Әліпби – тілдің тетігі

Тіл – әр елдің тарихи шежіресі. Кез келген халықтың, елдің тілінде – ең бірінші оның тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары, дүниетанымы көрініс табады. Өйткені талай-талай замандардан осылардың ба...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

16 қараша, 2018

Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу өнерін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіру талабынан басталып отырған. Қазіргі жаңа заман серпіні адамзатты «жазу», «графика» дәуіріне жетелеуде. Түрлі ­заманауи техника мен техноло­гия­ның, инновацияның шарықтап өркендеу ғасырында бұл – заңды құбылыс. Осы цифрлық, графикалық дәуір өткелінде ұлттық, мемлекеттік тілімізді сақтап, сол тіл арқылы сан ғасыр тоғысында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді нығайтып, оны тарих беттерінде шежіре қылып таңбалағымыз келсе – латын графикасына өтуіміз өте орынды реформа. Бұл реформаны жүзеге асыру – «Мәң­гі­лік ел» ретінде, рухы биік мемлекет ретін­де даму үдерісінің негізгі сатысы.

Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, бұл жазу реформасы қазақ елі үшін тың құбылыс емес екендігін білеміз. Қазақтың алғаш зиялылар қауымы «Алашшылардың» бұдан бұрын салып кеткен сара жолы. Осы реформаны қайта жаңғыртып, жандандыру – ұлттық мүддемізбен қайта қауышуды білдіреді. Биылғы жылдың 12 сәуірінде Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшетіндігін мәлімдеген болатын. Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында тіліміздің тарихын тереңнен толғай келе «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп, келешекті мақсаттың түпкі негізін айқындап берді.
Қазіргі дәуір – ол жазу заманы, латын графикасын енгізіп отырған елдердің әліпбиінде әріп саны тілдегі фонемадан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі екені анық. Сонымен қатар бұл саясат ақпараттық кеңістік үдемелі түрде дамып отырған заман талабымен бірге алға ілгерілеуді, ғылым мен инновацияда алдыңғы қатарлы, озық тәжірибелі елдер қатарына қосылу мақсатын көздейді. Біздің ойымызша, бүгінгі күннің өзекті мәселесі «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезеңді өтуі» жобасының әрбір оқу орнында (мектепте, орта кәсіптік оқу орындарында, жоғары оқу орындарында) 2017-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары болғаны дұрыс. Себебі латын графикасына біртіндеп өту бағытындағы жұмыстар – халықты бейімдеу этаптарынан бастап, толыққанды латынға өту сатысына дейін, шикіліксіз әрі жүйелі түрде атқарылуы тиіс.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан – 2050» бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, қоғамның зиялы өкілдерінің, жастардың, мемлекеттік қызметкерлердің жеке көзқарастарын білу және мониторинг жүргізу мақсатында анкеталық сұрақтар, тест өткізу, қазақ тілінің тарихын, тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектері жөніндегі мәліметтер бойынша дәрістер жүргізу, латын графикасының тиімділігі мен артықшылығы жөнінде түсінік жұмыстары сияқты бейімдендіру іс-әрекеттерінен бастап, күрделі қызмет түрлеріне: латын графикасында ­сауат ашу, грамматикалық сауаттылық негіздерін үйретуге қарай сатылы түрде жүргізілгені тиімді.
Бұл жобаға қатысты атқарылатын жұ­мыстың нақты кезеңдерін анықтап, олар­ды жоғары оқу орындарында төмен­дегідей үлгіде жүргізуге болады:
І кезең – «Бейімдендіру». Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деген болатын, осыған байланысты бұл жоба жүйелі, кезеңді түрде іске асуы тиіс. Сол себепті де, ең алғашқы этап – бейімдендіру кезеңі.
Бұл кезеңде әрбір оқу орны өз ұжы­мын осы реформаға және оның өзекті мәселелеріне қатысты негізгі ақпарат­тармен қамтып, тың мәліметтер мен материал­дарды таныстырып, жаңа процеске бейімдеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл ретте келесідей бағыттағы жұмыстар жүргізіледі:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан – 2050» бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
– студенттердің жеке көзқарастарын білу және мониторинг жүргізу мақсатында анкеталық сұрақтар, тест өткізу;
– қазақ тілінің тарихын, тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектері жө­ніндегі мәліметтер бойынша қысқар­тылған дәрістер жүргізу;
– латын графикасының тиімділігі мен артық­шылығы жөнінде түсінік жұмыс­тарын жүргізу;
– студенттердің латын графикасына байланысты сауаттылықтарын тексеруге бағытталған тест пен сауалнамалар өткізу, қорытындысы бойынша мониторинг жүргізу;
– «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында немесе басқа тақырыптарда жарыссөз, дебаттар өткізу (бұл дебаттар жастардың өзіндік ой-пікірін, ұсыныстарын анықтап білуге көмектеседі);
– жобаға байланысты түйінді мәселе­лерді қарастыру, жан-жақты бағдарлау мақсатында:
– ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел­дер, «Үздік жобалар» сайысын ұйым­дастыру.
