Мемлекеттік тілдің болашақ контентін қалыптастырудағы тілтанымдық зерттеулердің рөлі

Мақалада А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан бастау алатын тілтанымдық зерттеулердің болашақ тілдік контентті қалыптастырудағы орны мен рөлі тілдің өміршеңдік параметрлеріне қатысты мын...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 қазан, 2018

Тілдің өміршеңдігі әлеуметтік тілтанымдағы аса маңызды ұғымдардың бірі. Өміршеңдік тіл мен адам, тіл мен қоғам, тіл мен мемлекет арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсететін құбылыс, кез келген тілдің өміршеңдігі осы қарым-қатынасқа тәуелді болатыны да белгілі. Нақты айтқанда тілдің өміршеңдігі дегеніміз тілдің әрі қарай (болашақта) даму, өзгеру немесе құрылымдық және функционалдық қасиеттерін сақтау қабілеті. Орыс ғалымдары тіл өміршеңдігінің мынадай параметрлерін көрсетеді:

- тілдің әлеуметтік қызметтерінің саны мен көлемінің сипаттамалары арқылы айқындалатын оның аймақтағы немесе қарым-қатынас саласындағы үлес салмағы;

- тілдің әдеби өңделу деңгейі.

Ал өміршеңдік деңгейіне әсер ететін факторларға: 1) осы тілде өз ана тіліжәне екінші тіл ретінде сөйлейтіндер саны, жас ұрпақтың тілді тұтынуы сияқты фактілерді қамтитын демолингвистикалық ахуал; 2) тілдің функционалдық (саралық) даму деңгейі; 3) жазба дәстүрдің болуы; 4) тілдің стандартталған нұсқасының болуы; 5) тілдің қызмет етуі мен ресми мәртебесін қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың болуы сияқты басқа да сыртқы әлеуметтік факторлар жатады [1].

Қазақстан аумағында қоныстанып қалған кәріс тілінің юкчин диалектісін зерттеген ғалым Н.С.Пактің еңбегіне сүйене отырып, осы диалектінің өлі тілге айналуына әкеп соқтырған жағдайларды талдай келе, профессор З.Ахметжанова тілдің өміршеңдігіне кері әсер ететін мыдай фактілерді көрсетеді:

- тілдің қоғамдық беделінің төмендігі;

- жазу дәстүрінің болмауы;

- қызмет саласының тарлығы (білім беруде, БАҚ-та қолданылмауы);

- жас ұрпаққа берілмеуі[1]. Осы теріс әсерлердің салдарын жан-жақты түсіндерген ғалым қазіргі қазақ тілінің өміршеңдігінің параметрлерін "Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде" профессор Э.Д.Сүлейменова бастаған ғалымдар дұрыс анықтаған деп көрсетеді [2, 5-7 бб.]. Осы сөздікте тіл өміршеңдігінің мынадай маңызды параметрлері берілген:

1) әлеуметтік-саяси параметр: тілдің статустық және корпустық жоспарлануы бойынша жүргізілетін мақсатты тіл саясатытілді қолдап, дамытуға бағытталған нақты Мемлекеттік бағдарламалар, тілдің толыққанды қызметін қаматамасыз ететін әлеуметтік инфрақұрылым (білім беру мекемелері, баспа органдары, теле-радиокомпания, бағдарламалар, кітап баспасы, т.б.);

2) әлеуметтік-демографиялық параметр: мемлекет аясындағы басқа тілдік ұжымдағылармен салыстырғанда осы тілде сөйлейтіндер саны, осы этникалық топ ішінде осы тілде ана тілі ретінде сөйлейтіндердің жалпы саны, осы тілде ана тілі ретінде сөйлейтін жастардың саны, біртілді және қостілді тұлғалар санының арақатынасы, қостілділік сипаты мен деңгейі, т.б.;

3) лингвистикалық параметр: әдеби тілдің болуы, тілдік норманың тұрақтылық деігейі, тілдік инновациялардың (жаңартпалардың) таралу жылдамдығы, өзге тілдің әсеріне қарсы тұру иммунитеті, салалаық терминология, жалпы лексикалық қордың даму қарқыны, динамикасы, диалектілердің болуы және олардың әдеби тілге қатынасы, т.б.;

4) әлеуметтік-функционалдық параметр: тілдің әлеуметтік функциялар санымен және оның қоғам өмірінің маңызды салаларындағы, соның ішінде тілдік құзіреттілікті қалыптастыратын маңызды сала - білім беруде, ғылымда (жаратылыстану-техникалық және қоғамдық-гуманитарлық),бұқаралық ақпарат құралдары, әкімшілік басқару, ісқағаздарында, сот ісінде, өнеркәсіп-өндірістерде қолданыс қарқынымен өлшенеді;

5) ұлттық-мәдени параметр: тілдің ұлттық өнердегі, театр, кино, діндегі, әдебиеттің көркем, лексикографиялық, діни, іскери,оқу, терминологиялық, басқа түрлеріндегі, атакәсіптегі және т.б. қолданысы [2].

Қазіргі тілдік жағдаятқа әсер етіп отырған түрткіжайттар

Саяси түрткіжайт. Қазіргі тілдік жағдаятқа әсер етуші саяси түрткіжайтты анықтап отырған үрдіс – ұлтқұрылысы мен мемлекетқұрылысы үдерісі, бұл екеуі де ел халқының ұлттық біргейлігін қалыптастыру үдерісімен тығыз байланысты. Кеңестік Одақ құлағаннан кейінгі тәуелсіз мемлекеттің жаңа саяси жолының ізденістерінен бастау алған қазіргі саяси процестер бүгінгі тілдік жағдаяттыңқалыптасуына ықпал етті. Саясаттанушы И.Черных екі кезеңді ажыратады [3]Әр кезеңін ашып айтатын болса, бірінші кезең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни ХХ ғасырдың 90 жж. мен 2000 жылдарға дейінгі уақытты қамтыды:тәуелсіздікті нығайту үшін елдегі тоталитарлық режімді аңсаушыәсіресоветтік пиғылдағыларғатөтеп беру мақсатында мемлекет саяси арқасүйер күш ретінде негізгі ұлтқа басымдық берді. Сол жылдардағы барлық саяси құжаттарда «титулдық ұлт», «мемлекетқұрушы ұлт» терминдері тек қазақтарға бағытталды, сәйкесінше мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға арналған іргелі саяси құжаттар дайындалды.

