Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Латын әліпбиіне көшудегі Әзербайжан тәжірибесі

6.12.2018 137
Қазір елімізде әліпбидің латын негізді жаңа үлгісін енгізу үдерісінде бұқара халық осы уақытқа дейінгі бұрынғы Кеңес өкіметі құрамында болған түркі тілдес елдердің қателіктерін қайталамау, оң тәжірибелерін пайдалану қажеттілігі туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылып жатыр. Түркі тілдес мемлекеттердің жаңа әліпбиді қабылдау үрдісі туралы ғалымдар тарапынан ғылыми зерттеулер жүргізіліп, олардың нәтижелері жайлы бірнеше мақала  жарияланды.

Осы жайттарды ескере отырып, латын әліпбиін біздің елімізде оңтайлы қолдануды іске асыру үшін бұл әліпбиді енгізуді осыдан ширек ғасыр бұрын бастаған мемлекеттердің тәжірибесін тағы да саралап, сараптама жасап алған жөн. Мақалада біз Әзербайжан Республикасының өткен жолын негізге ала отырып баяндап көрейік.

Әзербайжан тілінің латынға негізделген әліпбиін құрастыру тарихы ХІХ ғасырдан басталады. Әзербайжан ғалымдары сол кездің өзінде-ақ араб әріптерінің әзірбайжанның барлық дыбыстарын белгілеуге толық мүмкіндігі жоқтығын айтып, өздерінің төл әліпбилерін құрастырады. Екінші тағы бір нұсқасын ғалымдар ХХ ғасырдың басында жасап, 1919 жылы жаңа әліпби жасалып, ол іс халықтан қолдау тауып, өкімет тарапынан мақұлданады. Бірақ бұл әліпбидің іске асып кетуіне елде болған түрлі төңкерістік ахуалдар кедергісін келтіреді. 1922 жылы ұзақ талқылаудан кейін латын негізді жаңа әліпби қабылданып, ол 1925 жылы араб әліпбиімен қатар ресми түрде қолданыла бастайды. Түрлі даулы пікірталастардан кейін екі рет бұл әліпбиге (1933 және 1938 жылдары) ішінара өзгерістер енгізеді. Араб әліпбиі осы жылдардан бастап қолданудан шыға бастайды.

1939 жылы кирилл әліпбиінің бірнеше нұсқасы талқыланып, нәтижесінде сол жылғы 15 қарашада жаңа кирилл әліпбиі қабылданады. Ол кирилл әліпбиінде 36 әріп пен апостроф болды. Арнайы саясатпен қабылданған 1940 жылғы қазақ кирилл әліпбиінен әзербайжан кирилл әліпбиінің ең басты ерекшелігі онда щ және ё әріптері, жіңішкелік және қатаңдық белгілері жоқ.1947 жылы әзірбайжан ғалымдарының араласуы арқасында орыс тіліндегі сөздерде ғана қолданылып жүрген ц әрпі әліпбиден алынып тасталды. 1958 жылы десталинизация кезеңінде Әзербайжан мемлекетінің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерінің ұсынысымен әліпбиге кезінде мәжбүрлеп енгізілген, әзербайжан тілінің дыбыстарын таңбалауда қажеті жоқ э, ю, я әріптері алынып, й әрпін ж деп ауыстыру бекітілді.

Әзербайжан Республикасының тілге қатысты тағы бір ерекшелігі «Қызыл өкімет» өз билігін қатаң жүргізіп отырған уақыттың өзінде 1978 жылы қабылданған Конституциясында әзірбайжан тілінің мемлекеттік статусын тағы бір нақтылап алады.

Ал қазақ тілінің кирилл әліпбиінде ең алғашқы нұсқасының өзінде қазақ дыбыстарын айтуда қолданылмайтын в, ф, х, һ, ц, ч, щ, ъ, ь, э әріптері болды. Әзербайжан өз әліпбиінен қажет емес әріптерді алып тастап жатқанда, 1957 жылы қазақ әліпбиіне ё әрпі қосылады. Көптеген өзгерістер енгізілген 32 әріп пен апострофтан тұратын әзірбайжан кирилл әліпбиі ресми түрде 2001жылға дейін қолданылған.

Елімізде қазіргі әліпбидегі кейбір әріптердің артықтығын немесе басқа таңбалармен беру керектігі туралы ішінара ұсыныс, пікірлер айтылып жүр. 2006 жылдан бері латын әліпбиін енгізу туралы мәселе көтерілгенде дыбыстарымызды белгілеуге сәйкес келмейтін кейбір таңбаларды Әзербайжан тәжірибесіне сүйеніп кирилден ауыстырып алу қажет еді ме?! Сонда орфографиямыздағы қағидалар саны да азайып, ерекшеліктер көп болмаушы еді деп ойлаймыз.

