Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақтың тарихы бір тал шашында, бір тамшы қанында жазулы тұр

21.12.2018 495
Оразақ СМАҒҰЛ – ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, антрополог ғалым. «Ол – мықты адам» деп бастасам, қазір мықты көп қой дерсіз. «Ғалым еді» дей бастасам, бұл да құлақ құрышын, көңіл тоятын қандыра қоймайды-ау. Өйткені Оразақ аға атқарған шаруаның ауқымы тым кең. Ол – антрополог. Қазақтың дархан даласы мен шет елдердің түкпір-түкпірін табанынан таусыла кезіп жүріп, саналы ғұмырын генетикалық-биологиялық зерттеуге жұмсаған. Нәтижесі де тәнті етерлік. Қазақтың тарихын төрт мың жыл кейінге созған. Қазақтың биологиялық қасиетін анықтап, оны ғылыми дәйектеп шығу үшін ерінбей еңбек қылған тұлға. Әңгімелесуіміз бір жарым сағатқа созылды. Көп дүние бұл сұхбатқа енбеді. Ары қарай да сөйлесе берер едік, тоқсанға таяп қалған ағамызды шаршатып алмауды да қаперге алдық.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Өткеннен тағылым алып, тарихымызды түгендеудің біз үшін дәл қазіргі сәттегі маңызы қандай?

– Үш ғасырдай Патша үкіметіне, одан соң Кеңес Одағына отар болдық. Осы 300 жылда елімізге қожа болғандардың, Мәскеуде отырып басқарғандардың ешбірі қазақтың тарихына жанашырлық танытқан жоқ. Тарихымыз әбден өгейсіді. Қазіргі тарихымыз да сол Кеңес дәуірінің сарынымен кетіп бара жатыр. Соны түзейтін, қайта қарайтын уақыт келді. Енді-енді бетбұрыстар жасалып жатыр. Біз сендердің жастарыңда Қазақ елі туралы, егемендігі жайлы, оның мұқтаждығы жайлы бір ауыз сөз естімедік. 1952 жылы қараша айында наразылық болды. Аты-жөні есімде жоқ, ЦК-да істейтін, өзі қазақ, бір философия ғылымдарының докторы: «Қазақтың жігіттері домбыраға әуестенбеуі керек. Егер мәдениетті, кәсіби музыкант болғыларың келсе, орыстың балалайкасын тартып үйреніңдер» деген. Солай деп айтқан дауысы әлі құлағымда. Ал қазір қалай? Елбасы Домбыра күнін белгілеп берген жоқ па?! Егер Кеңес Одағы әлі күнге салтанат құрып тұрған болса, онда бүгінгі қазақтарды антропологиялық тұрғыдан «сам – русский, глаза – узкий» деп айтушы едім. Яғни, физиологиясы ғана қалқиып қалады да, тілі мен мәдениеті жұтылады. Осыны ойлай келе, Елбасының мақаласын оқып отырып іші-бауырың елжірейді. Апырмай, қазаққа да осындай күн туады екен ғой деп. Италияға барғанымда бір ғалым маған айтып еді: «Сендерге егемендікті алақандарыңа бақ есебінде, нәзік зат есебінде қондырды» деп. Біз бақты маңдайға «қондырамыз» ғой. Ол «алақанға» деп айтып тұр. «Соны қатты ұстасаң сындырып аласың, бос ұстасаң, түсіріп аласың» деді. Қандай кең мағына? Сондықтан егемендік үшін сағат сайын, минут сайын күресу керек.