ІІ кезең – Латын графикасы бойынша қайта сауаттандыру (латын графикасын, қазақ жазуын латын тілінде таңбалау сауаттылықтарын меңгерту). Бұл кезең – латын әліпбиіне кезеңді көшу жобасына байланысты жұмыстарды сатылы түрде жүзеге асыра бастау, латын графикасы бойынша сауаттандыруға көшу болып табылады. Бұл кезеңде мынадай жұмыстардың атқарылғаны жөн:
– ЖОО (институт) латын әліпбиінде сауат ашу әдістемелік құралдарын құрастырып, бағдарламалар мен жоспарлар құру;
– латын әліпбиін үйренетін, және латын графикасында қазақша жазуға үйрететін курс ұйымдастыру. Ол курс мынадай жұмыстарды қамтитын болады:
1. Ресми түрде белгіленген Латын әліпбиін үйрету;
2. Латын графикасы арқылы қазақша мәтіндерді жазуға машықтану;
3. Қазақша мәтіндерді латын графикасында оқу сауаттылығын дамыту;
4. Кириллицада жазылған мәтіндерді латын графикасымен таңбалап көшіру дағдысын дамыту.
ІІІ кезең – Оқу-әдістемелік құралдар қо­рын жасақтау. Бұл кезең үдерісті тұрақ­тан­дыру кезеңіндегі жұмыстарды қамтиды:
– мониторинг жүргізу мақсатында оқытушылар мен студенттер арасында тест жүргізу;
– кафедралардағы ОӘК мен Sillabus-ды латын қарпіне көшіру жұмыстарын бастау;
– институттың латын графикасында терілген құрылымдық құжаттарының қорын/базасын жасақтау.
– жеделдетілген сауаттылық курстарын жүргізу.
ІҮ кезең – Құзыреттілікті қалыптас­тыру және дамыту кезеңі. ЖОО базасында түрлі құзыреттіліктерді қамтитын іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Мысалы:
– Тарихи шолу;
– тіл тарихына байланысты көрме, дөң­гелек үстел, конференциялар ұйым­дастыру;
– сауаттылықты анықтау арттыру мақсатында 2 ай сайын диктант, тесттер өткізіп отыру.
– тілдер жәрмеңкесін өткізу;
– институттың электронды кітапхана қорын жаңғырту (латын графикасына көшіру, т.б. жұмыстар).
Бұдан шығатын түйін:
Дүниежүзінде орын алып жатқан өзгерістер, Қазақстанның білім саласын­дағы реформаларының, тіл саясатының, білім мазмұнының уақыт талабына сай болып, күнделікті өмірдегі қажеттіліктерді өтеуге бет бұруын міндеттейді.
Қазіргі уақытта коммуникативтік біліктілік, тілдесім, ойын еркін жеткізумен бірге, топтар арасында өзін-өзі ұстай білу, ақпаратпен жұмыс істеу, компьютерлен­ген техника тілін білу, бірнеше тіл меңгеру қай елде болмасын басты талапқа айналып отыр. Сол талаптарға сәйкес алға ілгерілеудің, ұлтаралық, мәдениетаралық қарым-қатынасты орнатып, оны дамы­тудың бірден-бір жолы – қазақ жазуын, тілін латын графикасына көшіру.
Аталмыш реформа біріншіден, ғалам­дық ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тіліміз­дің еніп орнығуы мен сақталуының кепілі. Екіншіден, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгертуге жол ашады. Үшін­шіден, әлем­дік аренада зайырлы мем­лекетіміздің ұлт­тық тілінің, мәдениетінің өркендеуіне әкелер жол. Бүгінгі жаңа заманауи талапқа тіл реформасын сәйкестендіріп, күшейту – «Мәңгілік ел» идеологиясын толыққанды жү­зеге асыруға зор мүмкіндіктер беріп отыр.
Бұл ретте ұсынылып отырған әдісте­мелік жұмыстар қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесінің теориялық аспектісін қамтып қана қоймай, жоба арқылы қамтылатын бірыңғай жұмыстар жүйесін ұсынуы қажет. Бұл жұмыстар жүйесі латын әліпбиіне сатылы көшуді қамтамасыз етеді.
Бұл орайда тіліміздің тарихына ­назар аудармау мүмкін емес. Қазақ тілінің тарихы сонау ертеден бастау алады. Тіліміз Көне Түркі тілінің қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Қазақ жазуы ғасырлар тоғысында бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1929 жылдарға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылса, ХХ ғасыр басында ағартушы А.Байтұрсынұлы бастауымен араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылды. 1929-1940 жылдар арасында латын графикасы қолданылса, 1940 жылдан соң кирилл әліпбиі енгізіліп қазірге дейін қолданылуда. Яғни көріп отырғанымыздай латын графикасын қолдану тәжірибесі біздің ел тарихында болған. Сондай-ақ мұрағат материалдарына сүйенсек, латын графикасында ба­сылып шыққан ғылыми еңбектер мен шығармалар қоры қазақтың белгілі ағар­тушылары, «Алаш» қозғалысының бел­сенділері арқасында сақталынған болатын.
Ақпараттық кеңістік– ақпарат туындайтын, орын ауыстыратын және қолданы­латын кеңістік. Ақпарат тасқынының бағыты мен жылдамдығы, оны қолдану және құру ­амалдары ақпараттық кеңістік құрылымын анықтайды. Бұл кеңістіктің құрылымы ғылым, БАҚ, білім беру кіретін қоғамның ақпараттық инфрақұрылымын көрсетеді. Аталған ұғымды В.И.Костюк енгізген.
Демек, біздің латын графикасына көшуіміз – алғашқы қазақ зиялыла­рының салған сара жолына қайта оралу деген сөз. Тіліміздің келешегіне қарқынды дамыған заман сарынына қарай бір мықты серпін беру болып табылады. Бұл шешім – техникалық инновациялық мүмкіндіктері шарықтаған әлемдік ақпараттық кеңістікке еліміздің еркін енуіне кепіл болмақ.

А.ЫҒЫЛОВА,
Атырау инженерлік-гуманитарлық
институты педагогика
ғылымының магистрі

Г.БАЙСЕУОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Аударма ісі және шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы


Баға беріңіз