Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Орысша білмесең Әкемтеатрға жұмысқа тұра алмайсың...

14.8.2019 135
​Алматы қаласындағы атақты М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры бақылаушы болып жұмыс істейтін қызметкер қабылдап жатыр екен. Соған арнайы кастинг жариялады.

Әкемтеатрға жұмысқа тұрғысы келген қыздардың бойынан төмендігі шарттар табылуы керек екен:

1. Жасы 18-25 аралығында;
2. Бойы 1,65 см төмен емес;
3. Сондай-ақ, театр тарихын білетін және театр репертуарындағы қойылымдардан хабары болу:
4. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлей алу.

Бұндағы алғашқы екі шарт кәсіби тұрғыдан керек болар, оған біздің дауымыз жоқ. Ал үшінші шарттың өте қажат екені сөзсіз, театрда жұмыс істегісі келген адам театр жайлы білгені жөн. Бірақ төртіншісі сәл томпақтау болып тұр. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа тұру үшін орыс тілін еркін меңгерудің қажеті қанша?!

Театр әкімшілігінің жазуынша, "бақылаушы – көрермендерге мәдениетті, сапалы қызмет көрсету, оларға қолайлы жағдайлар жасау бойынша, басқа да жұмыстарды жүзеге асырушы адам" екен.

Театрға барып тұратын кісілер жақсы біледі. Ұлттық нақышта киінген бір топ қаракөздеріміз келген қонақтарды күтіп алып, отырар орнын нұсқап жүреді. Кіл көрікті, мәдениетті қыздар. Көрерменнің көңілінен шығу үшін барын салады. Кейде тіпті ата-әжелердің қолтығынан демеп, жетелеп бара жатады. Сондай жарасымды, жағымды. Осындай қаракөздерге орыс тілін еркін меңгеру не үшін керек?

Әлде Әуезов театрының табалдырығын қазқаша бір ауыз сөз білмейтін өзге ұлт өкілдері тоздырып жүр ме? Бұлай болуы мүмкін емес. Өйткені, бір ауыз қазақша білмейтін адам қазақ тіліндегі қойылымдарға барып қайтеді. Ал бірен-саран орыстілділеу қазақтармен түсінісу үшін "нан сұрауға жететін" орысшаның өзі жарайды. Ол үшін Ресей елінің тілін еркін меңгерудің еш қажеті жоқ.

Бірақ, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әкімшілігі орыс тілін еркін меңгерген қыздарды ғана жұмысқа аламыз деп отыр. Сонда Ресейдің мемлекеттік тілін еркін меңгермеген қаракөздерімізге Әкемтеатрдың өзінен орын табылмай ма?! Қойылымдары тек қазақша, көрермендері тек қазақ Әкемтеатрда жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгеру жеткіліксіз бе, әлде?

Көп тіл білетін, жан-жақты білімді қызметкер барлық мекемеге керек. Әуезов театрында да ағылшын, орыс, жапон тілін білетін қыз-жігіттер жұмыс істесе еш артықтығы жоқ. Бірақ бұл тілдерді білмегені үшін өз елінде тұрып жатып еш қазақтың жұмыстан қағылуына болмайды. Сол үшін Әуезов театрының орыс тілін еркін меңгеруді жұмысқа адам алудың алғы шарты етуі дұрыс емес!

Мүмкін бақылаушы қызметінің жұмыс көлемі біз айтқаннан әлдеқайда ауқымды шығар. Кейде шынымен де орыс тілін қолдануға тура келер. Бірақ Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі. Сол үшін жұмысқа тұрғысы келген адам алдымен орыс тілін емес, қазақ тілін еркін меңгеруі керек. Басқа-басқа Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының орыс тілін еркін меңгермеген қаракөздерімізді жұмыстан қағуы жөнсіздік. Театр әкімшілігі бұл уәжімізге жауап береді деген сенімдеміз...

Тегтер: театр, қазақ тілі, орыс тілі, актер, М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

184

ақпарат

Әйгерім Тәжі: Ертең не күтіп тұрғаны өзіме де қызық

159

ақпарат

Евгенийдің электронды сөздігі

195

ақпарат

Айтыс сахнасы сайқымазақтардың орны емес