Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

СӨЗДІК – МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

1.3.2019 386
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында рухани кеңістіктің кемелдігі үшін қызмет еткен тұлғалар аз емес. Ұлттың көркем полотносын жасаған сол тұлғалардың шығармаларының өзі арнайы бөлім-бөлім, тарау-тарау болып зерттелуде. Әрине, әдебиетшілер тарапынан ғылыми тұрғыдан баға беріліп, сараланып, зерттеліп, оқу орындарында арнайы бағдарлама ретінде жүйелі оқытылып, бір ізге түскен тұлғалар аз емес. 

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында рухани кеңістіктің кемелдігі үшін қызмет еткен тұлғалар аз емес. Ұлттың көркем полотносын жасаған сол тұлғалардың шығармаларының өзі арнайы бөлім-бөлім, тарау-тарау болып зерттелуде. Әрине, әдебиетшілер тарапынан ғылыми тұрғыдан баға беріліп, сараланып, зерттеліп, оқу орындарында арнайы бағдарлама ретінде жүйелі оқытылып, бір ізге түскен тұлғалар аз емес. Ал, сол көрнекті ақын-жазушылардың тілінің сөз байлығын көрсететін еңбектерін тілдік тұрғыдан зерттеу, жүйелеудің қаншалықты жанкештілікті талап ететінін тілші-ғалымдр біледі. Және бұл өзі рақметі аз, мехнаты көп дүние.

Жалпы, тұлға шығармасын тілдік нормаларға сүйене отырып зерттеу, жүйелі сөздіктер жасау – үлкен мәдениеттіліктің көрінісі. «Бұрын-соңды мұндай жүйелі сөздіктер болды ма?» деген сауалға келер болсақ, сонау 1874 жылы ағылшынның ұлы драматургі әрі ақыны «У.Шекспир тілінің сөздігі», Ресей Ғылым Академиясы 1933 жылы бастап, 1960 жылы аяқтаған орыс халқының ұлы ақыны ІV томдық «Пушкин тілінің сөздігі» (М., 1956-1961), 1968 жылы жарық көрген қазақ халқының ұлы ақыны «Абай тілінің сөздігі». Міне, енді осы қатарға төртінші болып, таяуда ғана «Сардар» баспасынан жарық көрген «Мұқағали тілінің сөздігі» дейтін кешенді де көлемді еңбек қосылып отыр. Көлемі – 1064 бет, яғни 66,5 баспа табақ.
Осы орайда «Мұқағали тілінің сөздігі» атты көлемді зерттеудің авторларының бірі әрі жауапты редакторы, көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Байынқол ҚАЛИҰЛЫМЕН арнайы сұхбаттастық.