Әзербайжан Республикасында латын негізді әліпбиге көшудің үшінші реформасы бойынша жұмыстар 1990 жылдың басында басталады. Елдің тарихында маңызды орны бар «20 қаңтар» оқиғасынан кейін көп ұзамай-ақ латын графикасын жаңғырту бойынша жұмыс тобы ұйымдастырылады. Сол жылы 11 қыркүйек күні бұл жұмыс тобы «Әліпби комиссиясы» болып қайта құрылады. «Әліпби комиссиясы» 1991 жылы латынға негізделген әліпбидің жобасын жасап, ол жобаны Әзербайжан парламенті бекітеді. 1991 жылы 25 желтоқсандағы 33-бұйрықпен «Латын негізді әзербайжан әліпбиін қайта қалпына келтіру» заңы шығады. Бұл заңның мазмұнында сол уақытқа дейін қолданыста болған кирилл әліпбиінің сауатсыздықты жою, халықтар арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамытамыз деген сылтаумен әзербайжан халқына зорлап енгізілгені айтылады. Осындай «тарихи әділетсіздікті жою мақсатын» негізге ала отырып, Әзербайжан КСР-нің «Әзербайжан әліпбиін латын графикасынан орыс әліпбиіне көшу» туралы 1939 жылғы 11шілдедегі қаулысының күшін жояды, латын негізді әліпбиді қайта қалпына келтіруді бастайды. Әзербайжан Республикасы Жоғары кеңесінің Ұлттық Кеңесінің жаңа әліпби бойынша шығарған қаулысында екі жылға жоспарланған іс шара жоспары шығады. Алғашқы жылдың өзінде мектептердің жоғары сыныптарында, универиситеттер мен орта кәсіби оқу орындарында арнайы факультатив сабақтары ұйымдастырылады. Жаңа әліпбимен жазылған карталар жасау тапсырылады. Полиграфиялық жұмыстармен айналысатын мекемелерге арнайы тапсырмалар беріліп, техникаларын реконструкция жасатады. Республикалық газет журналдарға кирилмен қоса жаңа әліпбимен шығаруды, мөр мен штамп жасайтын орындарға тапсырма беріп, барлық мекемелер мен ұйымдар бланкілері мен мөрлерін ауыстыруға тапсырмалар береді. Жеке куәлік пен АХАЖ құжаттарын, нотариалды, статистикалық, есеп басқару құжаттарын ауыстыруға дайындық жұмыстарын жүргізе бастайды. Латын негізді жаңа әріппен жазылған әзірбайжан тілінің орфографиялық сөздігін жасап, басып шығаруды тапсырады.Олар да қазіргі біздің еліміздегідей кирилден бірден толығымен бас тартпайды. Екі әліпби қатар қолданылады. Бұл елде егемендіктің алғашқы жылдарында елдің орыс тілді мектептерден әзірбайжан тілді мектептерге жаппай ауысу тенденциясы жылдам жүрген. 1990 жылғы 20 қаңтардағы қаралы оқиға, елдің егемендігін алуы халықтың патриоттық рухын оятуға зор әсер етеді. Соның барысында халықар асында ұлт тіліне деген қызығушылық, оны бағалау факторлары бірінші орынға шығады. Елдегі әзірбайжан ұлты өкілдерінің көптігі де бұл процестің жылдам іске асуына септігін тигізеді.

1992 жылдың қыркүйек айында бірінші сыныпқа барған балалар жаңа әліпбимен оқиды. Қаулы бойынша екі жылда бітуі керек процесс уақыт өте келе баяулай бастайды. Екі әліпбидің қатар жүруі латын әліпбиіне көшуді он жылға ұзартты. 2001 жылы 18 шілдеде ел Президентінің «Мемлекеттік тілді қолдануды жетілдіру» туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық жаңа әліпбиді жүзеге асыруға радикалды түрде әсер етеді. Сол жылы 1 тамыздан бастап елде шығатын барлық газет журналдар мен кітаптар тек қана жаңа әліпбимен басылатын болуы керек еді. Бұл орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс қағаздарына да қатысты болды. Бұл жарлықтың қатал болғаны туралы сол кездерде Би-Би Си де жазады. Кейбір белгілі газет редакторлары өз газеттерін латынмен шығару мерзімін екі-үш айға дейін ұзартуды сұрайды. Бірақ рұқсат бермек тұрмақ, ол қағиданы орындамағандар әкімшілік жазаға да тартылған. 2004 жылы аударылуға тиісті кітаптар тізімін бекітіп, көп қаражат бөлінді.

