Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Сауаттылық – санадан (жаңа емле мәселелері)

27.11.2018 61
​Қазақ тілінің өзге тілдерден артықшылығы – тұтастай гармонияға негізделген. Гармония деген нәрсе айтарға оңай, алайда ол тұтастай ғаламның дамуына, жарастығына алып келер зор құбылыс. Әлем гармонияға сүйенеді. Тіліміздің осы қасиеті ХХ ғасырда әлсіреп қалды. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, әліпби генотип сияқты қызметке ие. Бұл - Елбасымыз айтқан ұлттық кодтың төңірегіндегі нәрсе. Қазақ әрпі қазақ руханиятын жаңартады деп сенемін.

Қазақ тілінің өзге тілдерден артықшылығы – тұтастай гармонияға негізделген. Гармония деген нәрсе айтарға оңай, алайда ол тұтастай ғаламның дамуына, жарастығына алып келер зор құбылыс. Әлем гармонияға сүйенеді. Тіліміздің осы қасиеті ХХ ғасырда әлсіреп қалды. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, әліпби генотип сияқты қызметке ие. Бұл - Елбасымыз айтқан ұлттық кодтың төңірегіндегі нәрсе. Қазақ әрпі қазақ руханиятын жаңартады деп сенемін.

Біздің ноосферада өмір сүретініміз белгілі. Вернадскийдің бұл ілімінен соң Тарту университетінің профессоры семиосфера ілімін ұсынды. Бұл әлемдік қолдауға ие болып отыр. Демек, біз таңбалар әлемінде өмір сүреміз. Осы таңбалар әлемінің бір тұсында үйлесімсіздік, бұзылушылық болса, рухани экологиялық апат келді деген сөз. Бұл мәселені тереңдей зерттесе, талай сыр ашылатын сияқты. Осы сияқты терең рухани-танымдық негізді жоғалтпау үшін, сақтау үшін біз тілімізді әліпбиге емес, әліпбиді тілімізге бейімдеуді ұмытпауымыз қажет. Ал қазір жұртшылық таңба ауыстыру ретінде ғана қарап жүрген сыңайы бар. Латын қарпіне көшуде таза технократтық бағыттар басымдық алып кететін сияқты. Сондықтан бұл жерде тіл фонологиясының, семантикасының мамандары шешуші тұрғыға ие болғанын жөн санаймын. Біз басқа тілден енген сөздерді таңбалауда да, айтуда да осыны ұмытпағанымыз жөн. Мұның бәрін әліпби жайы тек таңбамен ғана таразыланбайтындығын ескерте кету үшін айтып отырмыз.

Сауаттылық тілдік санаға байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағыдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағыдыланып үйренген. ... Қазақ сөздерін алып орыс... сөзінің жүйесімен тізссе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [Байтұрсынұлы А. Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). 1-жылдық. – Орынбор, 1914.// Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. – Алматы: «Ана тілі», 1992. – 142-бет], - деп жазғаны бүгінгі күні де алдымыздан шығып отыр. Түсінідірейін.

Қазақ-латын әліпбиі қабылданып, Президент жарлығымен бекіді. Ендігі мәселе – осы әліпбимен дұрыс жазуды үйрететін емле жасау. Осы маңызды мәселені жүзеге асыру үшін жыл басынан бері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірқатар ғылыми жұмыстар мен ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Атап айтқанда, Тіл білімі институты емле ережелері жобасын әзірлеп, біздің сараптауымызға ұсынды. Жоба жоғарыда аталған жұмыс топтарына таныстырылып, оның ішінде орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтары осы емле ережелерді бірнеше рет сараптаудан өткізді. Алдымен, 4-10 шілде аралығында Ақмола облысының Зеренді кентіндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-сауықтыру орталығында ғалымдар оны алғашқы сараптаудан өткізді. Екінші сараптау жұмыстары республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Қапшағай қаласындағы филиалында 22-24 тамыз күндері ұйымдастырылды.

Қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап еліміздің жоғары оқу орындарындағы 52 тіл кафедрасына емле ережелері жобасы жолданды. Жоба кафедра ғалымдары арасында талқыға салынып, ғылыми сараптамалар жасалды, яғни емле ережелері еліміздегі барлық тілтанушы ғалымдарға таныстырылды. Оның бергі жағында орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсынылды. Олардың да пікірі алынды. Осы келіп түскен пікірлерді, ескертпелер мен ұсыныстарды «Тіл-Қазына» орталығының ғалымдары және орфографиялық топ мүшелері сараптап, олардың ескеруге тиістілерін ақылдаса отырып, емле ережелері жобасына енгізді. Бірақ бірауыздылық бар деп айтуға ерте.

Жаңа әліпби емлесінің сынама жұмыстары тамыз айында Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өткізілді. Сонымен бірге жаз айларында оқушылардың демалыста болатыны ескеріліп, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы басшылығының қолдауымен осында демалып жатқан әр өңірден келген оқушылар арасында да сынама жұмыстары жүргізілді. Мұндай сынамалар 3000-ға жуық адамды қамтыды. Сондай-ақ сынама сұрақтары толықтырылып, күрделендіріліп, тіл мамандарына да жіберілді. Жалпы сынамаға барлық министрлік өкілдері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері сияқты әртүрлі әлеуметтік топтар қамтылды. Жаңа әліпбидің емлесін бұлайша сынақтан өткізу әліпбиді ауыстыруды тек лингвистикалық құбылыс емес, сонымен қатар әлеуметтік құбылыс деп қарау қажеттілігінен туындап отыр. Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін нақты шешім қабылданатын болады.

Емле ережелері жобасы 9 тараудан, 108 параграфтан тұрады. Емле түзу аспаннан алынбайды, әрине. Бұрынғы емле ережелерінің даусыз түйіндері негізге алынды. Сондықтан ережеде әріптер емлесі, түбір мен қосымшаның, бірге, бөлек, дефиспен жазылатын сөздердің, бас әріптің, қысқарған сөздердің, шеттілдік сөздердің, латында жоқ кейбір кирилл әріптерінің емлесі қамтылды. Емленің негізі дара сөздерде дыбыстың мағына ажырататын реңкін таңбалайтын фонематикалық ұстанымға табан тірейді. Күрделі сөздерде түбірді сақтап жазатын морфологиялық ұстаным басшылыққа алынады. Емле тілдің басты заңдылығы – тіл үндесімін – таңбалайды.

Дей тұрсақ та, сөздің асыл нұсқасын сақтайтын морфологиялық ұстаным екендігінде күмән жоқ. Осы себепті төл-тума сөздердің жазылуында осы қағиданы ұстану керек еді де, кірме сөздерге келгенде фонетикалық қағиданы (қазақша айтылуын) ұстанғанда, қазақ тілінің табиғи заңдылықтары бұлтақсыз орнығар еді.

Жаңа емленің бұрынғы емледен өзгешеліктерін көрсететін жаңалықтарды көрсете кетейік [2. «Тіл-қазына» орталығы түзген тұжырымдамалардан алынды]. Жеңіл қабылдау үшін орфограммаларды кирил әрпімен береміз.

Жаңа емледе бұрынғы жазылуы әр түрлі болып келген орфограммалар бір ізге түсірілді (шегара емес, шекара; көгөніс емес, көкөніс, қыргүйек емес, қыркүйек; дауысы емес, даусы, ауылы емес, аулы);

