Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

"Ә" дыбысының кісі есімдерінің құрамындағы орны мен жазылуы

29.10.2018 300

Жазу жүйесі – тілдің алдағы даму барысынаықпал ететін тетік, сондықтан оның сыртқы формасы мен ішкі мазмұнын көз алдымызға қалай елестетсек, солай етіп жасаудың қазір үлкен мүмкіндігі туып отыр. Латын әліпбиіне көшу сол беріліп отырған мүмкіндіктің сынға түскен тұсы. Көздеген жерімізге жету де, жол бойы «адасып кету» де өзімізге байланысты. Өзге қалыпқа бейімделген әліпбиді пайдаланудан алған сабағымыз бар, енді сол қалыптың аясында қалып қою да, еркіндеп шығып, байырғы болмысымызға оралу да еркімізде. Жазу өзгерту ісі кісі есімдеріне де қатысты. Әлеуметтік пікірлермен тікелей байланысы болғандықтан, күрмеуі күрделі жақтары да аз емес. Әркім өз аты-жөнінің қалағанындай болуын талап ететін қазіргі кезде, көпшіліктің көңілінен шығатын жалғыз жол қазақ антропонимдерінің табиғатын зерделей отырып, түсінік жұмыстарын жүргізу. Алайда алдымен оның заңдылықтары дұрыс пайымдалып, ережелері дайындалуы тиіс. Ең бірінші ол дыбыстарға қатысты.Әр дыбыстың антропоним құрамындағы орны мен өзгерістері мұқият зерттелгенде ғана насихатымыз да, құжатымыз бен ондағы аты-жөнімізді латын қарпіне көшіру жұмыстарымыз да баянды болмақ.

Кісі есімдерінің құрамындағы орны бойынша мәселелері толық шешімін таппаған дыбыстардың бірі– «ә». Мақал көлемінде қазірге дейінгі қалыптасқан жағдай және оның кемшіліктері мен орнын толтырудыңжолдарықарастырылмақ. Бұл орайда қазіргі кезде туындап отырған түрлі себептерге байланысты біздің пікіріміз ұсыным түрінде болатынын ескерте кеткіміз келеді. «Ә» дыбысының тарихы туралы қысқаша. Қазақ тілінің төл дыбысы ретінде де (әкел, әкет, әпер; шәй, жәй), кірме сөздердің құрамында да (әр, әскер, әуел) қолданылады. Фонемалық мәнге ие, яғни сөз мағынасына ықпал ете алады: Ал, ел, сал сөздері ә-мен айтылғандаәл, сәл болып өзгереді. Жасалу орны жағынан а мен е, ә аралығында жақындық бары айқын [1: 42-44]. Демек ә қазақ тілінде қалыптасқан, өзіндік орны бар, фонемалық мәнге ие дыбыс. Екіншіден, «Қазақ тілінің фактілеріне қарағанда, ә фонемасы түркі тілдерінің бірсыпырасында шығыс тілдерінің әсерімен қалыптасты дейтін пікір дұрыс болса керек. Бұл пікірдің дұрыстығына тағы бір себеп – бұл фонема қазақ тілінде тек сөздің басқы позициясында ғана айтылады», – дейді қазақ тілінің тарихи грамматикасын зерттеген ғалым М.Томанов [1: 45]. Ә дыбысының шығу, қалыптасу тарихының қысқаша баяны міне осындай. Алайда, «сөздің басқы позициясында ғана» емес, соңғы жағында да айтылатынын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, кітап деп жазғанымызбен, кітәп түрінде айтамыз. Сол секілді күнә, куә, сірә т.б. секілді сөздерде, а-мен жазу сөз формасын бұзатын болғандықтан ә әрпін қолданамыз да. Демек, көп жағдайда қашқақтағанымызбен араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздердің басында да, соңында да жазып, айтылуына жақындатып отырмыз.

