Тіл мәртебесін көтеру маңызды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» бүгін Ақмола облысының Қорғалжын ауд...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 қыркүйек, 2018

Шара барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Куат Борашев, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім, Ақмола облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, латын қарпіне көшу мәселелері төңірегінде өз ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар, семинарда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы, нағыз рухани жаңғырған ел боламыз десек, алдымен мемлекеттік тіліміздің қоғамның талабына сай қолдану аясын кеңейтіп, мәдени қазынамызға айналуына тырысуымыз қажеттігі кеңінен айтылды.

«Биыл Қазақстан халқы Тілдері күні 5 қыркүйекте атап өтілді. Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болдық. «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса әйгіленетіні қалың қазақ үшін өте қуанышты»-деп ой бөлісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.

Тіл саясаты бүгінгі таңда ең өзекті, ең өткір мәселе болып отырғаны баршамызға аян. Әрине, тәуелсіз еліміздің болашағы өз тілімен ғана алға қарыштары белгілі. Біздің міндет сол тілді тек меңгеріп қана қою емес, оны бүгінгісінен де әрі қарай жетілдіріп, ұрпақ санасына сіңіре беру, әр адамның өз ана тіліне деген жауапкершілік сезімін оятып, ана тілі үшін күресе білуіне қол жеткізу деп түсіну қажет. Біз – көпұлтты қоғамбыз. Біздің татулығымыз берік болуы үшін ең бастысы тұрақтылық пен бірлік қажет. Өйткені, бұлар – біздің баға жетпес байлығымыз. Осы орайда, ұлт пен ұлыстарды жақындастырып, табыстыратын ерекше құрал тіл екені анық. Сондықтан, тілдерге деген құрмет, ана тілінде білім алу үшін қажетті жағдайлар туғызу – ел саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі болып келеді және солай қала бермекші.

Семинарда тіл жанашырларының айтқан қадау ойлары, көкейге ой салды. Семинар соңы сұрақ-жауап форматына ұласты.


Баға беріңіз