Бірге жазылатын сөздердің емлесі жүйеленді: мысалы, -лық (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) қосымшасымен келген қоғамдық, әлеуметтік лексика; -aр (-eр) қосымшасымен келетін әдет-ғұрып, кәде атаулары; -лар (-лер, -дар, -дер, -тар, -тер) қосымшасымен келетін ботаникалық, зоологиялық атаулар; -қыш (-кіш, -ғыш, -гіш) қосымшасымен келетін құрал-сайман және техника атаулары; -ты (-ті, -ды, -ді), -па (-пe, -бa, -бe, -мa, -мe), -ыс (-іс, -с), -ғы (-гi, -қы, -қ) қосымшасымен келетін лексикаланған тұрақты тіркестер мен зат атаулары бірге жазылатын болды: ортаазиялық, жержүзілік, арампиғылдық, бүкіләлемдік, бірреттік, ашатұяқтылар, balyqqorektiler, ағашкеміргіштер; сабынсалғыш, шаруабасты, немкеттіi, сүйкейсалды;атау сөз орнына жұмсалатын фразеологизмдер және олардың қосымшалы түрлері бірге жазылады: ақсақал, ақсүйек, ақниет, ақниеттік, ақкөңіл, ақкөңілділік, жанпида, жанпидалық, атақоныс, басқосу, атсалысу, атүсті

Араб цифрымен келген санға қосымша дефис арқылы жазылады:2018-жыл, 5-санат, 3-кіреберіс, 10-қазан, 2-ақпан, 136-бап, 1-үй, 9-пәтер,бірақ: ХХІ ғасыр, III том, IV тарау.

Бас әріп емлесінде өзгеріс болады, мысалы, оқу орны, ғылыми мекеме, қоғамдық ұйым, өнер орталықтарының ғана емес, олардың құрылымдық бөлімшелерінің атаулары да бас әріппен жазылады: Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті, Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімі, Жазушылар одағы Көркем проза бөлімі, Л.Н. Гумилев ат. Еурази ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі.

Ағылшын тіліндегі атауы бойынша қысқарған әлемдік мәртебесі жоғары халықаралық ұйым атаулары түпнұсқа тіліндегідей жазылады: UNESСO, USAID, NATO, KAF.

Қосымшалар қысқарған сөздің айтылуына қарай дефис арқылы жалғанады: UNESСO-ның, -ға; USAID-тың, -қa; NATO-ның, -ғa. Шеттілдік сөздерді таңбалауда бүгінгі кирилл жазуы санада жатталып қалған ұрпақ пен кирилл жазуын білмейтін келешек ұрпақты тоғыстыратын емле жасау басты назарда болды. Мұнда, алдымен, қазақ тілінің шеттілдік сөздерді игеріп айту артикуляциясы, екіншіден, сөздің жазба тұрпатының түпнұсқа тілге жақын болуы мен көзшалымға қораш болмауы ескерілді: манөвр, бруселөз, актөр, амөба, дирижөр, режисөр, сирк, сифр, силиндр, сиркүл, десиметр;медисина, пропорсионал, абзас, кварс, консттусиа, корпорасия, сех; сенари, aбсес, aбсисa,плебисит. парашүт,абасалүт, глүкоза, дебүт, продүсер, лүкс, салүт, валүта, бүджет, бүрократия, сүжет, бүлетен; фүчерс, комүтер, түтор, конүктура, ансәмбл, дүбл, парөл, асвәлт, пүлт, өс.

Сөз соңы мен ортасындағы қайталанған қосар әріп түсіріледі: клас, хол, патисон, комисар, ресор, професор, просесор, асонанс, дисидент, мамология, симетриа, амиак, анарграм, кардиограм, металургиа, елипс, елинизм, колеж, силабус, колоид.

Сөз соңындағы -нг әріп тіркесі ң әрпімен жазылады: паркиң, боулиң, брифиң, рейтиң.

Қазақ тіліне бейімделген нөмір, тауар, пошта, пәлте, пойыз, сиез сияқты кірме сөздер осы күйінде жазылатын болады.

Ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w әрпімен басталатын кейбір сөздеру әрпімен жазылады: уатсап, уйкипедиа, уеб-сайт.