– Байынқол аға, қазақта ақын көп, Құдай көп көрмесін! Сіздердің таңдауларыңыз неге Мұқағали Мақатаевқа түсті?
– Ең әуелі ірі қаламгерлер тілінің сөздігін жасау – білген адамға тек қажырлы еңбектің ғана емес, үлкен мәдениеттіліктің белгісі екенін айтқым келеді. Қарапайым тілмен айтсақ, Мұқағали өлеңдері қазіргі кез үшін «мода» болып тұр. Түрлі қонақтарда, отырыстарда, той-томалақтарда болсын, көңілді кештер мен концерттерде, ­театрларда болсын, Мұқағали өлеңдерін оқымайтын, оның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқамайтын адам жоқ. Өзім де солардың бірімін. Мамандығым тілші болғандықтан, кей-кейде, «Шіркін, Мұқағали тілінің сөздігін жасар ма еді!» деп қиялданатынмын. Осы ойымды реті келіп бір күні, шәкірттеріме айтып едім, олар қолдады. Қуанып қалдым. Бірақ артынша: – Қаржыны қайдан аламыз? – деп сұрады. Мен: – Қаржы жоқ. Осы тақырыпты көрсетіп, 2012 жылы мемлекеттік грантқа қатысып едім, өтпей қалды. Нағыз ғалым ғылымды қаржысыз-ақ істей береді, – дедім. Олар біраз ойланып, келісетіндіктерін айтты. Сөйтіп сөздік жасаудың жұмыс жоспарын жасап, әрқайсысымыздың міндеттерімізді бөлісіп алдық та, іске кірісіп кеттік.
– «Шәкірттерім» деген сөзді айтып қалдыңыз, олар кімдер еді?
– Олар – осы сөздіктің авторлары. Жас кездерінде маған шәкірт болғандар. Қазір үшеуі де филология ғылымының докторлары. Айталық, Ш.Құрманбайұлы – Астанада «Еуразия» университетінің профессоры. Ж.Түймебаевтің қызметін және қайда істейтіндігін білмейтін адам жоқ шығар. Ал С.Исакова – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ­профессоры.
– Төртеуіңіз төрт қалада тұрып, бір сөздікті қалай жасадыңыздар?
– Оның еш құпиясы жоқ. Алдымен бәріміз жабылып, Мұқағалидың 5 томдығындағы сөздердің әрқайсысына (әр шумақта қанша сөз болса, сонша) жеке-жеке карточка жасадық. Содан кейін оларды әліпбиге түсіріп, әріптер бойынша үшке бөліп алдық та, үйге апарып, сөздерді реттедік, жүйеледік, содан кейін олардың әрқайсысына түсініктеме (анықтама) бердік.
Қызмет бабына байланысты Жансейіт Қансейітұлында мұндай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан ол біз жазған қолжазбалардың бәрінің басын қосып, алғашқы редакциясын жасап, компьютерге теруге берді. Мұқағали шығармаларында кездесетін жалғаулар мен шылаулардың, есімдіктердің және ел, жер, су, кісі, қала аттарының тізімін жасап, олардың қолданылу жиілігін санап, кестелерін жасады. Компьютерге терілген мәтіннің қолжазбамен сәйкестігін, орфографиялық сөздік бойынша сөздердің дұрыс жазылуын тексеруді де ол өз міндетіне алды. Содан кейін ғана сөздіктің қолжазбасы жауапты редактордың қолына өтті.
– Мұқағали шығармаларының тілін зерттедік деп отырсыздар. Айтыңызшы, ақын шығармаларының жалпы саны қанша екенін айта аласыз ба?
– Иә, оларды арнайы санап көргенбіз. Нәтижесі мынау: 5 томдықта Мұқағалидың 1026 өлеңі, 14 поэмасы, 5 балладасы (новелла, элегия) қамтылыпты. Бұлардың жиынтық саны – 1045. Бұған ІІІ және ІV-томдардағы 81 аударма өлеңдерді қоссақ, олардың жалпы саны 1126 болып шығады.
– Сөздік жасауда алдарыңызға қандай мақсат қойдыңыздар?
– Мақсатымыз – Мұқағалидың шығармаларындағы барлық сөздер мен тұрақты тіркестер түгел қамтылған, олардың қайталанып қолданылу саны көрсетілген, мағыналары сараланған «Мұқағали тілі сөздігін» (ары қарай – МТС) жасау. Сол арқылы ақынның тіл байлығын, сөз қолдану өрнегін, шеберлігін көрсету, қазақ әдеби тілін дамытуға, жетілдіруге қосқан ақынның үлесін айқындау…
