Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Жазбаша сөйлеу дағдыларын жетілдіру әдістері: шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру

28.12.2018 244

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу біткеннің бəрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның бəрі де нəрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нəрсенің атымен, бернесімен ғана айналыстырып үйретеді. Бəрі де істің əдісін үйретпей, тек мəнісін үйретеді. Сондықтан оқу мектептерінен шыққандарда мəніс білім мол болғанмен, əдіс білім аз болады. Əдіссіз тек мəніс білімі – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде білмек» [1] деп, білім беру ісіндегі әдіс-тәсілдің орнына үлкен мән берген.

Зерттеушілер оқыту әдістерінің санын әртүрлі көрсеткенмен [2; 3; 4], барлығының пікірі оқу мақсаттарын айқындаудың Блум таксономиясына (білім, түсіну, қолдану, талдау, синтездеу, бағалау) негізделген. Қазір тіл үйретуде оқушылардың алған білімдерін қоғамдық-әлеуметтік өмірдің түрлі саласындағы қарым-қатынаста (тұрмыста, ұжымда, еңбек орнында) тиімді пайдалана алуға дағдыландыру алдыңғы орынға шығып отырғандығы белгілі. Тіл үйрету кезінде оқу әрекеттерін ұйымдастырудың қай-қайсысы да маңызды және бір-бірімен тығыз байланыста қолдануға тырысқанымызбен, бір сабақ үстінде бір материал негізінде оқу әрекеттерінің төрт түрін қатар қолдануға мүмкіндік болмай жатады. Бұл мақаламызда жазылым дағдыларына машықтандыру кезінде тіл үйренушілердің оқылым, айтылым, тыңдалым машықтарын қатар дамытуға бағытталған тәжірибемізбен бөліскіміз келеді.

Жазу – жалпы қолөнер шығармасы, сәулет немесе сурет өнері сияқты бірдеңені құрастыруға, жасап шығаруға бағытталған шығармашылық әрекет, ол оны орындаған адамда белгілі дәрежеде жасампаздық сезімін тудырады, адам өзін үй құрастырғандай, сурет салғандай, мүсін жасағандай сезінеді сондықтан сабақтарда, әсіресе, тіл сабақтарында орындалатын жазу жұмыстары да тіл үйренушілердің сабақ материалын қаншалықты игергендігін, қандай білік-дағдылары қалыптасқандығын, олардың белсенділігін, өзіндік ойлау дәрежелерін, шығармашылығын көрсетеді. Білім алушыны жазуға, өз ойын жазбаша беруге үйрету болашақ маманның кәсіби біліктіліктерін қалыптастырудың негізін құрайды. Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді үйрену барысында оның зат пен құбылысты, үрдіс пен нәтижені, сұрақ пен мәселені сипаттап және түсіндіріп қана қоймай, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырату, болашағын жорамалдау, құрамдас бөліктерге бөлу мен себеп-салдарын анықтау, шешу жолдарын табу, шешудің тиімділігін көрсете алуға дағдылануымен байланысты. Осы аталған машықтардың қалыптасуында жазба жұмыстарының рөлі зор, сондықтан оқу әрекетінің осы түрін оқытуға байланысты әдіс-тәсілдерді теориялық, практикалық тұрғыдан зерттеу өзекті болып табылады.

Л.С.Выготский ауызша сөйлеуді нақтылығына байланысты сөйлеу арифметикасы десе, жазбаша сөйлеуді абстрактілігіне қарай сөйлеу алгебрасы ретінде атайды [5, 169]. Зерттеуші Р.Шаханованың жаттығу жұмыстары туралы пікірін жалпы жазба жұмыстарына қатысты қолдануға болады [6, 20-21]. Жазбаша сөйлеуді үйрету үшін жазбаша сөйлеудің стильдері мен жанрлары және олардың тілдік құралдары туралы білетіндерін естеріне түсірту қажет, әдетте, мектеп, жоғары оқу орны бағдарламасын орташа игерген адамда да қолданбалы стильдер мен олардың жанрлары туралы түсініктері болады. Сөйлеу стилі түрлі сөйлеу тәжірибесінде қандай да бір ойды, идеяны білдіру үшін тілдік құралдарды қолдану тәсілдерінің жиынтығы ретінде анықталатыны белгілі. Сөйлеудің стильдік бояуына оның материалды түрде жүзеге асырылу формасы да әсер етеді, біздің жағдайымызда бұл – жазу әрекеті.

