Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Шерағаң шерткен шер

13.11.2018 171
Қазақ журналистикасының қара нарлары Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың «Егемендегі» хаттары кезінде қоғамдық санаға серпіліс әкелгені бәлім. «Қадірлі Камал Дос!», «Қадірменді Шерхан!» деп бастап, ел өмірінің қалтарыс-бұлтарыстағы бүкіл проблемасын жіпке тізіп көрсеткен, одан шығатын жол іздеген екі тұлғаның хаттарын қазір оқысаң, алысты болжай білген көрегендігіне еріксіз таңғаласың.

Тоқсаныншы жылдардың басында жазылған хаттардың біріне Камал Смайлов былай дейді: «...Интернет» деген бүкіл әлемдік ақпарат жүйесі бар. Оған жүзден аса ел кірген. Соның бірі – Қазақстан. Әркім өзінің үстеліндегі компьютерден модемдік байланыс жүйесі арқылы әлгі интернетке шығады да, қалаған жерден қалаған мағлұмат-ақпаратын тауып алады. Бұл бір ғажап. Арнайы шағын бейнекамера орнатса, сөйлескен екі жақ бір-бірін көріп отырады, көп адам қатыстырып, үйден шықпай-ақ кеңес-мәслихат өткізуге де болады. ...Ал оның электронды пошта деген түрімен дүние жүзінің қай бұрышындағы адаммен болсын, оның шифрі мен кодын білсең, бірден хабарласуыңа болады».

Бүгінде жанымызды салып дамытудың қамын жасап жатқан цифрландырудың артықшылығын жарықтық он бес жыл бұрын біліп, ақпараттық кеңістіктегі артықшылықтарын, көршілес елдердің ақпараттық кеңістігіне хабар таратудың тиімділігін айтып кетіпті: «Интелсат» деп аталатын халықаралық спутниктің бір бұрышын Қазақстан жақында сатып алды. Алматыдағы, облыс орталықтарындағы хабарды беретін санды қондырғылар арқылы сол «өзіміздің» спутникке де шыға аламыз, өз телехабарымызды сол арқылы басқа елдерге таратамыз».

Бүгінде халықтың цифрлы сауатын арттырмайынша, экономиканы да, әлеуметтік жағдайды да дамыту мүмкін емес екенін түсініп, елімізде ЖОО-ларда да, мектептерде де оған баса назар аударылуда. 1994 жылдың қарашасында, яғни тура 24 жыл бұрын Камал Смайылов ол туралы: «Осынша ғаламат дүниелерді біздің, өзіміздің жастар игеріп, меңгеріп әкетсе ғой. Әзірше шетелдіктер үйретіп жатыр. Ертең қалай болады? Бір қауіп бар... Сонша техника құдіреттеріне ие болып отырған Қазақстанда алыс аудан, ауылдармен байланыс әлі нашар», депті.

Шерағаң ше? Ол не деп жауап беріпті деген қызығушылықпен одан әрі оқисың. Айбарлы қаламгер: «...Сен «Интернет», «Интелсат» дейсің. «Оптикалық талшықтар байланыс кабелі» дейсің. Оу, жарқыным, сен ауылға шықпағалы көп заман өткен-ау, сірә. Ауылдағы мектепте сенің әлгі айтқандарың өңі түгіл, түсіне де кірмейді. Компьютер дегеннің не екенін білмейді. ХХІ ғасырға біздің ауыл жастары шала сауатты, дүмбілез күйінде барады. Сен айтқан кереметтерді білсе, тек шет елге шығып оқитын шонжарлардың балалары ғана біледі...» дейді күйініп.

Шындығында, екеуінің де ой-пікірі ақиқаттың ауылымен қоңсылас. Озық техниканың артықшылығын тереңірек білетін Камал Смайыловтың да, ауыл десе, халық десе жүрегі қан жылайтын Шерағаңның да айтқандары рас еді.

Сол хаттар жарияланғаннан бергі аралықта түк өзгермеді деп ауызды қу шөппен сүртуге әсте болмайды. Кейінгі жылдары ақпараттық технологияны дамыту, ел өмірінің сала-саласын цифрландыру біршама жолға қойылды. Қалаларға жылдамдығы жоғары интернет жетті, алыс ауыл-аудандардағы оқушылар компьютерді пістедей шағып тастамаса да, әліппесін бір адамдай білетін жағдайға жетіп қалды. Елбасының бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды.

Өткен жазда Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қалалар мен ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету уақыт талабы екенін айтқаны есімізде. «Бұл уақыт талабы, көптеген мемлекеттердің күн тәртібіне алынған. Тек белсенді жұмыс істеу керек. Негізгі мәселе – өңірлердегі интернет жылдамдығы: байланыс бар, интернет бар, тек жылдамдығы өте төмен», деген Премьер Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп жылдам интернетпен қамту бойынша шаралар қабылдауды тапсырған-ды. Енді Үкімет жыл соңына дейін кең жолақты интернет тартуды бастап, келер жылы 5 G енгізуді қанатқақты режімде қолға алмақ.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің хабарлауынша, «Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру еліміздің 1249 ауылындағы мемлекеттік органдарды және бюджеттік мекемелерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолданумен байланыс қызметіне қосуға мүмкіндік береді. Тамыз айында Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев 5G ұялы байланысын Қазақстан аумағына енгізу Халықаралық электрбайланыс одағының 5G стандартын қабылдағаннан кейін мүмкін болатынын жеткізді.

Дегенмен, елімізде интернетті айтпағанда, ұялы байланыс ұстамайтын ауылдар әлі де бар. Бұл туралы «Егеменнің» өңірлердегі тілшілері көтерген проблемалық мақалалардан оқып-білеміз, өзіміз де ауылға жолымыз түскенде талай рет куә болғанбыз. Интернет пен ұялы байланыстың болмауы ауылды артқа тартып, жастардың тұрақтамауының себептерінің бірі десек, артық емес.

Бүгінде Камал да, Шерхан да ортамызда жоқ. Ал екеуі он бес жыл бұрын айтқандай, байланыс ұстамағандықтан, төңіректегі биіктеу тау-тастың басын «переговорный пунктке» айналдырған, ұялы байланыс операторлары «халқы аз» деп көзге ілмей кеткен ауылдар бар. Сол ауылдың халқы Шерағаң айтқандай «ХХІ ғасырда шала сауатты, дүмбілез» болып қалмаса дейсің.


Тегтер: Шерағаң, Шерхан Мұртаза, журналистика, қазақ тілі
Авторы: Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

70 0

ақпарат

Халықаралық терминдердің лингвистикалық мәртебесі

63 0

ақпарат

Жазушы қауымға артылған үлкен жүк

33 0

ақпарат

Кітап оқып, миллион ұтып ал!