Тіл – ынтымақтастық арқауы

​Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы тілдерді қолдану мен дамытудың  2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 2016 жылдан бері «Шетелде тұратын қазақ диас...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

16 сәуір, 2019

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 2016 жылдан бері «Шетелде тұратын қазақ диаспораларымен байланыс» жобасы аясында Ресей Федерациясының Орынбор облысында тұратын қазақтардың ана тілін сақтап қалуына және дамытуға қолдау көрсетіп, ана тілін оқытып жүрген мұғалімдерге оқу-әдістемелік көмек беріп келеді.

Биыл да «Тіл – ынтымақтастық арқауы» тақырыбындағы шара барысында қазақ тілін сабақтан тыс уақытта оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері талқыланып, лингвистикалық тренинг, тағлым сабақтары, оқу-әдістемелік құралдар, балалар әдебиеті, триклеттер т.б. тараптпа материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Шараға Орынбор қаласында тұратын қазақ ұлт өкілдері, жастар ұйымының мүшелері, колледж студенттері, барлығы 100-ден астам адам қатысты.

Осындай шаралар қандастарымыздың ана тілін дамыту, салт-дәстүрімізді сақтау, мәдени және басқа да қарым-қатынастардың қалыптасуына ықпал етіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деген пікірдеміз.

Кездесуден зор әсер алған қатысушылар пікірлері мен жылы лебіздерін білдіріп жатты. Орынбор халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдігінің басшысы, Орынбор облысының «Халықтар достастығы үйі» қоғамдық ұйымының төрайымының Сәуле Совхозовна Таикешованың айтуынша, мұндай кездесулер жиі болып тұрса, халық арасында рухтық байланыс үзілмек емес. Тілге деген құрмет оған деген қызығушылықты арттырудан басталады, ал өз кезегінде Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары конференцияға қатысушылар арасында ойындар мен тренингтерді қызықты етіп өткізе білді. Олардың тіл үйретудегі методикалық тәсілі ұтымды деп білемін»- деп сөзін аяқтады.

«Атамекен» мәдени орталығының төрағасы Куклеев Бисенғали Габбасұлы бір сөзінде: «Елдердің арасында шекара болғанымен, халықтың арасында шекара болмауы керек. Біз қазақ елінде болып жатқан жақсы жаңалықтарға қуанып, келеңсіз оқиғалар болса қазақстандықтармен бірге ренжиміз. Біз ұлтымыздың дәстүрлерінен шет қалғымыз келмейді. Қазіргі таңда Қазақстанда қазақ тілі латын графикасына көшіп жатыр. Біздің балаларымыз сол латын негізді қазақ тілін үйренсе деген тілегіміз бар. Өйткені біз қазақ елінің бір бөлшегі болып қалғымыз келеді»,- деп пікір білдірді.

Сонымен қатар, бұл кездесуге оқытушылардан бөлек, мешіт имамы да келіп төбе көрсетті. Экспериментальный ауылындағы Донгуз мешітінің имамы Сагнай Бурумбаев: «Біз тілімізден, дінімізден айырылмауымыз керек, осындай шаралар жиі болып тұрса бізге үлкен қолдау болар еді» - деген тілекпен келесі кездесу болған жағдайда қонақ кәдеге діни кітаптар сұарды.

Іс-шара барысында Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту оралығының әдіскерлері мен оқытушылары қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған қазақ тілінен ашық сабақтар, лингвистикалық тренинг, викториналық ойындар жүргізді.

Бұл игі бастама Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. Тілдерді оқыту орталығы Ресейдегі қандастарымыздың қазақ тілін үйренуіне алғышарт ретінде Ресейде көп қолданылатын «Вконтакте» әлеуметтік желісінде парақша ашып, тіл үйрету сабақтары мен тапсырмаларды жариялап отырады.

Алдағы уақыттағы басты міндеттердің бірі осы рухани байланысты нығайту болмақ.


Баға беріңіз