Мәңгілік ел – мәртебелі тіл

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы 5-14 қыркүйек күндері Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылған «Мәңгілік ел – мәртебелі т...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

14 қыркүйек, 2018

Жоспарлы іс-шаралардың барлығы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асырудағы оң серпіндер туралы ақпарат беруге, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген 6-бағыт «Латын графикалық жүйеге көшуде» ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі, облыста тілдерді оқыту курстарының жағдайы, қол жеткізген жетістіктері туралы шолу жасау, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін салтанатты түрде атап өтуге бағытталды.

Онкүндіктің шымылдығы «Мен үш тілде сөйлеймін - 2» балаларға арналған қазақша-орысша-ағылшынша тілашар тұсаукесерімен ашылды. 70-тен астам Ақтөбе қаласының мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері, тіл мамандары мен әдіскерлері қатысқан шарада тілашардың құрастырушы- авторлары: Түменбаев Шыңғысхан Берікұлы, Темірова Әсел Қуанышқызы, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балалар арналған мамандандырылған мектеп-интернатының орыс тілі мұғалімі Бектенгалиева Гүлзия Хайруллақызы аталған көмекші оқу құралының мазмұнымен, құрылымдық сипатымен таныстырды. Сондай-ақ, тілашарды оқу үдерісінде тиімді пайдалану жолдарын тілге тиек етіп, қатысушыларға әдістемелік нұсқау берді. Авторлық ұжым аталған өнімнің бұған дейін бірінші бөлімі әр жылдары жарық көргенін («Мен үш тілде сөйлеймін-1», Ақтөбе қаласы-2014, 2017 жылдар), ал бүгінгі таңда тілашарға сұраныстың артқандығы оның екінші бөлімінің құрастыруына түрткі болғандығын алға тартты. Авторлар тәжірибелерін ортаға салып қана қоймай, көптілділік мәселесі туралы көзқарастарымен де бөлісті. Мектепке дейін ұйымдарға тегін таратылған тілашар тұсаукесер қатысушылары тарапынан оң бағасын алды.

Балаларға тілдерді меңгертудің тиімді жолы – анимациялық фильмдер мен тартымды да, қызықты телебағдарламалар екендігі сөзсіз. Осы ретте, онкүндік аясында Орталықтың биылғы жылы бастау алған ұзақ мерзімді «Тілдарын» тележобасы өзінің мерекелік шығарылымын тарту етті. Биылғы маусымдағы «Тілдарынның» 15 шығарылымын тамашалаған облыстың кішкентай бүлдіршіндері жас ерекшелігіне сәйкес түрлі қызықты, танымдық тақырыптарды «Тілге жүйрік», «Қолөнер-сырлы өнер», «Ойнайық та, танысайық» т.б. айдарлары арқылы үйреніп, 3 тілдебірнеше караоке-әндерді де жаттады. «Тілдарынның» сүйкімді де, талантты жүргізушілері және жобаға қатысқан балалар Қазақстан халқы тілдері күнгі құттықтау лебіздерін облыс тұрғындары «Бала тілі-бал» айдары арқылы жеткізді.

Сонымен қатар, онкүндік шеңберінде Тілдерді оқыту орталығының тілдер курсы тыңдаушылары және Ақтөбе қаласының № 6655 әскери бөлімінің қызметкерлері «Менің тілім – ғажап тіл» қазақ тілінің жаңа әліпбиінде ашық диктант жазды. Көпшілікке латын негізді қазақ әліпбиін мейлінше танымал ету, латын графикасындажазу машықтарын жетілдіру мақсатын көздейтін бұл шара 250-ге жуық адамды қамтыды. Диктант мазмұны әрбір адамның мемлекеттік тілге деген құрмет пен патриоттық сезімдерін асқақтатып, еліміздің мәртебелі тілінің болашағы жарқын екендігін паш етеді.

Тілдер курсы тыңдаушылары онкүндік аясында тағы да бірқатар іс-шаралармен қамтылды, атап айтсақ, «КЕGOK» АҚ «Ақтөбе жүйе аралық электр тораптары» мекемесі қызметкерлеріне қазақ тілі оқытушысы А.Тәңірбергенова «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» ашық практикалық сабағын, Хромтау ауданы Дөң-кен байыту комбинаты қызметкерлеріне Хромтау аудандық тілдерді оқыту курсы оқытушысы Ә.Сүйіналина «Мемлекеттік тіл – менің мақтанышым» атты дөңгелек үстел өткізді.

Еліміз рухани жаңғыруды болашаққа бағдар етіп, тіл жаңғыруы – мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру мәселесін кезең-кезеңмен жүзеге асыруды қолға алған тарихи сәтте тілші-ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің, тіл оқытушыларының тыс қалуы мүмкін емес. Сондықтан да онкүндіктің іс-шаралары «Рухани жаңғыру – мәңгілік тіл»дөңгелек үстел барысында қорытындыланды. Дөңгелек үстел модераторы, орталық директоры К.Серғазина өз сөзінде: «Ақтөбе облысының ересек тұрғындарына, мемлекеттік қызметкерлерге, халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне және т.б. тұлғаларғаҚазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай латын қарпіне көшіру мәселесін іске асыру және латын графикасының перспективалары менмаңыздылығынтүсіндіру, насихаттау мақсатында Орталық ұжымы «Қош келдің, жаңа әліпби!» жобасы жүзеге асырылып келеді. Облыс тұрғындарына қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру туралы орталық ұжымының қатысуымен бүгінгі күнге дейін 124 ақпараттық-түсіндіру(ақпараттық сағаттар, презентациялық сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және т.б.) бағытындағы іс-шаралар өтіп, барлығы – 5492 адам қамтылды» -, деп атап өтті. Сондай – ақ дөңгелек үстел қонақтары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Үздіксіз кәсіби даму орталығының оқытушысы Н.А.Рысмағамбетова, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бөлімше басшысы Ж.Б.Нұрмұханбетова, Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің маманы Д.Нұрмұхамедова, Ақтөбе облысы төтенше жағдайлардепартаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы А.Т.Кеңес, Ақтөбе қаласының Ішкі істер басқармасының маманы А.Б.Билалова, Ақтөбе қаласы№6655 әскерибөлімінің маманы А.Б.Баймурзина өз мекемелеріндегі Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауын іске асыру, үштұғырлы тіл саясатын насихаттау, тілдерді оқыту курсының жайы мен ынтымақтастық байланыс туралы өз ойларын ортаға салып, қазақ тілінің әлем тілдерімен бәсекеге қабілетті болуы әрбір маманның қолында екендігін тілге тиек етті.

Тіл - анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған, жүректің терең сырларын, халықтың басынан кешкен дәуірлерін ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын баға жетпес асыл қазына. Тілді қастерлеу, оны заман ағымына сай қолдану аясын кеңейту, мәртебесін асқақтату әрбір қазақстандықтың борышы.


Баға беріңіз