Аз уақыт бұрын студенттердің алдында дәріс оқыдым. Университетке бара жатқанда байқағаным – оқу орны ғимаратының жан-жағы толған бір тістеліп лақтырылған нан. Соны жастардың қаперіне салып қойдым. «Бауырларым, сендер тойып секіріп жүрсіңдер. Университеттің айналасында қаншама нан текке шашылып жатыр. Қазір сол нанды теріп, өңдеуден өткізіп жесем, арланбас едім. Маған бұл намыс емес. Себебі, өмірде көрген аштығым мен жалаңаштығым сендердің түстеріңе де кірмейді» деп айттым. Қазақтың биологиялық тарихымен айналысқаныма 50-60 жылдай уақыт болды. Өмір осымен өтті. Оған да тәуба…

Менің адам болуыма, маман болуыма Қаныш Сәтпаевтың тигізген әсері орасан. 1958 жылы жағдайымды айтып алдына бардым. «Антропологты еш жерде дайындамайды. Конкурстан өттім аспирантураға. Енді тақырыпқа байланысты экспедиция керек. Сол жөнінде келіп едім» дедім. «Сен дайындала бер. Бір жетіден кейін хабар береміз» деді академиктің өзі. Үш күннен кейін институт директоры шақырады. Барсам, Сәтпаеавтың атынан келген үш айлық экспедицияға шақырған телеграмманы беріп тұр. 12 мың рубль бөлінеді екен. Ол ақшаға төрт москвич, бір машина, төрт жұмысшы бөлген. Соның арқасында мен адам болдым, ғалым болдым. Сөйтіп жүріп қазақ халқының қырық ғасыр бойы қалыптасқан биологиялық тарихын зерттеп, кітап жаздым. Бұл – үлкен еңбек. Өкініштісі, ел-халқым әлі толық түсінбей жатыр. Білмеймін, сан ғасыр бойы өзгеге бодан болып қалған психологиясының кесірінен енжар, немқұрайлы болып қалған ба? Қарапайым ғана мысал, қазақ пен түріктің жұмысшыларын салыстырып қараңызшы. Түрік пен қазақтың психологиясының айырмашылығы жер мен көктей ғой. Олар аштықты, қиындықты, соғысты көрді. Бірақ ешбір елге бодан болған жоқ. Ал біз үш ғасыр бойы тәуелді болып келдік. Кезінде Колбиннің «Біз орталыққа 95 пайыз берешекпіз» дегені бар еді. Сонда ойланамын «үш ғасыр бойы борышынан құтыла алмайтындай орыс қазақ халқына не жақсылық жасап қойды?» деп. Сондықтан жастардың қазіргі басты міндеті – тарихты білу, тарихтан өнеге алу және білімді болу. Екі алып мемлекеттің ортасында отырмыз. Еуропа мен Азия да мықты дамып жатыр. Ертеңгі күні білім мен еңбек тұрғысынан таязданып, екі көршімізден бір сүйем кем болайықшы, басымызға мініп алады. Баяғы күн қайтадан тумас үшін, қазіргі жас ұрпақ сапалы білім алып, сол білімін таза әрекетке, нәтижеге жұмсай білуі керек.

Елбасы тарихшыларға, мамандарға арнап тікелей дайын бағдарлама жазып берді. Осы күнге дейін осы мәселелерді біреу жүйелеп, жоспарлап қолға алды ма? Айтты ма? Жоқ. Ендігі мәселе – осы айтылған шаруалардың дұрыс жүзеге асуы. Басы бар, аяғы жоқ дүниеге айналып кетпесе екен деп алаңдаймын. Қазақтың тарихы бір тал шашында, бір тамшы қанында жазулы тұр. Бізге мәдениет қайдан келді? Біреу әкеліп енгізіп берді ме, әлде бабалардан жалғасқан дәстүрдің ұштығы үзілмей, өз санамызды жаңғырттық па? Қаншама жылдан бері осы мәселемен бас ауыртып келе жатқан қазақпын.

– Ежелгі заманнан бері қазақ өзінің антропологиялық түр-сипатын қаншалықты сақтап қала алды?

