Ахаңның тағылымы
Кеше Астана қаласының әкімдігі мен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған «Алаштың Ахаңы» атты рухани- тағылымды іс-шара өтті.
Кешке Ахмет атамыздың аталас туыстарынан тараған ұрпақтары да келіпті. «Бізге күллі Алашқа ортақ Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы деген ат әрине мақтаныш, сонымен бірге өте үлкен жауапкершілік. Әулетіміздің ұл-қыздары осы ардақты атқа жаманат келтірмей, ұрпағы да ғылым, біліммен ұлтқа қызмет ету керектігін айтып, сол бағытта жұмыс істеуге тырысамыз», деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Еуразиялық білім және ғылымды дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Азамат Нұрланұлы.
Кеш Қ.Қуанышбаев театрының әртістері сомдаған «Ұлт қайраткері» қойылымымен басталып, «Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнамасы» атты бейнесюжет көпшілік назарына ұсынылды. Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы сөз сөйлеп, Ахмет Байтұрсынұлының арман-мұраты жайлы баяндады.
Ол әр ұрпақтың мойнына өз уақытының жүгі артылатынын, сол жүкті келесі ұрпақтың арқасына артып кету ұлтты кері шегіндіретін немесе басқаларға ілесе алмай қалуға алып келетін қателік екенін айта отырып, Ахаңның өз дәуірінде мойнына артылған аса ауыр жүкті толығымен атқарып кеткен ғалым екендігін тілге тиек етті.
«Бұл шараның мақсаты – Алаштың рухани көсемі, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым, әдебиет зерттеушісі, ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын көпшілік қауымға кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойында ұлтжандылық пен отаншылдық рухты қалыптастыру, қоғамдық сананы ұлттық бағытта жаңғырту, ұлттың асыл қазынасы – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, қазақ сөз өнерінің құнды мұраларын таныту», дейді ұйымдастырушылар.
Тағылымды да тартымды кеште дәстүрлі әнші Амангелді Сейітхан Ахаңның Файзолла досына жазған соңғы хаттарының бірі «Қан шеңгел» толғауын орындады. «Сенен бұлт менен қайғы тарқамады» деп Мәдидің әнімен бастаған әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев әрі қарай «Алаш қонған ақбоз үй...» деп Қапездің әнімен жалғады. Күйші Айбек Бекбосын «Алаш» күйін тарту етті. Сондай-ақ оқушылар Ахмет атамыздың өлеңдерін оқыды.
Игі іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала басшылығы, құрылымдық және әлеуметтік мекемелердің, оқу орындарының, жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенді жастар мен ұлт ұстазының ұлағатынан сусындауға қызыққан қала тұрғындары қатысты.
Баға беріңіз