Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Таңат Аяпова, филология ғылы­мының докторы, профессор: Бала ана тілінің құнарына қанығып өсуі тиіс

20.11.2018 109
Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова туралы қалам тербеу көптен ойда жүрген. Соның сәті енді келгендей. Таңат Аяпова – филология ғылы­мының докторы, профессор, халық­ара­лық Педагогика ғылымдары академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, «Құрмет» орденінің иегері…

Біздің ғалым жөнінде жылы лебіз білдіруімізге түрткі болған не жағдай? Әрине, оны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын атақ-абыройлар жетерлік. Біріншіден, орыс тілін былай ысырып қойғанда негізгі кәсібі саналатын ағылшын тілін, оның тарихын ағылшынның өзінен артық білмесе кем білмейді. Бұл асыра мақтағанымыз емес. Шындығы солай. Келесі бір астын сызып тұрып айтылатын жайт – әлемдегі танымал білім ордасы Аризона (АҚШ) университетінің лекторы әрі құрметті профессоры екендігі. Жақсылықтардың тағы бір жалғасы, ол – Американың Туссон қаласының Құрметті азаматы. Мұндай дәрежеге екінің бірі жете бермейтіндігі әбден аян. Енді тағы да келесісі дейтін болсақ – бұл әрбір ұстаз үшін мерей саналатын ізгі іс. «Ол не?» десеңіз, Таңат Тәңірбердіқызының басқа-басқа, Елбасының өзіне ағылшын тілін үйреткендігі. Мерейлі іс пе? «Әрине» дейміз.

Жоғарыда тізгеніміздің бәрі, сөз жоқ, толымды табыс. Алайда біздің көңілімізге жылы шуақ құйып, сүйсіндірген басқа жағдай. Ол – ғалым­ның шет тілін қан­ша­лық­ты терең білсе де ана тілінде еркін, жатық сөйлейтіндігі. Мұны айтып отыр­ғанымыз, күнделікті өмірде кей­бір қазақ жастарының ағылшынша бұлбұлша сайрағанымен қазақшаға келгенде іркіліп қалатындығы, тіпті бір-екі ауыз сөздің өзін айта алмай­тындығы қатты өкіндіреді. Осы іні-қарындастарымыз Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының кезінде айтқан: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» деген сөзінен мүлдем хабарсыз-ау деп қаласың. Таңат апайымызға риза болатынымыздың тағы бір сыры – ұлтжандылығы. Шет тілін біліп, шет елде жұмыс істесе де, қазақтың қызы екендігін мақтаныш ететіндігі, бойындағы қазақтық намыс­шылдығы.

Ол Жамбыл облысы Сарысу ауданының Байқадам селосында өмірге келді. Қазақ мектебін бітірді. Майдангердің қызы. Әкесі кешегі соғыс жылдары 316-ы атқыштар дивизиясында жаумен шайқасқан. Елге оралғаннан кейін мұғалімдік қызметін жалғастырады. Мектеп директоры болды. Аудандық комсомол комитетін басқарған. Аудандық атқару комитетінде жауапты қызмет атқарған.

Мектепті тамамдаған соң Алматы шет тілдері педагогика инс­ти­тутына түсіп, оны үздік бағамен бітіріп шықты. Ағылшын тіліне деген құш­тарлық осы оқу орнында басталған. Жатпай-тұрмай, бар ықыласымен оқыды. Нәтижесінде тілді жоғары деңгейде меңгерді. Бұл ретте сабақ берген ұстаздардың еңбегі ерекше еді. Олар өз маман­дық­тарының майталмандары саналатын. Ұстаздардың ішінде соғыс уақытында Ленинградтан Қазақ­станға жер аударылған айтулы ғалым­дар болды. Таңаттар солардың соңғыларының тәлім-тәрбиелерін алып қалды. Ұстаздар қатарындағы бір американдықтың да сіңірген еңбегін алабөтен айта алады.