– Бұдан 4000-5000 жыл бұрынғы бабалар антропологиясының үштен бірі осы күнге дейін жеткен. Ресейдің де, Қытайдың да айтқанына сенбеу керек. Нағыз шынайы фактілер менің қолымда. Бәрін кәсіби тұрғыда мұқият зерттедім. Қазақтардың тіс құрылыстары, қан айналым жүйесі, сүйегі, биологиясы жағынан ең жақын саналатын башқұрт, ноғай, қалмаққа да жақындамаймыз. Баяғыда шетелдік ғалымдар «физикалық тұрғыда қазақ деген халық жоқ» деп жазды. «Қазақ және ата» деген тақырыппен 400 беттік қолжазбам дайын тұр. Сонда «үшінші мыңжылдықтың басындағы қазақтың бейне ерекшелігін үшінші мыңжылдықтың аяғындағы ұрпақтарымыз танитын болады» деп жаздым. Егер біз 4000 жылда үштен бір үлесімізді сақтап қалсақ, онда келе жатқан мыңжылдықта қазіргі қалпымызды сақтағанда қандай! Бізде қазір білім де, өнер де, тіл де, намыс та бар. Ал төрт мың жылда біздің жерімізде не болмады дейсің. Соғыс та, ашаршылық та, қиспасыз қырылу да, атылу да болды.

– Жұмысыңыздың басым бөлігі қай аймақтарда жүзеге асты? Қандай тақырыптарды ең басты өзек етіп алдыңыз?

– Кандидаттық диссертациямды қорғағаннан кейін Ленинградтағы ұстаздарым, жетекшілерім дұрыс ақыл айтты маған. «Ресми атағыңды алдың. Сен біз сияқты пилоттық әдіспен жұмыс істеме. Тіс құрылысымен ғана шектеліп қалмай, қан жүйесін, алақан тері бедерлерін, қаңқа сүйектерді зертте. Қазіргі қазақтарды анықта. Мүмкін олардың антропологиялық-биологиялық мәртебесі жоқ шығар?» деді. Расымен, қазақ деген қырғыздың құйыршығы, қалмақтың бір бөлігі деген негізсіз әңгімелер өріп жүрді. «Осы әңгіменің растығын не анықтайсың, не болмаса олай емес екенін дәлелдейтін фактіні көрсетесің» деп айтты. Қан жүйесін зерттеген кезде дәм-сезу факторы, резус факторы деген көп мәселе алдан шығады. Солардың біреуінің реактивін Алматыдан алған жоқпын. Бәрін Мәскеуден алып берді. Осы еңбегімді атқару кезінде жетекшілерімнің ақылын 100 пайыз іске асырдым деп ойлаймын. Олар тірі болса, бұл еңбекке менен артық қуанар еді. Сол зерттеуімнің нәтижесі бойынша, қазақтың ешбір ұлтқа ұқсамайтын өзіндік биологиялық мәртебесі бар екен. Тіс құрылысына келгенде де өзіндік одонтологиялық (тісті зерттеу туралы ғылым) мәртебесі бар. Қан жүйесіне келгенде қазақ қалмақтарға жақындайды, бірақ кірігіп кетпеген. Алақан тері бедерлерін де терең зерттедік. Қазір менің алдыма әр ұлт өкілінен құралған 100 адамды тұрғызып қойса, алақанын ұстап-ақ қайсысы қазақ екенін айтып бере аламын.

Тарихымыз туралы айта бастағанда ары кетсе сақ пен ғұнға барып тірелеміз. Оның өзінде сақ пен скифті екі бөлек тайпа деп қарастырады. Скиф емес, шын мәнінде бұл гректің «скет» деген сөзі екен. Бұл туралы татар ғалымы Закиев, кейін мен де ол кісіге сілтеме жасап жаздым. Скет деген сөзді орыстар дұрыс аудармаған. Өз тілдеріне ыңғайлап скиф деп айтқан және солай таралып кете барған. Ал біздің ғалымдар болса скиф деген бір тайпа, сақ деген бір тайпа деп айтып жүр. Сосын скиф деген сөз «варвар» деген мағынаны білдіреді екен. Іссапармен Италияға бірнеше рет бардым. Сонда байқағаным, Италияның солтүстігінде «скиф» деген сөз – оңбаған, жағымсыз, жеккөрінішті деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бұл этникалық атаудан қазіргі ұрпақтың құтылатын уақыты жетті.

