Халықаралық ұйымдар және Астананың дамуы

​Әдетте, танысқан кездежиі қойылатын «қайда жұмыс істейсің?» деген сұраққа «халықаралық компанияда», «елшілікте», «шет елде», «халықаралық ұйымда» деп жауап беретіндергежастар арасында қызығушылық ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 қазан, 2018

Мен ондай жерде қызмет ету адамдарға үлкен міндеттер де жүктейтінін айтқым келеді: бойыңдағы білім, ұйымдастырушылық қабілеттермен қоса шет тілін білу керек. Және жақсы деңгейде білу керек. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мәселені көтеруі – біздердің, жастардың жарқын болашағымызды ойлаудан туғанына сенімдімін.

Қазақстан - Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болғандықтан, мұнда осы халықаралық ұйымның бірнеше агенттіктері жұмыс істейді. Солардың ішінде өзім қызмет ететін БҰҰ Даму бағдарламасы да бар. Реті келгенде айта кетейін, ол агенттіктерде қызмет ететіндер – мен жоғарыда айтқандай, білімді, білікті маман болуымен бірге, ағылшын тілін еркін меңгерген өзіміздің отандастарымыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының өкілдіктері әлемнің 166 елінде адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жұмыс істейді. Бұл ретте халықаралық ұйымның мақсаты Елбасының таяуда жария еткен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауымен үндеседі.

БҰҰ ДБ өздері қызмет ететін елдердің өз мүмкіндіктерін қалыптастырып, дамытуға сарапшылық, әріптестік көмек береді. Қазақстанда да сондай ізгі мақсаттармен: дүниежүзілік озық тәжірибелерді енгізуге, Адамзат дамуының ұлттық есебін дайындауға, қоғам дамуына арналған маңызды стратегиялық құжаттарды әзірлеуге, мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық әлеуеттерін арттыруға, т.б. бағыттарда көмек беріп келеді. Бүгінде БҰҰДБ әзірлеген бірқатар әдістемелік құралдардың жоғары оқу орындарында қолданылатыны оның қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Ел астанасында орналасқандықтан, БҰҰДБ салалық министрліктермен, түрлі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен даму мәселелері бойынша тығыз байланыста жұмыс істеуін бір жағынан өз миссиясы болса, екінші жағынан, елордамыздың көркеюіне үлес қосқаны деп ойлаймын.

Мысалы, қазір экология мәселесі бүкіл әлем үшін өзекті болып отыр. Бұл - Қазақстанды да айналып өтпеген проблема. Осы ретте БҰҰДБ қоршаған ортаны қорғау, энергетика, суды, жер ресурстарын пайдалану жөніндегі инновациялық жаңалықтарды тарату үшін біраз уақыттан бері салалық мемлекеттік органдармен жұмыс істеп келеді.

Былтыр өткізілген халықаралық ЭКСПО көрмесі де болашақтың энергиясын дамытуға арналғаны – бұл тақырыптың Қазақстан үшін күн тәртібіндегімәселе екенін көрсетеді. Сондықтан Даму бағдарламасы ғаламдық жылынудың қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіріп, елдегі жылу, су ресурстарын сақтау, жел энергиясын тиімді қолдану, энергияның жаңғыртылатын түрлеріне көшу мәселелері бойынша жұмылуда ұлттық серіктестерді қажетті көмекпен қамтамасыз етуде. Осы тақырыптарда белгілі ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен семинарлар, конференциялар өткізіп, тәжірибе алмасуды ұйымдастырады.

Озық дамыған азаматтық қоғам үшін қажетті демократиялық басқару тәжірибесін тарату – біздің агенттік қызметінің бір саласы. Қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру, адам құқықтары институттарын нығайту, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың диалогын жақсарту, парламенттік тәжірибені дамыту бойынша терең зерттеулер жүргізіліп, сарапшылық кеңестер, ұсынымдар беріледі.

Халықты әлеуметтік қорғау, соның ішінде кедейшілік шегін төмендету бағытындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде әлеуметтік қызметтердің стандарттары жасалды. Атырау мен Қызылордада кәсіпкерлікті дамыту, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында энергияны үнемдеу бойынша жобаларын жүргізіп, Алматы мен Шымкентте жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асырды.Жыл өткен сайын мұндай жобалар саны ұлғайып, мазмұндары кеңейе түсуде

Ал Астана және елорда маңы бойынша бірнеше жобалар қатарынан іске асырылуда. Өйткені ол – Қазақстанның барлық тіршілік-тынысын көрсететін қала ғой. Айталық, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетімен бірге «АстанаЭкоСтандарт» жылыжай кешенінің базасында жасыл технологияларды оқыту орталығының ашылуына үлес қосты.

Жалпы, бізге келген шетелдік сарапшылар оның ғажайып сұлулығына таң қалып, әлемдегі небір сұлу мегаполистермен салыстырады. Өзім жұмыс істейтін ұйымның Астананың өркендеп, әлеуеті күшейе түсуі үшін үлес қосып жүргенін мақтан етемін.

Мысалы, Қазақстанда бүкіл Азия құрлығындағы аса ірі қаржы орталықтарының бірегейі - халықаралық «Астана» қаржы орталығының құрылуы елордамыздың мәртебесін арттыра түсетін факт. БҰҰДБ біздің еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіне жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Орталықпен өзара түсіністік меморандумына қол қойған.

Ол бойынша біздің бағдарлама «жасыл» қаржылар саласындағы озық тәжірибелерді іздестіріп, енгізу үшін БҰҰ-ның Жаһандық экологиялық қоры, Жасыл климат қоры сияқты қаржы институттарының Халықаралық қаржы орталығымен тығыз үйлесімде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Менің бұл мақаланы жазуыма себеп болған – осы БҰҰ агенттіктерінде қызмет етіп жүрген отандас әріптестерімнің еңбектері. Әрине, көп жағдайда олардың аттары аталмайды. Бірақ, бір нәрсе анық – оларбіліктіліктері мен білімдерінің арқасында еліміздің халықаралық деңгейде биік рейтингтерге қол жеткізуі үшін қызмет етуде.


Баға беріңіз