Жеке тұлғаның сөздігін жасау деге­німіз – «сол тұлғаның (ақынның, жа­зушы­ның) бүкіл шығармаларында ол қанша сөз, қанша тұрақты тіркес пайда­ланды, оларды қанша және қандай мағы­наларда қолданды, сонымен бірге әлгі тілдік бірліктердің әрқайсысы ақын шығар­маларында қанша рет қайталанып жұм­салды» деген сұрақтарға жауап іздеу деген сөз. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Мұны сөздік жасап жүрген адамдар жақсы біледі.
– Содан кейін сөздік жасауға бірден кірісіп кеттіңіздер ме?
– Жоқ. Бірден кірісіп кете қойған жоқпыз. Алдымен Мұқағали шығар­ма­ларын түгендеп, оларды қайталап, бірнеше рет оқып, қай шығармасы сөздікте қамтылады, қайсысы қамтылмайды деген мәселелердің басын ашып алдық. Мұқағалидың шығармаларына текстоло­гиялық зерттеу жүргізіп, ол туралы бірнеше мақала жазып бастырдық (Ақиық: М.Мақатаев шығармаларының толық жинағы жөнінде // Қазақ әдебиеті, 05.09.2014; М.Мақатаевтың поэзиясы туралы мақалалар сериясы // «Мұқағали», 2014, №5-6, №7-8, №9-10; Мұқағали Мақа­таевтің тіл шеберлігі // Қазақ әдебиеті,12 қаңтар , 2018. 20-21 бб.). Содан кейін барып сөздік жасауға кірістік.
– Сөздікті қанша уақытта жасап бітірдіңіздер?
– Оған 5 жыл уақыт кетті. Содан кейін қаржы болмай, қолжазба тағы да екі жылдай баспада жатып қалды. Ақыры, биыл сөздікті бастырып шығарып, нәтижесін халықтың қолына ұстатып отырмыз.
– Байынқол аға, Сіздер жасаған сөздік біз көріп жүрген сөздіктерден өзгеше сияқты. Мұндай сөздік қалай аталады?
– Мұндай сөздікті шығармашылықпен айналысатын жеке тұлғаның (ақынның немесе жазушының) сөздігі деп атайды. Ол – екі түрлі сөздіктің, яғни түсіндірме сөздік пен жиілік сөздіктің қосындысынан тұрады. Мақсат жоғарыда айтылды – ақынның тіл байлығын анықтау және оның қазақ әдеби тілін байытуға қосқан үлесін нақтылау болатын.
Шындыққа жүгінсем, менің о бастағы ойым – ақын Мұқағали тілін зерттеу еді. Бірақ ол үшін бірінші кезекте бірімен-бірін ұштастыра отырып, ақын тілінің түсіндірме сөздігі мен жиілік сөздігін жасап алудың қажеттігін түсіндім… Ақыры, міне, сол ойды жүзеге асырғандай болып отырмыз.
– Сөздік жасау үстінде түрлі-түрлі қиындықтар кездескен болар?
– Сөздік жасау, оның ішінде Мұқағали сияқты ақиық ақынның сөздігін жасау өте қиынға соқты. Мұқағали өз шығар­ма­ларында қанша сөз, қанша тұрақты тіркес қолданғандығын анықтау оңай емес. Ол тілдік бірліктерді, жалғаулар мен шылау­ларды, көмекші етістіктерді ақынның қанша рет қайталап қолданғандығын есептеп шығару да оңай шаруа емес. Ақын қолданған сөздер мен тұрақты тіркестерге анықтама беру одан да қиын.
– Сол қиындықтар неге байланысты деп ойлайсыз? Көрнекті тілші-ғалым ретінде кеңірек, түсініктірек етіп айтып бересіз бе?
– Жауабымды (қиындықтарды) «бір» сөзіне талдау жасау арқылы түсіндіріп көрейін. Картотекалық қорымызда «бір» сөзіне қатысты 2 ұяшық (жәшік) бар екен. Ондағы сөздерді (карточкаларды) санап көріп едік, 1935 карточка (сөз) шықты. Бұл – «бір» сөзі Мұқағали шығармаларының 5 томында 1935 рет қайталанып қолданған деген сөз. Содан кейін, осы 1935 карточканы (шумақты) құнттап, тәптіштеп 1935 рет оқып шығып, оларды алдымен омоним сөздерге бөліп алдық.
