Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы өтті

Алматыда Әдебиетшілер үйінде «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиеті» тақырыбында Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы өтті.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 желтоқсан, 2018

Республика өңірлерінен жиналған қаламгер қауымы Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылап, ұлттық әдебиетіміздің алдында тұрған келелі міндеттерді ортаға салды.

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президент мақаласының мән-маңызы, құндылығы тұрғысында дәйекті дерекнамаларға негізделген баяндамасын оқыды. «Біз отаршылдықтың қиын-қыстауынан өткеннен кейін, өзіміздің тарихымызға өзіміз қолымыз жетпей зәру болып келген елміз. Қадыр Мырзалиев ағамыздың «Біздің тарих бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дейтін сөзінде үлкен шындық барын қайталап айтудан жалықпаймыз. Себебі, бізге өз тарихымызды оқытпай, өзімізден жасырып, басқа ұлттардың, өзге мемлекеттердің тарихын өз тарихымыздан гөрі жетік біліп келгеніміз жасырын емес» дей келіп, мақалада қозғалған мәселелерді орындауда жазушыларға артылатын жүктің салмағы жеңіл емес деп атап өтті. Осы бағытта бәрін зерделеу, жүзеге асыру жағы ойластырылуы керек. Мәселен, алдағы уақытта «Ұлы дала тұлғалары» сериасындағы кітаптар жазылады. Осы кезге дейін тарихи тақырыптарға Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Әнес Сарай, Қойшығара Салғарин, Қажығали Мұқаметқалиев, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбай, Смағұл Елубай, Тұрсынхан Зәкенұлы, т.б. қаламгерлеріміз қалам тербеп келсе, әлі де қаламы қолынан түспеген жазушылармен қатар әдебиетіміздің кейінгі буын өкілдеріне де кең тыныс ашылуда.

Одақ тарапынан қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Композиторлар одағымен бірлесіп «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын құрастыру жұмыстары қолға алынған. «Әдеби өлкетану» жобасы жалғасын тауып, фольклорға, ұлттық салт-санаға байланысты аңыз-ертегілерді жинастыратын экспедициялар жоспарланған. Қазірдің өзінде өңірлерге барып қайтқан жазушылар өнімді еңбек етуде.

Қоғамда үлкен серпіліс туғызған мақалаға орай жазушыларға көл-көсір тарихи тақырыптар ұсынылып отыр. Қаламдастарына қапы қалмай, қарекет етуді ұсынған Одақ басшысы осы мәселеде сергектік танытып, өз ой-пікірлерін, жоба-жоспарларын баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде жариялап отыру жайында ұсыныс білдірді.

Биылғы жылдың 9 айында Қазақстанның түкпір-түкпірінде 70-ке жуық салтанатты жиындар, мерейтойлар, еске алу, шығармашылық және авторлық кештер, оқырмандармен кездесулер өткізілген. Сонымен қатар халықаралық деңгейде Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткен «Ақ ордалы Астанам» халықаралық поэзия кеші мен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» Еуразиялық әдеби форумы сияқты екі ірі іс-шара өткізілгені белгілі. Жазушыларға арналған әдеби алаң еркін шығармашылықта пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге жасалған мол мүмкіндік болды. Мұның барлығы қазақ жазушыларының еңбектерін насихаттап, дәріптеуге бағытталып отыр. Ендігі кезекте Жазушылар одағы заманауи кезеңнің жаңашыл талаптарын игеріп, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеріп, жас қаламгерлерді қолдау бағытында тың бастамаларды қолға алатын болады. Осы бағыттағы нақты жоспарлармен таныстырған Одақ басшысы алдағы жылы Жазушылар одағының әрі «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдығы тойланатындығы қаламгер қауымға тағы бір тың серпін беретін маңызды шаралардың бірі болатындығына сенім білдірді.

Пленум аясында төрағаның бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Одақ Жарғысына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер туралы, сондай-ақ алдағы жұмыс тәртібінің райынан хабардар етті. Жазушылар жиын соңында Президент мақаласына орай арнайы Үндеу қабылдап, онда еліміздің барлық аймақтарын қамтитын «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасын ұсынды. Аталған жоба шежірелі тарихымызды қайта сараптап, келер ұрпаққа мұра болар тарихи тақырыптарға арналған жаңа шығармалардың жазылуына ықпал етеді.

Одақ келешегіне әрі іскерлік жоспарларға үлкен үміт артқан қаламгерлер еркін ой алаңында өз пікірлерін білдіріп, ұлттық әдебиеттің жарқын болашағына сәттілік тілеумен тарқасты.



Баға беріңіз