Әдыбысыжалаң және күрделі тұлғалы кісі есімдерінің құрамында қолданыла береді. Қазірге дейінгі нормалану дәрежесін бірізденген немесе нормаланған деп айту қиын, өйткені құжаттарда Әбділдә, Әбділда, Әбдилда, Абдилла, Абдилда т.б. нұсқалары қатар кездеседі. Сондықтан, жаңа әліпбиге көшу кезінде бұрынғы нормадан ауытқушылық қабылдауға қиындық тудырады дейтін қауіпке орын жоқ. Жағдай осындай болып тұрғандықтан біздің пікірімізше бірінші кезекте тілдің табиғи болмысына негізделген ереже басшылыққа алынуы тиіс. Ол арысы түркі, берісі қыпшақ, соның ішінде қазақ тілінің ертеден өзгермей келе жатқан байырғы заңдылықтарының бірі – буын үндестігі. Сөздің басы жіңішке болса, соңғы буындар да жіңішке, жуан болса, келесісі де солай. Ә дыбысының сөз құрамындағы орны осы заңдылықтардың орындалуына мүдделі, өйткені а мен ә дыбыстарының өзара айырмашылығы ең бірінші жуан, жіңішкелігінде. Кірме есімдерінің құрамында оның айтылуға ғана болмаса, мағынаға ешқандай әсері жоқ. Осы орайда ертеректе дайындалса да, құжат толтыруда басшылыққа көп алынбаған мына ережеге тоқтала кетуге тура келеді. Ерже емес, «кісі аттарымен байланысты кейбір ескертпелер» деп аталады. 1963 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіндегі» 2 қосымшада: «ә, о, ө, ү әріптері негізінен жалаң түбірлі кісі аттарының бірінші буындарында және біріккен тұлғалы кісі аттарының екінші сыңарларының басқы буындарында жазылады. Мысалы, Әлім (Алім емес), Әсет, Әбдікәрім, Әбікен, Әбіл, Есенәлі, Сәбира (Сәбирә емес), Жәмила (Жәмилә емес), Кәмила (Кәмилә емес)... т.б.». Осы кітаптың 568-бетіндегі «Әріптердің емлесі» бөлімінде де «ә»әрпінің жазылу ережесі осыған ұқсас: жалаң сөздердің бірінші және біріккен сөздер мен қос сөздердің екінші сыңарларының басқы буындарында да жазылады. Тек ескертуде «сірә, кінә, іңкәр...» секілді сөздерде екінші буында жазылатыны айтылады [2: 526, 568]. Бұл қосымшаны дайындаған қазақ ономастикасының білгір маманы, профессор Т.Жанұзақов болатын. Жалпы қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің аясынан шықпағаны байқалады. Кейін 1988 жылы К.Есбаевамен бірігіп дайындаған «Қазақ есімдері» атты орысша-қазақша сөздік –анықтамалығының «Кісі аттарының жазылуымен байланысты кейбір ескертпелер» бөлімінде қайта берілді. Бұнда «Күләш, Күлән, Күләй, Күләнда, Күләсия, Іңкәр сияқты бірқатар жалаң түбірлі кісі аттарының екінші буындарында «ә» әрпі жазылады», - деп толықтырады [3: 14]. Бұл мысалдар уақыт өткен сайын зерттеу нәтижелерінің жетіле түскенін, кісі есімдерінің табиғаты айқындалып, жазу нормасына деген жаңаша талаптардың туындап отыратынын көрсетеді. Демек, 1988 жылдан бергі уақыт аралығы да бос жатқан жоқ, кісі есімдері бойынша біршама зерттеу жұмыстары жарық көріп, жаңаша пікірлер қалыптасты. Тілдің табиғаты мен даму заңдылықтары және бүгінге дейінгі белгіленген нормарлардыңқызметі мен кісі есімдеріне ықпалы бойынша сараптаулар жасағанда жазу нормасына тағы да өзгерістер енгізу қажеттілігітуындағанын байқаймыз.

Талдауларға бармас бұрын мына бір мысалға қысқаша тоқтала кетелік. Антропонимдер әлеуметтік қызметі тұрғысынан алғанда адамды өзгелерден айқындаушы жеке таңбалар ғана. Мысалы, топ ішінен біреуді шақырып алу үшін оның есімінатаймыз, сол кезде есім-сөздіңмағынасы емес, иесі көз алдымызға елестейді. Бұл жағдай есімнің дұрыс айтылуын талап етеді, мағынасының бірдейлігіне қарамай, сәл қате болса (айталық, мағынасы ортақ, айырмашылығы бір ғана дыбыс КәкіштіКәкімдеп атасақ) ол бізге қарамауы мүмкін, өйткені әр есімнің өзіндік қалыбы басқа.Дұрыс айтылуға негізінен жазылу нормасы тікелей ықпал етеді, сондықтан екеуінің арасы жақын болғаны аса маңызды.