ХХІ ғасырдың басына тұспа-тұс келетін екінші кезеңде негізгі ұлттың басымдығына қарамастан, саяси электорат құрамында сол кезде әлі де мықты позицияда болған ең ірі диаспора мен басқа диаспоралардың да қолдауына сүйену көзделіп, көпұлттылық идеясы басымдық ала бастады, мемлекетқұрушы ұлт ретінде тек қазақтарды ғана емес, басқа диаспора өкілдерін де тану керек деген талпыныстар жасалды. Мұны «қазақстандық ұлт», «жалпықазақстандық бірегейлік» ұғымдарын қолданған «Ел доктринасы» (2009) құжатынан білеміз [4]. Елбасының Қазақстанда үштілді білім беру жүйесін енгізу керек деген алғашқы идеялары да осы кезеңде алғаш айтыла бастады. Бұл кезең алайда демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты ақырындап келесі үшінші кезеңге ойысып келеді. Бүгінде жаһанияттағы күш алып отырған бір-біріне қарама-қарсы бірліктегі жаһандану – этнизация (ұлттану) үдерістерінің әсеріне қазақстандық кеңістік те түсіп отыр. Бір жағынан әлемдік экономикалық құрмаласуға жауап беретін саясат ұстану керек болса, екінші жағынан қазақтану үдерісінің де талаптарын естен шығармау керектігі көрінеді, осыған байланысты ағылшын тілі бір компоненті болып табылатын білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан үштілділік те өзектілігін жоймай отыр, сонымен бірге ұлттық сананы, ұлттық тілді жаңғыртуға, ұлттық идеологияны жандандыруға бағытталған Елбасының 2017 жылдың сәуір айындағы «Рухани жаңғыру болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы да ерекше кең қолдау тауып отыр [5]. Міне, осындай әр кезеңдегі саяси өзгерістер бүгінгі тілдік жағдаятты қалыптастыруға әсер етті.

Демографиялық түрткіжайт. Қазақстан Республикасы Статистикалық агенттігінің 2017 жылғы 1-шілдедегі мәліметі бойынша елдің халқының саны 18 034мың адамды, оның ішінде қала халқының саны – 54,7%, ауылдікі – 45,3% пайызды құрайды. Ресми мәліметтер бойынша 2016 жылы қазақтар халықтың66,48 %, орыстар – 20,61%, басқа ұлттар – 12,91% құраған. Халықтың едәуір бөлігі репродуктивтік жаста болуы қуантып отыр, сол сияқты 1989 жылғы сан көрсеткішіне 2009 жылы жетіп үлгергені де демографиялық ахуалдың жақсаруының белгісі болып отыр [6].

Тағы бір ерекшелікке диаспоралар арасында түркітілділердің санының күрт артуы және олардың жасаруы, еуропалық нәсіл диаспора санының төмендеуі болса, екінші ерешелікке қазақтардың қалалануы есебінен бұрынғыдай бала санының тек ауылда емес, енді қалаларда да көбеюі сияқтықұбылысты жатқызуға болады [7]. Бұл алдағы уақытта қазақтілін тұтынушылардың санының ғана емес, сапасының және соған сәйкес қазақ тілінің кең қолданысы мен сапалы қызметін талап етушілердің де арта түсетінін көрсетеді. Демек, тіл саясатында да осы талапқа сай бағыт күшеюі заңды.

Көші-қондық түрткіжайт.Сыртқы көші-қон және этникалық көші-қонда да айқын көрінетін өзгерістер тілдік жағдаяттың бүгінгі ахуалының қалыптасыуны ерекше әсер етті.

Сыртқы көші-қонда 1990 жылдардағы сыртқы миграцияның теріс балансы 2003 жылдан бастап оң сальдоға қарай ойысты. Осы кезден бастап, бүгінгі күнге дейінгі елден кеткендердің тілдік иелігіне қарайтын болсақ, дені еуропатілділер, соның ішінде орыстілділер болып шықты. Сонымен бірге оларың 43 пайызынан астамы шетелге тұрақты тұруға кеткен 15-34 жас аралығындағы жастар. Мұндай жағдай өз болашағын мемлекеттік тілді білумен байланыстырмайтындардың біржола сыртқа кеткенін көрсетеді.

Этникалық көші-қондағы жағадай да тілдік жағдаятқа тікелей әсер еткен күшті түрткіжайт болды. Ең алдымен елге оралған оралмандардың тілдік жағадаятта тек қазақ тілінде сөйлей алатындардың санын көбейткенін айтуға болады. 1991 жылдан 2013 жылға дейін 924 363 қазақ оралман мәртебесін иеленді. Олардың 61,0% Өзбекстаннан, 14,0% Қытайдан, 9,5%Монғолиядан, 7,0% Түркіменстаннан, 4,8% Ресейден және 3,7% асқа елдеден оралды. Олардың ел аумағына орналасуы да болашақта әр өңірдегі тілдік жағадаяттың ерекшеліктеріне әсер етпей қоймайтын жағдайға айналады деп санаймыз, мәселен, оралмандардың ең көп қоныстанға жері Алматы– 16,1% (148 980 адам), Оңтүстік Қазақстан – 21,3% (197168 чел), Маңғыстау – 12,6% (116 437 адам) Жамбыл– 9,4% (87 302 адам) облыстары және 40,6% - басқа облыстарға таралды. Бір қуантатыны, оралмандар арасында еңбек жасына жаармды жастардың үлес салмағы 55,2 %, 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 40,3 % құрайды.

Кез келген миграциялық үдерістерәртүрлі тілдік ұжымдардың бір-бірімен араласып-құраласуына, сөйтіп кеңістіктегі тілдік жағдаяттың өзгеруіне әкелетіні белгі.Бүгінгі күні оралмандардың көшіп келуімен, ауыл халқының жаппай қалалаларға үдере көшуімен, қазақтар арасында табиғи туыт санының артуымен байланыстыҚазақстанның ірі қалаларында қалыптасқан тілдік жағдаят қазақ тілінің болашақтағы коммуникатівтік әлеуетінің артуына себепші болып отыр. Алайда бұған қиындықтар мен қауіптер жоқ деп қарауғаболмайды.

Қазақ тілін қолданатын қала халқының саны артқанымен, елдегі қалалану үдерісінің дұрыс жолға қойылмауы, яғни қаланың ауылдан келген тұрғындарға инфрақұрылымдық, қаржылық, экономикалық, т.б. жағынан мүлде дайын болмауы себепті ауыл халқы қанша жылдан бері қаладан өзіне лайық орын таппай, әлеуметтік лифттердің ең төменгі сатысында жүріп қалып жатуға мәжбүр. Тіл иелменінің әлеуметтік беделінің төмендігіне қарай оның тілді сауатты игеру, жоғары кәсіби деңгейде білу, ғылыми санаға қатысты тілдік білімдердің иесі болу сияқты сипаттары да кемшін түсіп жатады. Демек қала халқының мемлекеттік тіллегі коомуникативтік әлеуеті артуға бет алғанмен, оның сапасы, мәдениеті туралы мәселелер өте көп екені байқалады.

Сонымен көші-қонға қатысты тілдік жағдаятқа әсер етіп отырған мықты жағдайлар мыналар: 1) елде қазақтану үрдісі мықты, қазақтардың саны 75,1% пайызға табиғи туыт есебінен өсіп келеді; 2) елге келген мигранттардың дені түркітілдес ұлт өкілдері болса, кеткендер еуропатілдестер, әрі келгендердің ішінде еңбекке жарамды жастағылары басым; 3) ірі қалаларды қазақтану үрдісі ішкі этномиграция есебінен ерекше қарқын алды, қалалардың қазақтілді коммуникативтік қуаты артты.

