ҰЛТТЫҚ АТАУЛАР – ҰЛТ АЙНАСЫ

​Қай қоғамда өмір сүрмесін ономастикалық атаулар сол аймақтың ерекшелігін көрсетіп тұратын маңызды факторлардың бірі болмақ. Мәселен, Павлодар облысындағы көптеген ономастикалық атаулар түрлі тарих...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

27 қыркүйек, 2018

Атауларды жаппай өзгерту мәселесі, әсіресе Кеңес Үкіметінің әмірі үстем болып тұрған кезеңде белең алып, ертеден бері келе жатқан атауларымыздың көпшілігі өзге тілдердегі атаулармен алмастырылса (Захаровка, Моисеевка, Пятирыжск, Башмачный, Кузьмино, Славяновка, Обозное, Крупское, Октябрьское, Михайловка, Благодатное, Петропавловка, Церковное, Груздевка), бір шама атауларымыз тілдік нормасынан ауытқып, өзінің түпкі нұсқаларына ұқсамайтындай қалыпқа дейін өзгерген. Бұған аймағымыздағы Арбиген (Арбаиген), Урлютюб (Үрлітүп), Моялда (Мойылды), т.б. атаулар дәлел. Осындай этимологиялық ауытқуларға душар болған нысандардың мән-мағынасы жергілікті тұрғындарға да, өзге этнос өкілдеріне де беймәлім күйде десек те болады.

Сондықтан халық мәдениетінің ерекше бөлігі болып табылатын аймағымыздың жер-су атауларын зерттеу, ел басынан өткерген қиын-қыстау заманның тәлкегінен жоғалуға жақын қалған атауларды келешек ұрпаққа үзігін жалғап жеткізу – осы дәуірде өмір сүріп отырған барша азаматтың міндеті.

Сол себепті соңғы үш жыл ішінде ономастикалық атауларды өзгертуге жарияланған мораторий алынысымен Павлодар өңірінің азаматтары бірауыздық танытып, тарихи атаулардың қайтарылуына ден қойғандығы біршама жұмыстың басын қайыруға үлкен септігін тигізген еді. Көп жылдар бойғы көпшіліктің қалауын іске асыруға, ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы болған Ә.Жақсыбековтің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы тапсырмасы мен бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан идеологиялық тұрғыдан ескірген,қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту туралы Елбасымыздың 2017 жылғы 28 ақпанда берген №17-388-5 тапсырмасы ықпал болды.

Осындай мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды негізге ала отырып, Павлодар облысы Қашыр (Качир) ауданына тарихи атауы болып табылатын Тереңкөл атауын, Лебяжі ауданына Аққулы атауын қайтару бойынша жұмыстарын тиімді аяқтап үлгерді. Оның біріншісі Качир ауданының атауын қайта атау мәселесі 2007 жылы 14 желтоқсанда облыстық мәслихаттың шешімімен (№50/3) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданып, 2009 жылы Республикалық ономастика комиссиясында қолдау тапқан еді. Алайда түрлі себептермен жарияланған мораторийдің салдарынан құжат кері қайтарылған болатын.

Кейін ономастика саласына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендіктен аталған мәселеге қатысты жұмысты қайта басынан бастауға тура келді.

Ауданның тарихи атауының шығу төркініне тоқталар болсақ, ғылыми сараптамаларға сәйкес ертеректе Обь өзені Тереңкөл ауданының маңындағы Ұзынқамыс көліне дейін келіп, мына жақтан Ертіс ернеуінен асып екі өзен қосылған тұста үлкен көл пайда болып, оны халық Тереңкөл деп атап кеткен. Осыдан сол мекеннің, кейіннен болыстың да атаулары Тереңкөл болып аталған.Бұған қоса Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік мұрағатының анықтамасында «1921 жылғы мәліметтер бойынша Семей губерниясы Павлодар уезі Тереңкөл болыстығының орталығы Тереңкөл және Песчанский болысының орталығы Качир селосы болады. 1928 жылғы аудандастыру кезінде Октябрь, Песчан, Бөрлітөбе болыстарының кейбір бөліктерінен Федоров ауданы құрылған. 1928 жылғы 23 маусымда Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Федоров ауданын Максим-Горький ауданы деп өзгертеді. Тереңкөл елді мекені де Максим-Горький ауданына қарады. 1931 жылы Максим-Горкий ауданының орталығы Качир елді мекені болып бекітіледі» делінген. Дәл осындай мәлімет Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің берген анықтамасында көрсетілген. Сондықтан екі мұрағаттық анықтама да Қашыр ауданының тарихи атауы Тереңкөл екендігіне сайып соғады. Сондықтан ауданның тарихи атауын қайтару бір мәселе болса, екіншіден ұзақ жылдар бойы аталып келген мағынасы жағымсыз болып табылатын Қашыр атауынан арылу болатын. Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ресми түрде берген түсініктемесінде «Қашыр» – сөзі бие мен есек айғырының шағылысуынан туған мал деген ұғымды білдіреді дей келе, «Қашыр атауын аудан атауы ретінде ресми түрде қолданылуын орынсыз деп санаймыз» деген тоқтамға келеді. Осындай деректер мен мұрағаттық анықтамаларды негізге ала отырып, негативті семантикалық ассоциацияларды тудырып, құлаққа жағымсыз болып естілетін Қашыр атауы «Тереңкөл» тарихи атауымен алмастырылғанда жергілікті тұрғындардың қуанышында шек болмап еді. Оның үстіне Елбасының Жарлығы бойынша ауданның қазақша нұсқасымен қатар орысша нұсқасында да қазақ тіліндегі төл табиғаты сақталып, орыс тілінің «-ский» жұрнағынсыз «Тереңкөл» болып ауыстырылғандығы қуантарлық жағдай.

