Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Жаңғыру - жазушылардың жан азығы

31.10.2018 53

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қай кезде де еліміздегі зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне үлкен қолдау көрсетіп келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және одан өрбитін құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы ретте тұғырлы төрт жоба ұсынылды. Бірінші жоба бойынша әдеби байқау өткізіледі. Байқау нәтижесі бойынша бес номинация белгіленеді. Әр номинацияда үш орыннан, барлығы 15 қатысушы жүлделі болады. Екінші телевизиялық жоба негізінде «Астана» телеарнасынан арнайы телебағдарлама дайындалады. Үшінші жоба әлеуметтік желілер мен интернеттің мүмкіндігін тиімді пайдалануға қатысты жүзеге асады. Заманауи технологиялардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, сол арқылы рухани жаңғырудың құндылықтары насихатталады. Төртінші жоба негізінде ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құрылады.

– Бұл жобалардың барлығы жас ақын-жазушыларға беріліп отырған мол мүмкіндік. Елбасының Жолдаудағы әр ұсынысының стратегиялық маңызы зор. Мәселен, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту – миллиондаған қазақстан­дық­тың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетін шара. Сол сияқты денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде еліміздегі әлеуметтік жағ­дайды одан әрі дамытуға тың серпін береді. Сол себепті, «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі ретінде Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, Елбасы ұсыныстарын жүзеге асыруға үлес қосып, осы бағыттағы жұмыстарға жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізетін болады. Партия бұл жұмыстарды елі­міздегі жетекші саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жүзеге асырмақ. Өйткені мұндай ауқымды жұ­мысты жұмыла атқарсақ, оның нәтижелі болары сөзсіз. Ел игілігіне бағытталған бұл істен Жазушылар Одағы да тыс қалмайды деп сенеміз. Өйткені халыққа ең жақын топтың бірі – қаламгерлер, – деген еді «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрах­манов зиялы қауымның Елбасы Жол­дауын xалыққа түсіндірудегі орны туралы оң пікір білдірді. «Ақмола облысындағы кездесулер кезінде жұртшылықтың Ел­басы Жолдауына жаңаша көзқарасы қалыптасқанына тағы да көз жеткізіп, көңіліміз жайлана түсті. Целиноград, Ақкөл, Шортанды аудандарында, А.Мырзаxметов атындағы университетте, облыстық «Арқа ажары» газетінің редак­циясында, Ақмола облыстық жастар басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығында өткен кездесулерде сұрақ қоюшылардың дені елдік мәселелерді қозғады. Бұрынғыдай «анау неге жоқ, мынау неге жоқ, олар қашан болады?» деген сияқты бірсарынды әңгіме азай­ғанын анық байқадым. Бұрын жылдың басты құжатына белгілі дәрежеде тұтыну­шылық тұрғыдан қараушылық бой көрсете бастағанын байқайтынбыз. Атап айтқанда, Президент Жолдауының жария етілетін мерзімі жақындағанда жұрттың арасында «Биыл Елбасы стратегиялық міндеттерді қалай шешер екен? Қай сала­ға көмек көрсетер екен? Біздің салаға еңбек­ақыны өсірер ме екен? Өсірсе, қан­ша өсірер екен?» деген сияқты әңгімелер көбейе беретін. Жолдаудың елдің алдағы өмірінің басты бағыт-бағдарын айқын­дайтын стратегиялық құжат екендігін ескере қоймайтындар қатары бұрын қалың еді десек, мұнымыз артық айтқанға жатпас. Ал кейінгі жылдарда жаңағыдай көзқарастың орнына «Президент келесі жылға қандай басымдықтар белгілер екен? Қоғам дамуының негізгі арналарын қалай айқындар екен? Соның ішінде өзім қызмет ететін салада қандай өзгерістер орын алар екен?» деген байсалды пайым басым түсе бастағаны байқалады. Мұның өзі Елбасы Жолдауын жан-жақты түсін­діруге зиялы қауым өкілдерінің бұрын­ғыдан белсендірек қатысуының нақты нәтижесі деуге болады. Оның бір себебі Жолдаудың басынан аяғына дейін адамға қамқорлыққа, отандастарымыздың әл-ауқатын арттырудың, өмірімізді өзгерту­дің нақты тетіктерін табу талабына тұнып тұрғандығы болса, тағы бір себебі дамуы­мызды тежеп келе жатқан түйткілдерді ашық көрсетуі, сол қиыншылықтарды еңсерудің жолдарын елмен ақылдаса отырып іздестіруі дер едік. Мысалы, экспорт пен импорттың арасындағы үш еседей алшақтық, көлеңкелі экономика­ның ойлы адамды айран-асыр қалдыра­тындай, тіпті сескендіретіндей көлемі сияқты жайлар ашып айтылып, соларды еңсерудің жолдары нұсқалғаны бәрімізді де қатты үміттендіреді. Міне, мұны да біз қазір кең қанат жая жүргізіліп жатқан руxани жаңғырудың нақты нәтижесі, жақсы жемісі деп білеміз. Сондықтан егер билік халықтың мүддесін ойлайтын шешімдер қабылдап жатса, билік қабылдаған шешімдерден халықтың мүддесіне нақты пайда тиіп жатқан болса, биліктің шешімдерінен халықтың әл-ауқаты жақсарып, нақты нәтиже шығып жатса, «имидж үшін шын жазушы билікке қатыстырылуы тиіс» деген пастулатты өте даулы деп қабылдау керек. Осы тұрғыдан келгенде, «Нұр Отан» партиясы халыққа жақындаудың нақты көрсеткіштерін көрсетіп отыр» деді.

«Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дегендей, «Нұр Отан» партия­сының жазушыларға жасап жатқан қам­қорлығы бірқатар зиялы азаматтардың көкейінен шығыпты. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан «Нұр Отан» партиясы жанында «Мирас» республикалық кеңесі жұмыс істейтінін айта келе, «Бұл – қазақ зиялыларының қатысуымен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын сұхбат алаңы болып отыр. Сондықтан партия мен жазушылар ара­сын­дағы ортақ меморандумға қол қою – өте тиімді бастама деп білемін. Себебі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жазушылардың қоғамдағы ала­тын орны ерекше. Жазушы – қазақ қоғамының парасаты мен ой деңгейі. Әр кезде заманаға ой тастайтын да, бұқараға ой қозғайтын да зиялы қауым өкілдері екені сөзсіз. Ақын-жазушы сол қоғам­ның тамырын басып отырған, жан дүниесін түсінетін тұлға» деген пікірді алға тартады.

Қазақстан жазушылар одағы 800-ге тарта қаламгерді біріктіріп отырған қоғамдық ұйым. Біле білгенге, бұл – үлкен күш. Елбасы Жолдауын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдап, қуаттап жатқан қаламгерлер қатары көп.

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: – Елбасы Жолдауында айтылған рухани-әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы бірлесе, ынтымақтаса қызмет етеміз деген ойда­мын. Жақында ғана қабылданған ме­морандум биік нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттеміз. Шығарма өміршең болуы үшін өмірден алынуы тиіс. Өмірді жеңіл­детуге, тұрмысты, әл-ауқатты жақсартуға бағытталған Жолдаудың жылдағы жол­даулардан ерекшелігі де осы болды деп айтар едік. Әлемдік және жергілікті проблемалар бірі жағадан, бірі етектен алып тұрған қазіргі кезеңде халқымыздың әл-ауқатын өсіру, тұрмысын байыту оңай шаруа емес. Жақсы тұрмыс деген не? Ол – барлық жұрттың жағдайының жақ­саруы – яғни, қам-мұңсыз өмір сүріп, ауырмай-сырқамай, алаңсыз еңбек етіп, бала-шағасын асырап, оқытуы. Ал сол тұр­мыс қайтсе жақсарады? Арифмети­калық қарапайым сұраққа қарапайым жауап берсек, бұл, әрине, ең алдымен тапқан табысыңа тікелей байланысты болмақ. Нарық кеңірдегінен қысқан теңгеміз қылғынған сайын, азық-түлікпен күн­делікті тұтыну тауарларының бағасы шарықтай түсетіні анық. Мұндайда тапқан табысың бойын тіктеп, алып жүрген жалақыңның өзі жербауырлап қалмай, еңсесін көтере білсе – асығыңның алшысынан түскені емей немене? Сон­дықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауының әлқиссасы халық табысының өсуінен басталуында үлкен мән бар. Түбінде әмбеге ортақ еңбек қоғамын құру үшін мемлекет пен халықтың арасы мейлінше жақындап, екеуі тізе қосып, күш біріктіруі қажет.

