Орск қаласындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесу өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 қазан, 2018

Ақтөбе облысы тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығы қызметкерлері 27 қазанда Ресей Федерациясы Орынбор облысы Орск қаласындағы қазақ диаспора өкілдерімен кездесіп, «Тіл - татулық тірегі» тақырыбында іс-шарасын өткізді. Аталған шараның мақсаты: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыруда шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеру үшін әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, Орынбор облысы, Орск қаласы қазақ диаспорасымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

Жарқын жүздесуден бастау алған іс-шара аясында Тілдерді оқыту орталығының әдіскерлері мен қазақ тілі оқытушылары «Астана – ұлы дала елордасы», «Қазақстанның киелі де, көрікті жерлері» тақырыбында ашық сабақтар, «Таңғажайып қазақ тіліне саяхат» лингвистикалық тренинг,«Қазақстан– айбынды атамекенім» тағылым сабағын,«Салт – дәстүрім - байлығым», «Қазақ тілінің білгірі» лингвистикалық-викториналық ойындарын ұйымдастырып, қатысушылардың ана тілі – қазақ тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, қазақ тілінің сақталуына, ұлттық салт-дәстүрлердің жастар арасында насихатталуына деген ынталарын оятты.

Сондай-ақ, кездесуге жиналғандарға қазақ тіліндегі оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, мультимедиалық құралдар, кішкентай бүлдіршіндер үшін тілдік-танымдық журналдар және кәдесыйлар сыйға тартылды. Шара модераторы, Тілдерді оқыту орталығының директоры К.Серғазина «Қашықтан оқыту – тілдерді оқытудың ең тиімді тәсілдерінің бірі» екендігіне тоқталып, орталықтың ресми сайты www.til-aktobe.kz таныстырылымын жасады. Кездесу барысында қазақ тілін үйрену туралы мол ақпарат алған қандас бауырларымыз орталықтың ресми сайты арқылы өздерінің ана тілі – қазақ тілін қашықтан үйренуге деген зор ынталарын білдірді.

Шара соңында қатысушылар Тілдерді оқыту орталығының ұжымына, сонымен қатар Орск қаласының жергілікті қазақ автономиясының «Алем» ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымының төрағасы Қ.Құмақбаевқа, орынбасары Б.Умаргазинге үлкен алғыстарын айтып, алдағы уақытта осындай кездесулердің жалғасын асыға күтетіндіктерін жеткізді.


Баға беріңіз