Мағжан дегенде жаны бөлек

Әзірбайжанның Халық ақыны, танымал аудармашы, шығармалары әлем елдеріне кең тараған Мамед Ис­маил­дың дүниеге келуінің өзі бір қызық әңгіме.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

22 қараша, 2018

Әкесі Муршуд жігіт шағында әділдікті жақтаймын деп, білмес­тіктен бес жылға сотталып, темір торға түседі. Кейін бостан­дық­қа шығып, ауылдағы күйеуден қайтып келген ең сүйкімді қызға үй­ленгісі келетінін айтып хат жаза­ды. Әдемі әйелдің алғашқы жұ­байымен ара­ларында бала болмай, ажырасып кеткен шағы екен. Өз сыры өзіне мәлім болғандықтан, ол жігіттің хатына жауап бермейді. Бір күні кө­шеде келе жатқанда болашақ жары алдынан кездесе кетіп, жо­лын бөгеп тұра қалады. Үн қатпау себебін сұ­рап, тап сол арада бір ше­шімге кел­месе, ешқайда жібер­мей­тінін айта­ды. Сонда көзі жасау­раған ару «Аға­тай-ау, сіз менің же­міс бермейтін ағаш екенімді біл­­меуші ме едіңіз, сіздей азаматқа өмір­лік серік болуға жарамаймын» деп төмен қарайды. Муршуд мырза оған ерекше мейі­ріммен қарап «Егер Құдай шын қа­лайтын болса, жеміссіз ағаш та түйін салады, қалқам. Бәрі бір Алланың қолында» деп ақыры келісімін ала­ды. Сөйтіп, арада тоғыз ай өткенде, яғни 1939 жылы 1 қарашада дүниеге шекесі торсық­тай ұл келіп, бақытты шаңырақтың қуанышы еселене түседі. Алайда бала Мамед аяғынан қаз тұрып, алғашқы қадамдарын енді жасай бастаған уақытта Екінші дүние­жүзі­лік соғыс басталып, әкесі қан майданға аттанып кете барады.

– Теміржол вокзалында әкемді шығарып салып тұрғанда анамның қолында ұйықтап кетіппін. Әкем мені оятып, соңғы рет тілдескісі келеді. «Балам, көзіңді аш, бұл мүм­кін біздің соңғы көрісуіміз» деп әрі-бері жұлмалап көреді, бірақ мен сол тәтті ұйықтаған қалпымда жата беріппін. Өкінішке қарай, мұның бірі де менің есімде жоқ. Бойымда әкемнің қаны тулап, есімін алып жүргенім болмаса, басқа ештеңе жа­дымда қалмапты. Тіпті сағын­ғанда қарап, шерімді тарқататын суреті де сақталмаған. Жесір қалған анам жалғыз өзі мені аялап жүріп, ержет­кізді. Мені қанқұйлы соғыс­тан, алапат аштықтан, көз аштыр­маған жоқшылықтан үш ана аман алып қалды десем, сенесіздер ме? Шын мәнінде, солай. Әкем май­дан­ға кеткеннен кейін біз бұрын ара өсірілген лашықта өмір сүрдік. Кішкентай ғана терезеден күндіз – күн, түнде – ай сәулесі түсетін. Ас­пандағы қос шыраққа қарап, ұзақ армандарға берілетінмін. Аспан әлеміне саяхат жасап, жұл­дыздармен сырласумен ұзақ таңды атырамын. Кейін анама колхоз жалғыз ғана жабайы алма ағаш өсіп тұрған азын-аулақ жер бөліп берді. Анам бірде талдың астын тазалап жатып, қар астынан сап-сары алма тауып алды. Ора­малының шетімен сүртіп-сүртіп жіберіп, маған «дәмін көрші» деп ұсын­ды. Бір тістеп көріп едім, бал­дан да ке­ремет тәтті болып сезілді. Анам да ауыз тиіп, келер күзден бастап алма­сын жинап, қысқа сақ­тауға жарай­тынын айтып, балаша мәз болды. Бір түп алма бізді аштан өлтірмеді. Содан арада біраз уақыт өткенде анам отарынан адасып қалған қозыны үйге алып келіпті. Иесін әрі-бері іздестір­генімен, айдаладан ешкімді кезік­тірмеген. Маған қарап ««Сен үнемі менің не інім жоқ, не қарындасым жоқ» деп айтып жүр­сің. Ендеше саған бауыр осы қозы болсын, ал да бақ» деді. Со­нымен кішкентай қозы уақыт өте келе, құт дарыған қойға айналды. Жыл сайын егіз қозыдан төлдеп, сүт пен айранға қарық болдық. Бірте-бірте біздің кішкентай аула­мызда кіші­гірім қой қора салынды. Осы­лай­ша анамның колхоздан алатын еңбекақысы, азын-аулақ қой­лары­мыз және жабайы алма аға­шы қиын күндерде бізді еш тарық­тырмады. Менің үш анам бар дейтін сөзімнің астары – осында жатыр, – дейді ақын өткен күндерге көз жіберіп.