Институт басшылығы Таңаттың алған білімін, алғырлығын, ізденгіш­тігін ескеріп оқу орнында қызмет етуге алып қалды. Бұрын Алматы шет тілдері педагогикалық институты, кейін Абылай хан атындағы Ха­лық­­аралық қатынастар және әлем тіл­дері университетінде оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, ағыл­шын тілі факультетінің деканы болып қырық жылдан астам қызмет атқарды.

2011 жылдан Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­верси­­тетінде қызмет етіп келеді. Бір кездері аталған университетке қа­расты Көптілді білім беру институтына басшылық етті. Бұл күнде осы инс­ти­туттың беделді профессоры.

Таңат Тәңірбердіқызы өзінің жазғаны, қосалқы автор болғаны бар 300-ге жуық еңбектің авторы. Олардың ішінде ғылыми еңбектері, оқулықтар, оқу құралдары және басқалар бар. 7 ғылым кандидатының, 2 PhD (доктор), 50-ден астам магистранттардың зерттеу жұмыстарына, 250-ден астам дипломдық жұмыстарға ғылыми жетекшілік етті.

Еңбектерінің ішінен қазақ мек­тептерінің 5-11 сыныптарына ар­налған «Ағылшын тілі», мемлекеттік қыз­метшілерге арналған төрт деңгейлі «Ағылшын тілі», ағылшын тілді шетелдіктерге арналған «Қазақ тілі» оқулықтарын, тақырыптық сөздіктерді бөле-жара айтуға болар еді. Қазақ тілін үйрететін оқулық («Kazakh Textbook») АҚШ-тың Конгрестер кітапханасында тіркеліп, басылған. Ол әлемнің 70 елінің оқу үдерісінде оқытылады.

Ғалымның көп жылғы еңбегінің жемісі – «Сөйлеу әрекеті онтогенезі» монографиясы. Мұнда адам бала­сы­ның алғашқы сөйлеуіндегі синтак­сис­тік даму және оның лекси­калық, грамматикалық мағыналарға ұласу ерекшеліктері және осы ерекше­ліктердің адам баласының когнитивтік дамуының көрсеткіші екендігі ғылыми зерттеу тұрғысында қарастырылған. Еңбекті жазу барысында 2000 балаға зерттеу жұмысын жүргізеді. Сөйтіп баланың ана тілін меңгеру үдерісі жайлы бағалы ғылыми тұжырым жасады. Ғылыми-зерттеу нәтижесі АҚШ-та, Британияда, Румынияда, Ресейде өткен халықаралық форумдар мен симпозиумдарда баяндалды. Ақырында «Сөйлеу әрекеті онтогенезі» атты ғылыми мектеп өмірге келді.

Абай сөзінің құдіреті

1991 жыл. Бұл оның Аризона уни­верситетіне алғаш барған кезі екен. Бірақ соған қарамастан оқу орны орналасқан Туссон қаласын біршама біледі. Сабақтан шыққаннан кейін сауда үйіне соғады.

– Ол кезде біздің елде ірі Сауда үйлері салына қоймаған, – дейді Таңат Тәңірбергенқызы. – Мұндағы Сауда үйіне кірсеңіз, көшелерде келе жатқандай боласыз. Жан-жақта тал-терек. Күндізгідей жап-жарық. Маңайда манекендер. Олар жасанды емес, кәдімгі тірі адамдар. Бірақ жаны жоқ секілді қатып қалған. Бұл да ақша табудың бір жолы. Оларды жиырма-отыз минут сайын ауыстырып тұрады.

Кешкі тоғыз болып қалыпты. Сыртқа шықсам қап-қараңғы. Аял­дамаға келдім. Ешкім жоқ. Такси тоқ­тамайды. Қайда тапсырыс берерін де білмеймін.

Бір кезде қасыма аласа бойлы американдық келді.

– Сіз шет елден келген адам секілдісіз. Енді автобус жүрмейді. Бұл жерге такси тоқтамайды. Мен сізді апарып тастайын, – деді.

Мен оған сенбедім. Шынын айтқанда, қорықтым.

– Жоқ, рақмет. Мен қашықта тұрмаймын. Тіпті болмаса жаяу барамын, – дедім.

Екеуміз ағылшынша сөйлесіп тұрмыз.

– Қайда тұрасыз? – деді.

