​Академияның 100 тыңдаушысы тіл біліктілігі сертификатына ие болды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 қазан, 2016

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп 13 маусым – 7 қазан аралығында «Мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігін арттыру» тақырыбында жоба өткізді. Жоба нәтижесінде Мемлекеттік басқару академиясының 100 тыңдаушысына сертификат табысталды.

Сертификат табыстау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының, Академияның өкілдері, профессор-оқытушы құрамы мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Аталған жобаның мақсаты -- Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, Қазақстан Республикасында үштілділікті арттыруды жүзеге асыру аясында бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша мемлекеттік қызметшілердің тілдік біліктілігі жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметшілерді Академияның деңгейлік инновациялық әдіс-тәсілдерімен оқыту.

2016 жылғы 13 - 29 маусым (1-лек); 2016 жылғы 20 маусым - 5 тамыз (2-лек); 2016 жылғы 27 маусым - 12 тамыз (3-лек); 2016 жылғы 5 қыркүйек - 7 қазанда (4-лек) өткен интенсивтік-тренингтік, қашықтықтан оқыту семинарларына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен, Жоғарғы соттан, Бас прокуратурадан, Сыртқы істер, Ұлттық экономика, Қорғаныс, Қаржы, Энергетика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Инвестициялар және даму, Әділет, Білім және ғылым, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрлігінен 300 адам қатысты.

Академияның оқытушы-профессорларының 2008 жылдан мемлекеттік қызметте зерттеліп, апробациядан өткізген «Ресми-іскерлік қазақ тілі», «Мемлекеттік қызметшінің А1-А2-В1 деңгейлерінде оқу, жазу, сөйлеуге жазбаша дайындық, тыңдап түсіну дағдылары», «Ресми жазылым және мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу», «Сөз мәдениеті және іскерлік риторика» тақырыптарындағы бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері оқытуда негізге алынды.


Баға беріңіз