Өзге елдердің тәжірибесін ескерейік

Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 қазан, 2018

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ ұлтының тағдырына, болашақта оның Мәңгілік ел болып қалуына қатысты тағдыршешті, тарихи үндеу тасталды. Ол ­­– 2025 жылға дейін қазақ жазуын латын негізді жаңа ұлттық әліпбиге көшіру. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Латын негізді жаңа ұлттық қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бірегей белгісі, қазақ ұлтының келбетін, болмысын танытатын ерекше бояулы нақыш, ұлттық бренд.

Бұл шешімді қазақ қоғамы қолдап, дереу үн қата бастады. Алайда бұл – асы­ғыстықты қаламайтын үдеріс. Келіп түскен мыңдаған әліпби жобаларын жақ­сылап електен өткізіп, талқылап, ішінен дыбыстарды дәл таңбалауға ың­ғайлы, көз­көрімге әсерлі көрінетін үздік жобаны таңдау – қиынның қиыны. Мұнда ұлттың мүддесі қаперге алынып, ла­тын әліпбиіне ілгері жылдары көш­кен түркі елдерінің тәжірибесі зерттелуде. Соған қарамастан, әліпбидің бекітілген нұсқасы қабылданбай жатып, алғашқы түскен нұсқалар бойынша жазу белең алды. Көшедегі баннерлер, маңдайшадағы жарнамалар, мекеме, кәсіпорын, тіпті аудан, қала, ауыл, көше атаулары әлі жетілдірілмеген әліпбиде жазыла бас­тады. «Осы әліпбиде еңбектер жазып, оқу құралдарын, сөздіктер шығаруды бастайық» деу­шілер де табылды. Қа­зіргі әлемдік эконо­микалық дағдарыс жағдайында бұл үлкен шығынды қажет етері рас. Онда әліпби әр ауысқан сайын атауларды өзгерту қажет болады.

Алдымен әліпбиді дұрыстап алға­нымыз жөн. Өйткені нашар әліпбиден жақсы емле ережелері жасалмайды. Жан-жақты ойластырылған, жіті зерттелген емле ережелерінен кейін ғана латын графикасында жазылған еңбектер өмірге жол тартуы мүмкін. Бірте-бірте оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер жариялана бастайды, сөйтіп, жаңа жазуға көшу кезең-кезеңімен іске асады әрі толығымен енгізілгенше кирилл әліпбиімен қатарлас жүре береді. Бұл ретте ономастикалық атауларды, тер­мин­дерді латынша транскрипциялау мен транслитерациялау, олардың орфограммасын жасау жұмыстары да мұқият жүргізілгені абзал.

Алғаш халық назарына ұсынылған әліпбидің екі нұсқасының бірін «диграф (қосәріпті) әліпби, екіншісін «апастрофты (әріптен кейінгі үтір, дәйекше) әліпби» деп атап алдық. Бұл екі жобаның да өрескел кемшіліктері көзге ұрып тұрды. «Бір дыбысқа ­– бір әріп» қағидасы сақталмады, дыбыстар дәл таңбаланбады, жазуда ыңғайсыздық туды және тіпті бір қараған адамға әріптер оғаштау көрінгені де белгілі. Одан кейін 2018 жылғы 19 ақпанда тағы да жаңа әліпби нұсқасы бекітілді. Енді мұны «акутты (ноқатты) әліпби» деп атай бастадық.

Жаңа әліпбиде кейбір дыбыстар акут диакритикасымен белгіленген. Әлем елдері тәжірибесінде ол әдетте дыбыс­тардың жуан-жіңішкелігін, екпін түсуін, ызың және жұмсақ (палаталь) дыбыс­тарды белгілеуде, сөз жігін ажыратуда қолданылатыны белгілі. Біз де дыбыстарды бірыңғай акут белгісімен таңбалағанша, әртүрлі дәйекшелермен жазғанымыз жөн болар еді. Ал енді апостроф дәйекше емес, диакритика – дәйекше, яғни жалпы атау. Ол дегеніміз – әріп үстіне, астына қойылатын әртүрлі белгілер, ноқаттар. Оның бірнеше түрі, атаулары бар. Олар: әріпасты седиль және бревис /Şş/, әріптүсті карон /Ğğ/, дауыстылардың жіңішке жұптарын таңбалайтын әріпүсті умлаут /ӓ/, дауыстының ұзақтығын, созылыңқы жұп­тарын білдіретін макрон (Ā), ызың дауыссыздарға (ч, ж, ш) қойылатын гачек (Č), дыбыстың жұмсақтығын (палатализация) білдіретін седиль (Ņ) және дауыстының жуан сыңарын белгілеуде циркумфлекс (Û) диакритикалық таң­басы, т.б. Мұның бәрі, сайып келгенде, А.Байтұрсынұлының бір ғана «дәйекше» сөзімен астасып жатыр.