Жазбаша сөйлеуді үйретуге қатысты түрлі көзқарастармен қатар, тілдерді оқытып-үйретудің қазіргі әдістемесінде жазбаша сөйлеуді үйретуде қолданылатын әдіс-тәсілдер турасындағы пікірлер де әртүрлі. Е.Н.Соловова жазбаша сөйлеуді үйрету әдістерінің директивті, лингвистикалық және әрекеттік сияқты түрлерін көрсетеді [7]. Жазылған жұмыстың грамматикалық тұрғыдан сауаттылығы директивті әдістің мақсаты болып саналады, мазмұндық жағына баса назар аударылмайды. Лингвистикалық әдісте жаттығу жұмыстарына көп уақыт бөлінеді. Осылардың ішінде қызығушылық тудыратыны – шығармашылық үдеріс ретінде қарастырылатын әрекеттік немесе мазмұндық әдіс, бұл кезде білім алушы өз ойын жазбаша құруға ұмтылады. Бұл үдеріс жазбаша сөйлеуді үйретуді тұлғалық-әрекеттік тұрғыдан ұйымдастыруды көздейді. Бұл ретте оқытушының рөлі білім алушыларды шығармашылық жұмысқа ынталандырудан, жазбаша мәтін құрудың түрлерін үйретуден көрінеді. Шығармашылық жазба жұмыс тіл үйренушілердің осы кезге дейін меңгерген лексикалық және грамматикалық дағдыларын пайдалануына, өзіндік даралығын көрсетуіне, ұлттық ерекшеліктерді, мәдениетаралық айырмашылықтарды түсінуіне көмектеседі [8, 131]. Осылайша, тіл үйренуші белгілі дәрежеде түрлі формадағы (сипаттау, диалог, монолог т.б.) жазбаша көркем мәтін құрастырып шығарады. Қазақ тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлы мәтінді шығарма сөз деп атап: «Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады» деп жазады. Ғалымның мәтіннің тақырыптан, ал мәтін мазмұнының үш мүшеден, яғни аңдату, мазмұндау, қорытудан тұратынын көрсетуінен қазір қазақстандық білім беру ісінде кең қолданылып жүрген жазбаша жұмыс – эссе құрылымын байқаймыз [9, 345]. Қ.Жұбанов та жазбаша мәтінге үлкен мән береді. Тілші ауызша сөйлеудің ерекшеліктерін айта келіп, «... Жазулы сөзде бұл кемшіліктердің бірі де жоқ. Кітаптың сөзі қисық болсын, дұрыс болсын, қалай жазылған болса, солай оқылады, қалай оқылса, солай түсініледі немесе түсініксіз күйімен қалып қояды... сондықтан, әсіресе, жазылатын сөздің қалай құру тетігін білу өте қажет» деп жазады [10, 148]. Белгілі орыс ғалымы Н.М.Шанский оқыту үдерісінде көркем мәтінді пайдаланудың білімдік және тәрбиелік мәнін атап көрсетеді. Ғалымның айтуынша, көркем мәтін объективті ақпараттың тасымалдаушысы және дереккөзі (кең мағынадағы мәдениет айнасы) ғана емес, нақты тілдік, интерлингвистикалық ақпаратты тасымалдаушы және дереккөзі, яғни ұлттық мәдениетті бейнелеудің және тіркеудің тілдік формасы [11]. Қазақстандық ғалым Р.Шаханова мәтін бойынша жұмыстардың сұрақ-жауап құрастыру, мағыналық жақтан бөліп, оларға тақырып қою, жоспар құру, мәтінді толықтыру, жалғастыру, аяқтау сияқты түрлерін көрсетеді [6, 33].

