Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БАЙЫРҒЫ ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚАЗІРГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

28.3.2019 584

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры

Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа ауыз тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілдің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі пәнсөздердің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлы

Ғылым тілінің дамуымен бірге тілдегі сөздердің терминденуі үдерісі қатар жүретіні белгілі. Өткен ғасырдың басында бұл заңдылық елеулі дәрежеде жүзеге асқанын білеміз. Терминдер жасалуының лексика-семантикалық, морфологиялық т.б. түрлі жолдары бар. Бұл мәселе қазақ терминологтары тарапынан көптеп зерттеліп келеді. Теориялық шешімі айқындалған терминжасамның қазіргі кезде алдында тұрған бір мәселе тілімізде бар сөздердің терминдерге айналуына жол ашу. Кез келген сөз қолданылу белсенділігі артқан сайын мағыналық жағынан дамып, жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Сондықтан, жергілікті аймақтарға тән немесе көнерген сөздер деп қарамай, сөздердің мағынасындағы түрлі ақпараттарды зерттей отырып, жаңа заман талаптарына бейімдеу аса маңызды міндет болып табылады. Тілдегі сөздердің жаңғырып, жаңаша түлеуі оның ақпараттық кеңістігіндегі барша дифференциалды семантикалық кеңістікті тереңірек тануға арналған зерттеулерге байланысты. Сөздің ақпараттық мүмкіндігінің көрсеткіші – семалардың ерекшеліктері неғұрлым айқындалған сайын қолданыс аясы да кеңейе бермек. А.Байтұрсынұлы тілдің ішкі мүмкіндігін сарқа пайдалану туралы айтқанда осы жайтты ескерген болса керек.

Мақала көлемінде гидрология саласы бойынша қолданылып жүрген және қолданылуы қажет терминдерге тоқталуды жөн көріп отырмыз. Гидронимика ономастиканың аса маңызды салаларының бірі болып табылады. Т.Жанұзақтың анықтауы бойынша қазақ тілінде 85 мың өзен, 48 мыңнан аса көл бар екен, демек сонша атау бар [Т.Жанұзақ]. Табиғи нысандарды игеруде көптеген атауларды ойлап тапқан халықымыз гидронимдермен қатар суға қатысты көптеген терминдерді де қолданған. Тіліміздің шұрайлы бөлігін құрайтын бұндай байырғы сөздердің кейбірі көнергендердің қатарынан орын алса, енді біразының белсенділігі төмендеп, қызмет аясы тарылып отыр. Енді оларға қайта жан бітірудің жолдары – қазіргі су шаруашылығының тілінен кеңірек орын беру. Бір айта кетерлігі су шаруашылығына қатысты көнерген кейбір сөздер тілімізде аппелятивтік қызметімен сақталып отыр, яғни белгілі бір нысанға атау ретінде телініп, гидроимдер қатарынан орын алған. Мысалы, тіліміздегі Қопа, Балқаш, Атырау т.б. жалқы есім ретінде ғана танимыз, ал олардың су шаруашылығына қатысты жалпы есімдік мағынасы арнайы сала мамандары болмаса, көпшілігімізге түсініксіз (бұл жөнінде сәл кейінірек).

Суға қатысты байырғы терминдерді лингвистер мен географтар «гидрографиялық терминдер», «индикатор-терминдер», «номенклатуралық терминдер» деп түрліше атап жүр. Павлодар өңірінің гидронимдерін зерттеген ғалым В.Н.Попова өз зерттеулерінде қазақ топонимиясындағы байырғы терминдерді былайша топтастырады:

Гидронимдер

Индикатор-терминдер

Көл атаулары (лимнонимдер)

Ащы, балқаш, батпақ, бидайық, былқылдақ, жалпақ, жалтыр, көл, қақ, қамыс, қопа, ми, ой, сор, тақыр, томар, тұз, шұқыр, шығанақ, теңіз, татыр

Өзен атаулары (потомонимдер)

Айрық, ақсу, ащысу, еспе, ирек, кемер, қарасу, мұқыр, өзек, саға, сай, соқыр, тұщысу

Микрогидронимдер

Индикатор-терминдер

Бұлақ

Бұлақ, көз, құдық, қайнар, үйірім, жылға

Құдық

Апан, қауға, құдық, шыңырау, әуіт т.б.