Әзербайжанда 2001 жылдан бастап ресми түрде кирилл әліпбиі қолданыстан шығарылды.1 тамыз ұлттық әліпби күні ретінде жыл сайын мерекеленеді. Орыс, ағылшын және француз тілдері шетел тілдері ретінде оқытылады. Әзербайжан секторларында [әзербайжан тілінде оқитындарды солай бөледі] орыс тілі шетел тілі ретінде тек бесінші сыныптан оқытылады. Жеке мектептерде шетел тілдерін бастауыш сыныптардан оқыту жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта халықтың арасында орыс және ағылшын, араб пен қытай тілдеріне деген сұраныстары артқан. Ол тілдер үшін арнайы курстар көптеп ашылуда. Өкініштісі ол елдегі жастардың, тіпті, орта жастағылардың көбі орыс тілін жетік деңгейде игермеген. Ағылшын тілі де бізбен салыстырғанда енді ғана жүйелене бастаған. Осы тұрғыда Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» саясатын аса көрегендікпен бастағанын баса айтып өткіміз келеді. Шет тілдерін білу арқылы халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отыратын анық. Болашақ ұрпақтың халықаралық кеңістікке еркін шығып, әлемдік өркениетті игеру үшін көп тіл білу маңызды. Бірақ, әліпби ауыстырудың алғашқы кезеңінде орыс және ағылшын тілдерін бесінші сыныптан оқыту жөн деп ойлаймыз. Өйткені реформа жасау кезінде бала өз ана тілініңе қанығып, негізін берік қалыптастырып алуы қажет.

Әліпбидегі артық әріптердің алынып тасталу процесін кирилл әліпбиі кезеңінде реттеп, дұрыс әліпби жасап алған әзірбайжан халқы орфографиялық ережелерге көп өзгерістер енгізбеген. Ол уақыттарда шетел тілінен енген сөздердің де саны қазіргідей емес, сондықтан оларды игеруде аса көп қиыншылық болмаған. Ал әзербайжан тілінің емле ережелерінің тарихы ХХ ғасырдың ІІ жартысының басында қабылданған қалпы қолданылып келеді.

Кирилл әліпбиіндегі алғашқы орфографиялық ереженің жобасымен 1952 жылы маусым айының 15 күні Әзірбайжан мемлекеттік педагогика институтының ғимаратында негізінен бастауыш және орта мектеп мұғалімдері таныстырылады. Қағидалар бұдан кейін де бірнеше талдау мен сараптамадан өтеді. 1955 жылы шілде айының 23-інде республикалық «Әзірбайжан мұғәлімі», маусым айының 25-інде «Әдебиет және көркемөнер» газеттеріне жарияланып, мұғалімдердің талқысына салады. Ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің бірнеше рет талқылауынан өткен орфографиялық ереже тек 1958 жылы ғана бекітіледі.1959 жылы 6 сәуірде 8-бөліміне өзгеріс енгізіледі.1960 жылдан 2004 жылға дейін әзербайжан тілінде жаңа әліпби қабылданса да, ескі емле ереже бойынша жұмыс жасаған. Оның негізгі себебі латын негізді әліпбидің әзербайжан дыбыстарын толық таңбалай алатындығы және оның негізі кирилл әліпбиіне өзгерістер енгізу арқылы жасалғандығы болып отыр.

Әзербайжан Республикасының «Тіл туралы» заңында әр бес жыл сайын орфографиялық сөздіктер шығарылуы керек. Осы орфогрфиялық сөздікте емледе болған өзгерістер туралы айтылады. 1960 жылдан кейін 1975 жылы сөздікте емле ережелердің бұрынғы нұсқасы беріледі. Одан кейінгі қағидалар жиынтығы 2012 жылдан бері талқыланып, қазір бекітуге ұсынылған. Ғалымдар тобы осы жаңа ереженің 2019 жылда қолданысқа енетініне сеніп отыр. Біз пікірлескен оқымысты қауым жаңа емледе шетел тілінен енген термин сөздерді қабылдау қағидаларында бірнеше өзгерістер болатындығын айтты.

Түйіндей келгенде, мемлекеттік тіл – қазақ тілін латын негізді жазуға көшіру барысында байсалдылық пен байқампаздық танытып, сабыр мен салихалылықты ұстанып, жазу емлесінің қағидаларына, қалыптасқан ережелеріне, өзгертудің жөні осы екен деп, түзетулер енгізе бермеу керек. Қысқасы, уақыттың арбасы кеңістіктің атының алдына түсіп кетпесе игі еді. Арбаның қозғаушы күші ат болғандықтан, артта қалған ат арбаны кері сүйреп жүрмесін.

Жазира Ағабекова Назарбаев Университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры

Тегтер: Тіл-Қазына, қазақ тілі, латын, Әзірбайжан, әліппе, әріп
Авторы:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

63 0

ақпарат

Халықаралық терминдердің лингвистикалық мәртебесі

63 0

ақпарат

Жазушы қауымға артылған үлкен жүк

31 0

ақпарат

Кітап оқып, миллион ұтып ал!