Қазақ тілін, әдебиеті мен мен мәдениетін зерттеудің бірегей жобасы мажар жастарының арасында ерекше танымалдылыққа ие

Tilalem.kz

Tilalem.kz

05 желтоқсан, 2018

Мажар жастары арасында әлем тілдері мен мәдениетін зерделеуге арналған Лакителек халық институтының бірегей жобасы танымалдылыққа ие. Мажарстандағы Лакителек Халық институтының директоры, Венгрия Парламенті Төрағасының орынбасары Шан­дор Лежак мырзаның бастамасымен институтта қазақ, орыс, украин, моңғол, белорус, мажар тілдері бойынша студенттерге Қазақстан, Ресей, Белорусь, Моңғолия елдерінен тіл мамандарын, мәдениеттанушыларды және басқа да мамандарды арнайы шақыртып, аталған елдердің тіліне, мәдениеті мен тарихына байланысты дәрістер жүргізуді дәстүрге айналдырған екен.

Биылғы жылы осы институт басшылығы тарапынан елімізүшін тарихи оқиға болып отырған, ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадам – еліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесіне аса қызығушылық білдіріп, мажар студенттеріне қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі, еліміздің жазу тарихы жөнінде, сонымен бірге отандық қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ, оның халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерімен байланысы мен тілдік білімді бағалаудағы рөлі туралы дәріс оқуым жөнінде ұсыныс келіп түсті.

Осы мақсатта 2018 жылғы 23 тамыз - 2 қыркүйек аралығында Лакителек Халық институтында мажар студенттеріне қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі, қазақ жазуының дамутарихы жайында сонымен бірге,отандық қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ, жалпы жүйенің тілдік білімді бағалаудағы рөлі жөнінде дәріс оқу мүмкіндігіне ие болдым.

Жалпы Мажар елінің Қазақстанныңтілі мен әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қызығушылық танытуы заңды деп ойлаймын. Себебі мажарлар өздерінің арғы тегін қыпшақтар деп санайтындықтан, еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен жетістіктерімізге ерекше назар аударып, бүгінде еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі екендігін, халқымыздыңертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғырып жатқандығына шынайы тілектестіктерін білдірді.

Институттың қазақ тобындағы студенттердің арасында көбісінің атасы не анасы жағынан қыпшақ қанды боп келеді екен, оны дәріс барысында мақтанышпен айтып отырды. Содан болар, мажар жастарыныңқазақтың тілі мен әдебиетіне, тарихына,салт-дәстүріне, мәдениетіне деген ерекше қызы­ғушылығыдәріс барысында ерекше байқалып тұрды.

Дәріс барысында қазақ әліпбиінің бүгінгі күнге дейін бірнеше әліпбиді басынан кешіргендігі, оның бастауы ретінде ерте орта ғасырдағы көне түркілердің Орхон-Енисей руникалық жазуларын, одан кейінгі көне түркі әліпбиі, осы әліпби арқылы бізге түркі халықтарына ортақ көптеген тарихи жәдігерлердің жеткендігі кеңінен баяндалды. Сонымен бірге, араб әліпбиінің қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне ықпалы сөз болып, әліпбидің ерекшеліктері талданды.

1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп осы араб жазуына негізделген қазақ жазуын сол заманның талаптарына бейімдеу мақсатында қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалауы, одан кейінгі 1929 жылдан бастап Қазақстан аумағында жаңа, латынға бейімделген әліпби – «Бірыңғай түркі әліпбиі» пайда болғандығы кеңінен баяндалды.

Бір мемлекеттің бір астанасы, бір жазуы, бір тілі болуы керек деген әміршілдік, отаршылдық ұстаныммен 1940 жылы «Латын жазуына бейімделген қазақ жазуын орыс жазуының негізіндегі жаңа әліпбиге көшірілуі сөз болды.

2006 жылы Елбасымыздың ең алғаш қазақ елінің латын графикасына көшу туралы Қазақстан халықтары Ассамблеясында көтеріп, 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындаұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға үндейтін,ұлтымыздың рухани жаңғыруында басты міндет етіп латын әліпбиіне көшу жұмысының қолға алынғандығын, бүгінде әліпбиге қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен бірге, Мажарстан Ғылым академиясы­ның аға ғылыми қызметкері, түркі­танушы-ғалым Дәуіт Шомфаи Қара институттағы осы жобаның нәтижелі жұмыс істеуі­не жауапты ұйымдастырушы әрі оқы­тушы ретінде қазақ тілінің латын қаріпіне ауысу барысындағы өз ойларын, қазақ-қыпшақ тіл туыс­тығы Қазақ ханды­ғының тарихы және қазақ халқы­ның қалыптасуы, қазақ музыкасы, қа­зақ жерінде болған мажар саяхатшы­лары, секілді дәрістер жүргізді. Белгілі түркітанушы-ғалым Иштван Қоңыр Ман­докидің жұбайы, Оңайша Мандоки қазақ тілінен, қазақтың көне салт-дәстүрлері жөнінде, антрополог Шанта Иштван түркітанушы-ғалым Иштван Қоңыр Ман­докидің өмірі мен ғылыми қызметі туралы ерекше дәрістер өткізді. Музыкатанушы-ғалым Агоч Гергей қазақ музыкасы, мажар музыка өнерінің түркі музыкасына ұқсастығы туралы айта келе, «Мажар әуендері түркі әуен­деріне ұқсас емес, бұлар – сол әуен­дердің өзі. Олар мажарлардың тарихи Отандарынан Карпат ойпаты­на өздерімен алып кел­ген әуендер» деп, ерекше тебіреніспен дәрістерін жүргізді.

Екі аптаға созылған дәріс аясында қазақ тіліне қызығушылық танытқанстуденттерге ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша әзірленген қазақ тілінің деңгейлік оқулықтарының таныстырылымы өткізіліп, оқулықтардың тіл үйретудегі ерекшеліктері атап көрсетілді. Ұлттық тестілеу орталығы атынан ҚАЗТЕСТ оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары сыйға тартылды.

Сонымен бірге, Мажарстанның белгілі ақыны Буда Ференцпен кеш өткізіліп, қазақтар мен мажарлардың туыстас, бауырлас халық екендігі, өмір сүру салтының, әдебиеті мен мәдениетінің ұқсастығы жөнінде кеңінен әңгімеленді. Кездесу соңында мажар жастары қазақ тілінде «Елім-ай» әнін орындап, «Қобыланды батыр» жырынан үзінді оқып, Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлетті.

Дәрістер барысында мажар жастарының қазақ тіліне, қазақ әдебиеті және тарихына, мәдениетіне, қазақтың ұлттық музыкасына қызығушылық білдіре отырып, Қазақстанда оқуға ерекше ықыластарын білдірді.

Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан Ахмет Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің басшылығына аталған жоғары оқу орнына мажар студенттерінің білім алуы үшін дайындық курстарына қабылдау мәселесі және олардың оқуына байланысты университеттің ішкі қорынан грант бөлу мүмкіндігін қарастыруға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс берілген еді. Бүгінгі күні университет басшылығы тарапынан аталған мәселеге қолдау білдіріліп, келесі жылдан бастап мажар жастары еліміздегі белгілі жоғарғы оқу орнында білім алуға мүмкіндік алды.

Мұхаметқали Мәншүк Мұхаметқалиқызы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесі дамыту жөніндегі басқарма басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Әдістемелік жұмыс тобының мүшесі.


Баға беріңіз