Шын мәнінде бастау бұлағымыз тым арыда жатыр. Қазақты қалыптастырған халықтар, тайпалар болған. Тек олар лайықты зерттелмей жатыр. Рас, қаншама археологиялық құндылықтар, алтын адамдар табылуда. Солардың бәрінде не табылғанын жазады, қай ғасырға жататынын жазады. Ал қазақ халқының тарихына қандай қатысы бар дегенге қатысты бір ауыз сөз жоқ. Мен сол табылып жатқан адам сүйектерінің қазаққа қандай қатысы бар, бабалары кім, соны айырып жүрмін. Әйтпесе, бұл зерттеудің неге қажеті бар? Бабаларымыз мықты болған, осыдан пәленбай ғасыр пайда болған деп айта береді. Ал мен сол адамдардың генетикасы, биологиясын індете зерттеп, осыдан 4 мың жыл бұрынғы қазақтың қазіргі заманға дейін үштен бір үлесінің сақталып қалғанын дәлелдеп бердім. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

– Ұлттың сапасына оның генетикалық, биологиялық сипаты қаншалықты әсер етеді?

– Үлкен әсер етеді. Генетикада әйелдердің гені x деп аталады, ал ерлердікі – y. Генетикалық тұрғыдан шежіре құсап y ғана қалады. Сондықтан еркектердің көп қырылуы халықтың генетикалық тұрғы­дан құлдырауына әкеліп соғады. Қазақ қанша соғысқа қатысты, сонау 37-жылдары атылды, асылды. Аштыққа ұшырады. Мұның бәрі қазақтың генетикалық күш-қарымын әлсірете түсті. Сондықтан бүгінгі қазақтың генетикалық негізі өте нәзік. Алла сақтасын, тағы бір нәубеттің қаупі төнер болса ұлтты жоғалтып алуымыз да мүмкін ғой. Сол себепті, халықтың жағдайын жасап, оның санын арттыруды көздеу керек.

Негізі қазақтың жер бетіндегі тарихын 5000 жылға дейін жеткізуге болушы еді. Алайда 5000 жыл бұрынғы уақытта өмір сүрген адамдардың сүйегін бір кездері Мәскеуге жіберген, ал Мәскеу сүйектің қайда кеткенін білмейді. Сондықтан амал жоқ 4000 жыл бұрынғы кезеңнен бастауға мәжбүрміз. Ол да аз емес қой. Әлемде еврейлер ғана жеті мың жылдық тарихымыз бар дейді. Бірақ олардың жеті мың жылдық тарихы ғылыми жолмен емес, дін жолымен дәлелденген. Авраамның, Моисейдің, Соломонның жазған тұжырымдамасы негізінде солай деп айтады. Мына тұрған Қытайдың өзі көне елміз дейді. Бірақ дәлелі жоқ. Талай мәрте Қытайда болдым. Мені көшпендінің тұқымы деп сынай қарағаны да бар. Бір барғанымда «Сендерге мен әлі де жауап беремін, менің бір сұрағым бар еді» деп. «Әрине, әрине» деді. Сосын айттым: «Осы иероглиф алғаш рет Қытайдың қай өңірінде пайда болды?» деп. Білмейді. Шын мәнінде Қытайдың солтүстігінде пайда болған. Себебі, солтүстік аймақта көшпенділердің керуен жолы болған екен. Яғни, көршілес халықтармен араласу барысында пайда болған. Тек қазіргі ғалымдар сол замандағы қарым-қатынастың ерекшелігін, әрқайсының маңыздылық үлесін аша алмайды. Егер Қытай шынымен көне ел болса, иероглиф неге елдің орталығында пайда болмайды? Жоқ, тұп-тура тас жолдың бойында шыққан. Дегенмен әшейінде «Қытай өркениетіне 5000 жыл. Біз бөлінбес, біртұтас елміз» деп жазады, айтады. Бұларда жеті диалекті бар. Сол жеті диалектінің өкілі Бейжіңде кездесе қалса, бір-бірін түсінбейді. Тек иероглиф арқылы ұғынысады. Кинотеатрда отырып, фильмдегі жазуды жетеуі жеті түрде оқиды. Сөйтіп жүріп, біртұтас елміз дейді. Негізінде біртұтас ел – қазақтар. Бізде диалекті жоқ. Сонымен қатар қазақтарды биологиялық ерекшелік тұрғысынан аймақтарға, өңірлерге бөлшектеуге болмайтынын жаздым. Әлемде мұндай халық жоқтың қасы. Бірақ соған ешкім мән бермейді.