Соңғы хат

Бір күні мектептен қайтып келе жатқан бала Мамед сыныптас­та­рымен төбелесіп қалады. Біреуін ұрып жығып, екіншісіне тап бер­генде «сен аурусың, сенімен төбе­лесе алмаймын» деп кері шегінеді. «Ме­ні саған ауру деп кім айтты?» деп жұдырығын ала жүгіріп, одан са­йын өршелене түседі. Сонда әлгі қарсы­ласы «Ауру болмасаң, не үшін тұ­мар тағып жүресің» деп лақ еткіз­ген­де, не айтарын білмей тосылып қалады.

– Анам көйлегімнің кеуде тұсы­на үнемі тұмар қадап отыратын. Оған ешқашан мән бермейтінмін. Сыныптасым соны меңзегенде не айтарымды білмей, абдырап тұрып қалдым. Кешкісін анам колхоз жұмысынан келгенде көз жасымды көлдетіп алдынан шықтым. «Тап қазір мына тұмарды алып таста» деп қиғылыққа салып жатырмын. Ше­шем байғұс алғашқыда ыңғай та­ныт­пады, бірақ менің ебіл-дебіл түрім­ді көріп, амалсыз қолына қай­шы алды. Тұмарды кескілеп, ішін­дегі арабша жазуды шығарып, «оқы» деді. Молданың не жазғанын қай­дан білем? «Бізге мектепте араб тілін үйретпейді» деймін тұмардан құтыл­ғаныма қуанып. Сөйтсем, ол әкемнің ұрыс даласынан жазған соңғы амандық хаты екен. Анам мені әруағы қолдап, қорғап жүрсін деп жүрек тұсымда сақтап жүріпті, – дейді ақын. Оның есінде қалған естеліктер бұл ғана емес. «Күндердің күнін­де бетіне қарап отырған қойымыз ауырып қалды» дейді ары қарай әңгімесін жалғастырып.

– Көрші ағай «арам өлмесін» деп сойып беріп кетті. Анам жұ­мыс­та еді, естігенде тірі адамнан айрыл­ғаннан бетер «бізді кімге тас­тап кеттің?» деп жоқтау айтып, ұзақ жылады. Екеуміз адал еттің бір түйірін аузымызға сала алмадық, дәтіміз бармады. Осы оқиғадан кейін арада біраз уақыт өткен. Бір күні түнде анам екеуміз оқыс дауыс­тан шошып ояндық. Аулаға жүгіріп шықсақ, қатты дауылдан, әлде же­місінің ауырлығынан ба, алма аға­шымыз екіге бөлініп жерге құлап түсіпті. Сол жылы қыс қатты болады деп болжанған еді. Үйде жағарға отын болмай, әбден қиналдық. Шешеме «Қарап отырып үсіп өле­міз бе? Ең болмаса бұтақтарын ке­сіп, пешке салайық» деп қанша айт­сам да, еш көндіре алмадым. Көк­тем келгенде жерді терең қазып, ағаш­ты көміп тастады. Бұл жер бе­тіндегі мен көрген ең ұзын «зират» еді. Анам үйге кірген соң «Қойымыз өлді, алма ағашымыз құлады, ендігі кезек менікі» деп күрсінді. Қиын-қыстау күндері бізді асыраған ағаш пен қойды адам­нан артық қадірлеген ме­нің дүниедегі ең сұлу анамның айтқаны айдай келді. Мені жер бетінде жалғыз шоқитып тастап, ол да мәңгілікке бет түзеді. Мен қазір олардың кө­зін сақтап жүрген ескі көз сияқ­тымын. Қайда жүрсем де үш анам естен кетпейді, қайда барсам да айнал­шықтап қасымда жүреді, – дейді Мамед Исмаил.