Қазір тілімізде ә дыбысынан басталатын және екінші буында да айтылатын біршама есімдер қалыптасты. Кейінгі буындарында бұл дыбыстың біразы айқын естілсе, кейбірі көмескілеу естілуі мүмкін, алайда а мен ә табиғатының жақындығын және үндестік заңын ескере отырып, а-ға емес, керісінше ә-ге басымдық беруіміз керек. Тіліміздің заңдылығына қайшы болмаса немесе біртұтас нормаға айналып кеткендіктен өзгерту үлкен қиындықтарға соқтырып жатпаса, бүгінге дейінгі ережелердегідейә дыбысыныңбірінші буыннан басқаларында жазылуынанқашпауымыз керек. Өйткені ілгеріде атап өткеніміздей, буын үндестігі ертеден тіліміздің табиғатында бар құбылыс. Екіншіден, ә дыбысының екінші немесе басқа буындарда жазылуынан есім мағынасына да, айтылым мен тыңдалымқызметіне де ешқандай нұқсан келмейді. Керісінше біртұтас айтылу сөйлеушіге де, тыңдаушыға да жеңілдік әкеледі. Бір түрлі айтып, екінші түрлі жазудың өзіндік бір айқын себебі болмаса, долбарлапорфография мен орфоэпияға топтастыру біздіңшеартық. Бұл орайда ешқандай жаңалық ашайық деп отырған жоқпыз, керісінше жазудан кеткен қателіктің салдарын анықтап, себебімен күресудің жолын ұсынғымыз келеді.

Қазіргі құжаттарда ә дыбысымен айтылып, жазылатынбіршама есімдер бар. Оларды ә әрпінің жазылу мәселесі бойынша ілгерідегідей жалаң және біріккен тұлғалылар деп топтастырмайамыз. Тек жалаң тұлғалыларға тоқталсақ, біріккен тұлғалылар өзінен-өзі белгілі. Ә дыбысымен басталатын есімдер: Әбіш, Әбдез, Әбдей, Әбделі, Әбдет, Әбді, Әбділ, Әбек, Әбекен, Әбен, Әбеу, Әбзел, Әби, Әбу, Әлім, Әліп, Әліш, Әлішер, Әмен, Әмет, Әмеш, Әми, Әмин т.б.Бірінші буын мен соңғы буынның арасында айырмашылық жоқ, біртұтас жіңішке айтылып, жазылады. Тілдің тарихи табиғатына сай. Тарихи грамматика мамандарының зерттеулеріндегі пікірлерге сәйкес ә дыбысынан басталып отырған осы есімдер араб-парсы тілдерінен енген. Алайда, қазақ тілінің заңдарына бейімделіп, дыбыстық формалары біршама өзгерістерге түсті. Бұлардың ішіндегі Әбіш, Әбек, Әбекен, Әбен, Әбеу, Әмен, Әмет, Әмеш т.б. өзінің түпкі болмысынан алшақтап кеткен тұлғалар. Осылай қалыптасуы қазақантропонимжасамының жемісі – тілдің қазанында қайнап, қайта сомдалып шыққан. Араб тілінің элементі деуге енді келмейді, қазақ тіліне телу үшін дыбыстық тұлғасы оның заңдылықтарына сай болуы керек. Тағы бір қайталап айтсақ, жазылу нормасы айтылуымен сәйкес болу тиіс.

Араб-парсыдан енген есімдердің игерілуі жазу нормасына бағынбай тұрған кезде жүзеге асқандықтан, тілімізге төл элемент ретінде сіңісіп кеткен.Кейін жазу ережесі белгіленгенде олардың негізінен айтылуы басшылыққа алынды. Ал соңғы жылдарда елімізде ислам дінінің кеңінен таралуына байланысты араб тілінен енген есімдерді сол тілдегі айтылуына сәйкес жазу етек алып бара жатқаны шындық. Ондағы ерекшелік ә әрпінің орнына а, яғниКәрімнің орнына Карим, Есләм немесе Ісләмнің орнына Ислам т.б. жазу жиі байқалады. Сондықтан, жазу нормасы белгіленгенде тілімізде қалыптасқан байырғы нұсқалары назарға алынуы тиіс. А мен ә әріптерінің орнын алмастыру – құжаттыорыс тіліне негіздей толтыру кезінде де кетіп жатқан қателердің бірі:Әбдірахман – Абдрахман, Әмір – Амир, Әсем – Асем, Әтіркүл – Атиркуль, Әубәкір – Аубакир т.б. болып жазылып жүр.