Әдіс

Жалпы, жазбаша сөйлеу және жазу ұғымдары өзара ажыратылатындығы белгілі. Тіл білімінде жазу ретінде тілді графикалық таңбалар көмегімен беру түсініледі. Жазбаша сөйлеу ретінде сөйлеудің кітаби стилі, ойды графикалық түрде беру танылады.

Жазу техникасы мен орфографияны жетілдіру үшін жазбаша жұмыстардың есту диктанты, көру диктанты, көру-есту диктанты, өзіндік диктант сияқты түрлері қолданылады. Тәжірибемізде өзіндік диктантты жиі қолданамыз, яғни тіл үйренушілер алдын ала жаттап келген мәтінді немесе өлең шумақтарын жатқа жазады. Бұл кезде диктанттың басқа түрлері сияқты орфография мен пунктуацияға басты назар аударылады.

Осы мақалада жұптық/ұжымдық диктант түрін қолдану тәжірибемізді көрсеткіміз келеді. Жұптық/ұжымдық диктант жаздырудың формасы мынадай: екі адамға немесе шағын топқа қандай да бір әңгімені бейнелейтін суреттер ретсіз түрде беріледі. Тыңдаушының міндеті – суреттерді ретімен орналастырып, әңгіме жазу және оны жолдасына есту диктанты ретінде жаздырту. Осы жұмыс түрін сәл өзгертіп қолдандық.

Қазақстанның телеарналарында жиі көрсетіліп жүрген «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» тақырыбындағы 3-4 минуттық бес шағын фильм аудиторияда орындалатын жұмыстардың материалы ретінде пайдаланылды (https://kaztube.kz/video/74029). Бұл фильмдер Қазақстан тарихында болған халықтар достығын, ел бірлігін, түрлі ұлттардың ынтымақтастығын, қазақ халқының бауырмалдығын, өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға деген ризашылығын көрсететін шағын көркем сюжеттерге құрылған. Оқиғалар сталиндік саясат кезінде басқа ұлттарды Қазақстанға жер аудару, репрессия жылдары, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қиын кезеңдер турасында түсірілген.

Тыңдаушылар жұптарға бөлінді (қазақша айтарлықтай жақсы білетін және нашар сөйлейтін немесе жазатын адам бір жұп болады). 20 минут уақыт ішінде фильмнің сюжеті бойынша екеуі жұптасып әңгіме құрастыру тапсырмасы берілді (70-80 сөз). Әңгіме құрастыру кезінде жазба жұмыс формасын (әңгіме, диалог, сипаттау, мазмұндау т.б.) өздеріне таңдау ұсынылды. Тапсырма орындалғаннан кейін ойын жақсы жаза білетін, жеткізе білетін тыңдаушы жұптасып құраған мәтінін келесі жұптың нашар жазатын тыңдаушысына дауыстап оқып, диктант түрінде жаздыртты. Кейін бір-бірінің жұмыстарын тексеріп, бағасын қойды (бағалау өлшемдері алдын ала келісілгені немесе берілгені дұрыс).

Нәтиже

Тапсырманың бірінші бөлігі орындалған соң, мынадай нәтижелер алынды. Қазақ тілінде сөйлейтін, ойын ауызша жақсы жеткізетін тыңдаушы пен біршама жақсы сөйлегенмен, нашар жазатын тыңдаушыдан құралған жұптар сабақ барысында мынадай мәтіндер құрастырып шықты. Мәтіндер іріктеліп, авторлардың стилі сақталып беріліп отыр.

Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр.