Бұл өзгерістерді, негізінен, қолдауға болады. Дей тұрсақ та, кейбір ескертулерімізді айта кетуді артық санамаймыз.

Ең алдымен кейбір төл-тума сөздердің жазылуы туралы. Кітапша болып шыққан «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» [ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті. Ш. Шаяхметов ат. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Астана, 2018] бойынша талдайық.

Бұл «Ережелердің» басында «Негізгі тірек ұғымдардың» тізімі берілуі ереженің теориялық ұстынының бар екенін анық көрсетеді. Алайда «Лексикаланған фразеологизмдер» («поэтикалық мағынасын жоғалтқан, сөз орнына жүретін тұрақты тіркес») дейтін ұғым [Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері. – ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті. Ш. Шаяхметов ат. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Астана, 2018. – 8-бет] – теорияға қайшы ұғым. Фразеологизмдердің сөз орнына жүретіні рас, бірақ олар тіркестік қасиетінен айрылмайды, тек «орнына жүретін» сөзбен бір функционалдық-семантикалық өрістен орын алады, сол сөзбен мәндес қана болады. Бұл – қазақ фразеологиясына арналған еңбектерде, тіпті жалпыға белгілі оқулықта да, барынша дәлелденген заңдылық [Қалиұлы Ғ., Болғанбайұлы Ә. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы, 2006;Айғабылов А. Қазақ тілінің лексикологиясы. Оқу құралы. – Алматы: «Дәуір-Кітап» баспасы, 2013. – Б. 32, 72-83]. Сондықтан осы Ережелердің §39-да берілген қағида өзгертілуі қажет. Атап айтқанда, «ақниет, ақкөңіл, жанпида, атақоныс, басқосу, атсалысу, атүсті» деген орфограммалар [Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері. – ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті. Ш. Шаяхметов ат. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Астана, 2018. – 18-бет]ажыратылып жазылуға тиісті Мұндай тіркестерді біріктіріп жазатын болсақ, төбесі көкке жетті, төбе шашы тік тұрды, қас пен көздің арасында, көзді ашып-жұмғанша, жұмыртқадан жүн қырыққан сияқты тіркестерді де біріктіріп жазбақпыз ба?! Сауаттылық – санадан. Тілдік табиғи санамызда бұлардың моделі ақ ниет (ниеті ақ), ақ көңіл, жан пида, ата қоныс, бас қосу, ат салысу, ат үсті түрінде таңбаланған. Тілге зорлық жасаудың, жасандылықтың қажеті жоқ. Қазақтың тілдік санасында қалыптасқан модель де осындай.

Ал мұндай сөздерге жұрнақ қосылып сөз жасалуы – басқа мәселе. Тіпті, фразеологизмдердің сыңарлары бөлек жазылуға тиісті екенін емле авторлары да мойындайды. Осы «Ережелердің» §30-да «Идиомалық, фразалық тіркестердегі әрбір сөз бөлек жазылады» [Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері. – ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті. Ш. Шаяхметов ат. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Астана, 2018. – 15-бет]деп шегеленген.

Екінші бір ескерер жайт §11-дегі «құзірет, құдірет, ақірет, тауқімет» орфограммаларына байланысты. Осы сөздердің 2-буынындағы «і»-әріп-дыбысын үндесімге лайық дей алмаймыз. Емле ережелеріндегі мақсатымыз да тіл үндесімін таңбалау екендігін ашық мәлімдедік, дұрыс мәлімдедік. Ал енді мына сөздерде бірінші буынның жуандығы, оның үстіне жуан дауыстылармен келетін тіл арты «қ» дыбысының ілгерінде күшті ықпалына байланысты 2-буын жіңішкеріп үлгермейді. Оның үстіне араб тілінен енген бұл сөздердің асыл нұсқасындағы түбірі жуан дауыстылардан түзілген (құзыр, ақыр, хұдур, тухмат). Тіпті, құзыр сөзін қолданып жүрген жоқпыз ба. Олай болса, бұларды құзырет, құдырет, ақырет, тауқымет деп жазайық. Сауаттылық – санадан. Бұл сөздер жазылымы санамызда үндесіммен қалыптасса, тіліміздің үндесіміне нұқсан келмейтін болады.