Бұл белгілер жайында белгілі фонетист-ғалым Ә.Жүнісбеков былай дейді: «Біздің жерден жеті қоян тапқандай болып «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріп төбесіне сызықша қойып шендеп, О әріпінің белінен тартып ө жасап мәндеп, ае-ні қосақтап ә деп егіздеп жүргеніміздің бәрі – Ахаңнан қалған үлгі. Ендеше, қазіргі жоба авторлары алып отырған жуан-жіңішкелік белгілер (әртүрлі нұсқасына қарамай) – сол А. Байтұрсынұлы салған сара жол. Арабы таңбалар негізінде туындаған дәйекше дауыстылардың жуан-жіңішке таңбасына таңылып, кирилшеге көшті. Енді, міне, кирилшеден «апостроф, қос нүкте, сызықша, қосақ әріп болып», мың құбылып, латынша жобаларда жүр. Қалай құбылса да бәрінің мазмұны, яғни емле қызметі – сол бір дәйекше». Әлімхан ағамыз өзінің сан жылдарғы ең­бегі нәтижесінде, ықшамдалған 28 әріптен тұратын, бас-аяғы тап-тұйнақ­тай, ыңғайлы латын негізді қазақ әліп­биін ұсынған еді. Өкінішке қарай, неге еке­нін қайдам, бұл жоба ескерусіз қалды.

Әріптердің қосымша белгілері жайлы тағы бір танымал фонетист-ғалым З.Базарбаева: «Қазақ тілінде үнемдеп жазуды алғаш рет ұсынған қазақ тіл білімінің қабырғасын қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы еді. Сингармонизм заңы бойынша, қазақ сөздер я бірыңғай жуан, я бірыңғай жіңішке айтылатыны белгілі. Сөздерді бірыңғай айту үшін ғалым олардың алдына «дәйекше» деген таңбаны (белгіні) қолданған. Қазақ әліпбиін үнемдеу жайында қазақ филологиясының алғашқы профессоры Құдайберген Жұбанов та жазған. 1935 жылы ғалым қазақ әліпбиінің орфографиясын өзгерту жайында жоба ұсынған болатын, жазуды үнемдеу мақсатында дауыстылар мен дауыссыздарды азайтып, бірнеше фонеманы бір әріппен таңбалауды көздеген. Әр тілдің әліпбиі дыбыстарды шартты түрде таңбалайды. Оның жетіспеушіліктері мен кемшіліктері орфографиялық қағидалармен өтеледі. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасағанда фонологиялық және орфографиялық заңдылықтарды да ескеру қажет» дегенді айтады.

Жаңа әліпбидегі әріптердің таңбалануы мынадай: Аа (а), Á á (ә), B b (б), V v (в), G g (г), Ǵ ǵ (ғ), D d (д), E e (е), J j (ж) Z z (з), I ı (и, й), K k (к), Q q (қ), L l (л), M m (м), N n (н), Ń ń (ң), O o (о), Ó ó (ө), Рр (п), R r (р), S s (с), T t (т), Ýý (у), U u (ұ), Ú ú (ү), F f (ф), H h (h, х), Ch / ch (ч), Sh / sh (ш), Y y (ы), I i (і).