«Бір» сөзінде үш омоним бар екен: біріншісі – сан есім (1141 карточка), екіншісі – есімдік (576), үшіншісі – үстеу (277). Бірінші омонимге (сан есімге) қатысты 1141 карточканы екінші рет оқып шығып, оларды «мағына» және «тұрақты тіркестер» деп аталатын екі топқа бөліп алдық. «Мағына» тобына – 1098, «тұрақты тіркестер» тобына – 110 карточка бөлінді.
«Мағына тобындағы» 1098 карточканы 3-ші рет оқып, оларды мағыналарға бөлгенімізде, небәрі үш-ақ мағына шықты (сөздікке қараңыз). Ал «тұрақты тіркестер» тобындағы 110 карточканы оқып, оларды да саралап, даралап көріп едік, олардың ішінде 43 түрлі тұрақты тіркестің бар екендігі анықталды. Ең соңында осы екі топтағы шумақтарды (мәтіндерді) 4-ші рет оқып, әрбір мағына, әрбір тұрақты тіркестер үшін солардың ішінен 1-2-ден ғана мысал таңдап алдық та, сөздік жасауға содан кейін барып кірістік.
«Мұқағали тілі сөздігін» жасау үстінде барлық сөздер бізге дәл осылай қиындық туғызды деп айта алмаймыз. Карточка саны аз, мағыналары түсінікті сөздерді с­ипаттап беру бізге онша қиындық тудырған жоқ.
«Бір» сөзінің басқа омонимдері де, келе­сі атау сөздер де дәл осы тәртіппен істелді.
Мұқағали шығармаларындағы сөздер­дің бір тобы өте жиі қолданылады екен де, екінші бір топ сөздер онда өте ­сирек ұшырасады екен. Өте жиі және сирек қолданылған ондай сөздердің 100 шақты үлгі тізімі сөздіктің «Қосымшалар» бөлімінде берілді.
– Мұқағали шығармаларында кездесетін жарыспалы сыңарларды, яғни лексикалық, фонетикалық вариант сөздерді сөздікке қалай алдыңыздар?
– Жиі қолданылатын есімдіктер мен етістіктерге қатысты бір ерекшелік – олар көп жағдайда «қысқа» және «толық» деп аталатын екі нұсқада ұшырасатындығы. Мысалы, есімдіктер: ме – 1368 + мен – 1438=2806, се – 652 + сен – 973 =1625, о – 966 + ол – 586=1552, бұ – 75 + бұл – 536=611, со – 20 + сол – 547=567 т.б. Етістіктер де дәл осылай: а ~ ал, бо ~бол, ке ~ кел, қа ~ қал, са ~ сал, т.б. Біз мұндай сөздік формалардың бәрін сөздікке атау сөз ретінде жеке-жеке алдық.
Сөздігіміздің қолжазбасын талқылау үстінде кейбір мамандарымыз «мұндай жарыспалы сыңарларды бір сөз ретінде бір-ақ жерге алу керек еді» деген пікір айтты. Біз бұл пікірмен келісіңкіремедік.
Рас, қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздіктерінде дәл осылардай жарыспалы сыңарларды жеке-жеке алудың қажеті жоқ. Ал «Мұқағали тілі сөздігі» тәрізді жеке тұлғаның сөздіктерінде мұндай формаларды жеке-жеке алу артық болмайды. Қайта, керісінше, ондайларды біз жеке-жеке алуға міндеттіміз. Өйткені мұндайлар, біріншіден, поэзия тілінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді, екіншіден, ол тек Мұқағалида ғана емес, басқа ақындардың шығармаларында да жиі ұшырасады.
Кез келген өлең белгілі бір буын санымен шектелетіндігі белгілі. Егер өлеңнің буын саны артып кетсе, ақын әлгіндей жарыспалы сыңарлардың «қысқасын», ал буын саны жетпей жатса, оның «толығын» пайдаланады. Мұқағали шығармаларында көптеп ұшырасатын барман ~ бармаймын, келмен ~ келмеймін, мылқаудай ~ мыл­қаудайын, сағымдай ~ сағымдайын, тұр­ғандай ~ тұрғандайын сияқты жарыспалы сыңарларды да осы қатарға қосуға болады.
– Ал көмекші етістіктерді қайттіңіздер?