Гидрографиялық метафоралар

Ауыз, аяқ, бас, ерін, қолтық, көз, кіндік, құлақ, мойнақ, мойын

[1]. Бұл терминдер топонимжасамдық мүмкіндігімен ерекшеленеді. Алайда гидрологиялық тұрғыдан ащы, балқаш, бидайық, жалпақ, жалтыр, қамыс, қопа, ми, томар, татыр, еспе, ирек, мұқыр, соқыр т.б. мағыналары көбімізге түсініксіз болуы мүмкін. Жалпы тілдік қолданыста Балқаш көлдің, бидайық, қамыс өсімдіктің аты, жалпақ, жалтыр сөздері сын есім ретінде белгілі, ал татыр, мұқыр сөздерінің мағыналарын көбіміздің түсіне бермейтініміз шындық. Аталмай қалған басқа сөздер де осылар секілді. Су нысандарына байланысты туып қалыптасқан осы атаулар қолданыстан тыс қалып қойса, көнерген сөздердің қатарында мүлдем ұмытылуы мүмкін. Алайда терминолог ғалымдарымыздың ізденістерінің арқасында бұлардың көпшілігі терминологиялық сөздіктерден орын алды. Сонымен қатар қазіргі су шаруашылығына қатысты терминдер мен ұғым-түсінік атаулары ретінде де қолданылады. Осы терминдердің бірігуі мен тіркесуі арқылы да біршама терминдер жасалып отыр. Мысалы, ағыс, ағын, ағар (суағар) т.б. секілді ағу сөзімен тіркесіп жасалған мынандай терминдер бар: өзағар құрғату (самотечное осушение), өзағар режімі (самотечный режим); өзен ағындысы (сток речной), өзен ағындысын аудару (переброска речного стока) т.б. Әрине су шаруашылығына қатысты пайда болып, қалыптасып жатқан жаңа ұғымдардың атауы ту баста қазақ тілінде жасалмағандықтан, орысшадан аударылған терминдердің мағыналық және т.б. жағынан кемшіліктері болуы мүмкін, алайда қолданыла келе тілде қалыптанатынын да ескеруіміз керек. Бөгделеу көрінуіне оның жаңадан жасалуы мен бұрын тілде болмағандығы себеп. Екі тілді терминологиялық сөздіктердің материалдарына жүгінсек, қазақ тілінің терминжасам жүйесі де біршама дамып, жаңаша үлгілердің қалыптасқанын көреміз. Енді осы мүмкіндіктер пайдаланылып және жаңаша дамытып, тілімізде бар сөздердің терминдену үдерісіне дем берілуі тиіс. Сондықтан, қазірге дейін гидрографиялық терминдер ретінде байырғы қолданысымызда немесе көркем тіл құрамында сақталып келгенмен, гидрология саласы бойынша ғылыми айналымға ене алмаған бірнеше сөздердің мағынасына түсінік беріп, сала мамандарына ұсынуды жөн көріп отырмыз:

Балқаш – (Рес., Орын.) батпақ, сазды жер [2].

Бидайықкөктемдегі қар және жаңбыр суы сарқылып жиналатын ойпаң жер [3].

Қақ жауын-шашыннан соң тақыр жерге іркілген су [4].

Қопақураған шөптердің шіріндісіне аралас қоға, қамыс, құрақ өскен қорысты жер [5].

Ми Батпақты, балшықты жер, ұйық, тартпа [6].

Тілімізде термин ретінде қолдануға болатын бұл секілді сөздер арнайы зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Салалық сөздіктерімізден және ғылыми еңбектеріміздің тілінен орын алмай тұрып, ондай сөздердің белсенділігі артпайтыны белгілі. Тек су шаруашылығына ғана емес, басқа да салаларға қатысты кей сөздердің ойға келе бермейтін мағыналары қайта жаңғыртуды талап етеді. Мысалы, жер қыртысына, жер қыртысының сипатына, ондағы өсімдікке қатысты мынандай сөздер арнайы түсінігін бере кетуді қажет етеді.