Екіншіден, бір айта кететін жағдай,қазіргі құжаттарда ішінара болса да, Әндірей, Әнел, Әрмиә, Әрмиән секілді дыбыстық жағынан тіліміздің заңдылығына сай игерілген есімдер кездеседі. Игерілуі шетелден келген қандастарымызға тиесілі екені белгілі. Оларды қайта өңдеп, жаңаша қалыпқа салуға болмайды, керісінше кеңірек таралуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Былай болуы мүмкін: қабылданып жатқан латын негізді қазақ әліпбиінде я мен ь әріптері жоқ, сондықтан төл табиғатына сәйкес аталған есімдер Андрей, Анель, Армия, Армиян түрінде жазылған болса, олардың өзгерістерге түсетіні белгілі. Алайда жаңа әліпбидің мүмкіндігіне салсақ, оларды шығу тегіне ілгерідегілерден гөрі жақынырақ апаратыны белгілі. Мынандай нұсқада жазылады: Андрей, Анел, Армиа, Армиан. Ал ат қоюшылардың өз құқығын пайдалана отырып, шетелдік есімдерді игеруі қазақ тілінің заңлылықтарына дәл сәйкеседі, сондықтанӘрмиә мен Әрмиән есімдерінің соңғы буындарындағы ә әрпін а-ға өзгерту қажеті емес.

Ә дыбысы көптеген есімдеріміздің соңғы буынында немесе соңында қолданылады. Кирилл әліпбиіне негізделген жазуда олардың орнына я әрпін пайдаланып жүрдік. Я әрпі есімнің дыбыстық тұлғасын бейнелеуге кейде сәйкес келсе, кейде орыс тілінің заңдылықтарына негіздей жазылады да,төл қалыбынан айниды. Мысалы, Әсия, Әния, Әнзия, Мәрзия т.б. деп жазғанда қазақша айтылуы дыбыстық таңбамен сәйкеседі, алЖәмиләныЖамиля, КәмиләныКамиля т.б. деп жазғанда екі түрлі. Сонымен қатар я дифтонг дыбыс, и мен а-ны таңбалайды. Орыс тілінде аталған жуан дыбыстарды таңбалағанмен, қазақ есімдерін жазуда оның мына бір мүмкіндігін ескермей кетуге болмайды: Ғалия, Нұрия, Сәния, Жәния, Әлия т.б. секілді есімдердің соңғы дыбысы алдыңғы буынның ықпалымен «-иа» түрінде де, «-иә» түрінде де айтылуы мүмкін. Енді алдымызға жаңаша талап қойылып отыр. Латын негізді қазақ әліпбиінде бұл әріптің болмауына байланысты алдындағы буынның жуан, жіңішкелігіне қарай олардың аражігін айқындап алуымыз керек.

Ә әрпінің қолданылуына қатысты мәселелер көріп отырғанымыздай, негізінен араб-парсытілдерінен енген есімдерді қамтиды екен. Ілгеріде сілтеме жасалған бұған дейінгі ережелерде, кей жағдайда болмаса, бірінші буыннан өзгесінде жазылатыны туралы айтылмайды, демек бұған дейінгі зерттеушілердің қолдамағаны байқалады. Лингвистикалық тұрғыдан алғанда да заңдылықтардың бұлайша бұрмалану себебі де аса түснікті емес.Сөз басында тоқталып өткеніміздей, туған тілдің төл заңдылығын бұзып, «ә» дыбысының орнына «а» әрпін пайдалану біздің пікірімізше қателік секілді. Өйткені «ә» орнына «а» немесе «я-ны» пайдалану біріншіден есімнің дыбыстық формасын дәл бере алмайды, екіншіден айтылуында қиындықтар тудырып, тіл табиғатына өзгерістер әкелуге жетелейді. Мысалы, Әбдіраш, Әбділда, Ләззат, Ләзиза, Әнипа т.б. секілді жіңішке айтылатын есімдердің соңғы жуан буыны алдыңғысына әсер етеді де, а мен ә-нің ортасындағы көмескі дыбысталады немесе толықтай жуанға, яғниАбдыраш, Абдылда, Лазат, Лазиза, Анипа т.б. айналады. Құжаттардағы көпшілік есімдердің қате жазылуында осындай буын құрамындағы ала-құлалықтың да себебі бар ма деп ойлаймыз. Өйткені жазу ережесі арқылы бұзылған заңдылықтың сөйлеу тілімізге де ықпал еткені соншалық, қазіргі кезде көбіміз қалыптасып қалған қате нормадан бас тартқымыз келмейді. Солай болуы керек сияқты көрініп тұрады. Қалай да тарихи негізімізге оралуымыз керек, рухани жаңғырудың да мақсаты осы.