Әліпбиде й (и) дыбысы – I ı, ы дыбысы Y y таңбасымен беріліпті. Бұларды, керісінше, яғни й(и)-ді Y y таңбасымен, ы-ны нүктесіз I ı таңбасымен беру дұрыс болатын шығар. Тіпті екі и-ді (й, и) бір таңбамен белгілеуге болмайды, оның бірі – дауысты, ал екіншісі – дауыссыз. Ал у дыбысы акутты Ýý таңбасымен берілген. Бұл еш қисынға келмейді. Олай болса, у-ды әлем тәжірибесіне сүйене отырып, Ww таңбасымен берген жақсы болар еді. Сонда айта-айта жағымыз талған, жұртшылыққа түсіндіре алмаған ми, ки, су, ту сөздерін айтылымы бойынша mıy (мый), kiy (кій), suw (сұу), tuw (тұу) деп қатесіз жаза, айта алар едік. Сондай-ақ ие, қиыр тәрізді сөздерді iye (i-ye), qıyır (qı-yır) түрінде дұрыс буынға бөліп тасымалдауға болады. Бұлай таңбалау туыстас түркі тілдерінде бар. Айтпағым: и, й дыбысын – I ı, ы дыбысын – Y y, у-ды Ýý ретінде таңбалау еш қисынға келмейді, жазуда ыңғайсыздық тудырады және бір қарағанда көзкөрімге де оғаш көрінеді.

Сондай-ақ һ мен х дыбыстары да бір ғана һ таңбасымен беріліпті. Бұл өте дұрыс деп білемін. Біріншіден, егер қалдырғымыз келсе, фарингал (тамақ) һ-ны сақтап қаламыз, екіншіден кірме дыбыс х-дан арыламыз. Енді х-дан бас­талатын сөздер һ арқылы жазылатын болады. Мысалы: һаbаr (хабар), һаt (хат), halık (халық) және т.б. Алайда бұл сөздер айтқанда қазақтың қ әріпі арқылы айтылатыны (қабар, қат, қалық) тағы бар. Онда мұндай сөздерді әліпбидегі q әріпі арқылы жазған дұрыс. Ол qabar, qat, qalıq түрінде көрініс табады.

Әліпбиде ш дыбысына sh, ч дыбысына ch таңбалары беріліпті. Менің ойымша, бұл екі дыбысқа бір таңба (sh немесе ch) берген жөн болар еді. shаr, shек сөздерінің бірін шар, екіншісін чек деп оқи алатынымыз кәміл. Ал әліпбиде мұнымен қоса х, һ дыбыстарын белгілейтін – һ, с дыбысын белгілейтін s таңбасы барын ескерсек, бұл дыбыстар сөзде қатар келгенде оларды тану, түсіну қиындығы туады. Мысалы: ashana (асхана ма, жоқ ашана ма), Аshat (Асхат па, жоқ Ашат па) және т.б. Сондықтан ш, ч, с және х, һ дыбыстарының таңбаларын да реттеу қажет.

Акут әліпбиде кірме я, ю, ё, щ, ц дифтонгтер (қосар дыбыс) енгізілмеген. Бұл дұрыс та. Кейбіреулер «енді кірме сөздерді қалай таңбалаймыз» дегенді айтып қалады. Бұларды жазғанда жеке-жеке әріптермен таңбалауға болады. Меніңше, я әрпі – yа, ю әріпі – yw, ё әріпі yо болып таңбаланады. Мысалы: qıyуа (қия), аyw (аю), shyоtkа (щётка). Ал щ әріпі sh таңбасымен белгіленеді. Сонда үш әріп (ш,ч, щ) бір ғана sh не ch болып жазылады.

Тіпті болмаса, ш (щ, ч) дыбысын бір ғана Ş ş таңбасымен білгілеуге болатын шығар. Бұлай белгілеу жалпы әлем тәжірибесінде және фонетист-ғалым Ә.Жүнісбек ұсынған әліпби жобасында да бар. Бұл тұрғыда белгілесек, дыбыстарды шатастыру орын алмас еді. Бір жағынан, ш дыбысы дыбысталуда с дыбысымен жуықтау келеді. Сонда с дыбысы S s таңбасымен, ш (щ, ч) дыбысы бір ғана Ş ş таңбасымен беріледі. Екеуінің дыбысталуы да, таңбалануы да жақын болады, айырмашылығы ш-ға дәйекше қойылады. Соңғы кезде осындай ұсыныстар жиі айтыла бастады. Ал енді «әліпбиіміз акутты әліпби ғой» дегенге келсек, онда ш (щ, ч)-ны жазуда әріптің жоғарғы жағына акут дәйекшесін қойып (Ś ś (ш, щ, ч) жазайық.