Ол үшін алғашқы қадам – ең төменгі жалақының мөлшерін алдағы жылдан бір жарым есе, яғни 28 мыңнан 42 мың-ға өсіруден басталғалы отыр. Cон­дай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға өспек. Бұл дегеніміз – бүкіл еліміздегі күнделікті және айлық, жылдық табыстың молаюына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осындайда, төмен жалақы алатын қыз­мет­­керлер мен жұмыскерлердің еңбек­ақысын көтеру туралы Елбасы бастама­сы­на алпауыт компаниялар қалай қарай­ды деген сауал сұранады. Бүгін Елбасының «қолдайды» деген сеніміне «қолдаймыз» деп қосарлана жауап беріп, еңбекақы көтеру мәселесін ертең су аяғы құрдымға жіберіп, соңын сиырқұйым­шақтандырып жібермес пе екен деген қауіп басын қылтитады. Сондықтан бұл аса өзекті тапсырманың бұлжытпай, мінсіз орындалуын Үкімет өзі қада­ғала­ғаны жөн болар еді. Сондай-ақ Жолдауда алдағы жылы «Педагог мәрте­бесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылдау туралы тапсырма бергені зор ғанибет болды. Бұл ұстаздар үшін аса зор қуаныш. Айлығы аз, науқандық жұмыс­тарда әрдайым қолба­лаға айналатын мұғалімдердің беделін көтеру, абыройын арттыру еліміздің келешегі үшін керекті, аса маңызды стратегиялық шешім. Биылғы Жолдаудың тағы бір артық­шылығы, Елбасы алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы өте орынды ұсыныс айтты.

Бұл – жастарға арналып арнайы бағдарламалар қабыл­данып, үлкен қаржылар бөлініп, игілікті істер көзделеді деген сөз. Мұндай «шұға жауатын» шапағаттан шығармашыл жастар да құр қалмайтын шығар. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жазғандай, біз өз болашағымызға сенеміз, бірақ, олар біздің сенімімізді ақтауы үшін жан-жақты жағдай туғыза білуіміз керек. Жастардың оқып, мамандық алуына, лайықты жұмысқа орналасуына, баспа­налы болуына қолайлы жағдай жасау – болашаққа салар нағыз инвестиция осы деп білемін! Қарапайым халық қолдап отырған Жолдауды қолында билігі мен қаржысы бар, тұтқа мен тізгін ұстаған, бас көтерер, атқамінер азаматтардың қол­дағаны қажет. Айтумен емес, ар-ұятпен! Құр сөзбен ғана емес, нақты іспен! Бұл – сөзден іске көшетін кез келгенін көр­сетеді. Осыны талап ету керек» дейді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазу­шы Төлен Әбдік «Жолдауды айтқан кез­де мадақ жанрынан қашуымыз керек. Ха­лыққа мейлінше түсіндірген дұрыс, бірақ кез келген дүниені айтардан бұрын, оны біліп айтқан жөн. Қазір өмірде не көп – жа­ғымпаздар көп. Олар алқалы топта алға түсуге ұмтылады. Өзгелерден көбірек айғайлағысы келеді. Осы жылдың қаңтар айында Елбасы Жолдау жасаған еді. «Арада тоғыз ай өткен кезде тағы бір Жол­дау жолданғаны қалай болар екен?» деген ойға кеткенім рас. Шынтуайтына келгенде, екі Жолдаудың да мән-мағы­насы бір-бірімен сабақтас, бір-бірімен біте қабысып жатыр. Жыл басындағы Жолдауда «әлем дамуы жаңа инновация­лық сатыға көтерілді. Біз де сол инно­вациялық дамуды бастан кешіруіміз керек» деген ойды көтерсе, енді халықтың әл-ауқатын арттыруымыз қажет деген мәселені айтып отыр. Түсіндіру жұмыс­тарын өз сөзімізбен, публицистикалық мақалаларымызбен көрсеткеніміз дұрыс. Бірақ көркем шығармадан талап етуге болмайды. Әдебиетке бір-ақ зат керек: ол – ой еркіндігі. Көркем әдебиетті наси­хатқа айналдырсақ, одан әдебиет шық­пайды» деген ойын ортаға салды.