– Мұқағали тілінде жиі қолданылатын сөздердің бірі – көмекші етістіктер. Олар тек Мұқағали тілінде ғана емес, қазақ әдеби тілінің өзінде де көп қолданылады. Соған қарап, біз көмекші етістіктерді МТС-те жеке алсақ па екен, әлде өзі «көмектесіп» тұрған негізгі етістіктермен бірге алсақ па деп, біраз ойландық. Сыншыларымыздың «көмекші етістіктер жеке атау сөз бола алмайды» деп сынайтындарын да білдік. Соған қарамастан біз оларды (көмекші етістіктерді) сөздікке атау сөз ретінде жеке алғанды жөн көрдік. Сондағы сүйенген ұстынымыз – біріншіден, олардың тілімізде жиі қолданылып, орасан зор тілдік қызмет атқаратындығы, екіншіден, көмекші етістіктердің өздері тіркескен негізгі етістіктерге қосар мағыналық реңктерінің молдығымен және олардың сан түрлілігімен ерекшеленетіндігі.
Мәселен, Мұқағали тілінде тұр етістігі көмекші етістік ретінде 978 рет қолданылса, негізгі етістік ретінде ол 735 рет, қал етістігі көмекші етістік ретінде 548 рет қолданылса, негізгі етістік ретінде ол небәрі 352 рет қолданылған. Кет, жат, жүр етістіктерінің де негізгі етістіктерден гөрі көмекші етістіктер ретінде көп қолданылатындығы анықталды. Бұл мәнбірлермен (фактілермен) бізге есептеспеуге болмады.
– Осы жерде Мұқағалида кездесетін фразеологиялық тұрақты тіркестердің сөздікке қалай алынғаны туралы да айта кетсеңіз?
– МТС-тің өзі сияқты басқа сөздік­терден басты айырмашылығы – фра­зеологиялық тұрақты тіркестердің сөздікке қалай алынғандарына байланысты. Бұған дейінгі жасалған басқа барлық сөздіктерде мейлі ол «Абай тілі сөздігі» болсын, мейлі 10 томдық немесе 15 томдық түсіндірме сөздіктер болсын, барлығында тұрақты тіркестердің құрамында қанша сөз болса, сонша жерге қайталанып алынып, тіліміздегі тұрақты тіркестердің саны жасанды түрде ұлғайтылып (көбейтіліп) келген болатын.
МТС-ті жасау нұсқаулығы бойынша біз тұрақты тіркестерді тек бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алдық. Ол аз болғандай егер әлгі тұрақты тіркестің фонетикалық, грамматикалық түрпеттері болса, оларды квадрат жақша арқылы бір жерге сыйдыруға талпындық. Мыс., ойға [ойына] түсті т.б. Мәселен, МТС-те түс етістігіне байланысты «түсе берісте» деген бір ғана тұрақты тіркес тұр делік. Соған қарап, Мұқағали тілінде «құрамында түс етістігі қатысқан басқа ешқандай тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) жоқ екен» деп ойлап қалуға болмайды.
Мұқағали шығармаларында «түс» етістігі қатысқан тұрақты тіркестер аз емес. Мыс., ақау түсті, ара түсті, араша түсті, әуреге түсті, бағасы түсті, басына қайғы түсті, дақ түсті, еске [есіне] түсті, етбетінен түсті, жолы түсті, жүрегі орнына түсті, кем түспеді, көзге түсті, көктен түсті, күн тәртібінен түспеді, қалыпқа түсті, қолынан қаламы [ұршығы] түспеді, қолына түсті, құны түсті, мейірі түсті, мойнына құрық түсті, ойға [ойына] түсті, ой түсті, оқуға түсті, ортасына түсті, отқа түсті, сабасына түсті, сарапқа түсті, сараңға түсті, сәті түсті, сергелдеңге түсті, сұлқ түсті, тозаққа түсті, торға түсті, төмен түсті, тұзаққа түсті, т.б.
Жоғарыда айттық, біздің жеке тұлғаның (Мұқағали тілінің) сөздігін жасау нұсқаулығымыз бойынша мұндай тұрақты тіркестер бірінші сөз бойынша сөздіктің әр жеріне (әр сөзге) беріледі. Солай бола тұрса да Мұқағали тілінде қандай және қанша тұрақты тіркес бар екендігі дәл және анық көрініс табады. Ал фразеологиялық тіркестерді «Абай тілі сөздігіндегідей» немесе көптомды түсіндірме сөздіктердегідей әр сөзі бойынша қайталап ала беретін болсақ, біріншіден, олардың саны шамадан тыс көбейіп кетеді, екіншіден, осыған байланысты толып жатқан басқа да кемшіліктерге бой алдыруымыз ғажап емес.