Білім беру жүйесіндегі реформалар түрткіжайты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстанда жаһанияттық құрмаласуға төтеп бере алатын адам капиталын қалыптастыру үшін көптілді тілдік тұлғалар тәрбиелеу керек деген игі идея әртүрлі формада жүзеге асырылуы керек деген пікірталас көп жүрді. Біздіңше, мәселе әлі де дұрыс шешімін таппады. Себебі халықаралық тәжірибеде көптілді тілдік кеңістік қалыптастырудың ұлттық мүддеге үйлескен, ұлттық тілдің әлеуетін көтеруге бағытталған алуан түрі болатыны анық [8]. Ал Қазақстанда оны қалыптастыру үшін мәртебесі әлдеқайда жоғары, әлеуеті әлдеқайда қуатты тілдер – ағылшын мен орыс тілін балбақша деңгейінен бастап елдегі барлық білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қатар меңгерту идеясы халықтың емес, саяси элитаның күштеу, қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қазақстандағы үштілділіктің мәнісі мынада: тілді тілдік пән аясындағана емес, басқа пәннің оқыту құралы ретінде игерту. Бұл жағдайда оқушы математикалық, физикалық, химиялық білімдері өз ана тілінде емес, шет тілінде игереді. Сабақтар әр пәнде әр тілде оқытылады. Демек баланың дүние туралы түсініктері толықтай әрі жүйелі өз ана тілінде емес, өзге тілде қалыптасады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан білім беру саласындағы сан түрлі реформа халық тарапынан біржақты қолдау тауып жатқан жоқ. Бір қызығы,ел ішіндегі қазақтілді де, орыстілді де қауымдастықтар реформаға бірдей теріс баға беріп жатқанын БАҚ пен әлеуметтік желі ақпараттарынан аңғару қиын емес.

Алайда бұл реформаға қатысты білікті сарапшылардың да көңілі толмайтыны халықтың наразылығының негізсіз емес екенін байқатады. Сарапшылардың пайымдауынша реформаны жүзеге асырудың жүйелі ресми құжаты жоқ. Мәселен, ҚР БжҒМ үштілді білім беруді жүзеге асыру үшін бірқатар нормативті құжат дайындады: Білім беруді дамытудың 2015-2020 жж арналған жол картасы, 2016-2020 жж арналған ҚР білім беруі мен ғылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасы, 2017-2021 жж арналған Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспары. Бұлардың бәрінде үштілді білім берудің нормативтік негіздері, реформаның жүзеге асырылуы үзіп-жұлып фрагменттер түрінде көрсетілген, ал тұтас концептуалды құжат жоқ. Мұндай факт сарапшыларды өзінде де реформалардың тиіміділігіне қатысты күдік тудырады.

Соңғы онжылдықтан бері, басында тәжірибе түрінде, кейіннен жаппай енгізіліп жатқан бұл реформа бойынша оқушылар мектепте негізгі жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқып, ал мұғалімдер оны ағылшынша оқытуы тиіс болып жатыр. Осы тұста тілдік құзіреттіліктерсіз білім алу мүмкін еместігін айғақтайтын мынадай зерттеудің мәліметін келтіре кеткенді жөн санадық. EF Education Firstхалықаралық компаниясы жыл сайын әлемдегі ағылшын тілін білу деңгейіне сараптама жасайды. Ол Қазақстанның 18 жастағы және одан кейінгі жастағы халқына, яғни тіл үйренушінің тілдік ортасының тілді білу деңгейіне талдау жасайды. Себебі тілдік ортаға қарай тілдің даму,қолданылу сапасы да жоғары болмақ. Сонымен, соңғ үш жылғы қорытынды бойынша Қазақстан бұл рейтінгіде 54 орынды иеленіп келеді, бұл көрсеткіш мемлекетті ағылшын тілін білетіндердің «ең төмен деңгейіне» жатқызады. Мұндай көрсеткіш иелері туриске де барынша қарапайым коммуникативтік жағдайларды ағылшын тілінде түсініре алмайды дегенді білдіреді.

Сол сияқты Қазақстанның мектеп оқушыларының тіл иегру қарқыны төмен екені көрсетілді, ал студенттердің тіл игеру қарқыны жоғары болғанымен басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен: 19-21 жасар қазақстандықтардың ағылшын тіліндегі білімі 1,3 балл болса,салыстыру үшін Франция - 2,7 бал, Италия – 4,1 Ресей - 4,2 балл [9].

2015 жылдың 30 қыркүйегіндеөткен «Мектептегі білім беру реформасы: үлкен үзіліс атты» «KIPR» талдамалық тобының ұйымдастыруымен өткізілген сараптамалық отырыста Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Каликова Сәуле өз баяндамасында құрамына Еуропа және Батыс елдері, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты басқа да 34 дамыған ел кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстандағы білім беру жүйесіне жасаған мониторингінде үш тілде білім беру туралы сарапшылардың былай дегенін атап кетті:«Здесь уместно прислушаться и к мнению экспертов ОЭСР касательно этой политики: «Казахстан, пожалуй, является единственной страной в мире, в которой провозглашена подобная политикав области образования – достижение высокого уровня владения тремя языками, относящимися к разным языковым группам» [10]. Ал осындай үлкен деңгейдегі халықаралық ұйым сарапшыларының Қазақстанды үш тілде білім беретін әлемдегі жалғыз мемлекет деп бағалауы оң қабылданатын факті ме, әлде қауіпті факті ме - осыны ойлану керек сияқты.

Сонымен бірге осы отырыстың тағы бір бас баяндамашысы - филология ғылымдарының кандидаты, КИМЭП университетінің асситент-профессоры Смағұлова Жұлдыз баяндамасында мектептен бастап негізгі пәндерді бірнеше тілде оқыту тәжірибелерінің болғанын, және олардың дамыған елдердің өзінде де сәтсіз аяқталғанын айтты: «Международный опыт показывает, что даже в таких развитых странах, как Южная Корея, есть острая нехватка учителей-предметников, способных преподавать на иностранном языке. Для сведения, Корея наняла около 3000 учителей-носителей английского языка, но, как оказалось, не все они хорошие предметники или вообще не имеют педагогического образования. В Индонезии менее 1% предметников владели языком на профессиональном уровне. Текучка кадров – если человек знает английский, зачем ему оставаться в школе? Примеры Кореи и Индонезии показывают, что с внедрением обучения на английском языке значительно увеличилась текучка кадров» [10]. Бұл пікірге немқұрайлы қарауға болмайды, сондықтан ғылыми сананы қалыптастыратын негізгі пәндерді мектептен бастап ағылшын тілінде оқыту - тілтанушылардың ғана емес, білім беру жүйесін ұйымдастырушы-менеджер, психолог, педагог, т.б. мамандардың кешенді зерттеуін қажет ететін күрделі мәселе.