Тұратын жерімді айттым.

– О-о-о, оған таңертең жетесіз. Бұл арадан едәуір қашық.

Бәрібір де оның айтқанына көн­бедім.

Ол сәл тұрды да кетіп қалды. Алайда он минуттан кейін қайта келді.

Маған іштегі сырын ақтарды. Профессордың баласы екен. «Нашақор болғанмын» деді. Мұны естіп одан сайын қорқайын. Әкесі орыс тілінен сабақ беріпті.

– Сіз қорықпаңыз. Мен қазір түзелгенмін. Бүгінде сауда үйінде жүкші болып істеймін, – деді.

Әлі тұрмын. Машина жоқ. Әлгі жігіт қасымда арлы-бері жүр.

– Мені тыңдаңызшы, – деді ол бір уақытта.

– Ал, тыңдайын.

Сіз сенесіз бе, сенбейсіз бе? Бейтаныс жігіт қазақша сөйлеп тұр. Өз құлағыма өзім сенер емеспін.

– Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан, – деген кезде шалқамнан түсе жаздадым.

Өзіміз білетін Абайдың өлеңі…

Өлеңді үйреткен осыдан екі жыл бұрын осы қалада оқыған Қайрат есімді қазақ жігіті екен.

– Ол жігітке рақмет. Нашақорлыққа салынып кетіп едім. Абайдың сөзі мені тоқтатты. Қайрат: «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» дегенді маған бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Оның сөзінен кейін «Неге мен басқалар секілді өмірден өз орнымды таппауым керек?» деп ойладым. Нашақорлықты қойып, жұмысқа орналастым. Бір жағынан университетте оқып жүрмін.

Ғажап! Абайдың төрт жол сөзі ай­даладағы американдыққа әсер етіп, жамандықтан алыстап, жақсы жолға салып тұр. Бір жағынан таңыр­қадым, бір жағынан сүйсіндім

Ол мені баратын жеріме апарып тастады. Мекен-жайы, телефон нөмірі жазылған карточкасын берді.

Екеуміз жақсы араласып тұрдық. Мен елге кетерде көзіне жас алып, шығарып салды.

Біраз уақытқа дейін хат жазысып тұрдық. Кейін хабарласа алмадық.

Білімнің пайдасы

Жұмыс бабымен Ұлыбританияға жиі баратын ғалым бұл жердің тарихын жете зерттеген. Әсіресе Британияның байырғы тұрғындары – кельт туралы көп біледі. Кельттің бір ұрпағы британдықтар деген болған. Британдықтар аралы деп аталуы да соларға байланысты. Бұл атауды берген де кельттер. Кельттердің алдында да тайпалар болған секілді. Бірақ олар ешқандай белгі қалдырмаған. Сондықтан да олар жөнінде ештеңе айтылмайды. Кельттер болса жер-суға ат берген. Англдар мен саксондар келгеннен кейін, оларды таулы аймаққа қуып жіберген. Қазір қарасаңыз, шотландықтар, ирландықтар таулы аймақта орын тепкен. Жалпы, Таңат Тәңірбердіқызы кельттер жөнінде таңнан кешке дейін жалықпай әңгіме айтуға бар.

Бірде мынадай жағдай болады. Нью Каста қаласында таксиге отырады. Байқайды, такси жүргізушісі ағыл­шын­ша акцентпен сөйлейді екен. «Неге сіз акцентпен сөйлейсіз. Сіз, сірә кельттің ұрпағы боларсыз?» дейді. Анау болса: «Сіз қайдан білесіз?» деп таңырқай қарайды. Бұл болса университетке жеткенше кельттің тарихын әңгімелеп береді. Межелі жерге жеткенде ұсынған ақшасын да алмайды. Таксиден түсерде: «Сіз менің ата-бабаларым жөнінде жақсы айттыңыз. Мен кельттің ұрпағымын. Сол себепті акцентпен сөйлеп тұрғаным. Менің сізден бір өтінішім бар. Сізді бір топпен кездестіргім келеді. Осы әңгімеңізді соларға да айтсаңыз» дейді.