– Сонымен, Мұқағали тілінде қанша фразеологиялық тұрақты тіркестер бар екен?
– Нақты санын айтсам, ақын тілінде 5.035 тұрақты тіркес қамтылыпты. Бұл, әрине, бір ғана ақын үшін аз байлық емес.
Бір айта кететін нәрсе, 15 томдық ҚӘТС-тің жасалуы нәтижесінде «онда 57.856 фразеологиялық тіркес қамтылды» деп көрсетілген (15-ші томның 819-бетіне қараңыз). Академик І.Кеңесбаевтың атақты «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіндегі» тұрақты тіркестердің жалпы саны 10 мыңнан сәл ғана асады. Сонда 15 томдықтағы 58 мыңға жуық тұрақты тіркестер қайдан шықты?!
Оның жауабы біреу-ақ. Қазақ тілінде осыншама көп фразеологиялық тұрақты тіркестер жоқ. Ол – сөздікшілердің фразео­ло­гиялық тұрақты тіркестерді синтаксистік қатынаста тұрған еркін тіркестерінен ажырата білмегендіктерінен және күрделі сөздер мен фразеологиялық тұрақты тіркестерді құрамында қанша сөз болса, оларды сонша жерге (2, 3 кейде 4 жерге) қайталап ала бергендіктерінен шықты.
– Олай болса, фразеологиялық тұрақты тіркестерді сөздіктерге бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алғанның ғылыми мән-маңызы өте зор болды ғой?
– Әрине, өте зор. Егер солай етсек, мейлі Мұқағали тіліндегі фразеологизмдер болсын, мейлі қазақ тіліндегі фразео­логиялық тұрақты тіркестер болсын, олардың жалпы саны нақты анықталады.
– Сөз мағыналары мен тұрақты тіркес мағы­наларын ашуда басқа сөздікшілерден сіз­дердің қандай айырмашылықтарыңыз бар?
– Біз Мұқағали шығармаларындағы сөздер мен тұрақты тіркестердің мағыналарына құнттылықпен қарап, олардың дұрыс саралануына, мағыналардың бір-бірінен айырмашылықтары айқын көрініп тұруына мүмкіндігінше көңіл бөлуге тырыстық. Соған қарамастан сөздігіміз көпшіліктің қолына тигелі, ауызша болса да, кейбір мамандарымыз МТС-тегі мағыналарды 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі» мағыналармен салыстыра келіп, «МТС-тегі сөз мағыналары жұтаң (аз) әрі оларға берілген анықтамалар өте қысқа екен» деген пікір айтты.
Біздің сөздігіміздегі сөз мағыналары­ның саны аталған сөздікпен салыстырғанда аздап жұтаңдау екендігі рас. Бірақ сын айтушылар бір нәрсені ескермей отыр. Ол – жалпы халық тілінің сөз байлығы мен бір ғана жеке тұлғаның сөз байлығын (сөз мағыналары да тіл байлығына жатады – Б.Қ.) бір-бірімен салыстыруға болмайды. Өйткені «ҚӘТС» сияқты көп томды түсіндірме сөздіктерде қазақ халқының бұрыңғы-соңғы барлық тіл білгірлерінің қолданған күллі сөздері мен тұрақты тіркестері және олардың мағыналары түгел қамтылады. Ал жеке тұлғаның сөздіктерінде тек бір ғана, яғни төлие (автор) қолданған тілдік бірліктер мен мағыналар ғана қамтылады. Олай болса, жалпы халық тілінің байлығына қарағанда жеке тұлғаның тіл байлығының «жұтаңдау» болуы заңды.
МТС-тегі сөз мағыналары «қысқа» деушілерге айтар тағы бір уәжіміз бар. Ол: Мұқағали шығармаларында, барлық басқа да ақын-жазушыларымыздың шығармаларындағы сияқты, әдеби тілдің сөздерімен бірге онда ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер мен жергілікті сөздер, шет тілі сөздері мен авторлық қолданыстар (бірқолданым сөздер), лексикалық варианттар (қонақ ~ мейман, көрші ~ қошына, т.б.) мен синоним сөздер көптеп ұшырасады.