Соғыс

1942 жыл. Ленинград майданы.

Кеудесінен жаралған Иванды Жанболат иесіз қалған үйге сүйреп әкеледі. Сол жерде олар неміс қуғынынан жасырынады.

  • - Соғыс біткесін біздің үйге барамыз. Біздің жер әдемі, таулар бар... Менің отбасым үлкен: әкем, анам және 5 апам, - дейді Жанболат.
  • - Менде ешкім жоқ. Мен жетіммін, - деп жауап береді Иван.

Жігіттер армандап жатқан кезде неміс әскерлері оларды аңдаусыз үстінен шығып, ата бастайды. Сол кезде көп ойламай, Жанболат майдандас жолдасын өз денесімен ерлікпен жауып қалады.

1945 жыл. Алматы облысы.

Иван майдандас жолдасының ауылына барып, анасына келеді. Анасы сөзсіз түсініп, Иванды құшақтап алады.

1942 жылы. Қыс. Ленинград майданы. Фонында мылтықтың атылған дауысы естіледі. Бір қазақ сарбаз, аты Мақсат жарақат алған жауынгер жолдасы Николайды арқалап қауіпсіз бір үйге әкеледі. Сонда оған жорық құтысынан су ішкізіп, сөйлей бастайды.

Мақсат: Соғыс біткенде үйге қайтамыз. Табиғатымыз тамаша!.. Таулар... Үлкен отбасым бар. Әкем, апам және бес карындасым.

Николай: Ал менің ешкімім жоқ. Балалар үйінен шыққанмын.

Мақсат: (бірдеңені естіп) Тыныш!

Мақсат терезе алдына келгенде екі фашист сарбазды көреді. Олар бірден автоматтан ата бастайды. Мақсат тезірек Николайдың жанына барып, оған «Қаш!» деп айғайлайды.

Мақсат: Бәрі жақсы болады. Соғыс та бітеді. Бәрі жақсы болады.

Осы сөзімен қолына қару алып, жауға атады. Алайда неміс сарбазы бөлмесіне граната лақтырады. Оны көріп, Мақсат лезде Николайды өз кеудесімен жабады. Граната жарылады.

1945 жылы. Алматы облысы. Көктем басы. Күн ашық.

Николай көліктен түсіп, қазақ ауылына барады. Далада балалар ойнап жүр. Бір кішкентай қыз оның қолын алып, жол көрсетеді.

Николай: Таскен апа!

Мақсаттың анасы от жағып отыр. Атын естігенде, орнынан тұрып, Николайдың бетіне қарайды. Үндемей кұшақтап қатты қысады.

Бір xалық. Бір ел. Бір тағдыр."ОСӘАЛ"

1948 жыл, қар жаңа жауған кез. Отанын сатқандардың әйелдерін "ОСӘАЛ" лагеріне әкелген. Сол лагерьде Нелли Зилькевич деген әйел болған. Бір күні Нелли Зилькевичті жауап алуға шақырды.

Лейтенант:

- Жұбайыңызға кешке қарай кім келді?- деп сұрады.

Нелли:

- Есімде жоқ, - деп айтты.

Лейтенант:

- Олар Кеңес Үкіметіне қарсы әңгімелер айтты ма?

Нелли:

- Есімде жоқ, - деп айтты.

Лейтенант:

- Айт!- деп айғайлады.

Нелли:

- Есімде жоқ, - деп жауап берді.

Таңертең лагерьдегі әйелдерді қамыс жинауға апарды. Қамысты жинап жатқан кезде қазақ балалары көмектесу үшін оларға құрт лақтырды. Басында Неллиға тас сияқты көрінеді. Лагерьдегі бір әйел бұл құрт екенін айтады.

Бұл оқиға қазақ xалқы қиын жағдайда әркімге шамасы келгенше көмектескенін көрсетеді.

