Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Әріп танымайтын баладан Африканы сұраған...

26.9.2018 756
Таяуда «Қазақстан» ұлттық арнасының «Қарекет» бағдар­ламасынан қазіргі қазақ тілі оқулығы жайлы хабар берілді. Өз балаларымыз азамат болып кеткен соң, мектептегі оқыту жағдайынан бейхабар екенбіз. Студияға шақырылған жұртшылық пен Білім және ғылым министрлігі өкілдері арасындағы диалогты естіп, жағамызды ұстадық. Қазіргі қазақ тілі оқулығындағы шалалық пен қайшылықты көріп, басынан кешіріп жатқан ұрпақ үшін шырылдап білек сыбана пікірталасқа түскен жандарды көріп қолымызға еріксіз қалам алдық. Хабарға қатысқан ата-аналар мен олардың жанайқайына шала-шарпы, күлдібадам жауап берген министрлік өкілдерінің шарасыздығына ішіміз күйді.

Ең бастысы, қазіргі оқу­лықта өткен ғасыр бас­тауын­­дағы ұлт зиялылары Ыбы­рай Алтынсарин, Ахмет Бай­тұрсынов, Құдайберген Жұ­банов, Ғабдрахим Әбуханов және басқалары негіздеген қа­зақ тілін оқытудың базалық жүйе­сінен айрылып қалыппыз. Жаңар­ған оқулық дейтін бағдар­ламаны қуаттаушылар қазақ тілінің заңдылықтары туралы ережені оқушыларға үйретіп, уақыт шығындаудың қажеті жоқ деп санайды. Сол себепті жаңа оқулықта мәтінді оқыту арқылы тілді дамыту мәселесіне басымдық берілген. «Апырмай сонда, тілдің заңдылықтарын, зат есім, сын есім, есімдік, синтаксис пен грамматиканы, орфография мен орфоэпия ережелерін білмей тұрып, тіл ұстарту де­геніңізге жол болсын?!» дейді қарсы жақ. Қазақтың бірнеше ұрпағы оқып, сауатын ашқан тілдің ғылыми негіздемесін оқу­лыққа енгізбей, әлдебір кос­мополиттік бағдарламаны оқу­лық негізі етіп отырған министрліктегілердің парықсыздығына ашындық. Тіпті ішінде сол оқулықты жасауға (хабарда қазақ тілінің 7 сынып оқулығы мысалға алынды) қатысқан мүйізі қарағайдай ғы­лым докторы, әйел адам да болды. Ішкі мазмұны қазақ тілі оқу­лығынан гөрі, танымдық қосым­ша оқу құралына келіңкірейтін 7 сыныптың оқулығы жаңа бағдар­ламаның бағыттары мен принциптеріне толық сай келеді деуден танбады. Сонда қазақ тілін оқытудың дәстүрлі жүйесі, заңдылығы мен ережелері қайда дегенге тіпті шімірікпейді. Оған босқа уақыт бөлудің қажеті жоқ деп отыр. Ал енді Білім және ғылым ми­нистрлігінің өкілі мектеп оқулықтарын даярлауға баспалар арасында конкурс өткізіліп, солардың озық дегені мектеп бағдарламасына енгізіліп отырғандығын айтады. Тіпті күрделілігіне қарай ауыл мен қала мектептеріне жеке-жеке оқулық ұсынылған сыңайлы. Сонда бірың­ғай оқу стандарты қайда қалады дегенге, бұл тұрғыда мұғалімдерге шығармашылық еркін­дік берілген деген уәж ай­тады. Сонда әр мұғалім өз алдына оқытса, одан кейін қа­зір­гі оқытудың деңгейін шамалай беріңіз. Ал біз Ата За­ңы­мызға сәйкес жалпыға бір­дей орта білім мемлекеттің қам­қорлығында екенін ұмытпауымыз керек қой?

Бірінші сыныптың тілашар оқулығы «Сауат ашу» делі­ніп, бұрынғы «Әліппенің» орнын басыпты. Онда Африканы, Скандинавия елдерін көрсет деген тәрізді мәтіндер жүр. Әлі әріп танымаған балдырғанға қойылып жатқан бұл не сұрақ? Аталған сұраққа білім министірлігінен келгендер жауап бере алмады. Оларда не болғанда да үкімет бағдарламасын қорғаштаудан артық мақсат жоқтығы көрініп тұрды. Қазақ тілін оқытудың қалыптасқан жүйесін сақтау, ұрпақ тағдырына бас ауыртып отырғандары байқалмайды. Әңгіменің тоқетері – қазіргі қазақ тілі оқулығы дәстүрлі ұлттық білім беру жүйесінен алшақ, әлемдік эксперименттер қапталында адасып бара жатқан түп-тамыры жоқ күлдібадам дүниеге ұқсайды. «Жаңа бағдарлама» деп, ұлттық негізден тамырын үзіп кеткен оқыту бағдарламасын қыз­ғыштай қорыған жандардың жұрт­шылық жанайқайына самар­қау қарауы қабырғаға бататын жай.

Бұдан шығатын қорытынды; қазіргі жаңа шыққан қазақ тілі оқулығын оқытуды дереу тоқтата тұрып, мәселеге мемлекеттік тексеріс жүргізілуі қажет. Қазақ тілі оқулығын жасақтау ісі тікелей мемлекеттің құзырына алынып, оған ғылыми атақтарын кеңес заманында қорғаған ғалымдар, тәжірибесі мол белгілі ұстаздар, ғылыми-зерттеу институттары қатыстырылып, қателікті дереу түзету шаралары қолға алынуы керек. Қажет болған жағдайда сол кеңес заманында қазақ тілін оқытудың негізін салған ұлт зиялыларының бұрынғы жазған оқулықтарының ғылыми негізі сақтала отырып, жаңа заман талаптарына қарай бейімделіп, баспадан қайта шығарылғаны жөн. Қатты айтты деп қаралай көрмеңіз, жанымыз ашығаннан ащы даусымызды шығаруға мәжбүрміз. Қазіргі қазақ тілі оқулығын жасақтауда жіберіліп отырған қателік жай қателік емес, қазақ тілін оқытудың ғылыми жүйесінен ауытқыған, зардабы қорқынышты үлкен ақау.

Тегтер: қазақ тілі мен әдебиеті, мұғалім, қазақ тілі, оқушы

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

221 0

ақпарат

Қос тілді фильмдерге тоқтау бола ма?

874 0

ақпарат

"Әйел" деген сөз де - кеңес кезінен қалған саясаттың зардабы!

681 0

ақпарат

"Шонжы" атауын "Әлмерек" деп өзгертуге болмайды