемлекеттері, Америка Құрама Штаттарындағы ондаған миллион испан, француз тілділер, Канаданың француз тілді Квебек штаты ағылшын тіліне көшіп кетпей отыр немесе Франция өз тілін ағылшын тілінің экспанциясынан сақтауға неменеге соншама мән беруде?! Олар мемлекеттің де, ұлттың да негізі тіл екенін жақсы ұғынып, тілін ерекше қорғаштайды. Бізге тіл үшін осындай күрестер мен шешімдердің дәстүрлері үлгі болсын. Бізде шет елдерден білім алып келген азаматтар олардың тәжірибесін, үлгісін бірден енгізгілері келеді. Ондай азаматтар өздері білім алған мемлекеттердің өз мәдениеттеріне, тілдеріне, дәстүрлеріне деген құрметтерін де өнеге етуі тиіс. Мысалы, ағылшын өз құндылықтарына, француз өз мәдениетіне, неміс өз тіліне қалай қарайды деген сияқты. Табиғи орындалған үлгілердің, негізгі орта дәстүрлерінің аясында ғана даму ілгері басады. Бұл да өмір қағидаты. Жасандыны зорлаумен, бір елге екінші елдің ұйқаспайтын үлгісін тықпалау даму емес, дағдарысқа бастайды. Әсіресе, бұл рухани құндылықтарды, мемлекеттілік негіздерін жүзеге асыруда мықтап ескерілетін міндет.

Біз ұрпағымыздың мейлінше көп тілді меңгеруіне қарсы емеспіз. Мәселе ең алдымен тек білімнің емес, бүкіл мемлекеттің тұғырына айналған мемлекеттік тілдің табиғи орны мен маңызын сақтауда. Кімге қанша тіл меңгеру керек оны ел ішіндегі қажеттілік пен сұраныс айқындайды. Тұтастай мемлекеттік деңгейде міндеттеу қай жағынан болсын аса дұрыс қадам емес. Оны қазіргі кезеңдегі қоғамдық пікір айқын көрсетуде. Әр халық өз тілінде білім алуға құқылы, ол оның Жаратушы берген мүмкіндігі.


Баға беріңіз