Сауаттылық – санадан. Тілдік сананы зерттейтін психотілтану саласында сөз қабылдау дегеніміз таңбалық форманың іш-сыртында жатқан мәнге бойлау ретінде қарастырылады. Сөзді қабылдаудың бір жолы - жазба сөзді (көрнекі) қабылдау. Жазба мәтінді түсіну амалдарын зерттеу Л.С. Выготскийдің, Н.И. Жинкиннің, А.Р. Лурияның, А.А. Смирнов, А.Н. Соколов, В.А. Артемов сынды зерттеушілердің еңбектерінде жинақталып, теориялық тұрғыдан зерделенген, жасалған түйіндер көптеген эксперименттердің нәтижесіне сүйенеді. Бұлардың еңбектерінің жалпы мазмұны бойынша шола түйіндей айтсақ, жазба мәтін (тіл, сөйлеу) көз жүгірту арқылы қабылданады. Мұндайда көз тоқтату арқылы мән беріледі. Сөзде қате болсын, бірақ бұл реципиентке таныс болса, ол – қате сөзді де қабылдайды. Егер сөздің (жазылған) пішіні мағынамен бәсекелессе (я сәйкессе) қабылдау басқаша болады [Леонтьев А.А. Основы психолингвистики. – Москва: Смысл, 2003; Белянин А.Г. Психолингвистика. – Москва, 1990; Залевская А.А. Введение в психолингвистику. – Москва, 2000]. Олай болса, кез келген сөзді қазақы қалыпқа салып жазсақ, сөзді қазақы қабылдар едік. Өйте алмай тұрмыз. Сөз басында Ахмет Байтұрсынұлының көрсеткен проблемасы алдымыздан кесе-көлденеңдеп шығып тұр. Өйткені қазіргі қазақтың тілдік санасы бұзылған. Және тіліміздің бұзылуын даму деп түсініп жүрміз. Ендігі жерде бұл сананы өзгерте аламыз ба? Белгісіз. Осы себептен де Орфографиялық жұмыс тобының жазарман халықпен санасып жүргенін дұрыс көрмеймін. Емле әмірлік тұрғыдан құрылғаны жөн еді. Сөйтіп, халықтың санасына ықпал ету жолымен қазақы сауаттылыққа жетер ме едік деп ойлаймын. Әйтпесе, қазіргі қазаққа вагонды – бәгөн я уәгөн, газетті – кәзит, велосипедті – белесебет, ватманды – уатман, вольтті – уөлт, газды – гәз, тракторды – тірәктір, конспектіні кәнспект т.т. етіп жазу өрескел болып көрінеді. Сол себептен орфографиялық жұмыс тобының «Шеттілдік сөздерді таңбалауда бүгінгі кирилл жазуы санада жатталып қалған ұрпақ пен кирилл жазуын білмейтін келешек ұрпақты тоғыстыратын емле жасау басты назарында болды» [«Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» атты республикалық шараның ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ. – ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті. Ш. Шаяхметов ат. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Астана, 2018].

Сауаттылық санамен байланысты. Жазылым таңбасын санаға сауатты сіңіруге байланысты. Осы сана мен сауаттылықты ұлттық кодымызға бейімдеу керек.

Тегтер: қазақ, тіл, латын, Тіл-Қазына, емле, Астана
Авторы: Ж.А. Жақыпов, Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор.

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

63 0

ақпарат

Халықаралық терминдердің лингвистикалық мәртебесі

63 0

ақпарат

Жазушы қауымға артылған үлкен жүк

31 0

ақпарат

Кітап оқып, миллион ұтып ал!