Ал ц кірме әріпін s (с) арқылы таңбалай береміз. Онда бұрынғы цемент, цирк тәрізді біршама сөздер тіліміздің фонетикалық ерекшелігіне бейімделіп, sement (семент), sıyrık (сыйрык) болып жазылады. Несі бар, қазір оғаштау көрінгенмен жүре-жүре үйренеміз, сөздерді тілімізге ыңғайлап алуды меңгереміз. Ал егер бұл қосарлы дыбысты жеке белгілейік десек, оған ts (тс) қосарлы таңба береміз. Ол жағдайда цемент, цирк сөздеріміз, тиісінше tsement (тсемент), tsıyrık (тсыйрык) болып жазылады. Әрине бұлай жазу қате саналады, өйткені қазақ тілінде екі дауыс­сыз қатар жазылмайды. Сол алғашқы нұсқа қисынға келеді.

Егер кірме әріптерді жаңа ұлттық әліпбиден алып тастаймыз десек, онда бұл әрекет барлық кірме дыбыстарға қатысты болуы тиіс еді. Алайда акут әліпбиде в, ф, х, ч, тәрізді кірме дыбыстар берілген. Соңғы кездері осы әріптерді де әліпбиден аластатуды жақтаушылар көбейіп келеді. Онда бұрынғы вагон, фабрика, чемпион, хабар тәрізді сөздер, тиісінше багон, пабрика, шемпион, қабар түрінде дыбыс­талатын әрі жазылатын болады.

Енді өзім түзету ұсынған әліпби бойынша бір-екі сөйлем жазып көрейін. Меn Аlmаtı qаlаsındа turаmın. Almatı – elimizdiń mádeny astanası. Ol – ásem qala. Көріп отырғанымыздай, таңбалар жазуда еш ыңғайсыздық, көзкөрімге олқылық туғызып тұрған жоқ. Бейнебір бұрыннан солай жазып жүрген сияқты, барлық әріп өз орнында тұрғандай сезінесіз.

Біреулер «мына әріп таңбасы қарақалпақта бар, ана әріп өзбекте бар, ал мынау әзірбайжан мен түрікте бар, олай болмайды, біздің әліпби басқалардан ерекше, теңдессіз болу керек» деп байбалам салады. Дұрыс та шығар. Алайда жаңа әліпби жасауда әлем елдерінің, түркітектес елдердің озық үлгілерін пайдаланғанның еш оғаштығы жоқ дегенді айтқым келеді.

Қорыта айтқанда, әлі де кейбір әріптердің таңбаларын өзгертіп, оларды жетілдіріп, тек содан кейін ғана тап-тұйнақтай емле ережелерін жазып шығуға болатынын байқап жүрміз. Әріптердің артық-кемшілігі оларды қолданғанда (жазғанда, оқығанда) белгілі болатын тәрізді. Алда әлі қыруар жұмыстар жүргізілуі тиіс. Оның ішінде компьютер пернатақтасына төл дыбыстарымызды беретін таңбаларды орналастыру мәселесі де бар. Қысқасы, жаңа акутты әліпбиді төрт аяғынан тең басқан, теңдессіз, мінсіз жоба деп бағалауға әлі ерте тәрізді. Ақыры акутты әліпби қабылдаған екенбіз, кейін өкінбестей оны жетілдіріп, талқылап, ұсыныстар жасап отыру қажет. Бұл әліпбиді ширата түсу үшін келелі пікір, салиқалы ой, сындарлы ұсыныс айту – қалың жұртшылықтың, зиялы қауымның, әсіресе тілші ғалымдардың азаматтық, ғалымдық парызы деп білемін. Өйткені әліпби астарында елдің көкейкесті арман-мақсаты, кемел келешегі тарих таразысына түсіп тұр.


Баға беріңіз