Мұндай жағдаят мектептерде негізгі пәндерді жаппай ағылшын тілінде оқытудың кадрлық даярлығының, тіпті тілдік кеңістіктің жоқтығын көрсетеді. Сонда мектептегі негізгі пәндер бойынша қалыптасатын құзіреттіліктер, білім, біліктіліктерге нұқсан келуі, халықтың ғылыми санасы ойсырауы әбден мүмкін деген қорытынды туады.

БАҚ және ақпараттық кеңістік түрткіжайты.Қазіргі кезде жұртшылыққа керегі ана тілінде берілетін сыртқы-ішкі саясат, экономика, мәдениет, тарих, денсаулық сақтау, ғылым, білім т.б. әлеуметтік-қоғамдық салмағы, ақпараттық мәні жоғары хабарлар. Көрермен мен тыңдарман бұған зәру. Социолингвистердің айтуынша, БАҚ әсіресе телевизия тілдің әлеуметтік мәртебесін көтеретін ерекше коммуникативтік кеңістік болып табылады, сондықтан телеарналар қазақша сапалы ақпарат таратпай мемлекеттік тілдің қоғамдық беделі көтерілмек емес. Мұндай коммуникативтік кеңістігі бар тіл ғана ысылып, түзіліп, нормалану үрдісі күшейеді.

Бұнымен қатар еліміздің телекөрермендері едәуір бөлігінің арасында барлық телеарналардың кем дегенде 70% - қазақ тілінде болуға тиіс және 24 сағат бойы қазақша хабар тарататын арналар құр уақыт толтыру үшін емес, әлеуметтік-танымдық сапасы жоғары ақпарат беруі қажет еді деген пікірлер әсіресе әлеуметтік желілерде көбейіп отыр. Себебі ақпарат сапасы төмен болғандықтан, қазақтілді ақпарат көзінің әлеуетті тұтынушысы болып табылатын қазақтілді орта өкілдері сапалы өнімге, яғни орыс не ағылшын тілді ақпарат көзіне жүгінуге мәжбүр болады. Мұның дәлелі ретінде Қазақстанның аумағындағы kz-доментік кеңістікте орыстілді және ағылшынтілді интернет-көздерінің белсенді жұмыс атқарып тұрғанын келтіруге болады, сұраныс болмаса, осы тілдердегі ресурстар саны қазақтілді ресурстардан әлдеқайда көп болмас еді. Тіпті осыған байланысты мәселе көтерген депутаттық сауалда да мына мәліметтер ашық көрсетілген: «2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «KZ» домендік аймақта интернет-ресурстар келесі статистиканы көрсетеді:

орыс тілінде – 32 689 сайт (79,6%),

ағылшын тілінде – 4 550 сайт (11,0%),

қазақ тілінде – 3 822 сайт (9,3%).

Көріп отырсақ, «KZ» аймағында қазақ тіліндегі сайттар саны 10%-дан да аз, біздегі «KZ» аймағында жасалған ағылшын тіліндегі сайттардан да аз. Егер де біздің елде, біздің домендік аймақта мемлекеттік тілде веб-ресурстарды дамытуға жағдай жасалмаса, қай жақта олар дами алады? Және де қазақша контентті жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр?» [11; 12].

Аталған фактіні, яғни қазақтілді ақпарат сапасының төмендігін, Тіл білімі институты мамандары 2011 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері де айғақтап отыр. Мәселен, «Теледидар көру, кітап оқу және интернет тұтыну тілі» параметрі бойынша сауалнамаға жауап бергендердің жартысынан астамы ақпаратты қабылдауда орыс тілін пайдаланатынын айтты, Бұлардың қатарын қазақстандық орыс және өзге ұлт өкілдері, сонымен бірге қазақтардың үштен бірі құрайтыны белгілі болды. Сұралғандардың тек әрбір бесіншісі ғана ақпаратты тек қана қазақ тілінде қабылдайтыны анықталды» [13]. Демек қазақтілді ақпарат кеңістігі сапасы төмен ақпарат салдарынан өз тұтынушыларының, яғни қазақтілді азаматтардың үштен бірінен айырылып отыр. Саяси сананың ана тілінде қалыптасуы мен дамуы тұрғысынан осы мәселені талдайтын болса, қазақ этнотілдік ұжымның бүгінгі күні жартысына жуығының саяси санасы ана тілінде қалыптаспай отыр деген долбар жасауға болады. Ал мұның салдары қандай қауіпке соқтыратыны белгілі: бұл - қоғамның саяси мәдениетінің төмендеуі, ұлттық құндылықтар жүйесіндегі азаматтардың саяси белсенділігін, қоғамдық жауапкершілігін орнықтыратын ұғым-түсініктердің санадан көмескіленіп, өшірілуі, ұлттық бірегейліктің, яғни мемлекеттік-азаматтық бірегейліктің әлсіреуі, саяси сауатсыздықтың, саяси салғырттықтың, мемлекетке деген патерналистік (масылдық) көзқарастың етек жаюы. Бір өкініштісі, бұл мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғаны қоғам тарапынан наразы реакция туындап отырғаны айқын байқалады.

Әйтсе де саяси сананың тәуелсіздік алғанан кейінгі жылдардағы серпілісін алғанын жоққа шығаруға боламайды. Бұған қазақтілді БАҚ құралдарының, сонымен бірге қазақтілді сайттар мен әлеуметтік желілердің дамуы өз әсерін тигізді.Қазақтілді интернет-кеңістік БАҚ және мемлекеттік мекемелердің интернет портал-сайттарының ашылуымен толықты. Сол сияқты тек қана интернетте жұмыс жасайтын БАҚ саны артты. Әлемдік интернеттегі бүгінгі күні айқын болап отырған коммуникацияның мынадай типтері мен түрлерінде түгелдей қазақтілді контент бар екені белгілі:

- электрондық пошта, жіберілім, чаттар;

- блогосфера-авторлық сайттар. Блогер, мақсатты аудиторияның назарын өзіне аудара отырып, өз айналасында ақпараттық кеңістік жасайды;

- youTube бейнехостинг қызметін көрсететін интернет-сервис;

- online конференциялар;

- торрент (BitTorrent) - арнайы файлдар протоколы арқылы қандай да бір серверден емес, бір-бірінен, нақты айтқанда өзара жеке компьютерлерінен ақпаратты көшіру;

