«Терминологияның өзекті мәселелері» атты республикалық семинар өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 қараша, 2018

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, «Терминологияның өзекті мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинар өткізді. Семинар көрнекті жазушы, аудармашы, терминтанушы ғалым Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдық мерейтойына орайластыра ұйымдастырылған.


«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілешов модераторлық жасады.

Кіріспе сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев ашып, қазіргі қазақ тіліндегі терминология мәселелері бойынша жасалған жұмыстар мен алда атқарар жұмыстар барысын тілге тиек етті.

Семинарда Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі,Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты, Қазақстан Республикасы министрліктерінің жетекші мамандары арасында қазақ терминологиясының қордаланған мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған терминжасам механизмін ілгері жылжытқан сөз зергері Ісләм Жарылғаповтың тәжірибесінің қыр-сыры сөз болды.

Аталған әдістемелік семинарда терминжасамның бағыттары айқындалып, терминдерді талқылаудың халықаралық және отандық тәжірибелер зерделенді.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, лингвист-ғалымдар, БАҚ өкілдері, орталық атқарушы органдардың жетекші мамандары, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізуге жауапты қызметкерлері қатысты.


Баға беріңіз