Бұдан өзге жергілікті тұрғындардың пікірі мен ұсыныстары негізінде Баянауыл ауданының Большевик ауылы – «Шоманкөл», ЦЭС ауылы – «Майкөбе», ТЭЦ ауылы – «Үйтас», Павлодар ауданына қарасты Березовка ауылы – «Үміт апа», Ақтоғай ауданының Ивановка ауылы – «Жалаулы», Ақсу қаласына қарасты Парамоновка ауылы – «Береке», Железин ауданының Березовка ауылы – «Ақтау» атауларымен қайта аталып, қазақша елді мекен атауларының саны арта түсті. Сонымен қатар ұлы тұлғаларымыздың мерейтойы қарсаңында Баянауыл ауданының Жаңажол елді мекені – Мәшһүр Жүсіп ауылы, Теңдік ауылы – Мұса Шорман ауылы, Қараащы ауылы – Қаныш Сәтбаев ауылы деп қайта атау туралы мәселелер облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, оң қорытындыға ие болған еді. Бүгінгі таңда өңіріміздегі Баянауыл, Май аудандарының елді мекендері мен құрамдас бөлік атаулары толықтай қазақшаға өзгертілді деп айтуға болады.

Павлодар қаласының Дерибас көшесі Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың есімімен қайта аталып, Кутузов көшесі Тәуелсіздік даңғылына өзгертілді. Павлодар қаласының ең үлкен көшесі (11 км) болып саналатын осы Кутузов көшесі 1960 жылға дейін Меридианал көшесі деп аталса, 1960 жылы Победа даңғылына өзгертіліп, 1962 жылдан бастап 56 жыл бойы орыс қолбасшысы және фельдмаршалы Михаил Кутузовтың есімімен аталып келген болатын. Облыс орталығының ең басты көшесінің атауын өзгерту мәселесі Кеңестік кезеңде қозғалмағанымен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін зиялы қауым өкілдері тарапынан өтініштер жиі түскен болатын. Алайда түрлі себептермен кейінге шегеріліп, түйіні шешілмей келген көшенің атауы Тәуелсіздік атауын алып қана қоймай, көшеден даңғыл мәртебесіне өзгертілгендігі облысымыздағы бүкіл рухы қазақ азаматтардың қуанышын еселей түсті. Оның үстіне Тәуелсіздік даңғылына қатар орналасқан Павлодар қаласының ең ескі көшесі болып саналатын Ленин көшесі Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай Астана болып қайта аталған еді. 1919 жылдан бастап Большевиктер партиясының ұйымдастырушысы және 1917-1924 жылдар аралығындағы Кеңес Үкіметінің басшысы Владимир Ильич Лениннің құрметіне аталып, 99 жыл бойы Ленин есімімен аталып келген бұл көне көшені өзгерту қиынға түссе де Павлодар облысы мен қаласының өкілді және атқарушы органдарының зиялы қауым өкілдерімен бірлесе отырып жұмыс жүргізуі нәтижесінде Астана атауымен алмастырылған болатын. Дәл осындай жүйелі жұмыстар аймағымыздың өзге де қала мен аудандарында жүргізіліп, соңғы 2 жылдың ішінде Ленин есімімен аталатын 30 көше, Советов атауымен аталатын 15 көше, Октябрь – 12, Целина – 15, Комсомольская – 10 көше ұлттық танымға қатысты атаулармен алмастырылды. Жалпы алғанда 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін шамамен 450-ге жуық көшенің атауы өзгертіліп, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев, Қаныш Сәтбаев, Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уалиханов тәрізді ұлылар мен Жұмат Шанин, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Қуат Әбусейітов сынды өнер тарландарының, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Құдайберген Сұрағанов, Қанаш Қамзин, Серікбай Мүткенов, Махмет Қайырбаев, Хиуаз Доспанова, Григорий Кравченко сынды Кеңес Одағы батырларының есімдері берілген болатын.

Бұдан өзге қыркүйек айында өткелі отырған облыстық ономастика комиссиясына елді мекендерге қарасты 100-ге жуық көшенің атауын ауыстыруға қатысты құжаттар ұсынылып, қазіргі таңда тапсырылған құжаттарға пысықтау жұмыстары жүргізілу үстінде. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы Суворов көшесіне Малайсары батыр мен қаланың кіре берісіндегі атауы жоқ көшеге Баян батырдың есімін беруге байланысты құжаттар тиісті заңнамалық актілерге сәйкес іске асырылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына жолданды.

Батырбек Қайыр,
Павлодар облысы Тілдерді
дамыту жөніндегі басқарманың
ономастика жұмыстары
бөлімі басшысы


Баға беріңіз