Жүргізушінің өтінішін аяқ асты етпей, сол күні кешкілік қонақүйде он шақты қарт адамдармен кездеседі. Екі сағатқа созылған әңгімеге тыңдаушылар риза болады. Олар кетерде рақметтерін айтып, сый-сияпаттарын жасайды. «Бір жағынан өзім қуандым, екінші жағынан оларды қуанттым. Білімнің пайдасы деген осы екен» дейді Таңат Тәңірбердіқызы.

Құнды еңбек құнын жоймайды

Жер көрген жақсы. Ел көріп жүріп түрлі адамдармен кездесесің. Тіпті кейбіреулерімен тонның ішкі бауындай араласып та кетесің.

1991 жылы «Ағылшын тілінің тарихынан» сабақ оқып жүргенде Америкада Аисмер деген профессор сынақтан өткізді. Таңаттың білімін жоғары бағалады. «Саған енді студенттер алдында лекция оқуға болады» деп ақ батасын берді. Алғашқы күні қолынан жетектеп аудиторияға апарды. Екеуі бір лекцияны кезек-кезек оқыды. Үш күн осылай үйретті. Содан кейін «Енді өзің оқисың» деді. Амал жоқ, тәуекелге барды. Студенттер – американдық жастар, оның үстіне төртінші курстың студенттері. Бекер үркіпті, бәрі де ойдағыдай болды. Студенттер лекцияны жақсы қабылдады. Міне, осы күннен бастап шетелдіктерге дәріс оқып, сабақ беру қалыпты дағдыға айналып кетті.

Англияда әдістемелік тәжірибеден өтіп жүргенде Сара Медеуз деген ғалыммен танысады. Осы ғалымның ғылымдағы өмірінде әсері зор болды. С.Медеуздің қазақшаға аударғанда «Бала ойлаушы адам» деген кітабы бар. Өте құнды еңбек. Ғалым бұл кітапты жазарда Лев Семенович Выготский­дің «Мышление и речь» деп аталатын кітабын пайдаланған. Кітап орыс ті­лінен ағылшын тіліне аударылып басылған. С.Медеуз Таңаттың Қазақ­станнан келгендігін, орысша сөйлейтіндігін біліп, іздестіріп тауып алады да Л.Выготскийдің кітабы ағылшыншаға дұрыс аударылған-аударылмағанын біліп беруді өтінеді. Бұл кейбір нақтылайтын жері барын түсіндіріп және ол сөздерді көрсетіп, жалпы аударма дұрыс жасалғанын айтады. Шетелдік ғалым бұған риза болып, алғысын білдіреді. Көмектескені үшін ақша да ұсынады. Осыдан кейін екеуінің арасында тығыз байланыс орнайды.

Л.Выготский жөнінде бірер сөз. Өте мықты ғалым. 1934 жылы Ресейден қуылған. Сөйтіп Америкада өмір сүрген. Әлемде «сыни тұрғыдан ойлау» деген тұжырым бар. Ол Л.Выготскийдің «Мышление и речь» атты еңбегіне негізделген. Американдық, британдық ғылыми мектептердің түп тамыры Л.Выготскийдің әлгі еңбегінен нәр алған. Аталған еңбекке мынандай ойлар өзек болады. Бала білім алуға, пәндерді оқуға дайын ба? Оның миы дамып, пісіп-жетілді ме? Осыған мән берілуі керек. Егер бала дайын болса, білім берудің ең төменгі баспалдағы жасалуы керек. Содан кейін кезек жоғары басқышқа беріледі. Осы екі аралықта білім жалғасын табады.

«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде Ұлттық комиссия құрылғаны белгілі. Мен осы комиссияның әрі осы комиссияға қарасты орфография тобының мүше­сі­мін. Орфографиялық топ емле ереже­сін жасады. Сынақтан өткіздік. Енді насихат жұмыстары жүріп жатыр. Орфо­графиялық топтың отырысында ереже­нің төрт түрлі вариантын ұсындым. Бала бақшадағы және 1,2-ші сынып оқушы­ларына емленің ережесіз түрін жасау керектігін айттым. Бұл қалай? Әріптер мен көрнекі құралдар (кубик, кілемше, сурет…) жасау арқылы оқыту. 3-тен 8 сыныпқа дейін ережені нақтылап, баланың ойлауына ыңғайлы етіп, одан әрі 8 сы­ныптан бастап студенттерге, ересектерге, төр­тінші, басқа тілді аудиторияларға арнап жазу. Осы ойлардың келуіне С.Медеуздің және Л.Выготскийдің жоғарыда тілге тиек еткен еңбектері түрткі болған еді» дейді Таңат Тәңірбердіқызы.