Тақыр зат. 1. геогр. Шөл. Шөлейтті өңірлерде өсімдік өспейтін қуқыл жер. 2. экол. Шөл мен шөлейттегі жазық сазды ойпауыттарда түзілетін топырақ типі [7].

Ащы (МХР) мал жайылатын ащы топырақ (ащы тұз-көл (озеро горько-соленое), ащы тұзды-су (вода горько-соленая) секілді терминдерде қолданылғанмен, ащы сөзінің жеке термин ретіндегі қолданысын кездестірмедік).

Ой зат. Ойпаң, ойыс, төмен жер [6].

Татыр сор; сораң; сортаң (орысшы-қазақша сөздікте: 1. солончак, 2. солончаковый).

Татырау – жусанды дала (орысшы-қазақша сөздікте: полынная степь. жылқысын айдап салды татырауға → он выгонял свой табун в полынную степь) [8]

Ұсынылып отырғандар секілді тілдегі көптеген сөздер қазіргі кезде жалпы көпшілікке филологиялық мағыналарымен танымал немесе жақын. Қазақ тұрмысындағы жер-судың жалпы қолданысына байланысты басты белгілері назарға алынған, сондықтан қақ, ойыс т.б. секілді сөздер мағыналас, яғни бірін-бірі қайталайтындай көрінуі мүмкін. Филологиялық мағына деп отырғанымыз осы, олай дейтініміз қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі мағыналары өзара жақын екені рас. Алайда салалық тұрғыдан алғанда жер қыртысының немесе географиялық нысандардың түрлі ерекшеліктері болатыны секілді, оларға берілетін атаулардың да семалық дәрежеде бір-бірінен айырмашылығы бары рас. Сондықтан салалық термин ретінде олар дыбыстық тұлғасы секілді өзгеше мағынаға ие болады. Сөз басында айтып кеткеніміздей, олардың мағыналарын семалар деңгейінде қарастырғанда жалпы мағынадан жалқы белгілер айқындалып шығуы мүмкін. Мысалы, жалпы мағына – су жиналған жер болса, жеке мағына: ойыс – жердің сипаты, қақ – батпақтың кеуіп, қабыршықталғанын көрсетеді. Осыдан келіп, нысанның сипатына қарай телінген атауға жаңаша мағына үстеледі. Терминжасам жүйесі дамыған сайын мамандар оның қыр-сырына тереңірек үңілетін болады.

Тіл байлығын арттырудың жаңа заманға қажетті бір жолы осындай болса керек. Рухани жаңғырудың бір тетігі ретінде де маңызды. Тарих қойнауынан жеткен ұлттық танымның тілдегі бейнесі белсенділігі төмендеген сөздермен бірге өшуге тиіс емес. Қазақ терминологиясының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі осы деп білеміз.

Әдебиеттер тізімі

  • Попова В. Н. Гидронимы Павлодарской области: Автореф. дисс. … канд. филол. наук. – Томск, 1966.
  • Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. – Алматы: «Арыс», 2005. – 824 бет.
  • Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі (3-том). – Алматы: «Дәуір», 2011. – 744 бет.
  • Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі (9-том). – Алматы: «Дәуір», 2011. – 744 бет.
  • Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі (10-том). – Алматы: «Дәуір», 2011. – 744 бет.
  • Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі (11-том). – Алматы: «Дәуір», 2011. – 744 бет.
  • Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі (13-том). – Алматы: «Дәуір», 2011. – 744 бет
  • https://sozdik.kz/ru/dictionary/translate/ru/kk.
Тегтер: Емле ережесі, латын графикасы, жазу сауаттылығы, орфография, орфоэпия, терминология
Авторы: Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

46

ақпарат

Алматы қаласында"Тіл шебері 2019"қалалық конкурсы өз мәресіне жетті!

61

ақпарат

Латын әліпбиіне көшу жоспарлы жүзеге асады

86

ақпарат

Жаңа әліпбиді үйрететін телебағдарламалар көрсетілуде