- әлеуметтік желілер - әлеуемттік қарым-қатынасты құруға, көрсетуге немесе ұйымдастыруға арналған платформа, онлайн-сервис немесе веб-сайттар [14].Бұл үрдіс ғаламдық сипаттағы үрдістің Қазақстан ақпараттық кеңістігіндегі бір көрінісі болғандықтан, жоғарыда көрсетілген коммуникация типінің қай-қайсысын да болмасын қазақтілді саяси ақпарат легі толассыз тоқтамай беріліп отыратыны анық. Бұған статистикалық көрсеткіштер дәлел бола алады. Мәселен, Қазақстанда 2012-2013 жж. аралығындағы Интернетке қол жеткізген тұтынушылар саны қарқындыөсу динамикасын көрсетіп отыр: «По оценочным данным Агентства РК по статистике на конец 2013 г. плотность пользователей сети Интернет составляет 71,1% на 100 жителей, т.е. 11 940,3 тыс. человек. Так прирост интернет-пользователей в сравнении с 2012 г. составляет 14,86%» [15]. Демек қазақтілді ұжымның саяси санасының қалыптасуына, дамуына тікелей әсер ететін объектілер мен субъектілер қатарын ғаламтордағы қазақтілді сарапшылар қауымдастығы, өз сыны мен сарабынан өткен ақпаратты таратушы қазақтілді журналистер мен блогерлер қауымы жылдан жылға толықтыратыныжәне де бұл қауымдастықтың интернет медиада ғана түсінікті болатын өзіндік тілдік контенті де қалыптасып, дамитыны айқын. Олай болса, тілтанушы зерттеулері үшін әлі алынбаған нишаның бірі осы интернет-коммуникация тілі мен оның қоғамдық санаға әсеріне қатысты ізденістер болары анық. Сондықтан зерттеулер аясындағы алдағы зерттеулерде саяси санаға әсер етіп отырған ғаламтор кеңістігіндегі қазақтілді ақпартқа контенттік және тілдік талдаулар жасалу көзделіп отыр.

Сонымен, қазіргі тілдік жағдаят тұрғысынан мемлекеттік тілдің болашақ контентін қалай модельдеуге болады, оны жүзеге асырудағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының[1] рөлі қандай болмақ деген сауалдарға жауап іздегенде төмендегі өзекті мәселелерге тоқталмай кету мүмкін емес.

Мемлекеттік тіл дамуының болашақ моделін қалыптастырғанда қазақ тілінің толыққанды қызмет етуін жүзеге асыру үшін тіл өміршеңдігін қаматамасыз ететін, жоғарыда көрсетілген 1) әлеуметтік-саяси, 2) әлеуметтік-демографиялық, 3) лингвистикалық, 4) әлеуметтік-функционалдық, 5) ұлттық-мәдени - бес түрлі параметрге қатысты 8 түрлі бағытбойынша мынадай нақты шаралар мен шешімдер жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сонымен бірге мұндағы әрбір шешім, шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сол сияқты еліміздің жетекші тілтанымдық зерттеу орталықтарының ғылыми негіздемесімен, ғылыми кеңесшілігімен жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сонда ғана ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндгі қазақ тілінің болашақ дамуы заман талабына, Қазақстанның ұлттық бірегейлігінің сақталуы мен дамуына, қазақ халқының кемелденуіне кепіл бола алады.

[1]ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – Қазақстандағы және әлемдегі қазақтілінің іргелі және қолданбалы проблемаларымен айналысатын бірден-бір ғылыми мекеме. Институт әлемдік тілтаным ғылымындағы жеке сала қазақ тіл білімінің дамып, жетілуіне, қазақ тіліне қатысты әлемдік лингвистикадағы және түркітанудағы ғылыми білімдердің қалыптасуына, ғылыми айналымға енуіне жауапты бірегей ғылыми ұжым. Ол бүгінгі күні қазақ тілін ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде зерттеу объектісіне алып, сонымен бірге оның мемлекеттік тіл ретіндегі ғылыми-лингвистикалық базасын қамтамасыз ету, жетілдіру және үздіксіз кеңейтумен айналысып келеді.Тіл білім институты мамандарының ерекшелігі: үлкен ғылыми тілтанымдық ұжымдық еңбектер даярлай алу ғылыми корпоративтік рухының болуы, тілдік жүйені бақылау, тексеру, жүйелеу, нормалау, реттеу, кордификациялау, унификациялаумен үздіксіз айналысукәсіби құзіреттілігінің басымдығы, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізудің классикалық және заманауи әдістері мен әдіснамасын жетік меңгеруі және жаңа әдістер мен әдіснама, технологияларды туындата алу жоғары кәсіби деңгейдегі білім, біліктілік, дағдысының болуы.

І Қоғамдық беделін арттыру, насихаттау (популяризация) бағытында:

  • республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындамемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы, мемлекеттілікті нығайтушы қызметі туралы, қазақ әдеби тілінің қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы қолданысының пәрменділігі мен ерекшелігінтанытатын материалдар жариялап отыру;
  • БАҚ-та қазақ тілін, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ақпараттық-танымдықмазмұндағы материалдарды жариялап («Ана тілі» газетіндегі «Сөзтаным» беті, т.б.), массмедиа кеңістігінде көпшілікке арналған «Лингвистикалық жедел жәрдем» ұйымдастыру;
  • интернет кеңістігінде электронды нұсқада жарияланған жаңа лингвистикалық еңбектерге кеңейтілген аннотация ұсынып отыру;
  • тілдік бірліктердің ішкі сыры мен қалыптасу жолдарын танытатын «Қазақ тілінің этимологиялық сөздігін», тілді дұрыс қолдану жолдарын үйрететін нормативті сөздіктерді ("Түсіндірме", "Синонимдер" «Орфографиялық», «Орфоэпиялық», "Терминологиялық" және аударма сөздіктерін) уақыт талаптырна сай ұдайы жетілдіріп, толықтырып, өңдеп қолжетімді көп таралыммен қайта бастырып отыру;
  • қазақ тілін дамыту туралы қоғамдағы мемлекетке асыра иек арту, масылдық («патернализм») сияқты теріс стереотиптердің кері әсерін болдырмау, оның алдын алу мақсатында азаматтық қоғам ішіндегі қазақ тілін қолдап, дамытушы акция, шаралырана, белсенді азаматтарға, волонтерлерге, қоғам ішінен топтасқан жекелеген азаматтардың өзбетіндік бастама-жобаларына БАҚ арқылы, т.б. шаралар арқылы қолдау көрсетудің тетіктерін анықтап, жүзеге асыру керек.