Құлақ салар кеңес

Таңат Тәңірбедіқызының өмір­ден түйгені мол. Әсіресе білім саласына, тілге үйренуге қатысты айтары көп. Реті келіп тұрғанда түйдек-түйдек ойлардың бір легіне кезек беріп көрелік:

– Тілді үйрену жасқа байланысты емес. Бұған нақты бір мысал кел­тірейін. Әнебір жылдары қалада қосымша курста сабақ бер­дім. Тың­даушылардың ішінде 74 жастағы үлкен кісі болды. Ол кісінің курсқа келіп жүрген себебі, немересі американ­дық­қа тұрмысқа шығыпты. «Күйеу баламмен ағылшынша сөйлес­кім келеді» дейді. Ақырында тілді үш деңгейге бітіріп шықты. Содан Америкаға кетті. Бір жылдан кейін қайтып келді. Ағылшынша сайрап тұр. «Американдықтардың қандай адам­­дар екенін білдім» дейді. Оқуын қайта жалғастырды. Сөйтіп тілді бес деңгейлік дәрежеге дейін үйреніп алды.

Тілді үйрену үш нәрсеге байланыс­ты. Бірінші, адамның алға қойған мақсатына, екінші еңбекқорлығына, талапшылдығына, ізденгіштігіне, үшінші мұғалімге. Білімді, тәжірибелі мұғалім кез келген оқулықтан өзіне қажеттіні ала алады. Әрине, оқулықтың болғаны жақсы. Бірақ оқулыққа тым байланып қалуға болмайды. Біздің қазіргі жас мұғалімдер оқулықтан ажырағысы келмейді. Оқулықтағы мәтіндердің астарында не жатқанын білмейді. Оқулықта не жазылса, соны қайталаумен шектеледі.

Болашақ мұғалімдерді даярлауға түбегейлі өзгеріс қажет. Мәселен, ағылшын тілі мұғалімін даярлауда. Ағылшын тілін ағылшын мәдениеті, ағыл­шын тарихы, ағылшын ментали­теті арқылы үйреткен жөн.

Ең басты тұлға тіл үйренуші мен ұстаз. Осы екі тұлға арасында үйле­сім­ді­лік болса тілді тез үйренуге болады.

Бұл айтылғандар қазақ тіліне де қатысты. Қазақ тілін қазақтың мә­дениеті, тарихы, дәстүрі арқылы үйрету керек. Былайша айтқанда тіл үй­рену­шіні қазақыландыру керек.

Америкада болғанымда американ­дық екі топқа қазақ тілінен сабақ бердім. Оларға қазақтың мақал-мәтел­деріне дейін үйреттім. Бір сөзбен айтқанда американдықтарды қазақыландыруға күш салдым.

Алғашқыда қызық болды. Аудито­рияға кірсем студенттер аяқтарын столдың үстіне қойған. Ең алдымен көзіме түскені бас емес, аяқтар. «Қазақ тілін үйренгілерің келсе аяқтарыңды көтеріп отырғандарыңды қойыңдар. Қазақтар үшін бұл масқара саналады. Олай жасамаңдар» дедім. Айтқанымды тыңдады. Жөнге келді. Есіктен кірсем қарсы алып, орындықты жақындатып, құрмет көрсететін болды.

Кетер кезде бәріміз дүкенге бардық. Ет сатып алдық. Сөйтіп американдық студенттеріме қазақша ет дайындап бердім.