«ОСАӘЛ»

1941 жыл. Қыс түскеніне ұзақ болған жоқ. Күйеуі қамалған әйел қараңғы үйде отырған. Біреу есікті қағып әйелді қамауға алып кетеді. Одан түрменің бастығы ұрып, жауап алады, кейін оны суық лагерьге әкеліп тастайды. Ол жерде көптеген қайраткерлердің әйелдері бар. Осы әйелдерге ауыр жұмыс істетіп қояды. Осылай Ақмола обласында «Отаның сатқандардың Ақмоладағы әйелдер лагері» пайда болады.

Қазақ даласындағы жұмыс істеп жатқан әйелдерді көрген кішкентай ауылдағы балалар оларға жаны ашып, қолдарындағы сүттен жасалған құрттарды лақтырады. Өмірден түңілген әйелдер тағдырына ренжіп, тіпті кішкентай балалардың өздері оларды жек көреді деп ойлайды. Кейіннен жұмысшылардың ішінен бір орыс әйел құртты иіскеп, оның сүттен жасалғанын түсінеді. Оны жей бастайды. Соңында әйелдердін бәрі кішкентай қазақ балалардың жақсылығын түсініп, оларға ризашылығын білдіреді.

Ойталқы

Мысалдардан көрініп тұрғанындай, тыңдаушылар көрген фильмдерін жазбаша түрде беруде шығармашылықпен жұмыс жасағандары байқалады. Кейбір жұптар фильм сюжетін сипаттама әңгіме түрінде құраса, кейбір жұптар драматургия жанрына ұқсас туындылар жазған.

В1 деңгейі үшін фильм емес, суреттер қолдануға, тұтас әңгіме емес, аңдатпа жазу, сюжеттің жоспарын ғана құру, соны диктант ретінде жаздырту ретінде оңайлатып беруге болады. В2 деңгей үшін берілген сюжеттің басын немесе қалай аяқталатынын өз фантазияларымен жазуды ұсынуға болады.

Осылайша, бір материал негізінде оқыту әрекеттерінің барлық түрін (тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) қолдануға мүмкіндік туады. Тыңдаушылардың бәрі сабаққа қатысуға мәжбүр болады, біреуі ауызша айтса, екіншісі жазбаша құрастырады, бірі тыңдаса, екіншісі тыңдап, оны жазады.

Тіл үйрету әдістемесінде білім беру үдерісінде қарым-қатынас біржақты және көпжақты болуы мүмкін делінеді. Біржақты қарым-қатынас кезінде оқыту үдерісі оқытушы → оқушы түрінде ұйымдастырылады, яғни оқытушы сұрақ қояды, оқушыны жауап беруге итермелейді. Көпжақты қатынасқа келетін болсақ, бұл үдерісте, аудиториядағы жұмыс топтық және ұжымдық формада жүргізіледі, әрбір білім алушыға белгілі әрекеттің жеке-дара және толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндік беріледі.

Осы ретте біз жүргізген жұмыс кезінде де әр тыңдаушы жеке әлеуетін анық көрсете отырып, жолдасымен бірлесе әрекет етуге тырысқанын байқадық. Жұмыстың бұл түрі ақпарат, идея, білім алмасуға, ортақ жұмысқа өз үлесін қосуға, өз білгенін айтуға, өзгені тыңдауға, өзгенің қатесін көріп, өз кемшілігін түзетуге, осы арқылы тілді білу деңгейін өз бетінше арттыруға жағдай жасайды, осы арқылы танымдық әрекет бірлестік пен ынтымақтастықтың жоғары формаларына жетелейді, тыңдаушының тілдік құзыреттерін арттырады.