Бұл оқиғалар қарымды қаламгер шығарма­шы­лы­ғын­да да жиі көрініс табады. Ол үнемі балалық шағы мен өскен ауылындағы ұмытыл­мас шақ­тарды әр қырынан суреттеп, жүрек түкпіріндегі сырларын мөлдіретіп жайып салады. Атақты орыс ақыны Евгений Евтушенко да біздің бұл сөзімізді растай түседі. «Мамед Ис­маилдың поэмасында ана образы, алма ағашы және қой түлігі үнемі кездеседі. Оның өлең­дерінде қиял­дан алынған кейіпкер­лер жоқ, бар­лығы өмірдің боямасыз өз көрініс­тері. Көп туындылары жетім жү­­­рек­тің көз жасымен суарылған, әке­ге деген бала махаб­бат пен ана­сына деген шексіз құр­меттен құралады» деп жазады. Әзербайжан халық жазушысы Анар Рзаев «Мамед соғыс жылдары дүние­ге келген, жоқшылықтың зар­дабын тартқан, жетімдіктің таяғы сүйе­гінен өтіп, жанына батқан ұрпақтың бірі. Сондықтан әлеумет­тік қиын­дық­тарға жиі тоқталып, адам жанына үңілуге ты­рысады. Шығар­малары шынайы­лығымен құнды» деп толықтырады.

Қалыпқа сыймайтын ақын

Мамед Исмаил 1964 жылы Ба­кудегі Әзірбайжан мемлекеттік университетін, 1975 жылы КСРО Жа­зушылар одағы жанындағы екі жылдық жоғары әдеби курсты тә­мам­­дайды. Ақиық ақын Мұқаға­ли­мен бірге оқығанын мақтан етеді. Әлі күнге қазақ ақынының орыс, тү­рік тіліне аударылған өлеңдерін қол­дан түсірмейтінін айтады. «Бірде ұста­зымыз Александр Межиров лек­ция оқып тұрып, Мұ­қағалидың өлең­дерін талқылады. Көреген тұл­ға­ның «Оның өлеңдері ізгілікке толы, Мұқағали – қалыпқа сыймай­тын ақын» деп айтқанын әлі күнге ұмытқан емес­пін. Шын мәнінде, ол ешкімді қай­таламайтын бірегей ақын» дейді.

Мамед Ис­маил жал­пы қазақ поэ­зия­сы мен про­засын үнемі қа­да­ға­лап отыруды әдетке айнал­ды­рып­ты. Хакім Абайдың өлең­дерімен жақсы таныс. Мағжан десе іш­кен асын жерге қояды. Классик ақын Олжас Сү­лей­ме­нов­тің айнымас до­сы. Заман­дасының бір­неше кітабын әзербайжан тіліне тәржі­малаған. «Олжекеңді түркі дүниесін әлемдік деңгейге көтергені үшін аса құр­меттеймін. Отанына адал азамат, Кеңес Одағы тұсында «Азия» кітабы ар­қылы батыл пікі­рін айта білген қайраткер ре­тінде жоғары баға­лаймын» дейді ерекше ілтипатпен.

Түркі әдебиетін танытты

Мамед Исмаил өлең жазып қана қоймай, ұзақ жыл БАҚ сала­сында басшылық міндет атқарып, қандай қызметте болмасын, қоғамдық сананы сілкінтуге күш салды. Әсіресе жастар арасында ұлттық құндылықтарды қорғап, азаттық рухын оятуға түрткі болды. Тоталитарлық жүйенің қысымына қарамай, тіл, діл, латын қарпі ту­ралы тақырыптарды тайсалмай көтерді. Тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай Түркияға қоныс аударып, 18 наурыз атындағы Ча­наккале мемлекеттік универси­те­тінде дәріс беруге кірісті.

14 жасында өлең өлкесіне қадам басқан ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 25 жасында «Анамның қолы» деген атпен жарық көрді. Қырықтан астам кітабы Әзірбай­жан, АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Испания, Италия, Ру­мыния, Венгрия, Молдова, Косово, Польша, Чехия, Сирия, Вьетнам, Қазақстан және басқа елдерде басылып, 50-ден аса тілге аударыл­ды. Ресей оқырмандары арасында да жоғары беделге ие. Юрий Кузне­цов, Александр Кушнер және Ми­хаил Синельников жинақтарын аударып, кең таратты. Михаил Си­нельников «Оның поэзиясы кейіп­керінің әдемілігі мен кәсіби шебер­лігінің жоғарылығымен ғана емес, ерік-жігерінің мықтылығымен және қоғамды ұйытып әкететін рухымен мықты. Шығармалары Еуразияның барлық аймағына тарады. Жетім­діктің зардабын әбден тартса да, өмір жолында мойымай, әлемдік мәдениетке көтерілді» дейді.