ІІ Құқықтық-нормативтік базасын күшейту бағытында:

- мемлекеттік тіл және латын графикасына негізделген жаңа қазақ ұлттық әліпбиі туралы заңның қажеттігін негіздейтін ғылыми, қоғамдық шараларды қолға алу, мемлекеттік тіл туралы заңның ғылыми-заңнамалық негіздерін жасау, заң жобасын ұсыну;

- мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің, сондай-ақ зауыт, банк сияқты ірі өндіріс және қаржы орындарындағы мамандардың мәртебесін өсіру шараларын (қаржылай сыйақылар, мансап басқышына көтерілу жеңілдіктерін) жақсартуды нормативті түрде негіздеу;

- мемлекеттік қызметке алынатын тұлғалардан ең алдымен мемлекеттік тілді білуін қатаң талап етуді, оның тетіктерін нақты заңнама арқылы негіздеу;

- жаратылыстану саласынан қорғалатын магистранттық және PHD докторлық ғылыми жұмыстардың бір нұсқасының қазақ тілінде даярлануын талап етуді нормативтік түрде бекіту;

- қазақ тілінен сабақ беретін мектеп мұғалімдері мен қазақ тілін арнайы зерттейтін және қазақ тілінде (әсіресе жаратылыстану-техникалық ғылым саласында) еңбек жазатын ғалым-мамандарды, қазақтілді балабақша тәрбиешілерін материалдық жақтан ынталандыруды негіздейтін нормативтік база жасау керек.

ІІІ Тілді жаңғырту (модернизация), ғылыми базасын күшейту бағытында:

- тәуелсіздік алған кезеңдегі мемлекттік тілдің даму динамикасына, Елбасының тіл мәрбетесін көтерудегі, тіл саясатын тиімді жүргізудегі рөліне, қазақ тілінің болашағын модельдеуге, үштілділіктің мемлекеттік қауіпсіздік, ұлттық стратегия тұрғысынан тиімді үйлестіруге арналған іргелі ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету;

- қоғамдық өмірді ұйымдастыру мен жақсартудағы, елдің күш-жігерін руханилыққа, адамдарды ізгі әрекеттерге жұмылдырудағы, қоғамдық көңіл күй мен өмір стилін қалыптастырудағы, жалпы қоғамның рухани саламаттылығын сақтаудағы тілдің практикалық маңызын зерттеуге арналған ізденістерді жүзеге асыру;

- тілдің манипуляторлық әсері мәселесі мен қазақстандық ғылыми, саяси және эстетикалық, т.б. дискурстар проблемасын зерттеу;

- мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын құрайтын сөздіктердің әрқайсысының мол таралыммен қағаз және электрондық нұсқадағы түр-түрін шығаруды қаржыландырып, таралым санын көбейту;

- мемлекттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын үздіксіз кеңейтіп, күшейтіп, сапасын жақсартып отыруды ұйымдастыру;

- бүгінге дейін осыған қатысты жұмыстарды жүзеге асырып келген қазақ тіл білімі бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулермен мақсатты түрде айналысатын әлемдегі жалғыз ғылыми орын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына ресми түрде мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасына жауапты мекеме мәртебесін беріп, бекітіп, оның материалдық-техникалық базасын жақсарту, кадрлық әлеуетін күшейту, Институтқа мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын жүзеге асыру;

  • мемлекеттік тілді дамыту басымдықтарын қоғамның қазіргі заманғы индустриялдық-инновациялық дамуының талаптарымен үйлестірудің ғылыми негіздерін жасау;
  • тіл ғылымы нәтижелерін коммерциялау негізінде бүгінге дейін жасақталған мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі мен лингводидактикасы базасын құру және үнемі толықтырып кеңейтіп отыру;
  • қазақтілді ақпараттық кеңістікті кеңейту мақсатында қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тілін жетік меңгерген аудармашылар, сөздікшілер, т.б. мамандар қатарын және олардың сапасын арттыру шараларын жүзеге асыру керек.
  • орыс және ағылшын тілдерінен келген ақпарат легін қазақ тіліне аударуды жолға қою арқылы мемлекеттік тілдегі ақпараттық кеңістікті арттыру және тереңдетуді жүзеге асыру, бұл тұрғыда Wikibilim жобасына және осы сынды жобалардың көбеюіне қолдау көрсетуді жүйелі түрде ұйымдастыру;
  • осы мониторинг нәтижелері бойынша қазақстандық оқу орындарының барлық пәндеріне қазақстандық мазмұнның енгізілуін ұйымдастыру, қадағалау;
  • барлық мектеп және ЖОО курстарының қазақстандық контентпен және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ барлық ғылым салаларында жүргізілген іргелі әрі қолданбалы зерттеу бағдарламаларыбойынша алынған тың ғылыми білімдер жүйесімен толығып, жаңаруын ұйымдастыру керек.
  • «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша белгіленген қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына ауыстыру міндетін шешу, ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық негіздерін жасау;
  • ұлттық терминологияның сөздік қорын ұлттық таным ұғымдарына сәйкестендіріп, салалық бағыттар бойынша біріздендіру және жүйелеу. Мемтерминком қабылдаған терминдер мен олардың анықтамасын (дефинициясын) БАҚ арқылы көпшілікке үздіксіз насихаттап, түсіндіріп отыру жұмысын жолға қою;
  • Тіл білімі институты базасында іргелі ЖОО филолог-мамандарын тарту арқылы «Қазақ тілінің ұлттық корпусын»[2] әзірлеу, іске қосу қажет.
  • қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру шараларын ұйымдастыру;
  • орта мектептерде, жоғары мектептерде және ғылыми-зерттеу орталықтарында қызмет ететін тіл мамандарының өзара тәжірибе алмасуы мен пікір бөлісуіне мүмкіндік беретін ортақ интеграциялық алаң ретінде «Филологтар съезін» 3 жылда бір рет өткізу дәстүрін үзбеу қажет.

ІV Филологиялық білім беру саласын дамыту бағытында:

- қазақ тілі бойынша оқу бағдарламалары мен дидактикалық, оқу материалдары мазмұнының Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің қазіргі нормаларына сай болу-болмауын анықтау мақсатында жаппай сараптама, мониторинг жүргізу;

- ЖОО филология факультеті дайындайтын мамандықтар тізімін Ресей тәжірибесін үлгіге алып (М.Ломоносов университетінің филология факультеті 42 мамандық бойынша филологтер дайындап шығарады), қоғам сұранысына қарай арнайы тарбейімді мамандықтармен толықтыру керек: филолог-экономист, филолог-менеджер, филолог-жарнама менеджері, филолог-логопед, т.б.