Сөздігімізде мұндайлардың негізгі бір сыңарына, айталық, әдеби сыңарына немесе оның бастысына толық әрі жан-жақты сипаттамалы анықтама бергеннен кейін, қалған сыңарларына дәл әлгіндей толық анықтама беріп жатуды артық санадық. Оның үстіне жарыспалы сыңарлардың әрқайсысына толық әрі жан-жақты анықтама берген болсақ, мұнымыз стильдік тұрғыдан да дұрыс болмаған болар еді. Сонымен бірге егер олай етсек, сөздігіміздің онсыз да үлкен көлемі шектен тыс ұлғайып кеткен болар еді. Осы жайларды ескере келіп, біз жарыспалы сыңарлардың әдеби сыңарларын түрлі стильдік белгілер қою арқылы оларды әдеби сыңарларына сілтеп отырдық (Мыс.: Қаңырсы сөйл. Қаңсы) немесе теңдік белгісін қою арқылы олардың мағыналарының бірдей екендігін ұғындыруға тырыстық (Мыс., Қаңғы = қаңғыр, Пенен = пен т.б.).
Мәселен, біз мақтан сөзіне (бұл сөз Мұқағалида 33 рет қолданыпты) «Өз жетістігін асыра айтып марқаю, өзін-өзі дәріптеу» деген тәрізді сипаттамалы анықтама бергеннен кейін, ол сөздің ауыспалы, бейнелі мағыналарда қолданылатын бөс (10 рет), лепір (5), көпір (2) сыңарларына да дәл сондай толық анықтама беріп жатудың еш қажеті жоқ деп ойлаймыз. Тәңір (92 рет), құдай (85), құдірет (69), ием (45), алла (41), жаратқан (15), жасаған (6), жаратушы (5), тағала (1) сөздерінің мән-мағыналары да дәл осылардай.
– Сөздіктің соңына қарай бір топ «Қо­сым­шалар» беріпсіздер. Бұл қосым­шаларда не сыр бар? Олардың қажеттілігі неден туындады?
– Қосымшаларда 15 түрлі кесте бар. Ол кестелерде қазақ тіліндегі барлық жалғаулар мен шылаулар және есімдіктер жеке-жеке алынып, Мұқағали шығармаларында олар қанша рет қайталанып қолданғандығының сандық көрсеткіштері берілген. Көп қолданылатын сөздердің басым көпшілігі есімдіктер мен шылаулар және етістіктер (әсіресе көмекші етістіктер) болып шықты.
«Қосымшаларда» бұлардың жиілік саны көрсетілген басқа да кестелер берілген. Сондықтан оларды қайталап жатпай-ақ, осы жерде біз жиі қолданылған етістіктер туралы аздаған мәлімет бере кетелік: Мыс.: бол (2320+1), тұр (1713+20), ал (1705+96), кел (1585+5), кет (1061+11), бер (978+8), көр (926+16), қал (904+26), жүр (787+30), біл (758+10), жат (501+7) т.б. Осылардағы жақша ішінде тұрған бірінші цифрлар – қайталанып қолданылған сөздердің санын, екінші тұрған цифрлар – қайталанып қолданылған тұрақты тіркестердің санын көрсетеді. Жеке тұлға тілінің сөздігін жасау үстінде бізге қиындық келтіргендер – карточке саны көп осындай сөздер болды (Олардың қандай қиындықтар екендігі жоғарыда айтылды).
Тағы бір айтарымыз, жай қарағанда елеусіз көрінгенімен МТС-тің «Қосым­шалар» бөлімінде қомақты қазына жатыр. Онда қазақ тілі грамматикасындағы түрлену формаларының: яғни көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары мен көсемше, есімше, рай, шақ жұрнақтарының және есімдіктер мен шылаулардың Мұқағали шығармаларында қанша рет қайталанып қолданғандығын көрсететін кестелер (ондай кестелердің жалпы саны – 15), сондай-ақ Мұқағали шығармаларында кездесетін кісі есімдері мен жер-су, қала атауларының, сондай-ақ қате жазылған сөздердің тізімі де берілген.