Қазақ тілін үйренгісі келетін орыс тілділерге де жоғары деңгейде сабақ беруге болар еді. Өйткені, мүмкіндік көп. Сабақты қазақ тілінің ерекшелігімен байланыстыра өткізсе. Сонда тілді үйрену қиын болмайды. Бізде қалай? Оқулықтағы күрделі мәтіндерді, өлең­дерді жаттатқызады. Бұдан бала түгілі, ересек адамның өзі қашқақтайды. Бірден ережені айтамыз. Сөйлетпейміз. Қызықтыру керек. Жаңа айтылғандай, ұлттың мәдениеті, тарихы, дәстүрі арқылы.

Елбасы биылғы Жолдауында сапалы білім берудің маңыздылығын, мұғалімге жағдай жасаудың қажеттігін айтты. Өте дұрыс. Көңілден шығады.

Мұғалім – мәртебелі мамандық. Дәрігерді, инженерді, ғарышкерді… тағы басқаларын даярлайтын мұғалім ғой. Кәсіп иелерінің бәрі мұғалімнің алдынан өтеді. Әсіресе педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының жұмысын қайта қарау керек. Қазір бұрынғы ізбен жүретін заман емес. Маман даярлау күрделі мәселе. Оған жаңашыл көзқарас қажет.

Қазір неге мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі өз тұғырында тұрған жоқ? Мұның бір себебі сабақ беруімізде. Бұл іске білікті ұстаздар тартылуы тиіс. Қазақ тілін орыс, ағылшын тілдерінен артық етіп беру керек. Оның ғажап тіл екендігін әрі тез үйренуге болатындығын тыңдаушыларды қызықтыра отырып дәлелдеген дұрыс.

Қазақ бала бақшаларында, қазақ мектебінің бірінші, екінші сыныптарында басқа тілдің жүргізілуіне ғалым, ұстаз ретінде өз басым қарсымын. Бала ана тілімізде дамуы тиіс. АҚШ-та көптеген бала бақшаларды араладым. Олар ешқандай шет тілін оқытпайды. Баланы тек өз тілдерінде жан-жақты дамытады.

Мен үштілділікке қарсы емеспін. Керісінше, қайта қолдаймын. Бірақ ол тілдерді қай уақытта беру керек? Мәселе осында. Өзге тілді үшінші сы­ныптан бастап оқытса да кеш емес. Оған дейін бала жетілу керек. Физиологиялық жағынан қатаю керек. Аяғынан нық тұруы керек. Салған беттен үш тілді қатар оқытса бала дүбара болып шығады. Өзінің ана тілін, не орыс, ағылшын тілдерін білмейді. Бала төл мәдениетінің есігін ана тілінде ашу керек. Мектептерде химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытып жатыр. Бұл дұрыс емес. Оқушы бұл пәндерді өз тілінде меңгеруі керек. Мәселен кейбір балалар әлгі пәндерді ағылшыншадан гөрі өзінің ана тілінде жақсы түсіндіруі мүмкін. Тіл білмеді екен деп ондай оқушыларды шеттеткен қалай болады? Осыны неге ойламасқа…

Ең алдымен ағылшын тіліне жетік кадрлар даярлау керек. Химияны, биологияны, физиканы еркін түсіндіре алатын бізде кадр жоқ. Бар болса да саусақпен санарлық. Алайда оларды нағыз мамандар деп айта алмаймыз.

Мектептерде экспериментальды топ ашылғанын қалаймын, оған өзі оқығысы келетін балаларды ғана тартқан жөн. Жаппай оқытқан дұрыс емес. Бұл менің жеке пікірім.

«Елбасыдан үйренгенім көп»

Кейіпкерімізбен әңгіме барысында бізді ерекше қызықтырғаны – өзі сабақ берген Елбасының ағылшын тілін қалай үйренгендігі еді. Бұл туралы сұхбаттасымыз былай деді: «Сабақ барысында айрықша байқалғандығы Нұрсұлтан Әбішұлының қандай іске де жауапкершілікпен қарайтындығы әрі еңбекқорлығы. Ерекше талантты екендігі. Ағылшын тілін өте жақсы меңгеріп кетті. Тілді білуі төртінші деңгейге дейін жетті.