– Шындығына келгенде, ақын-жазушының өзі бір-бірін оқымайтын жағдайға жеттік. «Менің шығармамды оқыдың ба?» деп сұрасақ, көбі білмеуі де мүмкін. Мен де солай болуым мүмкін. Сөйтіп отырып, «халыққа жетпей жатыр, оқымайды» деп айтамыз. Халық оқитын шығарма бар ма, жоқ па, оның да мәнін айырып отырған жоқпыз. «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы ынты­мақтастық меморандумына қол қойды. Егер саяси партиялар шығармашылық қызметті, оның ішінде әдебиет пен өнерді ұлттық идеологияның ерекше бір түрі деп танып, оны қамқорлыққа алып, әрі оны халыққа қызмет етуге бағыттайтын болса, оны біз әрқашан да қолдауға дайынбыз. Бүгінгі таңда көркем шығарма халыққа жетпей жатыр деген мәселені көп ай­тамыз. Жазушылар одағының бір плену­мын шығармашылық мәселеге арнайық деген ұсыныс айтқан едік. «Бүгінгі әде­биеттің деңгейі қандай?», «Қандай бағытта кетіп барады?», «Артымыздан келе жатқан жас буын қаламгерлердің шығармалары не нәрсені көксейді?» деген дүниелердің басын ашып алмаған­нан кейін басқасы бос нәрсе. Жас жазу­шылардың арасында «әдебиет бізден басталады» деген пікірлер де пайда болыпты. Мұның бәрі қайдан шығып жатыр? Әдебиеттегі толқын арасында байланыс үзіліп қалған ба? Егер үзіліп қалса, оны қалай жалғаймыз? Осындай мәселелерді меморандум арқылы бекіте алар болсақ, онда біздің ұтқанымыз. Жас қаламгерлердің шығармаларын насихат­тайтын бағдарлама ашылуы тиіс. Осының бәріне партия бас-көз болатын болса, онда бұл жұмыстардың басы-қасында жүруге дайынбыз, – деп Алдан Смайыл мырза Елбасы мен еліміздегі жетекші партия бастамаларын қызу қолдайтынын жеткізді.

Қазақ қаламгерлері қоғам дамуынан ешқашан сырт қалып көрген емес. Елдің мұңы мен зары, әлеуметтің жағдайы жазушылардың негізгі нысанасы. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығар­машыл жандардың жан азығына айналды десек те болады. Күрмеуі көп күрделі кезеңде елдік, мемлекеттік, ұлттық мәселелерді ашық көтеретін, аталы сөзді айтатын да қалам­герлер қауымы. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы ұсынған төрт тұғырлы ұсы­нысты барынша тиімді пайдалану қажет шаруа. «Ұйықтаған ойды кім түртпек?» дейді ойшыл Абай. Сондай түртпекті еліміздің жетекші партиясы жасап отыр. Ендігі селт ету мен серпілу – жазушылардың бел­сенділігіне тікелей байланысты. Нұртөре ЖҮСІП

Тегтер: Жазушы, Нұртөре Жүсіп, Айқын, қаламгер
Авторы: Нұртөре Жүсіп

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

87 0

ақпарат

Астанада «Терминологияның өзекті мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинар өтеді

45 0

ақпарат

Жаңа қазақ әліпбиі Алматы облысында насихатталды

108 0

ақпарат

Шерағаң шерткен шер