Сөздердің бұлар сияқты түрлену формалары (грамматикалық тұлғалары) «Абай тілі сөздігінде» де алынған. Онда атау сөздер мен тұрақты тіркестерге анықтама беріліп, мысалдар келтіргеннен кейін іле-шала әлгі сөздің (айталық «мал» сөзінің) түрлену формалары: мал, малға, малда, малдан, малды, малы, малым, малын, малына, малының, малыңды деп, жеке-жеке алынып, бұл формалардың Абай шығармаларында қанша рет қайталанып қолданғандығы және олардың қай томның қай бетінде кездесетіндігі тізіліп көрсетілген.
Сөздердің түрлену формаларын МТС-ке біз де алдық. Бірақ біз оларды «АТС»- тегідей әр атау сөз сайын емес, Мұқағали шығармаларының барлық 5 томы бойын­ша түгелдей есептеп (санап) алып, алынған нәтижелерді тақырып-тақырып бойынша жасалған кестелерге сыйдырып, бір-ақ жерге топтап бердік. Сөйттік те, ол грамматикалық формалардың әрқайсысының тұсына олардың қанша рет қайталанып қолданылған санын (бетін емес) көрсетіп отырдық.
Бұлай еткен себебіміз: сөздердің түрлену формаларын әр атау сөз сайын жеке-жеке көрсетіп отыру оқырманға да, қазақ тіл біліміне де еш нәрсе бермейді. Ал егер оларды жинақтап, тақырып-тақырыпқа бөліп, Мұқағали шығармаларындағы қолданыс жиілігінің жалпы санын кесте түрінде көрсетсек, соның нәтижесінде грамматикалық формалардың ақын тілінде қайсысы көп, қайсысы аз қолданылғандығы белгілі болады. Соған орай, грамматикалық формалардың Мұқағали тілінде атқаратын қызметтері де нақтылы айқындалады.
«Қосымшалардағы» көрсетілген кестелердің нәтижелерін кейінгі ұрпақ келешекте салыстыра жатар. Ал қазір олардың кейбіреулерін өзім жол-жөнекей салыстырып көріп едім, есімдіктердің ішінде жіктеу есімдіктері мен өздік есімдіктерінің 1-ші жақ тұлғалары, жіктік жалғауларының ішінде мейлі жекеше болсын, мейлі көпше болсын, олардың да 1-ші жақ тұлғалары, ал септік жалғауларының ішінде ілік септік тұлғаларының басқа тұлғаларға қарағанда жиі(рек) қолданылатындығы байқалды. Бұл жерде ақын Мұқағалидың өзіндік «мені» үстемдік құрып тұрғандығы сезіледі. Өйткені барлық ақындар өз атынан, 1-ші жақта сөйлейтіндігі белгілі.
– Сөздікті жасап біттіңіздер. Ол басылып шықты. Нәтижесінде қандай табыстарға қол жеткіздіңіздер?
– Сөздік жасаудың нәтижесінде Мұқағали ақын өз шығармаларында 13.348 сөз, 5.035 тұрақты тіркес қолданып, оларды 21.453 мағынада жұмсағандығы анықталды. Осы үшеуін қоссақ, Мұқағалидың тіл байлығы 39.836 тілдік бірлік болып шығады. Олардың қандай сөз, қандай тұрақты тіркес, қандай мағыналар екенін оқырман қауымның өздері-ақ сөздіктен тауып, біле алады. Бұл тұрғыдан біз өз міндетімізді абыроймен орындап шықтық деп ойлаймыз.
Сұхбат соңында айта кететін бір ауыз сөзім бар: Ақын тілінің сөздігін жасау – әрі мән-маңызы зор, әрі қиын жұмыс. Сол арқылы біз Мұқағали тілін зерттеуге жол аштық және ақынның әдеби тілге қосқан өзіндік үлесін айқындадық. Ендігі кезек – кейінгі ұрпақ жастардікі. Олар осы сөздікті пайдалана отырып, Мұқағали тілінің байлығын жан-жақты зерттеп шығуларына әбден болады.

Сұхбаттасқан
Жанарбек ӘШІМЖАН

Тегтер: қазақ тілі, тіл-қазына, әліпби, латын әліпбиі, латиница,
Авторы: anatili.kazgazeta.kz

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

31

ақпарат

Бір өзінде қос пайғамбар аты бар

41

ақпарат

Қоғамдық дәрістер өтті

42

ақпарат

Бір күндік жалақысын аударды