Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Тәуелсіздік – ұлтымыздың ұлы құндылығы

14.12.2018 615
Барша қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесін көтеріңкі көңіл күймен атап өтуде. Бұл өз кезегінде осынау ұлық мейрамның еліміз үшін аса маңызды екенін білдірсе керек.

Тәуелсіздік қолға тиісімен Елбасы Н.Назарбаев бастаған ел-жұртымыз дамудың дара да даңғыл жолына түсті. Осы орайда Ата Заңымыздың қабылдануы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, шекарамыздың шегенделуі, Арқа төрінде жаңа Астананың өз сәнімен бой түзеуі, экономикамыздың өркендеуі, шеттегі қандастарымыздың атажұртына оралуы және басқа да шешімін тапқан игілікті істер санамызда жаңғырады. Мұның барлығы ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде еліміздің мәртебесі биік, беделі зор мемлекетке айналғанын қапысыз ұқтырады.

Бұл ретте Елбасының бастамалары арқасында еліміздің ядролық қауіп­сіздікті нығайту саласында көшбасшы ел ретінде танылғанын айрықша атап өтуіміз керек. Бұған қоса, еліміздің бітімгерлік бағытындағы бастамаларына халықаралық қоғамдастық жоғары баға­сын беріп отырғанын да мақ­та­нышпен айтамыз. Мұның барлығы Қазақстанның тартымдылығын арттырып, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сай­лануына, осы ұйымға төрағалық етуі­не жол ашты.

Еліміздің халықаралық және аймақтық ұйымдардың жұмысына белсенді араласып отырғаны да көңіл қуантады. Қа­зақ­станның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011-2012 жылдары ИЫҰ-ға төрағалық еткені сөзіміздің дәлелі бола алады. ТМД-да алғашқы болып ЭКСПО-2017 көрме­сін ұйымдастырғаны да басты табыс­тары­мыздың бірі.

Қазақстанның бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елдің қатарына қосылғаны еліміздің болашағы жарқын екенін көр­сетіп берді. «Нұрлы жол» бағдарламасы сын­ды мем­лекеттік ауқымды жобалар­дың тиімді іске асырылуының арқасында жүзеге асырыл­ған игі істердің жасампаз тарихы қалып­тасты. Еліміздің экономикасына құйылған қыруар инвестиция халықаралық бизнес-қауым­дастықтың Қа­зақ­станға деген зор сенімін растайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты қысқарту, жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеп, білім нәрімен сусындату, әсіресе ауылдарды қолдау шаралары өзінің оң нәтижесін көрсетті.

Ел бірлігін нығайту мемлекеттің басым бағыттарының бірі болғандықтан, осы орайда қолға алынған шаралар өзінің ауқымдылығымен дараланып тұр. Бұл арада Елбасы бастамасымен құрылған ҚХА-ның орнын ерекше атап өткеніміз орынды.

Еліміздің мәдени-рухани өміріне қа­тыс­ты атқарылған шаралар өте көп. Мәсе­лен, «Мәдени мұра» жобасы аясында ұйым­дастырылған шаралар, Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын мін­деттердің күн тәртібіне қойылуы, қазақ тілі әліп­биін латын қарпіне көшіру ісінің бас­тал­ғаны және басқа да ауқымды жұмыстар халқы­мыздың рухани өміріне тың серпін берді.

Елбасының шеттегі қандастарымызды атамекенге шақыруы нәтижесінде 1 миллионнан астам қазақтың елге қоныс аударуын тәуелсіздік табыстарының бірегейі десек қателеспейміз. Бұл көш әлі де жалғаса бермек.

Еліміз жастарды қолдау ісіне айрықша көңіл бөліп келеді. Басқасын былай қойғанда, бір ғана «Болашақ» бағдарламасы арқылы бүгінге дейін 13 мың жас өрен әлемнің озық оқу орындарында білім алды. Елбасының бас­тамасымен 2019 жыл Жастар жылы деп белгіленуі де мемлекеттің жастарды қолдауға екпін түсіріп отырғанын ұқтырады.

Елімізде мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету сынды мін­деттер жүзеге асырылуда. Бұл орайда халық Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының игілігін көріп отыр. Аталған саладағы шаралар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында одан әрі жаңаша сипатта жалғасын таппақ.

Қорыта айтқанда, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен Қа­­зақстанда тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын одан әрі еселей түсудің бар­лық алғышарттары қалыптасқан. Бұл ел Тәуел­сіздігінің баяндылығын, халқымыздың болашағының жарқын екенін білдіреді.


Тегтер: Елбасы, Тәуелсіздік күні, 16 желтоқсан, Президент
Авторы: Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

42

ақпарат

Низами Мамедов: «Қобыланды» жырын он бес жыл аудардым

82

ақпарат

Алматы қаласында"Тіл шебері 2019"қалалық конкурсы өз мәресіне жетті!

74

ақпарат

Латын әліпбиіне көшу жоспарлы жүзеге асады