Алдымен сабағымызды шағын кітапшалардан бастадық. Оқығаны­мызды бірлесе талқыладық.

Сабақты ол кісінің жұмысынан тыс уақытта жүргіздім. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындады. Мен сабақ берген адамдардың ішіндегі ең таланттысы, алғыры Елбасы болды.

Өз басым Елбасыдан көп нәрсе үйрендім. Жұмыс істеу тәсілдеріне қанықтым. Сол үшін де ол кісіге деген ризашылығым шексіз».

Таңат Тәңірбергенқызының жоспарында алдағы уақытта Мемлекет басшысы туралы әсерлі ой-толғанысқа толы мақала жазу бар екен. Ол жұрт назарын аударар дүние болып шы­ға­тынына біз де сенімдіміз.

Бәрін айт та бірін айт. Әлемдік ірі тұлғаға айналған ел басшысына сабақ беру де әркімнің қолынан келе бермес. Мұндай зор жауапкершілік таң­дау­лының таңдаулысына, бірегейдің бірегейіне ғана жүктеледі. Демек Таңат Аяпова сондай даралар­дың қатарында.

Студенттермен жиі кездесетін ұстаз-ғалым ұлттық тәрбие берудің маңыздылығын жиі айтып отырады. Ұлттық тәрбиені жүйелі жүргізбесек, одан қол үзіп қалсақ жаһанданудың шаңына көміліп қалады екенбіз. Оның пікірінше қазіргі жас ұрпақ намыссыз емес. Олардың ішінде де дарындылары, таланттылары бар. Үлкендер кейінгі толқынға бағыт-бағдар беріп отыру керек. Жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирендіріп отырған абзал. Жастар қолдауға зәру. Осы ретте Елбасының жүргізіп отырған саясаты қолдауға тұрарлық. Мемлекет басшысы соңғы кезде министрліктерді басқаруға жас кадрларды тартуда. Бұл болашақты, ертеңді ойлағандық. Өйткені елдің ертеңі жастардың қолында. Президенттің келер жылды Жастар жылы деп жариялауы жайдан жай емес. Осының өзі аға ұрпақтың ізбасарларына жасап отырған шынайы қамқорлығы.

«Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ұлт үшін қызмет етсек біздің еліміз де, тіліміз де мәңгілік болатынына сенім мол» дейді ол.

Білікті ғалым, ұлағатты ұстаз, ардақты ана Таңат Аяпова елдегі қоғамдық жұмыстардан да шет қалған емес. Ол – еліміздегі «Ғалым әйелдер қоғамдық бірлестігінің» президенті. «АҚШ-қа барып жұмыс істегенде аңғарғаным, оларда ғалым әйелдердің бірігуімен ашылған қоғамдық қорлар бар. «Осындай қоғам біздің елде неге жоқ?» деген сауал мені жиі мазалап жүретін. Қазақстанда 400 мыңға жуық ғалым әйелдер бар екен. Олар мамандықтары бойынша әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Замандастарымның ортақ ұйымы болғаны уақыт талабы. Біздің мақсат – қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты ғалым әйелдердің үнін жеткізу, олардың пікірлері мен ғылыми тұжырымдарын ұсыну» дейді қоғамдық бірлестік жөнінде.

Қандай ел болмасын өздерінде өмір сүріп жатқан тұлғаларымен тұлғалы, мерейлі. Біздің ел де ондай бірегей, дара тұлғалардан кенде емес. Солардың бірі өзіміз бүгін әңгімемізге арқау етіп отырған қарапайым да, қадірлі, ғылымда сайрап жатқан өрнекті ізі бар, ұлтының мақтанышы Таңат Тәңірбердіқызы.

Тегтер: Таңат Аяпова, қазақ тілі, бала тілі, Елбасы
Авторы: Нұрперзент ДОМБАЙ, «Ана тілі»​​

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

11 0

ақпарат

​«Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау» республикалық ғылыми-теориялық online конференция өтті

70 0

ақпарат

Халықаралық терминдердің лингвистикалық мәртебесі

63 0

ақпарат

Жазушы қауымға артылған үлкен жүк