Қазіргі қолданыста екінші буында немесе соңында ә дыбысы қолданылатын біршама есімдер бар. Құжаттардағы жазылуы әртүрлі: бірде – а, бірде – ә, енді бірде – я. Бүгінге дейін кісі есімдерінің құрамындағы нақты жазылу нормасы айқындалмаған дыбыс. Енді осы есімдердің соңына ә дыбысын жазып, көз алдымыздан өткізіп көрелік: Әбділдә, Әбділлә, Әбдірәш, Әбжәл, Әбжәлел, Әмиә, Әминә, Әминәм, Әминәт, Әнәпиә, Әнзиә, Әнипә, Әнирә, Әнисә, Әнуәр, Әпиә, Әрина, Әрмиә, Әрмиән, Әсиә, Әсиәт, Әсмә, Әсмәғи, Әукәр, Әштай, Әшірәп, Бәзирә, Бәйділдә, Бәкірәмбек, Бегдәзім, Бегділдә, Бегділлә, Біләл, Біләс, Біләш, Бірәлі, Гөзәл, Гүлән, Гүләндә, Гүләфиә, Гүлилә, Гүлинә, Гүлпәри, Дәлидә, Дәлилә, Дәлирә, Дәмилә, Дәмирә, Дәниә, Дәуриә, Есләмбек, Есләмғали, Жанәбіл, Жанәділ, Жанәлі, Жанбәкір, Жәбриә, Жәниә, Жәсиә, Зәуриә, Кәдиә, Мәдиәм, Мәдиәр, Мәрзиә, Мәриә, Мәриәм, Мәриәш, Нәзиә, Нәсиә, Рәбиәм, Сәлиә, Сәндиә, Сәниә т.б.

Бір қарағанда ә дыбысының сөз соңында тұруына бұрын көз үйренбегендіктен тосырқауымыз мүмкін, алайда үндестік заңы тұрғысынан алғанда және алдағы болашақта қазақ есімдері тұлғасының түзулігі үшін оны таңбалаудың дұрыс үлгісі осы деп ойлаймыз. Бір ғана қайшылық – жіңішке буыннан кейін жіңішке қосымша жалғануы тиіс еді, алайда «соңы ә-ге біткен есімдерге жуан жалғау жалғанады» деген ереже көңілге қонымсыздау көрінуі мүмкін.Екінші жағынан қарағанда бірде а, бірде ә жазылатын ала-құлалықтан гөрі бірыңғай жазу тәртібі еске сақтауға да жеңіл.Қазіргі дайындалып жұртшылық талқылуында жүрген «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінде» де бұл жөнінде айтылған: «Соңғы буыны ә-мен аяқталған кісі есімдеріне қосымшалар жуан жалғанады: Күләш-қа, Күлән-ға, Біләл-ға» [4: 20]. Сонымен қатар осы емле-ережесінде кісі есімдеріне қатысты келесі бір ережеде «Араб, парсы тілінен енген кісі есімдері қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкес жазылады...», – деп көрсетілген [4: 21], демек екеуі де ә әрпінің жазылу принциптеріне сәйкес келеді. Енді осы ұстанымда тұруымыз керек.

Жинақтай келгенде ә әрпінің жазылу ережесін белгілегенде мынандай екі принципке сүйенеміз: біріншіден, тарихи принцип – буын және дыбыс үндестігі; екіншіден, тілдің кірме есімдерді игеру принципі, яғни шыққан тегінен алшақтатып, дыбыстық тұлғасын қазақ тілінің заңдарына сай өзгерту принципі. Айналып келгенде біздің ұсынып отырғанымыз – антропонимжасам заңдылықтарының аясында қалыптасқан есімдер тұлғасының байырғы үлгілерін қайта қалпына келтіру.

Бұл тек қазақтың ғана емес, Қазақстан халқы есімдерінің үлгісіне айналуы да мүмкін. Өйткені қазіргі құжаттардағы аты-жөннің көпшілігі түрлі ұлттарға ортақ, тек жазылуында ғана аздаған өзгешеліктер бар. Оның өзі бұл бағыттағы арнайы зерттеулердің жоқтығымен тікелей байланысты.Осы ерекшелік «Қазақстан халқының есімдері» деген ортақ лексикалық қордың пайда болып келе жатқанын көрсетеді және ол күн тәртібіне қойылуы тиіс жаңа бір мәселе жайында хабар беріп тұрған секілді.

Әдебиеттер тізімі

  • Томанов М. Қазақтілініңтарихиграмматикасы. – Алматы: «Мектеп», 1988. – 264 бет.
  • Қазақтілініңорфографиялықсөздігі. – Алматы: «ҚазССР ҒА баспасы», 1963. – 576 бет.
  • Жанұзақов Т., Есбаева К. Қазақ есімдері (анықтама сөздік). – Алматы: «Ғылым», 1988. – 480 бет.
  • Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережелері. – Астана, 2018. – 31 бет.
Тегтер: ә әріпі, ә дыбысы, ә таңбасы, жаңа әліпби

Сондай-ақ, оқи отырыңыз