– Қазақтың биологиялық-генетикалық ерекшелігі ары қарай қаншалықты сәтті жалғасын таппақ?

– 1977 жылы «Этнические генегеография Казахстана» деген кітап шығардым. Ғылым академиясынан 18 баспа табақ болып жарық көрді. Әлгінің ішінде қазақтарды жүзге, руға бөлдім. Ондағы мақсатым – қазақтың жүздерінде, руларында антропология-генетикалық тұрғыдан айырмашылық бар ма екен деген сауалға жауап табу. Материалдарды сол сауал негізінде жинаған едім. Бірақ бөле алмадым. Қазақ десең өзіңе тиеді, бір академиктер менің үстімнен ЦК-ға хат жазып, Имашев деген идеолог «Смағұловтың мына еңбегі партия саясатына қарсы. Оны жою керек» деген шешім шығарыпты. Сөйтіп, бұл кітап 1977 жылы тамыз айында өртеніп кетті. Мен өмірімде партияға мүше болмаған адаммын. Мамандығыма байланысты шет мемлекеттерде жиі жүретінмін. Сондағы маған жапқан жаласы – «Смағұлов партияда жоқ. Буржуазиялық идеологияға бас ұрған. Енді қазақтарды гендік деңгейде бөліп-жарып жатыр» деген сөз. Ал шын мәнінде еңбекте «қазақтарды жүзге бөлуге болмайды» деп жазулы тұр. Олар оны көрмейді. Тек бер жағын ғана оқиды. Қырық жыл өткеннен кейін әлгі еңбегім «Происхождение казахского народа» деген атаумен қайта шықты.

Жоғарыдан жаңағыдай зәбір көргеннен кейін маған ешкім жолаған жоқ. Кезінде «халық жауы» атанғандардың балалары оқуға, қызметке алынбаушы еді. Міне, сол тәсілді маған қолданды. Ізіме адам салып, түрмеге жабуға айналды. Сол кезде шетелдік радиолар мен туралы ақпарат таратып, араша түсті. Азаттық, BBC ақпарат құралдары қолдады. Сол сәл әсер етті, дегенмен қауіпсіздік қызметінің адамдары ізімнен қалған жоқ. Ешқайда шықпаймын, ешкіммен кездеспеймін. Бір жыл кітап, газет оқымай, радио тыңдамай, теледидар көрмей жүрдім. Біткен жерім осы шығар деп ойлағанмын. Кейін белгілі академиктер қолдап, жолым ашылып, 1984 жылы докторлықты сәтті қорғап шықтым.

Айнагүл деген қызымның дәрежесі жоқ. Бірақ орыс, ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Кәсібилігі, білімі менімен бірдей. Ол болмаса еңбектерімді жалғыз жаза алмаймын. Бұл – гуманитарлық сала емес, шынайылықты, фактіні талап ететін ғылым.

– Кәсіби қызметіңіз «тар жол, тайғақ кешумен» өріліпті ғой. Өткенге көз жүгіртсеңіз, есіңізге тағы не түсер еді?