– Егер өлеңдерім орыс тіліне нашар аударылса, ешкімнің де қызығушылығын тудырмас еді. Аударма ісі оңай шаруа емес, ал Мәскеуде кітап шығару одан қиын. 1980 жылдары бір кітабымды әне-міне шығады деп күтіп отырға­нымда, аудармасының нашарлығы үшін жоспардан алып тастаған. Дегенмен, мен аудармашыдан жолы болған адаммын. Өлеңдерімнің оқырманға жетуіне сол кісілердің еңбегі зор» дейді ол. Сондай-ақ «Өлеңде басты мәселе форма қуалау емес. Бастысы, өлең жақсы болуы керек және өн бойынан ашық жүрегің мен өрнекті ойларың көрініп тұруы тиіс. Қазіргі сәтте халықтың мұндай өлеңге деген қызығушылығы аз болып тұрса, оған бас ауыртудың қажеті шамалы. Уақыты келгенде оқырманның махаббаты қайта оянып, жаңа күшке ие болатыны анық. Өйткені өлеңге деген махаббат – Аллаға деген махаббат! – деп ағынан жарылады кейіпкеріміз.

Мамед ақын – бүгінгі таңда Мәс­кеудегі «Әдеби танысу», Түр­киядағы «Кардеш калемлер» жур­налының тұрақты авторы. Түр­кия­дағы Жазу­шылар мен пуб­­­ли­­цистердің халық­аралық қа­уым­­дас­тығының төраға­сы, Еуразия Жа­зушылар одағының мүшесі. Түркия Жазушылар одағы жылына бір ақынға «Мамед Исмаил атын­дағы әдеби сыйлық» тапсырып оты­рады. «Алтын қалам» және Н.Ос­­тро­вский атындағы бүкіл­одақ­тық және «Түркі әлеміне сіңір­ген ең­бе­гі үшін» сыйлықтарының иеге­рі. Ру­­­мы­нияда «Михай Эми­неску» атын­­дағы және Мәскеуде С.Есенин атын­­дағы алтын медаль­мен мара­пат­талған.

Әзірбайжан халық ақыны Бах­тияр Вахабзаде «Оның өлең­дерінің жүрекке жақын болып келе­тіні, оқыған адамға жігер сыйлай­тын­дығында жатса керек. Сөз тір­кес­терін балталасаң бұза алмай­сың» деген пі­­кір білдіріпті. Әзірбай­жанның бұ­рынғы прези­денті Әбілфаз Елші­бей бол­са «Ақын­дығымен, ғалым­ды­ғы­мен, еңбек­қорлығымен алдына жан сал­майтын ақын» деп қауырсын қа­лам иесіне ерекше құрмет көрсеткен.

ТҮЙІН: Александр Блок «ақын­да мансап жоқ, тек тағдыр бар» деп айтқандай, өмірімдегі әрбір кезең Құ­дайдың қа­лауымен болған іс. Ешқашан ізденуді тоқтат­қан емеспін. Кейде менен «қазіргі оқыған өлеңіңді бұ­рын жазған бо­ларсың, шы­ныңды айтшы» деп қол­қалап сұрап жатады. Бұрын мұн­дай өлең қайдан жазылсын деймін. Бұл кемел­де­ніп, өмір туралы екшеген ой­ларымның жемісі ғой. Қан­шама қиын­дық, әді­летсіздік көрсем де жүре­гімнің қата­йып кетпегені үшін әлі де жырлай білетініме қуа­намын. Қайда жүрсем де бір Құдай жебеді, қолдады. Ер­кін жү­ріп-тұратын адам­мын, ал поэзия еркін­дікті сүйе­ді. Адамдар адам­гер­шілігінен айырылмаса, соғыс өрті тұ­тан­баса, табиғат лас­тан­ба­са, халық бөлін­бесе, әркім өмір­ді кіршіксіз сүйсе, өмір олар­дың да маңдайынан си­­па­са деп жиі арман­дай­мын, – дейді келесі жылы сек­сен­нің сеңгіріне шығатын ақын.



Баға беріңіз