Қазіргі отандық әдістемеде күрделі қарым-қатынас актісі ретіндегі сабақ білім беру үдерісінің басты құрылымдық бірлігі болып саналады. Оның негізгі мақсаты мен мазмұны педагогикалық үдеріс субъектілері арасындағы әрекеттестік міндеттерін практикалық тұрғыдан шешуге бағытталады, ал осы мақсатқа жету мен мазмұнды игерудің басты жолы - күрделілігі әртүрлі коммуникативтік міндеттерді шешу. Тіл үйретудің мақсаты дәстүрлі ақпараттық-жинақтаушылықтан әлеуметтік-лингвистикалық құзыретке ауысқан бүгінгі күнде қазақ тілін оқыту курсының ересек тыңдаушысы білімді маман ғана емес, еліміздегі қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, қоғамдық-әлеуметтік сананы құраушы, қазақ тілінде қатысымдық біліктілігі дамыған, құндылық бағдары қалыптасқан дара тұлға ретінде көрінуі тиіс. Осы ретте қазіргі оқытушының алдына тіл үйренушінің қатысымдық құзыреттерін қалыптастыру міндеті қойылады. Бұл – күрделі жұмыс.

Біз сипаттап отырған жазбаша шығармашылық жұмыстарды бірлесе орындау бір сабақ үстінде жазылым, айтылым, оқылым, тыңдалым сияқты оқыту әрекеттерін бірге қолданумен қатар, тыңдаушының «басқа адамның рөлін алуға», жолдасын қарым-қатынас серіктесі ретінде қабылдауға, жағдаятты түрліше түсінуге, өз әрекеттерін өзгеге сәйкес құрастыруға дағдыландырады.

Мақаламен танысқан оқытушылар, әдіскерлер тіл үйрету кезінде тілдік біліммен қатар қазіргі әлеуметтік-экономикалық нарықтық қоғамда өз орнын таба алу, өзіне әлеуметтік жауапкершілікті алу, қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіну, шығармашылық іс-әрекет, стратегиялық шешімдер қабылдап, оларды жүзеге асыру қабілеттілігін құрайтын әлеуметтік құзыреттерін де қалыптастыруға бағытталған озық әдіс-тәсілдерді қолдану тәжірибесімен бөліседі деп күтеміз.

Пайдаланылған әдебиет тізімі

1 Байтұрсынұлы А. Баулу мектебі // https://adebiportal.kz/kz/news/view/910

2 https://murzim.ru/nauka/pedagogika/didaktika/26920

3http://megamozg.kz/index.php?page=view_mat&id=1476&partition= other&subpartition=articles_kazakh

4 Кочетова Л. А. Обучение студентов письменному информационному общению в свете межкультурных различий // Межкультурная коммуникация и СМИ: Материалы междунар. науч.-практ. конфер. 14 мая 2010 г. – Барнаул: Алт. гос. ун-т, 2010. – 210 с.

5 Выготский Л. С. Антология гуманной педагогики. – М.: Издат. Дом Шалвы Амонашвили, 1996. – 222 с.

6 Шаханова Р.Ә. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. П.ғ.д.дисс. автореф. – Алматы, 2002, – 33 бет.

7 Соловова Е. Н. Методика обучения иностранным языкам: базовый курс лекций. М.: Просвещение, 2002. – 104 с.

8 Вторушина Н. Ю. Письмо и письменная речь в обучении иностранному языку // Альманах современной науки и образования. — Тамбов: Грамота, 2010, № 1(32). В 2 ч. Ч. 2. – 156 с.

9Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. – Алматы, 1998, – 362 б.

10 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. –360 б.

11 Шанский Н.М. Язык и речь // Что значить знать язык и владеть им. –Ленинград, 1989. – 192 с.

Тегтер: қазақ, тіл, әдіс, Тіл-Қазына, Астана
Авторы: Сапина С.М. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме бөлімінің басшысы филол.ғыл.к.

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

40 0

ақпарат

Жаңа емле

46 0

ақпарат

Әліпби де, еміле-ереже де сараптаудан өте түсуі керек - Әлімхан Жүнісбек

65 0

ақпарат

Жаңа емле ережесі туралы бірер сөз