Түркістанда бес кітаптың тұсауы кесілді

Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 қазан, 2018

Түркістанда өткен «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы», «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық даму тарихындағы мұрағаттар қамтылған «40 жылдық альбом», сондай-ақ әр кезеңде хатқа түскен, ел аузында айтылып жүрген аңыз әпсаналардан жинақталған «100 аңыз» кітабы және «Жетпіс хикмет» кітабы жарық көрді.

Түркістанда Астана қаласының 20 жылдығына және «Әзірет Сұлтан» мемле­кеттік тарихи-мәдени қорық-музейі­нің 40 жылдығына орай «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала­лар» атты халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясы өтті. Алқа­лы жиынға Түркия, Өзбекстан, Әзірбай­жан, Украина елдерімен және отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары қатысты. Шараның басты мақсаты — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген тарихи-мәдени мұралар мен қасиетті орындарды насихаттау, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесін және Қазақ хандығының ғасырлар бойы рухани астанасы болып келген Түр­кі­станның орны мен рөлі және отан­дық музей саласындағы актуалды пробле­ма­ларды сараптау, талдауға арналған.

Шара басталмас бұрын алдымен қорық-музейдің 40 жылдығына арналған «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортаға­сырлық қалалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында өткен тарихи кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Атап атқанда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахмет­жа­нов, Мәдениет және спорт министр­лі­гі­нің Заң департаментінің басқарма басшы­сы Сералы Тажиханов, Қ.Яссауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің ректоры, профессор Болат­бек Әбдірасылов, Түркістан облы­сы­ның Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева лентасын қиды.

Халықаралық конференцияның ашы­­луы­мен құттықтаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі­нің директоры Нұрболат Ахмет­­жа­нов: «Түркістан қаласы ежел­ден Ұлы Жібек жолы бойында мәде­ние­ті мен сауда-саттығы дамыған маңызды қала болғаны белгілі. Кейіннен бұл қала Қазақ хандығының астанасы болып, мұнда қазақ хандары сайланды, шет елдерден елшілер қабылданды. Осындай қалаға кие берген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екені анық. Бүгінде Қ.Яссауи кесенесін көру үшін Түркістан қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді», – деп Түркістан қала­сы­ның облыс орталығы ретінде бекітіліп, киелі шаһарды еліміздің ең бір шы­рай­лы қалаларының біріне айнал­ды­руға одан ары дамытуға бағыт­талған ма­ңызды қадамдар жасалып жатқанын жеткізді.

Одан кейін еліміздің ғалымдарымен бірге алыс-жақын елдерден келген тарих саласының майталмандарына сөз берілді. «Ортағасырлардағы сыр бойы қалалары және олардың қазақ хандығы үшін маңы­зы» атты тақырыбы бойынша баян­дама жасаған профессор, тарих ғылым­дарының докторы Берекет Кәрібаев Түр­кі­стан ХІV-ХVІ ғасырларда Дешті Қып­­­шақ пен Мауе­ран­нахрдағы ең бір гүл­д­ен­ген аймақ­тар­дың бірі болғанын айтты. «Түркістан аймағы – Қазақ хандығы үшін XV-XVI ғасырларда экономикалық, шаруашылық, саяси, діни-мәдени, әске­ри-стратегиялық, рольдері ерекше, өмір­л­ік маңызы бар аймақ болады. XV ғасыр­д­ың 70-жылдарынан XVI ғасырдың бірін­ші ширегі аралығында Қазақ хандығ­ының Мауераннахрмен саяси қарым-қатынастарының ең басында – Дешті Қыпшақ үшін өмірлік маңыз атқарған

Түркістан аймағын Қазақ хандығы құрамына енгізу мәселесі тұра­ды. Бұл міндетті орындау үшін Қазақ хан­дығы жарты ғасыр бойы Мауеран­нахр­­дағы темірлік әулетпен, одан кейін шай­банилық әулетпен үздіксіз күрестер жүр­гізеді. Бұл күрестердің нәтижесі XVI ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ ханды­ғын күшейтіп, оны Орталық Азия­дағы қуатты мемлекеттердің қатарына қосты» деді ғалым.

Жиында Яссауи бабамыздың 27 ұрпа­ғы, Халықаралық Яссауи атындағы ұйым­­ның төрағасы, Халықаралық Яс­сауи журналының редакторы Исме­тул­ла Есе­ви «Түркісанның келешегі» атты баян­дама жасады.


Баға беріңіз