- когнитивтік модульге қатысты филологиялық зерттеулерге, сондай-ақ филологиялық білім беру мазмұнына аталмыш модуль бойынша алынған білімдер жүйесін енгізуге басымдылық беру;

- қазақ тілінің басқа пәндермен интеграциялануына бағытталған зерттеулерді дамыту. Мұндай интеграция қоғам санасындағы мемлекеттік тілдің басымдылығын нығайтып, өз мәдени, географиялық, кеңістіктік орта, оның тарихы, материалдық және рухани әлемі туралы қазақ тілінде сақталған теңдессіз білімдер жүйесі негізінде ғана қалыптасатын қазақстандық патриотизм феноменінің туындап, нығаюына жағдай жасайды. Сондықтан тілдегі осындай блімдірді қазақ тілін басқа пәндермен интеграциялау арқылықазақстандық білім беру мазмұнына енгізуге аса қажет;

- қазақстандық филологтер қауымдастығын ұйыстыратын Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты базасы негізіндеКорпустық лингвистика орталығын жасақтау, құру;

[2]Қазақ тілінің ұлттық корпусы - кең ауқымдағы пайдаланушылардың тілтанымдық білімдерге деген алуан түрлі қажеттілігін қамтамасыз ететін, мемлекеттік тілдің қолданыс қызметінің нығая түсуіне мүмкіндік беретін, толықтырылып, кеңейтіліп және байытылып отыратын, соған сәйкес үнемі ғылыми және техникалық жағынан үздіксіз жетілдіруді қажет ететін, үйлестірілген (сбалансированный), терең аннотацияланған, тиімді белгіленімдер қойылған, ауқымды (300 миллион сөзқолданыс) инновациялық ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе; әр кезеңдегі тілтанушы-лексикограф ғалымдардың көп жылғы еңбектерінің нәтижесінде жазылған сөздіктер мен грамматикалардың барлық мүмкіндіктерінен асып түсетін, теңдесі жоқ анықтамалық құрал: корпус сұранысқа сәйкес бірнеше секундтың ішінде тілге қатысты статистикалық көрсеткіштер қоса қамтылған жан-жақты ақпараттар ауқымын береді,лингвистикалық зерттеулердің эмпирикалық базасын кеңейтіп, тілдік материалға негізделген дәйек-дәлелдерін байытады, сөйтіп, қазақ тіліндегі нақты тілдік құбылыстардың бітім-болмысын дәл тануға, олардың пайда болуын анықтап, қызметін көрсетуге, сол арқылы жаңа ғылыми пайымдаулар жасауға мүмкіндік береді.

V Үштілділік саясатын жүзеге асыру бағытында:

- білім берудегі үштілділік саясаты контексінде қазақ, орыс, тілдерінің әрқайсысының қызмет ету аясын анықтайтын тиімді модельді ғылыми зерттеулер негізінде тауып, оның жүзеге асырылу тетіктерін де Қазақстанның тілдік-мәдени кеңістігіндегі рөлі, ұлт тұтастығы мен бірегейлігі, рухани қауіпсіздігі тұрғысынан ғылыми кешенді зерттеу арқылы айқындау;

- үштұғырлы тіл аясындағы үштілділік моделінің жүзеге асырылу тетіктері мен жолдарын жан-жақты әрі сала-сала – психологиялық, педагогикалық, экономикалық, қаржылық, тарихи, мәдени, әлеуметтік, лингвистикалық аспектілерде зерттеп көрсетіп беру;

- регуляторлық әсердің талдауын (АРВ - анализ регуляторного воздействия) жасау: үштұғырлы тіл моделінің болашақтағы жұмысының нәтижелері мен салдарын көрсету, нәтижелерінің қаншалықты оң әсері болатынын болжалды түрде айқындау, салдарының теріс әсерінің алдын алу шараларын сипаттап беру үшін тәжірибе ұйымдастыру;

VІ Ақпарат саласындағы қолданыс көлемі мен сапасын арттыру бағытында:

- тәулік бойы мемлекеттік тілде ғана хабар беретін Ұлттық телеарналар мен Қазақстандағы мемлекетік тілде хабар тарататын телеарналардың контент сапасын көтеру және олардың таралымын тек Қазақстанда ғана емес, қазақ диаспорасы мен ирредентасына да жеткізуді жақсарту керек;

-қазақ тілінде жүретін балаларға арналған телеарна санын көбейту. "Балапан" телеарнасына Қазақстанның барлық (соның ішінде аулды) аймақтарымен қазақтілді мәдени кеңістіктің (қазақ диаспорасы мен ирредентасы), елдегі барлық әлеуметтік топ өкілдерініңқолжетімділігін арттыру керек; жасөспірім, бозбала шақтағы балаларға арналған қазақ тілінде хабар тарататын танымдық-интеллектуалдық телеарна ашу қажет;

- мультфильмдер түсіруді қолға алу керек. Ұлттық тәрбие беретін, қазақ тілінен білім нәрін сусындататын балаларға арналған қазақша мультфильмдер түсіруге қаржы бөлу; мультфильм өндірісінің мамандарын дайындап, осы өндіріс базасын күшейту;

- мемлекеттік тілдегі танымдық-эстетикалық мәні жоғары, патриоттық мазмұндағы мерзімді басылымдардың саны мен сапасын көбейту шараларын жүзеге асыру;

- қазақ тіліндегі ақпараттар легіне мониторинг жүргізіп, арзанқол, мәнсіз, гедонистік сипаттағы ақпараттарды тоқтатуға шара қолдану, оның есесіне аналикалық, ғылыми, танымдық ақпарат көздеріне мемлекет, азаматтық қоғам тарапынан қолдауды ұйымдастыру керек;

- Қазақстанның ресми ақпараттық кеңістігі бойынша қазақтілді контентті арттыру аса қажет. Бұны жүзеге асыруды барлық министрліктер мен ведомстволардың жыл сайынғы жұмыстарының жоспарына кіргізу; Бұны әрбір мекеме, ұйым сайттарының қазақ тілді нұсқаларының сапасын жақсарту, мазмұнын тереңдету арқылы жүзеге асыруға болады.

VІІ Ғылым мен техника және басқару саласындағы, іскери қатынастағы қолданыс сапасын арттыру бағытында:

- мемлекеттік тілдің ғылым саласындағы қызметін, коммуникативтік өрісін күшейтудің нақты жоспары жасау, оны жүзеге асырушы жауапты орындар мен тұлғаларды бекіту;

- әрбір мекемедегі қатынас қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін қадағалау, тексеру, іс-қағаздары мемлекеттік тілде төмен деңгейде жүргізілетін мекеме, ұйымдардың басшыларына тиісті әкімішілік шаралар қолдану, бұл шаралардың барысы жөнінде БАҚ құралдары арқылы көпшілікті хабардар қылып отыру; Мемлекеттік мекемелердің жұмыс тілін қазақ тіліне көшіру;

- мемлекеттік, дипломатиялық қызметтегі лауазымды тұлғалардың ресми кездесулерде, сұхбаттарда, т.б. жұртшылық алдындағы сөзінде мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ететін шараларды қолға алу;мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді қандай деңгейде меңгергендігі жөнінде мониторингтік талдау жасау;

- қазақ тілініде жаратылыстану ғылымдары бойынша жасалған ғылыми еңбектерді түгендеп, библиографиясын шығару;

- жаратылыстану ғылымдары терминдерінің үлкен политехникалық қазақша-орысша-ағылшынша сөздіктерін белгілі бір кезең сайын жаңартып шығарып отыру, олардың онлайын нұсқасын жасауға мемлекет тарапынан қолдау көрсету;

- қазақ ішінен шыққан танымал математик, химик, физик, инженер, т.б. жаратылыстану саласындағы атақты ғалымдар мен мамандардың еңбектерін, олардың жеке тұлғаларын жастар арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру, бұған қазақстандық массмедияны, Қазақстан Халқының ассамблеясын жұмысқа тарту, Интернет желілерін барынша пайдалану;