– Құдайдың мені Сәтпаевқа кездестіргені қандай жақсы болған. Ол кісі сол кезде қолдау білдірмесе, қазақтың қырық ғасырлық тарихы бар екені ашылар ма еді, ашылмас па еді. Кім білген. Кеңес Одағы әлі дәурендеп тұрған болса олардың кемсітушілігінен мен баяғыда өліп қалған болар едім. Антрополог болу үшін есепке жүйрік болу керек. Тарихтың кез-келген жерінен сайрап тұруы керек. Мейлінше көп тіл білген де жақсы. Антропологиялық айырмашылықтар арқылы бір халықты жоғары, бір халықты төмен қоюға болмайды. Кәсіби адалдық, әділеттік болу керек. Шүкір, еңбектерім Жапония, Үндістан, Италия, Германия, АҚШ елдеріне кеңінен таралды. Шетелден талай хабарласып, ризашылығын білдірді. Ғұмырымда 60 мыңнан астам адамды алты бірдей бағдарламамен зерттедім. Сабылып шығысқа да, батысқа да бардым. Наймандар мен адайлардың да биологиясы, генетикасы бір-біріне қатты жақын болып шықты. Әріптестеріме, ұстаздарыма көрсетейін деп бұл нәтижені Мәскеуге алып бардым. Олар да тексерді. Мен оларға бұл сараптамалар – елдің батысы мен шығысындағы адам сүйектеріне жасалғанын айттым. «Ұшақпен ұшсаң екі араның қашықтығы – 3000 шақырымдай. Жермен тіпті ұзақ» дедім. «Қазақтар шынымен біртұтас ұлт екен» деп таңғалды олар да. Міне, біздің биология, генетика тұрғысынан бөлінбейтін, ғажап халық екенімізге дәлел.

– Қайбір жылдары Әйтеке бидің сүйегін зерттеуге кіріскен едіңіз. Ол шаруа аяғына әлі жетпеген сияқты?

– Иә, 2005 жылы қараша, желтоқсан айларында қызымыз екеуміз Нұратаға барып, Әйтеке бидің қабірін қазып, сүйегіне реконструкция жасадық. Сүйегін суретке түсіріп, өлшеп, тиісті зерттеу жасап, қайтадан орнына қойдық. Әрине, бұл мүмкіндікке қол жеткізудің өзі оңай болған жоқ. Жауапты татар жігіт екен. «Ешкім білмесін, әйтпесе ертең менің басым кетеді. Өзбектер жанымды қоймайды» деді ол. «Әрине, мен сені түсінемін» дедім. Сөйтіп, 200 доллар беріп, екі айға рұқсат алдым. Зерттеу еңбегі барысында барлық сүйегіне сараптама жасадық. Мүсіні қалпына келтірілді. Ол қандай бітімді адам болған, бәрі анықталды. Үш биіміздің ешбірінің сүйегі зерттелмеген. Архивте жазылған Қазыбек бидің денесі Түркістандағы кесененің сыртына көмілген екен. 1956 жылы өзбектер қазып, бәрін сыпырып, топырағын шашып-төгіп қайта көме салған. Оны енді қайтып таба алмайсың. Төле бидің үстіне үлкен кесене салып тастады, енді оны қазу мүмкін емес. Әйтеке бидің өзіне рұқсатты әрең алдық. 2005 жылы өзбек­тер Әйтеке бидің сүйегін мамыр айында қазыпты. Бірақ қазғандардың ішінде не бір антрополог, не бір биолог жоқ. Онда неменесіне белсеніп, қабірді қазғанын түсінбеймін. Енді қазір қолда бар материалдарды реттеп, үлкен еңбек етіп жазып, жарыққа шығарайық десек, оған көп қаражат керек. Тек Иманғали Тасмағамбетов қана 700 мың теңгедей қаржы берген. Оған үлкен рахмет! Одан бері 13 жыл өтті, ешкім көмек қолын соза қойған жоқ. Жас та келді. Қалған өмірімде сол шаруамды аяқтап кеткім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ


Тегтер: тарих, қазақ тілі, Тіл-Қазына, Оразақ Смағұл, академик, қазақ
Авторы: Айқын газеті, Абай АЙМАҒАМБЕТ

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

42

ақпарат

Кәкен Қамзин: Көркем тіл компьютерлік технологияға есе жібере қоймас

62

ақпарат

Низами Мамедов: «Қобыланды» жырын он бес жыл аудардым

102

ақпарат

Алматы қаласында"Тіл шебері 2019"қалалық конкурсы өз мәресіне жетті!