- жаратылыстану саласынан қорғалатын магистрлік және (PhD) докторлық ғылыми жұмыстардың бір нұсқасының қазақ тілінде даярлануын талап ету;

- жаратылыстану, техника саласы бойынша "қазақ тілінде жазылған үздік ғылыми еңбек" (монография, мақала, т.б.) номинациясын ел ішінде өткізілетін ғылыми жұмыстар байқауының сыйлықтарының тізбесіне енгізу;

- қазақ тілінде жаратылыстану және техника салалары бойынша ғылыми еңбек жазған өзге ұлттың өкіліне ерекше марапаттар, жеңілдіктер ұсынуды ұйымдастыру;

- жаратылыстану мен техника салаларындағы ақпараттарды қазақ тілінде жариялап отыратын жасөспірімдер мен ересектерге арналған ғылыми-көпшілік басылымның қағаз және онлайн нұсқаларын (журнал) ұйымдастыру қажет.

VIІI Білім беру саласындағы қолданыс аясын кеңейту, сапасын жақсарту бағытында:

- білім беру саласына қарасты барлық білім беру орындарындағы қазақ тілі пәні мен қазақтілді оқу пәндері оқулық, оқу құралдарына, т.б. оқу материалдарына:

а)мемлекеттік тілдің нормативтік базасына, тілдік сауаттылығына қатысты;

ә) сол сияқты қазақ тілінің сөздік қорында жинақталып, қолданысқа түспей жатқан адам, қоғам, табиғатқа қатысты терең ғылыми және халықтық білімдер жүйесінің қамтылуына қатысты сараптамалық мониторинг жүргізу керек;

б) мониторинг жүргізу үшін әрбір ғылым саласындағы қазақтілді жетекші ғылыми мамандар мен тілтанушы ғалымдардан, озық әдіскерлер мен министрлік мамандарынан тұратын сарапшылар комиссиясын құру қажет;

- мектептегі қазақ тілі пәнінің стандарттарын қайта қарау: қоршаған дүние туралы, ұлт туралы, т.б жүйелі білімдерді сақтаған сөздік қор - лексикаға және тілді дұрыс қолдану, коммуникация жасауға үйрететін тіл мәдениетіне арналған сағат санын көбейту керек.

- Тіл білімі институты шығырған қазақ тілінің нормативтік сөздіктері базасында Институт мамандарына мектеп оқушыларына арналған қазақ сөздіктерін, әсіресе түсіндірме сөздік, анықтағыштар, қызықты грамматикалар даярлау ісін тапсыру, қаржылай қолдау көрсету;

- жастардың патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін арттыру және жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттап, таныту, инженерлік білім берудегі қазақ тілінің рөлін, сапасын арттыру, сонымен бірге жаратылыстану-техника саласының қауіпті дегуманизациялауына жол бермеу мақсатында техникалық жоғары оқу орындары мамандықтарының оқу бағдарламасына «Қазақстантану» атты гуманитарлық пәнді, ал барлық қоғамдық-гуманитарлық мамандықтарға «Ұлттық концептология» пәнін енгізіп, олардың ғылыми мазмұны мен негіздемесін жасақтау. Осыған орай Ресей Федерациясының барлық жоғары оқу орындарына «Ресейтану», «Орыс тілі мен мәдениеті» пәндерін енгізу бойынша тәжірибесін саралап, ұтымды жақтарын негізге алу;

- қазақтілді IT (ақпараттық технология) мамандарын әзірлеу үшін қажетті инфрақұрылымдарды қаржыландыру, кадрларды дайындау шараларын жүзеге асыру;

- мектеп және жоғары оқу орындарының барлық пәндеріне, соның ішінде орыс тілі мен шет тілдері пәндеріне қазақстандық мазмұнның бар/жоқтығын тексеру үшін мониторинг өткізу;

- осы мониторинг нәтижелері бойынша қазақстандық оқу орындарының барлық пәндеріне қазақстандық мазмұнның енгізілуін ұйымдастыру, қадағалау;

- барлық мектеп және ЖОО курстарының қазақстандық контентпен және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ барлық ғылым салаларында жүргізілген іргелі әрі қолданбалы зерттеу бағдарламаларыбойынша алынған тың ғылыми білімдер жүйесімен толығып, жаңаруын ұйымдастыру керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Ахметжанова З. Витальность языка // Тіл. Мәдениет. Коммуникация-1. – Алматы:Елтаным, 2013;
  • Сулейменова Э.Д., Шаймерденова Н.Ж., Смагулова Ж.С., Аканова Д.Х. Словарь социолингвистичсеких терминов. Изд.2., дополн. и перераб. отв.ред. Сулейменова Э.Д. - Алматы: Қазақ университеті, 2007.
  • Стратегия «Казахстан-2050: новый политический курс состоявшегося государства» (14 декабря 2012 г.). Книга 2. «Общественно-политическое и социальное развитие». Коллективная монография / Под общей редакцией Б.К. Султанова. – КИСИ при Президенте РК, 2014, 156 с.
  • Проект Доктрины национального единства Казахстана от 26 октября 2009 г. // Казинформ. — 2009, 5 ноября // http://inform.kz
  • Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы.http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy;
  • Алтынбекова О.Б. Этноязыковые процессы в Казахстане. – Алматы.- Экономика, 2006, 416 с.
  • Алексеенко А., Аубакирова Ж., Сарсембаева Г. Демографические успехи Казахстана // http://www.perspektivy.info/oykumena/krug/ demograficheskije_uspehi_kazahstana_2011-02-21.htm
  • Фазылжанова А. «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасындағы тілдердің Қазақстан кеңістігіндегі үйлесімді қызметі туралы» // «Білім және ғылым саласындағы инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы, 12.12.2011. – 172-179 бб.
  • Электронды ресурс // EF Education First. URL : http://www.ef.kz/epi/regions/asia/kazakhstan/ (қаралған күні: 01.11.2017
  • Реформа школьного образования: большая перемена. http://agkipr.kz/archives/602
  • http://www.parlam.kz/3/blogs/abenov/Details/8/4360.
  • http://kzcontent.kz/index.php/rus/tsifry-kazneta/70-russian/mir-interneta/tsifry-kazneta/83-tsifry-kazneta.html.
  • Нұрғалиева М., Фазылжанова А. Үштілділікке қатысты тілдік жағдаяттың алғашқы әлеуметтанушылық зерттеуі // Тіл. Мәдениет. Коммуникация-1. – Алматы: Елтаным, 2013.
  • http://akib.kz/upload/slides/perspectivikazneta.pdf.
  • http://kzcontent.kz/index.php/rus/tsifry-kazneta/70-russian/mir-interneta/tsifry-kazneta/83-tsifry-kazneta.html.



Баға беріңіз